Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4770 0 пікір 18 Қыркүйек, 2013 сағат 10:23

Кәмел Жүністегі. Әлімхан Ермеков

ТҰЛҒА «Түркістан-20» бәйгесіне

ХХ ғасырдың басында орыс патшаларының тағы теңселіп, пролетариат бас көтерген алаң-елең заманда қазақтың жоғын жоқтап, «мен Алаштың ұлымын» деп кеудесін оққа төсеп шыққан ардақтыларды да, онан бұрынғы тұста  басқыншылармен ұрыс салып, жанын шүберекке түйген батырларды да, отаршылардың қанқұйлы саясатын семсердей тілмен тіліп түсіп әшкерелеген ақын-жазушыларды да күні бүгін ардақтай алып жүрміз бе деген сауал өкініш болып өзекке тіреледі.

Олар: кешегі Әлихан Бөкейханұлы, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ер­мек­ұлы, онан арғы хан Кененің бас қолбасшысы Ағыбай батыр, патша тұсында жандармерия үстінен қағаз жинаса, кеңес үкіметі заманында есімін ататпай тастаған Шортанбай жырау.

Ағыбай батырдың ескерткіші ба­тыр­дың Ақбозы ойнақ салған Сары­ар­қаның төрі – Қарағанды қаласының қақ ортасында дұшпанға сес беріп қасқайып тұруы керек еді. Оны жасқаншақ көңілден аса алмай Балқашқа қойдық.

ТҰЛҒА «Түркістан-20» бәйгесіне

ХХ ғасырдың басында орыс патшаларының тағы теңселіп, пролетариат бас көтерген алаң-елең заманда қазақтың жоғын жоқтап, «мен Алаштың ұлымын» деп кеудесін оққа төсеп шыққан ардақтыларды да, онан бұрынғы тұста  басқыншылармен ұрыс салып, жанын шүберекке түйген батырларды да, отаршылардың қанқұйлы саясатын семсердей тілмен тіліп түсіп әшкерелеген ақын-жазушыларды да күні бүгін ардақтай алып жүрміз бе деген сауал өкініш болып өзекке тіреледі.

Олар: кешегі Әлихан Бөкейханұлы, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ер­мек­ұлы, онан арғы хан Кененің бас қолбасшысы Ағыбай батыр, патша тұсында жандармерия үстінен қағаз жинаса, кеңес үкіметі заманында есімін ататпай тастаған Шортанбай жырау.

Ағыбай батырдың ескерткіші ба­тыр­дың Ақбозы ойнақ салған Сары­ар­қаның төрі – Қарағанды қаласының қақ ортасында дұшпанға сес беріп қасқайып тұруы керек еді. Оны жасқаншақ көңілден аса алмай Балқашқа қойдық.

Шортанбай жырауға Қараған­дының төрінен бір көшені берейік, не Бульвар Мираны, не Ленин көшесіне есімін берейік деп  халық болып қол қойған өтінішіміз тасқа тигендей. Не Әлиханға, не Жақыпқа, не Ағыбайға бір көше бұйырмайды. Ешкім білмейтін Лобода, Кривогуз, ешкімге қажеті жоқ Чкалов, Язов дегендерге көше бар. Қазақтың ардақтыларына келгенде, «сол көшенің сары орысы мен  қазақ мәдениетінен жұрдай қара орысынан қол жинап әкел» деген пәле бар. Тәуелсіздіктің таңы баяғыда атса да, қазақтың ардақтылары көлеңкеде, сәуле түспей қойды.

Осылардың ішінде бүгін ерекше бөліп айтпағым Алаштың азаматы Әлімхан Ермекұлы. 1891 жылы Темірші болысында дүниеге келген ол 1905 жылы Қарқаралыдағы училищені бітіріп, Семейдегі гимназияға түскен екен. Сол жасөспірім шағында-ақ губернатор Тройцкий оны саяси сенімсіздер қатарына тіркеп, степендиясынан айырған.Бозбаланың бар кінәсі дін сабағын жүргізетін попты «әулие әке» демегені екен. Иә, оның дегісі келмейді. Оның қазақи тәрбиесі де, көңіліне қонған исламның нұры да маскүнем попты «әке» дегізбеді.

1912 жылы гимназияны алтын медальмен бітірген Ә.Ермекұлы Томдағы технологиялық институтқа түсіп, бесінші курсқа жеткенде төңкерістің дабылы жетіп, талай-талай комитетке мүше, Алаш орданың да белгілі тұлғасы болып, өмір толқынында өз ұстанымы бар азамат қазақтың жоғын жоқтап шықты.

