Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 2698 6 пікір 9 Қараша, 2023 сағат 14:16

Екі сұхбат – бір түйін

Тоқаев пен Путиннің сұхбаттары туралы

Ресей президенті Путиннің Қазақстанға бүгінгі сапары қарсаңында президент Тоқаев ресейлік «Известия» газетінің сұрақтарына жауап беріпті.

Тоқаев: «Біз әрдайым ресейлік серіктестеріміздің ұстанымына назар аударуға тырысамыз, олар да біздің пікірімізді ескереді».

Бұл өте-өте маңызды тезис, өйткені, жасыратын несі бар, қоғамдық ой-санада «Астана Мәскеудің айтқанынан шыға алмайды» деген біржақты пікір қалыптасқан. Осы идеологеманы ендігі жерде Астана өзінің нақты шешімдері мен істерімен дәлелдеуі қажет.

Тоқаев өз сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы «ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады» дейді.

Сөз жоқ, 7 жарым мың шақырым ортақ шекарамыз бар көршімен тату-тәтті өмір сүру керек. Бірақ сол құжаттағы «Қазақстан мен Ресей келісілген сыртқы саясат жүргізеді» деген атышулы бапты алып тастау керек деген біздің о бастағы пікірімізге ешкім де құлақ асып жатқан жоқ. Әр мемлекеттің өзінің түбегейлі де түпкілікті ұлттық мүдделері бар. Кейде олар ең жақын көршің не одақтасыңның ұстанымымен қабыса бермейді. Қазіргі алай-дүлей заманда бір елдің барлық мәселелер бойынша ұстанымының екінші елдің позициясымен келісіліп отыруы - нонсенс қой!

Тоқаев: «Биыл 1 қарашада өткен Халықаралық газ форумында Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл – 15 жылға дейінгі кезеңді қамтитын өзара тиімді серіктестік жоспарын әзірлеуге және жүзеге асыруға бағытталған ұзақмерзімді құжат».

Сөз жоқ, мұндай ынтымақтастық керек шығар. Бірақ та осы құжатқа қатысты екі сұрақ бар.

Біріншіден, неге біздің үкімет ресейлік компаниямен осындай келісімге барады да, біздің ұлттық газ компаниямызбен неге ресей үкіметі осындай шартқа қол қоймайды? 30 жыл ішінде біз ресейлік газдан тәуелділіктен қалай құтыла алмағанбыз? Осы жылдар бойына осы саланы басқарған басшылардың мәселесін май шаммен қарау керек!

Екіншіден, Украинаға қарсы ашқан соғысына байланысты Ресей сұмдық санкциялардың астында калды. Санкциялы мемлекеттің басты газ компаниясымен осылай ынтымақтасу ертеңгі күні бізге өз кесірін тигізбей ме? Бұл да өз жауабын қажет ететін сұрақ!

Тоқаев: «Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады».

Өте-мөте дұрыс тұжырым! АЭС салу мәселесі – жалпыұлттық маңызы бар мәселе. Алайда ертеңгі күні референдумда халық қарсы дауыс беріп, АЭС салынбай қалса ше? Үкіметтің балама бағдарламасы бар ма? Соны неге осы бастан талқылай бастамаймыз?

Ресейлік жақ пен БАҚ орыс тілінің жағдайынан міндетті түрде бір кілтипан іздеп отыратыны бесенеден белгілі. «Известия» да осы әдеттен айнымапты. Әрине, ресейлік басылымдағы сұхбатта ол мемлекеттің тіліне құрмет көрсету – тек қана дипломатия мен саясат емес, ол - кәдімгі әдептілік әрі этикет. Өз басым Тоқаевтың орыс тіліне қатысты сөздерін солай түсінгім келеді. Оның үстіне оның: «Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен  туған жоқ» деген тезисі түсінетін адамдарға, соның ішінде, орыс жағына, көп нәрсені аңғартса керек.

Қазақстанда ресейлік ЖОО филиалдарының ашылуына қатысты Тоқаев:  «Бұдан Ресей жоғары оқу орындарының білім әлеуеті жоғары әрі сұранысқа ие екенін байқауға болады. Сонымен қатар мұндай таңдау жасауға территориямыздың жақындығы, тілдік кедергінің жоқтығы, оқу ақысының қолжетімділігі, оқытушылар құрамының біліктілігі, көптеген білім ордасының кеңес кезеңінен бері қалыптасқан беделі мен атағы ықпал етті».

