Смайылов шахтағы апаттар туралы: «Бірінші кезекте кәсіпорын басшылығының кінәсі»
Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстан шахталарында еңбек қауіпсіздігі сақталмайтынын сынады.
«Мемлекет басшысы Костенко шахтасында кеншілердің қаза болуына байланысты тергеу жұмысын жүргізіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Осындай апат биыл тамыз айында да болған. Ол кезде 5 шахтер қаза тапты. Көп адамның өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауына тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте кәсіпорын басшылығының кінәсі», - деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болып, кейін 46 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.
Осыған байланысты Қазақстанда 29 қазан — Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Abai.kz