Камал Әбдірахман. Күшік ит болғанда қайтеді?..
Жақсы қызметтегі азамат алпысқа толып, дастарханға шақырды. Келдік. Шырттай киінген, тап-тұйнақтай меймандар. Жастарға жүріп-тұруды осылардан үйрен десе де болады. Топтасып, әр жерде әңгіме құрып тұр. Көз таныстарыма қарай бұрылдым.
- Егемендікті Елциннің ақылсыздығынан күл тегін алдық қой. Бұған тер төккен ешкім жоқ. Солай емес пе? Тәуелсіздік - бір Құдай, сонан соң Нұрекеңнің еңбегінің арқасында келді. Солай емес пе? Біз осыны жастарға күн сайын, жоқ, сағат сайын түсіндіріп отыруымыз қажет. Солай емес пе? - деген етженді, жап-жас жігіт өзгелерді мақұлдамасына қоймай бас шұлғытып тұр.- Ядролық қарудан алғаш бас тартқан Нұрекең ғой. Солай емес пе?
...Ойыма 1992 жылы қытайдағы (ҚХР) бір оқиға түсті. Сол тұста қытай қай жағынан алып қарасаң да бізден ең кемі жиырма жыл артта еді. Темір жолдағы ластық адам шошытады. Автокөліктері мен жолдары зәреңді алады. Емханаларына кіруге қорқасың. Мыжырайған үйлер, тоқал тамдар... Керзі етік киіп, шекпен жамылған сол қытай содан бергі жиырма жылда бізден қанша жылға алға озып кетеді деп кім ойлаған. Вагон іші қолқаны ататын иіс. Жер көрейік деп поезға аяқартқан өзіміз едік. Аудармашыларымыз бар бес-алты адам жалпы вагоннан орын тиіп, әңгімелесіп отырғанбыз. Жанымыздан өтіп бара жатқан бейтаныс кідіріп:
Жақсы қызметтегі азамат алпысқа толып, дастарханға шақырды. Келдік. Шырттай киінген, тап-тұйнақтай меймандар. Жастарға жүріп-тұруды осылардан үйрен десе де болады. Топтасып, әр жерде әңгіме құрып тұр. Көз таныстарыма қарай бұрылдым.
- Егемендікті Елциннің ақылсыздығынан күл тегін алдық қой. Бұған тер төккен ешкім жоқ. Солай емес пе? Тәуелсіздік - бір Құдай, сонан соң Нұрекеңнің еңбегінің арқасында келді. Солай емес пе? Біз осыны жастарға күн сайын, жоқ, сағат сайын түсіндіріп отыруымыз қажет. Солай емес пе? - деген етженді, жап-жас жігіт өзгелерді мақұлдамасына қоймай бас шұлғытып тұр.- Ядролық қарудан алғаш бас тартқан Нұрекең ғой. Солай емес пе?
...Ойыма 1992 жылы қытайдағы (ҚХР) бір оқиға түсті. Сол тұста қытай қай жағынан алып қарасаң да бізден ең кемі жиырма жыл артта еді. Темір жолдағы ластық адам шошытады. Автокөліктері мен жолдары зәреңді алады. Емханаларына кіруге қорқасың. Мыжырайған үйлер, тоқал тамдар... Керзі етік киіп, шекпен жамылған сол қытай содан бергі жиырма жылда бізден қанша жылға алға озып кетеді деп кім ойлаған. Вагон іші қолқаны ататын иіс. Жер көрейік деп поезға аяқартқан өзіміз едік. Аудармашыларымыз бар бес-алты адам жалпы вагоннан орын тиіп, әңгімелесіп отырғанбыз. Жанымыздан өтіп бара жатқан бейтаныс кідіріп:
- Саламағалейкум! Қай қазақсыздар?- деген сауал тастады.
Арамыздағы үлкені мен едім, жөнімізді айттым. Қазақшасы таза болғанымен амандасуы бөлекше естілді. Біз «Ассалаумағалейкум» дейміз ғой. Өзінің кім екенін сұрадым.
- Бұроталаның ұйғырымын. Қазақ мектебін бітіргенмін. Отырсам бола ма?
Сапарлас екенбіз. Біз де қытайдың көне астанасы, жер астындағы қалың әскер қазылып алынып жатқан Сиянь қаласына беталғанбыз. Жаттығы жоқ жігіт көрінді. Шүйіркелесе кеттік. Ол сұрап, біз сұрап, алма кезек жауап берісіп отырмыз. Әлден соң поезд бір бекетке тоқтады. Аудармашы, жолбасшыларымыз шай-су әкелемекке сыртқа беттеді. Жайдары отырған ұйғырым қолма-қол иығы салбырап, иіні түсті.
