Абай іліміндегі демократияны нығайту
Демократияны қалай нығайтуға болады? Бұл маңызды сұрақ. Себебі, демократиялық принциптерді адам өмірінің барлық салаларына пайдалануға болады. Халықаралық жағдайда, қоғам өмірінде, тіпті, бүгінгі бұзыла бастаған отбасы, туған-туыстар арасындағы қарым-қатынаста көптеген келеңсіз жағдайлар бар екені белгілі. Сондықтан, демократияның негізгі принциптерін біліп, оларды нығайтудың үлкен маңызы бар. Ол үшін әуелі демократияның негізгі принциптерін анықтап алу керек.
Демократиялық принцип – еркіндік пен қатаң тәртіптің үйлесімділігі. Бұл үйлесімділік қоғамның барлық жүйелеріне де өте қажет. Бұл демократиялық принципті отбасында, жақын туыстар, жалпы адамдар арасындағы қарым-қатынаста қолдану арқылы қоғам өмірін бір қалыпқа келтіруге болады. Адамдар арасында дұрыс қарым-қатынас болу үшін еркіндік қана емес, сонымен бірге, белгілі бір тәртіп керек.
Бұрынғы заманда өмір үйлесімділігі әдет-ғұрып, салт-дәстүр арқылы сақталып отырған. Қазіргі заманда халықтың салт-дәстүрі ұмытыла бастады. Жаңа заманда жаңа әдіс керек. Ол әдіс – демократия қағидалары. Демократия қағидалары әсіресе діни қайшылықтарды шешу жолында өте тиімді. Діни ағымдарға толық еркіндік беріп, бірақ олар қоғам өміріне зиянды болмау үшін оларды заң арқылы қатаң тәртіптің аясында ұстаса болады. Мұндай тәжірибе көптеген елдерде бар. Демократияны дін жолында қолдану дегеніміз, міне, осы болса керек.
Осылай демократияны дұрыс түсініп, дұрыс қабылдап, қағидаларын толық орындағанда қоғамдағы қандай қиын мәселе болса да, оны оңай шешуге болады. Ал демократия қағидасы – толық еркіндік пен қатаң тәртіптің үйлесімділігі. Үйлесімдік бұзылғанда қоғам үлкен қиыншылықтарға ұшырайды. Революциядан кейін халық еркіндік алып, бірақ тәртіп әлсіреген кезде адамның қалай құлдырау жолына түсетінін өткен заман тәжірибесінен білеміз. Ал отбасына келетін болсақ, келін мен ененің арасында, жұбайылар арасындағы келіспеушіліктер жеке бас еркіне баса көңіл бөліп, бірақ олардың өздерінің міндеттерін ұмытудан болатыны белгілі жағдай. Еркіндік осылай күш алып, тәртіпке бағынбай, Абайша айтқанда, әр істің боғын шығарады. Нәтижесінде отбасы күйреп, қоғамның тыныштығы бұзылып, адамдар қайғы-қасіреттің құрсауына шыға алмай жүр. Отбасының осылай күйреуі бүкіл адамзат қауымына өте қауіпті деуге болады. Отбасы күйреп, халық өсімі болмаса, уақыт келе бүкіл адамзат жойылып кетуі ықтимал емес пе!
Ал адамзат өркениеті үшін демократия үйлесімділігі ғана емес, оның принциптерінің жетілу деңгейлері де өте маңызды болып табылады. Себебі – демократияның қуаты солардың жетілуіне, яғни ерік пен тәртіптің қуатына байланысты.
Демократияны нығайту жолдары
Демократия бала тәрізді. Оны да тәрбиелеп, нығайту керек. Жақсы нығайған демократия қуаттанып, елді өркениеттің шыңына көтереді. Ал жетілмеген демократия, керісінше, өркениеттің жолын бөгеп, оны өсірмейді. Сондықтан, демократиялық елдердің даму дәрежесі әртүрлі. Демократиялық қағидалар, яғни елді дамыту принциптері бұл елдерде бірдей емес.
Демократиялық принциптер – еркіндік пен қатаң тәртіп. Бұлар оның екі қанаты тәрізді. Ұшқан құстың қабілеті оның қанаттарының қуатына байланысты болатыны сияқты, демократияның қуаты да оның екі қанаты болып табылатын еркіндік пен қатаң тәртіптің қуатына байланысты. Бұл екеуі күшейген сайын, демократия да нығая түседі. Сондықтан, демократияны жетілдіру дегеніміз – осы екеуін жетілдіру, яғни еркіндікке жол беріп, тәртіпті күшейту болып табылады. Қатаң тәртіп орнап, әр азамат өзін толық еркін сезінетін елдерде демократия дәрежесі өте жоғары. Бұл елдерде ерік те, тәртіп те жоғары деңгейде. АҚШ, Еуропа елдерінен осыны көреміз. Ондай елдердің дамуына ешқандай сыртқы күш әсер ете алмайды.
Еркіндік пен тәртіп дәрежесі демократия қуатына қалай әсер етеді?