1919 жылы Колчактың Сібір үкіметі құлағаннан кейін Семейде де төңкеріс болып, Ә.Ермекұлы губерниялық-революциялық комитетке мүшелікке сайланса, 1920 жылы талантты жас Қазақстан әскери-революциялық комитеттің құрамына енеді. Осы әскери-революциялық  комитеттің атынан Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитетінде Қазақ­с­тан­ның уәкілі міндетін де атқарады. 1920 жылы 18 мамырда № 2043 мандатпен болашақ Қазақ автономиялық республикасының шекарасын белгілеу туралы баяндамашы ретінде Москваға барады. Ал Орталық комитеттің Саяси бюросы құрған комиссияны В.И. Лениннің өзі басқарған.

Ұлы төңкерістің алдында қазақ халқы бар шұрайлы жерінен айырылып қалды. Қазаққа шөп шықпайтын Бетбақтың шөлі, егістік шықпайтын сор­таң, таудың тастақтары ғана бұйырған ауыр хал онан әрі ауырлап, қатерлі шақты басынан кешіріп жатты. Ішкі Ресейден қазақ жеріне  жаппай мұжықтарды көшіру өрістей түсті. Ресей Думасының шовинист депутаттары: «Қазақтар Шыңғыс ханның ұрпақтары, оларды қыру керек», – деп ашық айқайлады. 

Еділді алды, елді алды,

Енді алмаған нең қалды.

Қораны санап малды алды,

Қазаққа қамқор ханды алды.

Кетейін десең жерің тар,

Кетпейін десең кәпір бар.

(Шортанбай жырау)

Бала-шағасын емін-еркін өсіруге тоқымдай жер қалмай, тентіреуге ай­нал­ған осы тұстағы қазақтың халін ақын тағы былай  ашына суреттеген:

Жандарал болды ұлығың,

Майыр болды сиынғаның,

Кәпірді көрдің піріңдей,

Дуанды көрдің үйіңдей,

Абақты тұр қасыңда,

Қа­зылған қара көріңдей                                                                      

(Шо­р­­­­танбай жырау)

«Кетейін десе» барар жері жоқ, «кетпейін десе» мұжықтың зорлық-зомбылығына шыдар халі жоқ кезең.Міне осы тұста Алаш азаматтары бас көтерген. Алла жер үшін күрестің ендігі байрағын көтеруді Әлімхан Ермекұлының пешенесіне жазыпты. 

1920 жылы тамызда Ә. Ермекұлы Ленин басқарған үкімет мәжілісінде болашақ республиканың шекара межесі туралы баяндады. Оның алдында Түркістан республикасында, Жетісу өлкесінде жер реформасын жүргізу туралы белгілі коммунист Г.И.Сафаров баяндама жасаған. Отаршылдықты қатты сынға алған Сафаровтың баяндамасы аса өткір еді. Столыпинның озбырлық жер саясатының салдарынан қазақтар шұрайлы өлке, жайылымдарынан да айырылып, жұт пен аштыққа ұшырады. Жетісу өлкесіндегі қазақтардың 35 пайызы 4-5 жыл ішінде аштан қырылып, малының 70 пайызы жұтаған деген ол, мұндағы орыс кулактарды тегіс көшіріп жіберу керек деп түйіндеген ойын. 1916 жылы әскерге алынудан қашқан қазақтарды да, соны сылтау етіп, отаршылардың бейбіт жатқан ауылдарды қынадай қырғанын да айтқан. Содан зәресі ұшқан қазақтар патша құласа да «патшаны жақтаймыз» дескен. Сол үшін әкімдер жұртты киізге орап, үстеріне керосин құйып өртеп, кейбірін тірідей жерге көмген. Кулактар мен полицейлер бөктерге мал жайған қазақтарды аңша қуып, оқ жаудырғанын да Сафаров мұжықтарды көшіру керек деген сөзін дәлелдеу үшін көлденең тартыпты. 

Ә.Ермекұлының қадап айтқан ұсынысының бірі – Каспий теңізінің теріскей жағындағы Нарын құмына созылып жатқан шаруашылыққа аса тиімді шығанақ-бұғазды орыс помещик-алпауыттары басып қалғанын, оны қазақ жұртына қайтару керектігі болды.