- Қайран қазақ қарындастар- ай, бір оқ шығармай, бастарыңды бәйгеге тікпей азаттық алдыңдар- ау! Не арман бар сендерде?- деп, тығылып қалды.
Көмейіне кептеліп, лықсып тұрған қалған сөзін айта алмай, қос қайтара жұтына берді. Әу дегенде жаным ашып, жұбата жаздадым. Ұйғыр мен қазақ түркінің бір қарнынан екеніміз рас-ақ. Бір жарым миллиард халықтан он миллионға жетер-жетпес ұйғыр қалай бөлінсін. Шама да жоқ, амал да жоқ. Осыны айта алмай егіліп отыр ғой. Бірақ мұңына уайым қоспадым.
- Неге олай дейсің? Қазақтың егемендігі бір күнде келген жоқ. Сендер азаттықтан, ту баста, еліңе қытай кіргенде айырылғансыңдар. Тұяқ серіптіңдер ме? Онан соң қалмақ бір-ақ тарпып бауырына басты. Ошаң еткен кімің шықты? Рас, о жер, бұ жерден шаруалар көтерілген болып еді, тез айныды істерінен. Табандап тұрып, қанын сорғалатып, қай батырың айқасты?
Ал біз ше? «Ақтабан шұбырындыда...» қанша қырғынға түстік. Қалмақ халқымыздың үштен екісін жойып, жеріміздің тең жарымын басып алды. Бірақ қазақ одан сайын өршеленіп, айбатын жаныды. Жарасы жанына батқан сайын тісін қайрап, оққа қарсы шапты. Жау қылышына - жалаң қолын, найзасына - кеудесін төседі. Осылай арпалысып жүріп, қалмақты әбден титықтатып, ақыры талқанын шығардық.
Орыс патшасымен қанша айқастық, кеңес өкіметі тұсында алғаш бас көтерген де бізбіз. Сөзің қате. Қазақ егемендігі үшін «қазақ» атанған күнінен бастап, бір толассыз күресіп келеді. Бүгінгі азаттық сонау алыста қалған жылдардың жемісі, даламызда өзен болып аққан ата-баба қандарының өтеуі. Қанша қаһармандарымыз ақсүйек болып, көмусіз қалды, - деп, басқа да мысал келтіріп, ұйғыр сапарласқа тәуелсіздіктің тамыры тереңде екенін ұқтырдым.
Ғажабы, ұйғыр жігіті тез түсінді.
- Оныңыз да рас екен. Мен саяз жүріппін. Сонша қан төккендеріңізді білмеппін,- деп кешірім өтінген сыңай танытты.
...Мына бүйрегі тоқ жігіт аспаннан түскендей сөйлеп тұр. Қытайдағы ұйғыр білмесе білмес, бірақ елде өсіп, білім алған азамат ең болмаса Желтоқсанды ұмытпауы керек қой. Кереметі - сөзіне сонша сенімді. Жиналғандар да сөз қосар сыңай танытпады. Бір адам тырс етсеші.
Егемендік ешкімнің ақымақтығымен, ешкімнің «қаһармандық еңбегімен» келген жоқ. Құдайдың қалауы осындай болды. Бабаларымыздың қайсарлығы негізін қалап кетті. Әйтпесе, СССР бүлінгенде Тәуелсіздігін ең соңынан жариялаған біз болдық қой. Тамыздан желтоқсанға дейін, не соққанын қайдам, Мәскеуге қарап, жалтақтаумен отырдық. Ақыры СССР- ыңда жапа-жалғыз состиып қалдық. Сонан соң ғана жар салдық. Рас, тап осы кезде ешкім тер төккен жоқ. Ал алдымыздағы ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы майдан даласында тер ғана емес, қан төккенін мына жігіттің көрінеу елемей тұрғаны жаныма батты.