Еркіндік жан қасиеті болғандықтан, ол нығайған сайын талап пен жігерді күшейтіп, жасампаздыққа жол ашады. Еркіндік алған жан өзінің жоғары мұратына жету үшін түрлі қиындықтарды жеңіп, шыңдалады. Шыңдалу барысында жүрек көзі ашылып, сана-сезім өседі. Адамның жүрек көзі ашылып, өмір сырларын тереңірек түсінуге мүмкіндік алады. «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі» дейді Абай. Осылай жан тазарып, ой жүйесі өзгерген сайын адам болмысы жетіліп, рухани күш пайда болады. Адами қасиеттер жетіледі. Бұл қасиеттерді Абай өзінің «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп береді. Бұлардың барлығы жан қасиеттері. Мұндай шыңдалған қасиеттер адамға өмірдің барлық қиыншылықтарын оңай жеңіп, тіршілікті қуанышпен қабылдай алады. Жүрек көзі ашылған адамдар демократияны күшейтіп, қоғамды өркениеттің шыңына көтереді.
Демократия неғұрлым қуатты болса, өркениеттің дамуы да солғұрлым жылдам. Демократияның қуаты еркіндік пен тәртіптің мөлшеріне байланысты болғандықтан, жан құмарынан шыққан еркіндік тәртіпті күшейтеді. Иман ішкі тірек болғандықтан, ондай адам өз міндетін дұрыс орындап, тәртіпті қатаң ұстанады. Ал күшейген тәртіп, өз кезегінде еркіндікке жол ашады. Осылай еркіндік пен тәртіп бірін-бірі қолдап, жетілдіріп отырады. Бұл екеуін садақтың екі басымен салыстыруға болады. Садақтың бір басы қалай тартылса, оның екінші басы да соған сәйкес тартылады. Садақтың оғының ұшу жылдамдығы мен қуаты оның екі басының тартылу күшіне байланысты. Сол сияқты, демократияның қуаты да өзін құрайтын еркіндік пен тәртіптің қуатына байланысты. Егер тәртіп болмаса, еркіндік өз арнасынан шығып кетеді. Анархия орнайды. Осылай еркіндіктің, Абай сөзімен айтқанда, «Өлшеуінен асырса, боғы шығады». Тәртіп боғын шығармас үшін еркіндікті бір арнаға салып, бағыттап отыруы керек. Және, керісінші, еркіндік болмаса, тәртіп жанды күйзеліске түсіреді. Тоталитаризм орнайды. Тәртіп пен еркіндік үйлесімде болса, нағыз демократия орнайды. Оның дәрежесі осы үйлесімділікке байланысты. Олар күшейіп, үйлесімділігі болса, демократия жоғары дәрежеге көтеріледі. Яғни, демократия нығаяды.
Осылай демократиялық қоғамда еркіндік пен тәртіптің бір-бірімен тығыз байланыста екенін көреміз. Яғни демократия қуаты еркіндік пен тәртіптің қуатына байланысты күшті, не болмаса әлсіз болуы мүмкін. Бұл жағдай Кеңес Одағы тарағаннан кейін пайда болған елдерде не себептен демократияның әлсіз екенін, және өркениеттің тоқырау себебін түсіндіреді. Егемен болған елдерде еркіндік те, тәртіп те әлі әлсіз. Сондықтан, бұл елдерде демократия да әлсіз болып, батыс елдерімен салыстырғанда, өркениетін әлі дұрыс жетілдіре алмай отыр.
Демократияны нығайту жолының ең тиімдісі – рухани жаңғыру. Жанды тазартып, жүрек көзін ашу керек. Сонда ар-намыс оянып, талап пайда болады. Бұл жолда Абай мұрасы үлкен ғибрат болып табылады. Ол «Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз» дейді. Өйткені мұндай адамдарда «Ынсап, ұят, терең ой» жоқ, сондықтан «Ойлаған жан жоқ, жауып қой» дейді. Рухани жаңғыру кепілін Абай «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез» деп береді. Білімдіден шыққан сөзді ұғу үшін оны еститін құлақ керек. Көпшілік қауымның құлағы бар – бірақ, естімейді, көзі бар – бірақ, көрмейді. «Танымассың, көрмессің, Қаптаған соң көзді шел» деп Абай оның себебін түсіндіреді. Яғни, әрненің сыртқы сезім қабылдай алмайтын ішкі мәні бар. Ол мәнді танып, көру үшін жүрек көзін ашу керек. Рухани жаңғыру арқылы адамдардың жүрегін тазартып, дүниенің сыртқы мәнісін емес, ішкі мәнін ұғуға үйрету керек. Сонда талап арқылы білімді бойға сіңіріп, ой-өрісті өзгертуге болады. Абайдың әкесі Құнанбай қажы «Адамның ең жаманы – талабы жоқтығы» деген екен. Бұл сөздің терең мағынасы бар. «Талапты ерге нұр жауар» деп халық тегін айтпаған. Қырық төртінші сөзінде «Адам баласының ең жаманы — талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі» дейді Абай. Осылай Талап арқылы адамдар рухани жаңғырып, қоғамда демократия күшейеді. Талап еркіндікке жол ашып, қоғамда тәртіп нығаяды. Талап жаннан шығатын қасиет болғандықтан, оны рухани жетілу арқылы ғана өсіруге болады. Талапсыз адам қайратсыз, ондай адамдарды Абай «даладағы аңдарсың» деп бағалайды.
Сонымен, демократияның тиімділігі еркіндік пен тәртіптің үйлесімділігі ғана емес, сонымен бірге олардың қуатына да байланысты. Неғұрлым адам еркіндігі толық және тәртіп қатаң болса, солғұрлым демократиялық елдің даму қарқыны да жоғары болады.
Демократия – қоғамның қозғаушы күші. Өркениеттің дамуы демократияның қуатына байланысты әлсіз, не болмаса жылдам болуы мүмкін.
Досым Омаров,
Абайтанушы, теолог-ғалым
Abai.kz