Бұл мәселеге келгенде партияның көр­некті басшылары Ш.Элиава, Н.Брю­ханов, Н.Крестинский, т.б. қазір Ресейде аштық, Атыраудың балығы Мәскеу, Петербург үшін қажетті азық-түлік, бұл атырапты қазаққа беруге болмайды деп қарсы шыққан.Бұған жауап ретінде Ә.Ермекұлы қазақтардың бұл шаруашылық саласын бұрыннан игергенін, бұл аймақ Қазақ елінің қолына тисе құлшынған қазақтар балықты мұнан да көп аулап, Ресейге жөнелтетінін айтқан. Ал Н.Крестинский: «Ермеков Каспий жағасынан Данциг көпірін жасағысы келеді», – деп қарсыласқан. Ақыры Ленин осы өңірдегі қазақ пен орыс жұртының ара салмағын сұраған екен, қалай бұлтарса да тығырыққа тірелген губерниялық атқару ко­ми­тетінің төрағасы қазақтардың са­ны көп екенін мойындауына тура келіп, Ә.Ермековтің табандылығы арқасында қазақтың атамекен жері өзіне қайтарылды.

Иә, Ә.Ермекұлы сол тұста, сол күнге дейін қалыптасқан ұлттық сананы, ұлт тәуелсіздігі үшін ақындар мен жыраулардың жеріне жеткізе айтқан жырларын бойына әбден сіңірген тұлға. Өзі туған Қарқаралы өңірінің тумасы, жерлесі Шортанбай жыраудың қасіретке толы өлеңдері сол кездегі бар қазақтың жүрегіне ұялаған идеология еді. Шортанбай жыраудың:

Ұзын аққан Сарысуды,

Өзің жайлап жағала.

Жүйрік пенен жорғаңды,

Өзің мініп бағала.

Балаң менен малыңды

Аузына бір алған соң,

Алмайды деген немене.

Айдалмай тұрып солдатқа,

Зар болмай тұрып жалды атқа,

Қатын-бала қамы үшін,

Жалаңаш мініп жауға шап,

Ажалдан бұрын өле ме,–дегені Ә.Ермекұлының Ертістің бойын қазақ баласына қайтару  туралы көкейкесті мәселеде ту еткен ұстанымы болған­дай. Столыпин «Қазақ жерін игеру» деген сылтаумен Ертіс өзенінің әр жағалауынан ені 10 шақырым жерді бүкіл өзеннің бойымен кесіп алып, мұжықтың қолына ұстатқан еді. Қазақ шұрайлы жерге де, малы ішетін суға да зар болып қалды. Мұжықтар бұл 10 шақырымдық кесінді жерге қазақтың өзі түгілі қара төбетінің де тұмсығын кіргізбейтін. Ә.Ермекұлы отаршылардың қазақтарды тіпті ата-баба зиратына жолатпайтынын, өлген кісіні жерлеу үшін қарыстай жерді 20-30 сомға сататынын да жеткізді.Бұл жерді қазына қорына айналдырып, коммуна құрайық  деген пікір де айтылды. Әлімхан Ермекұлының табандылығының арқасында бұл жерге де қазақтың табаны қайта тиген еді. Озбыр отаршылардың ша­­мына тисе де, өткір дәлелімен ерік­сіз мойындатқан Ә.Ермекұлының дип­­ломатиялық  шеберлігіне таң қал­мас­қа лаж жоқ. 

Иә, Мәскеу үкіметі Қазақ автономиясы құруды бұл кезде тездетіп қолға алып жатты. Қазақтың бетке ұстар, оқыған, саясаттан хабары бар зиялы азаматтары осы кезде исі түркіні біріктірер Түркістан республикасын құру үшін жанталасып жатқан. Батыстағы аю мен шығыстағы айдаһардан қорғану үшін іргесі мықты мемлекеттің қажеттілігін олар түсіне білді. Бірақ ол Мәскеу үшін қажет емес еді. Мәскеуге бөлшектеу қажет. Оның ар жағында саны басым, өте өршіл қазақ жұртын тоздырып жіберу де жатқан.

Ә.Ермекұлы 1920 жылы Қа­зақ­стан Орталық Атқару коми­тетіне мүше болып сайланса, 1925 жылы осы комитетке екінші рет тағы мүшелікке өткен. Осы кезеңде ол­ республикалық жоспарлау комис­сия­сына да жетекшілік етеді. Тағдыр ауыр-ауыр кезеңдерді басынан өткізуді жазыпты маңдайына. Өкінішті үзі­лістердің арасында ол Қарқаралы, Қызылорда, Ташкент, Шымкент, Жамбыл, Алматы, Қуйбышев, Қара­ған­ды қалаларында ұзақ жылдар бойы математика пәнінен жоғарғы оқу­ орындарында ұстаздық еткен.Сол жылдары жоғарғы математика ту­ралы оқулықтар да жазған, кафедра басқарып, декан да болған.

