Бейсенбі, 20 Тамыз 2026
Жаңалықтар 815 0 пікір 18 Тамыз, 2026 сағат 15:48

Базарбек түскен жол апаты: Әбенов не дейді?

Сурет: ertenmedia.kz сайтынан алынды.

Ақылы трассадағы ала сиыр: Мұрат Әбенов Базарбек түскен жол апатының көмескі тұстарын атады...

Экс-депутат Мұрат Әбенов Жамбыл облысындағы тасжолда Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол апатына қатысты пікір білдірді. Ол досының адамдық қасиетіне сенетінін, алайда тергеу мен сот кінәсін дәлелдесе, оны ақтап алуға тырыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Әбенов Базарбекті 12 жылдан бері білетінін, оның заңсыздық пен жемқорлыққа қарсы күресте лауазым мен атаққа қарамайтын табанды заңгер екенін жазды.

Апат жайлы ести сала онымен телефон арқылы сөйлескен. Базарбек оқиғаның жай-жапсарын өзі ашық айтуға дайын болғанымен, жұбайы екеуі тергеу құпиясын жарияламау жөніндегі міндеттемеге қол қойғандықтан, егжей-тегжейін түсіндіре алмай отыр.

«Ол айналасына қаншалықты қатал болса, өзіне де соншалықты талапшыл. Заңдағы саңылауды пайдалануға, өзіне жеңілдік сұрауға бармайды. Тергеуге толық көмектесіп, барлық сараптамадан өтетініне сенемін», — деді Tengrinews-ке пікір білдірген экс-депутат.

Әбеновтің мәліметінше, Базарбек алкоголь мен есірткіге тексерілген, сараптама ештеңе анықтамаған. Жылдамдықты асырғаны жөнінде де әзірге дерек жоқ. Оның пікірінше, тасжолдағы камералар арасындағы жүріп өткен уақыт арқылы көліктің орташа жылдамдығын нақты анықтауға болады. Базарбек сапарға әйелі және кішкентай екі баласымен шыққан. Жол апатынан кейін ол зардап шеккен азаматтың жағдайын біліп, ауруханаға барып, анасы мен туыстарымен кездескен. Базарбектің өзі де бірнеше тәулік бойы жараланған адамның жақындарының жанында болып, сауығып кетуін тілеп жүргенін мәлімдеген еді. Әбенов полицияның бастапқы дерегіне сүйеніп, апатқа қараусыз қалған сиырдың халықаралық магистральға шығуы түрткі болғанын жазды. БАҚ-тағы мәлімет бойынша, жол үстінде жатқан жануармен соқтығыспауға тырысқан Базарбек көлікті бұрып, артынша адам зардап шеккен оқиға болған.

Экс-депутат тергеу көлік жүргізушісінің әрекетімен шектелмеуге тиіс деп санайды. Мал иесінің жауапкершілігімен бірге ақылы трассаны басқаратын жол операторының жұмысы да тексерілуі қажет.

«Егер сиыр халықаралық трассаға қоршаудағы жырықтан кірсе, оған “ҚазАвтоЖол” жауап беруге тиіс», — деді ол.

Әбеновтің пайымынша, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі жоғары техникалық санаттағы жылдам магистраль болғандықтан, жол жиегі үй және жабайы жануар кіре алмайтындай қоршалуы керек. Жүргізушіден ақы алынған соң оператор сапалы жабынмен қатар, жарықтандыруды, байланыс желісін, шұғыл ескерту мен жедел көмек жүйесін де қамтамасыз етуге міндетті. Жуырда рұқсат етілген жылдамдықтың 110-нан 120 шақырымға көтерілуі жол операторының қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатынын мойындағанын аңғартады.

Abai.kz

0 пікір