АҚШ ұсынысы: БҰҰ Газа бойынша қарар қабылдады
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Газа секторына қатысты АҚШ ұсынған бейбіт жоспар жөніндегі қарарды мақұлдады. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
АҚШ президенті Дональд Трамптың 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарының екінші кезеңінде Газаны демилитаризациялау үшін Халықаралық тұрақтандыру күштерін құру және аумақты басқарудың өтпелі құрылымдарын қалыптастыру қарастырылған.
Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 мемлекеттен 13-і қарарды қолдап дауыс берді. Өздерінің вето құқығын пайдаланбаған Ресей мен Қытай дауыс беру кезінде қалыс қалды.
Қарарда Палестина мемлекетінің құрылу перспективасы жайлы да айтылған. Араб елдерінің талабымен құжатқа енгізілген бұл тармаққа Израиль қарсы болды.
АҚШ өкілдері Халықаралық тұрақтандыру күштеріне бірнеше елдің әскери бөлімдері кіретінін айтты, бірақ нақты қандай мемлекеттер екенін әзірге нақтылаған жоқ.
Қарар қабылданғаннан кейін көп ұзамай палестиналық ХАМАС радикалды тобы (АҚШ пен Еуроодақта террорлық топ деп танылған) бұл құжатқа қарсылық білдірді. ХАМАС жаңа қарар палестиналықтардың құқықтары мен талаптарын ескермейді деген уәж айтып, Трамптың жоспары "Газа секторына халықаралық қамқорлық тетігін күштеп таңуды көздейді, ал халқымыз бен оның қозғалыстары ондайды қабылдамайды" деп мәлімдеді.
Abai.kz