Сөз жоқ, белгілі бір дәрежеде уәжді себептер. Бірақ, осы тақырыптың бір осалдау тұсы бар. Қазақстан - білім беру саласында Болон жүйесін қабылдап, басқа өркениетті елдер қатарына енген ел. Ал Ресей болса, таяуда сол жүйеден біржолата бас тартып, сол қатардан шығып, кешегі советтік білім беру дәстүріне қайта көшкен. Олай болса, осы екітүрлі жүйенің білім сапасы мен дипломдары бір-бірімен қалай қабысады екен? Мәселен, Ресей ЖОО тәмамдаған біздің жастар Болон жүйесін қабылдаған басқа елдерде өз оқуын жалғастыра ала ма?

Сұхбаттың соңында президент Тоқаев күрделі халықаралық ахуалға қатысты өз ойын білдіреді.

Әсіресе, Біріккен Ұлттар Ұйымының басты құжаттары мен принциптерін көпе-көрінеу бұзып, Украинаға қарсы соғыс ашқан елдің басты бір газетінде: «Кез келген қайшылықты БҰҰ Жарғысының нормалары мен қағидаттарына сай шешуге болатынына кәміл сенемін», -деп мәлімдеуін мықты ұстаным деп санаймын.

Енді Ресей президенті Путиннің «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатына көшелік.

Путин: «Біз бір-біріміздің суверенитет, аумақтық тұтастық мәселесін толық мойындай отырып, ішкі ісімізге араласпау прициптерін ұстанып келеміз».

Олай болса, кей кезде ресейлік ресми тұлғалар мен Кремльге біртабан жақын БАҚ-та Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты теріс әрі арандатушылық сипаты бар пікірлерін қалай түсінеміз?! Путиннің өзі  постсоветтік елдердің жерін «Ресейдің сыйлығы» деп атағанын да естен қалай шығарамыз?

Путин: «Қазақстан жастары орыс тілін үйренуге ерекше ықылас танытуда. Ресейлік білімге ұмтылуда. Бұл жағын да ерекше айта кетуге тиіспіз».

Әрине, Ресей ЖОО-ларында білім алу тенденция әлі де сақталып отырғанын мойындауымыз керек, әсіресе, ол Ресеймен шекаралас облыстарымызға тән. Бірақ оны соншалықты анықтаушы үрдіс деп атау артықтау болар.

Путин: «Ресей Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарын газбен қамтамасыз етуге дайын. Қазір бұл тұрғыдан бірқатар талқылаулар жүруде».

Жоғарыда айтқанымдай, қолда бар газдың қадірін білмей, оны жарата алмай, осы күнге дейін солтүстік және шығыс облыстарымызды «көгілдір отын» жағынан солтүстік көршімізге телміртіп қойғанымыз – өзімізге сын! Неоимпериялық пиғылы бар Ресейдің қазіргі басшылығы дәл осы газды стратегиялық ресурс, геосаяси ойындардың басты «көзірі» (мәселен, өзіне санкция жариялаған ұжымдық Батыспен қарым-қатынаста) етіп отырғанын да ұмытпауымыз керек!

Путин: «Қазақстан Республикасы атом электр станциясын салуды қарастырып жатқанын білесіздер. Егер бұл жобаны іске асыру туралы шешім қабылданса, онда «Росатом» ең озық, ең жоғары технологияны қолданатын, қауіпсіз болатын өз жобасын ұсынуға дайын. Бұл Қазақстан экономикасына үлкен серпін беріп, энергетикалық тәуелділігін азайтады».

Осы мәселеде ең маңызды нәрсе мынада: АЭС салу ісі, біріншіден, референдум арқылы шешілсе, екіншіден, салынуы ықтимал ол стансаның құрылысына қатысуға ниет білдірген елдерді таңдау таза саяси сипат алмай, шын мәнінде барлық жағын – құрылыс сапасы, құны, электр қуатының тұтынушылық бағасы, қауіпсіздігіне кепілдік – кешенді түрде ескеретін әділ конкурс болуы тиіс. Әйтпесе, Путин айтып қалған «энергетикалық тәуелдіктің» көкесін сонда көруіміз мүмкін!

Путин трансшекаралық өзендер мен Каспийді сақтап қалу туралы жақсы айтыпты. Бірақ, осы сөз шындыққа толық жанаса ма? Жақында Атырауға барғанда Ақ жайықтың деңгейін көріп, шошып кеткенім бар. Шөміштен қысып отырған ресей жағының әрекетін әділ баға беретін уақыт келген сияқты!

Сөз соңында айтарым мынау: әрине, кез келген президент басқа елдің басылымына сұхбат бергенде белгілі бір дәрежеде дипломатия сақтап, бас жаққа барыспай сөйлейді. Екі президенттің екі газетке берген сұхбатын мен осы жанрлық әрі саяси талаптардың жемісі деп танимын.

Әміржан Қосан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413