«Күл тегін...» дейді. Шымкенттен алпыс шақырымдай жерде Үлкен Тора, Кіші Тора деген егіз қырат бар. Соның бір шаты «Садыр қамалған» аталады. М. Тынышбаевтың жазуына, аңыздарға қарағанда, қалмақ қапияда бас салыпты. Ел түп көтеріліп, көше алмай қалса керек. Сонда атақты Садыр Жомарт Батыр жауды бөгеудің жалғыз амалы деп алдарынан «Жекпе-жек! Жекпе- жек!» деп көлденеңдей шауыпты. Ол кезде салт солай. Дұшпан да болса аялдап, батырын сайлапты. Жомарт батырдың ер жеткен тоғыз ұлы бар екен. Елі ұзап кетуі үшін осы тоғыз ұлды кезегімен жекпе-жекке жіберіп тұрыпты. Бірінші күні бес ұлы арыстандай алысып, қайта- қайта шығып жүріп майдан үстінде мерт болады. Екінші күні де әр ұлы әлденеше реттен жекпе- жекке шығып, олар да жау қолынан өледі. Сөйтіп, екі күн жауды бөгеген Садыр Жомарт батыр, ең соңында майдан ортасына өзі шығып, ол да өледі.
Сұмдық қой! Тоғыз ұл көз алдында қылышқа түсіп, найзаға түйреліп өліп жатыр. Әке қан жыласа да, қасқайып қарап тұр. Не деген шыдам? Не деген тасжүректік деп ойлайсың әу баста. Бірақ, Садыр Жомарт батыр тоғыз ұлын халқы үшін құрбандыққа шалып, оларды қазақтың тоғыз жауынгері деп жекпе- жекке аттандырып тұрғанын сонан соң түсінесің. Ал мынау «күл тегін» келді дейді егемендік.
Ядролық қарудан 1991 жылғы 24 тамызда алғаш бас тартқан Украина еді. Осы күні Тәуелсіздігін жария еткен Республика сол салтананттың үстінде ядролық қарудан бас тартқаны жөнінде Декларация қабылдаған. Сөйтіп күллі әлемге ұйтқы болған. Мына жігіт лаға сөйлейді.
Амал жоқ сөзге араласып, қытайдағы ұйғырдың арманын, Садыр Жомарт батырдың тоғыз ұлымен қалай опат болғанын, Украинаның бастамасын айнытпай айтып бердім. Бірақ жігітім қың демеді. Қайта тарпа бас салды.
- Ой, сіз қызық екенсіз! Атам замандағы бір соғысты айтып. Қалмақ қайда, біз қайда? Одан бері не заман? Содан қазақ азайды ма? Ал, ана... қайсы еді, өлді де қалды. Не түсті? Не үшін соғысты? Шекара жоқ, мемлекет жоқ ол кезде. Солай емес пе? Нұрағамыз айтты емес пе? Сіз өзі патриот емес екенсіз. Украинаны... Қойшы соларды...Қайдағы бір соғысты сөз қылып...
Етжендім бір-жар досымен бізден бөліне берді. Өзге жігіттер, тәуба, ілесе қоймады.
Қаным басыма шапты. Құлағым тас керең, көзім көр қараңғы. Түк естімеймін, түк көрмеймін. Аузыма «әкең» түсіп, ұмтыла беріп едім, жігіттер ұстап жібермеді. Асаба шақырыпты. Кейін білдім. Есеңгіреп, бойымды әзер жидым. Мейрамханадағы беледі столға жайғасты әлгі миғұла. Шалқайып, қоразданып отырды. Мәңгүрт неме ата- бабаларымызбен қосып, бәрімізді табалап кеткеніне дән риза көрінді.
Өткендегі әкім-қаралардың «емтиханынан» соң ол бір саты өсіпті. Осыны естіп шошынып отырмын. «Атаңды ауызға алма» дейтін уақапшылар қазақты іштен ірітіп, төменнен бүлдіріп жатқаны аз еді. Енді мыналар жоғарыдан кіжіңдеп, ата- баба қаһармандықтарын, бүгінгі күн үшін жан қиған ерлерімізді қадірлеп-қастерлеудің орнына, «өлді де қалды» деп отырса, не сұмдыққа тап болғанбыз? Қазақтың бірегей ақсақалы Герағаң- Г. Бельгерді айтамын,- «Соңғы жиырма жыл ішінде елімізде жағымпаздардың, жалтақтардың, мәңгүрттердің, кеудемсоқтардың тұтастай бір буыны пайда болды» дегені бар еді. Қалай тап басқан!? «Қазақ мемлекеті, шекарасы болған емес» деп тарихымызды көпе-көрнеу қорлаудың аяғы жеткізген жері, міне, осы. Мына етженді әлі күшік. Бірақ әлден-ақ қазақты балақтан алды. Ертең ит болғанда қайтер екен? Ұяластары не істейді?
Abai.kz