Сенбі, 23 Қараша 2024
Бүгінгі сатира 1868 1 пікір 9 Қараша, 2023 сағат 13:03

Президенттер шәй ішіп кетті...

Сүлліктей қара «Джиптер» тура біздің мыж–тыж шәпкі сияқты жәпірейген үйіміздің алдына тоқтай қалысты.

Аузымызға аю кіріп кетейін деп тұрғанымызда, мәссаған, өзіміздің президент келе жатыр! Қасында Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, тіпті, көрші Түркия президенті... – Түгі жоқ Сорлыбайовтың үйі осы ма? – деп сұрады өзіміздің президент. – И–ия... – дедім мен міңгірлеп. – Біз қыдырып келіп тұрмыз! – Үйге кіріңіздер, жоғарылатыңыздар! – деп әйелім қалбалақтай жүгіріп, үйге кіріп кетті. Сүрініп, қабынып жүріп, төрге жыртық-жамау көрпе жайды. Дастархан жайып, құрт шашты, бауырсақтан үйді. Тісіңе жабысып қалатын арзан кәмпиттерден қойды.

Не керек, табан астында тырнағымызға дейін дірілдеп, әбігерге түстік. Енді қайтейік, үйімізге шақырсаң да, шатынасаң да келтіре алмайтын президенттер келіп отыр ғой! Көршілеріміз президенттерді көргісі келіп, келгісі келіп еді, оқ қағарлар бір адым жолатпады. – Кешіріңіз, қарапайым халықтың үйлеріне қыдырып келгіміз келді. Жағдайларыңызды білгіміз келді, – деді өзіміздің президент. – Жағдай осы. Күніміз қараң, пенсияға келгенде үкімет сараң, – деп келе жатыр едім, әйелім санымнан оңдырмай шымшып алды... Сосын мен ыржалақтап: – Дей салғым келмейді... – дедім. – Жағдайыңыз қалай? – деді Түркия президенті шәй ішіп жатып. – Қалай болса, сола... – дей бердім мен. Сосын: – Жаңа Қазақстан деп қоямыз, бірақ сол баяғы жартас... – деп қойдым.

Әйелім санымнан тағы шымшып қалды. Еріп келген облыс әкімі: – Жартастарды өзгертуге болмайды. Табиғатты аялауымыз керек, – деді. – А, ия, құрт сорып отырыңыздар... Қара көжеге ет таба алмай, ұятты болып отырмыз. Соя салатын тентек текеміз де жоқ... – деді әйелім. – Ұрты бардың, құрты бар, жақсы екен, – деп тамсанды Түркия президенті. – «Жоқ, жоқ» дегенміз жараспас, Қазақстан темір жолының вагондарында тарақандарымыз өте көп, шүкір, – деп қалдым мен. Әйелім санымнан оңдырмай шымшығаны. Жым болдым.

– Ойпырмай-ә? Біздің елде вагондар заманауи, – деді Өзбекстан президенті мақтанып. – ҚТЖ жемқорлыққа белшесінен батқан, СССР кезіндегі ескі вагондар, вокзал, станциялардағы алаяқтық, билеттерді қолдан жоқ қылып, асыра сатушылық, – деп келе жатыр едім, әйелім тағы да санымнан...  Ауырып кетті тегі. Президентіміз блокнотына бірдеңелерді түртіп алып жатты. Шамасы, ҚТЖ басшыларының «маскасын» шешетін болды!

Содан не керек, президенттер шәй ішіп, президентіміз, бата беріп, орындарынан тұрып кетті. Туу, зейнетақы алған күні келгенде ғой! Дастарханым қарапайым болып, ұялып қалдық... Президенттер кеткен соң, шалбарымды шешіп қарасам, санымның көгермеген жері жоқ. Пісте май жағып қойдым. Саным-ай, саным...

Мұхтар Шерім

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385