Бірақ, Ә.Ермекұлы ғылыммен бір­жола шұғылданып кете ал­ма­ды.­ Тіпті бала кезінде «саяси се­нім­сіз» деп танылған ол, отызын­шы жылдардың басында А. Бай­тұр­сынұлы, М. Жұмабайұлы, М. Әуезұлымен қатар тұтқынға тү­сіп азап шекті. 1932 жылы түрмеден шыққан болатын. Аңду бәрібір соңы­нан қалмаған.

Бостандықта уақытша жүргенін Әлекеңнің түйсінгені анық. Әуелі қазақ  педагогикалық институтында біраз дәріс оқыды. Онан соң Алматының кен-металлургия институтында математикадан ұстаздық етті. Сөйтіп жүргенде «халық жауларын» күні-түні әшкерелеген қасапты 1937 жыл да жетті. Институттың бастығы  Әшірбек Бүркітбаев кабинетіне жеке шақырып: «Бұдан әрі сізді қорғауға шамам келетін емес . Бір жаққа кетіп қалыңыз, аспан асты кең ғой», – деген. Бұл­ Ә.Ермекұлын аман сақтау үшін жасаған жақсылығы еді. Ә. Ер­мекұлы Қазақстаннан пана болма­сын сезіп, Ресейдің Куйбышев қа­ла­сына келіп, сондағы инс­ти­тут­тың мате­матика кафедрасына меңгеруші болып орналасқан. Дүние есігін ашқаннан «саяси се­німсіздікке» ілінген Әлекеңе Куйбышев те пана болмады, оны 1939 жылы тұтқындап, Қазақстанға әкелді. Жаппаған жала жоқ, қорлық-қысастықта да шек жоқ. «Айлап ұйқы бермеді, тізе бүктірмей, тік тұрғызып қойды... шалқамнан жатқызып, екі аяғымды керіп қойып тепкіледі»,– деп еске алған сол қиянатты Ә.Ермекұлы.

Саяси лагерьдің сан өткелінен өткен Ә.Ермекұлы соғыс біткеннен кейін де біраз жыл отырып, 1947 жылы ғана бостандыққа шығады. Бірақ қуанышы ұзақ болмады. Ком­му­нистердің жапқан пәлесімен тағы да жер ауып кете барды. Өмірін еліне арнаған Әлекең тек 1957 жылы ғана ақтала алды. 

«Әлдекімдер бұзақылық жасаса да, ... бір ауылда колхоз малы ұр­ланса да, тіпті біреу әмеңгерлік жолмен қос қатын алса да, газетте бір ауыз оғаштау сөз жазылса да, осы­ның бәрін бізден көретін», – деп сол кез­дегі қиянатты өмірді еске алады Ә.Ермекұлы.

Ә.Ермекұлы бүкіл өмірін қазақ халқының болашағына арнаған, өсіп келе жатқан ұрпақтың терең білімді болуын аңсаған. Ол сонау ертерек тұста қазақ халқының болашақ гео­лог ғалымы, жас Қ.Сәтбаевтың осы Том университетіне оқуға тү­суіне қол ұшын берген. Дарын­ды ақын С.Торайғыровтың оқып, бі­лімін толықтыруына жағдай жаса­ған. Саяси лагерьден босай сала Қара­ғандының тау-кен институтына­ жұмысқа кіріп, өмірінің ақырына дейін қазақ жастарының ғылымның шыңына шығуына өз үлесін қосқан, еліне, ұлтына адал аңыздай тұлға.

Бір кездескенде Д.Қонаевтың өзі: «Әлеке, ескі интеллигенция­ өкіл­де­ріне әділет­сіздігіміз, қиянатымыз бол­ды», – деп өкінген лебіз білдірген екен.

Ұлының есімін қалай ардақтай­мыз деген сауал көңілде жүреді.Әлекең еңбек еткен, еңбегі әбден сіңген ҚарМТУ-ге есімін беру туралы мәселе көтеріліп жүр. Талай академик, талай профессор, талай еңбегі сіңген бар шығар. Солардың бәрін таразының бір басына салса, таразының екінші басындағы Ә.Ермекұлына тең келер ме?! Ол Алаштың ұлы ғой. Ол Алаш үшін бар қиянатты бастан кешіп, бізге жеткен жалғыз тұлға ғой. Бүгінгі Қазақ елінің қай институты, қай жоғарғы оқу орны болса да, Қазақ үшін жанын шүберекке түйген Алаш азаматының атына бермей, басқаға ұсыну әпенділік болар еді. 

Кәмел Жүністегі,

жазушы

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340