Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Айбын 2227 0 пікір 9 Қараша, 2023 сағат 14:04

Рәміздер: Әр белгінің мәні мен айтар ойы бар!

Елдігімізді айқындайтын рәміздеріміздің рөлі ерекше. Биыл еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 30 жылдан асты. Мемлекеттік рәміздеріміз- егемендігімізді, тәуелсіздігіміз бен дербестігіміздің айқын белгісі. Осы Мемлекеттік рәміздерімізді болашақ ұрпаққа қаншалықты насихаттап жүрміз? Бүгінгілер рәміздеріміздің қадір-қасиетін біле ме? Осы сұрақ төңірегінде әр сала  мамандарынан сауалнама жүргізген едік.

Әрбір белгі егемен ел екенімізді айқындай түседі

Захра Маханова, кітапханашы:

- Әрбір мемлекет үшін отаншылдық рухта тәрбие беру әрбір азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады. Бұл міндеттің күрделілігін Президентіміз нақты пайымдап, «Бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал, оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан - менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн», - деген болатын. Осы ретте біз өз елтаңбамыз бен көк туымызды яғни еліміздің рәміздерін құрметтеуіміз керек. Әрбір белгі біздің егемен ел екенімізді айқындай түседі. Әсіресе көк туымыздағы қыран бүркіт алысқа самғайтын елімізді білдірсе, ұлттық ою ұлтымыздың салт-дәстүрінің көрінісі. Ал елтаңбамызда белгіленген шаңырақ, уық сынды елдік белгілеріміз шаңырағымыздың мығым, бірлігі бекем ел екенімізді көрсететін белгілер. Біз туымыздағы қыран құстай көкке өрлеген жас мемлекетпіз. Болашағымыз айқын. Шекарамыз шегенделген, тіліміз бен діліміз бар, дербес мемлекетпіз. Мен біздің Мемлекеттік рәміздерімізді мақтан тұтамын. Әр белгінің өзіндік мәні мен айтар ойы бар. Рәміздерімізді қастерлеп өскен ұрпақтың көкірегінде әрдайым мақтаныш сезімі билеп, еліне, жеріне деген патриоттық сезімі жалындап тұрса екен деймін. Сондықтан да жас ұрпаққа үнемі рәміздерімізді насихаттап, барынша дәріптеу біздің-азаматтық борышымыз.  Әрбір Қазақстан азаматы өз елінің рәміздеріне сыйластықпен, құрметпен қарауы керек. Мемлекеттік  рәміздерсіз- тәуелсіз елдің болмайтынын білеміз. Ал біздің рәміздеріміз ерекше екенін баса айтқым келеді. Еліміздің әрбір азаматы рәміздеріміздің қадыр-қасиетін білуі керек. Ал рәміздерімізді жоғары көтеріп, әрдайым әр ортада насихаттау әрбіріміздің азаматтық борышымыз деп білемін. Қазақстан дейтін берекелі шаңырақтың астындағы әрбір адам осыны білуі керек.

Рәміздерімізді құрметтеуіміз керек

Әсел Мырзаханова, мұғалім:

- Біз тәуелсіздігімізді алғаннан   кейін Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз пайда болды. Болашақ ұрпаққа мәнін ұқтыра алатын  Мемлекеттік рәміздеріміздің рөлін ерекше айта аламыз. Біз осы арқылы болашағымызға үлгі өнеге беріп, мұра етеміз. Мемлекеттік рәміздер егемендік пен елдіктің жарқын бейнесі. Біз мемлекеттік рәміздерімізді арнайы рәміздер күнінде ғана насихаттамауымыз керек. Әр білім ордасында мемлекеттік рәміздер бірінші сыныптан бастап насихатталуы керек.  Еліміздің әр азаматы мемлекеттік рәміздерінің ерекшелігін түсініп, түйсігіне түйіп, жүрегіне сіңіруі керек. Көбірек насихаттаған сайын болаларымыздың жүрегіне рәміздерімізді сіңіріп, болашақта елін, жерін, мемлекетін құрметтейтін ұрпақты тәрбиелей аламыз. Ең алдымен рәміздер дегенде- біздің  көз алдымызға не келеді? Әрине Елтаңбамыз, көк Туымыз, Әнұранымыз келеді. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де көк туымызды көкке желбіретіп, насихаттап жүретін болашақты өсіруіміз керек. Ол болашақ ұрпақ өзінің рәміздерінің мағынасын түсінуі керек. Елімізді қазір әлем таниды. Болашақ бағдарламасы арқылы еліміздің жастары әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатыр. Осы жастар ертең еліне келіп білімімен біліктілігін көрсетіп елі үшін қызмет етеді. Одан бөлек көк туымызды көкте желбірететін чемпион спортшыларымызды мақтанышпен айта аламын. Алтын алып, әнұранымызды бүкіл әлемге паш еткенде әрине бәрімізді мақтаныш сезімі билейді. Міне осылардың барлығы еліміздің егемендігін көрсетеді. Сондықтан болашақ жас ұрпақ өз елін әлемдік аренада таныту жолында білімді болып өссе екен деймін. Ал саналы да саралы ұрпақты тәрбиелеу ұстаздардың міндеті. Рәміздерімізді құрметтейтін ұрпақтан зор үміт күтуге болады. Біздің рәміздеріміз белгілі бір мерекелерде ғана насихатталмай, күнделікті насихатталуы керек. Рәміздерімізді таныта түсу үшін ашық сабақтар мен арнайы дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылуы керек.

Рәміздеріміз - әр отбасының төрінде ілінсе

Ринат Қасымов, кәсіпкер:

- Меніңше біздің әрбір азаматымыз- өз елінің рәміздеріне құрметпен қарайды. Өйткені рәміздер – біздің еліміздің ерекше таңбалары. Осы таңбалар арқылы біз егемен ел екенімізді көрсетеміз. Сондықтан елтаңбамыз бен көк туымыз тек мемлекеттік мекемелерде емес, әрбір үйдің төрінде ілініп тұруы керек. Әр отбасы рәміздерімізді қастерлеп, құрметтеп айтып отырса. Өйткені тәрбие ең алдымен өз үйімізден басталады. Сондықтан еліміздегі әр отбасын рәміздерімізді насихаттауға шақырамын. Мен біздің рәміздеріміздің ерекшелігін атап өткім келеді. Елтаңбамыз – ерекше. Көк туымыздың бейнесі-айқын. Әнұранымыздың әуені-асқақ. Рәміздер- біздің еліміздің тұтастығын, бірлігін, дербестігін көрсетеді. Сондай-ақ рәміздерімізге қарап еліміздің ерекше қасиеттері мен таным-түсінігін көре аламыз. Рәміздеріміздің мәнін біз бір қарағаннан түсінеміз. Ондағы әр белгінің өзіндік ерекшелігі мен айтар ойы бар. Ұғындырар тарихы бар. Халқымыздың жүріп өткен жолы, өткені мен болашағы бейнеленген. Біз ырымға наным-сенімге сенетін халықпыз. Рәміздеріміздің ерекше жасалуының мәні осыда деп ойлаймын. Біз өзіміздің дербес рәміздеріміз арқылы еліміздің бет-бейнесін айқын көрсете аламыз. Көк туымыз аспанымызда желбіреп тұруы үшін әрбір азамат еліміздің патриоты болуы керек. Рәміздерімізге деген құрмет ешқашан жойылмауы керек деп ойлаймын.

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052