Ақниет ОСПАНБАЙ. НЕКЕ ҚИЮДЫҢ ҚИТҰРҚЫСЫ
«Жас отау» неке сарайының басшылары 157 миллион теңгені жымқырған
Алматыда үйлену қанша тұрады? Халқымызда «Үйлену оңай, үй болу қиын» деседі. ХХІ ғасырда үй болудан гөрі, үйлену қиынға айналғанына әрбір жұптың отау құру рәсімі айғақ. Үйлену тойы үшін банктен арнайы несие алынады, дүркіретіп той жасалады. Қай заманда да астатөк той жасайтын қазақтың қосымша шығындарын санамай-ақ қойса болады. Әуелі жас жұбайлардың неке қию рәсімін ғана қарастырып көрелік. Бұдан түсетін қаражатты қалтаға басып, шетел асуға жете ме екен?
«Жас отау» неке сарайының басшылары 157 миллион теңгені жымқырған
Алматыда үйлену қанша тұрады? Халқымызда «Үйлену оңай, үй болу қиын» деседі. ХХІ ғасырда үй болудан гөрі, үйлену қиынға айналғанына әрбір жұптың отау құру рәсімі айғақ. Үйлену тойы үшін банктен арнайы несие алынады, дүркіретіп той жасалады. Қай заманда да астатөк той жасайтын қазақтың қосымша шығындарын санамай-ақ қойса болады. Әуелі жас жұбайлардың неке қию рәсімін ғана қарастырып көрелік. Бұдан түсетін қаражатты қалтаға басып, шетел асуға жете ме екен?
Мұсылманша неке қиып, неке суын ішу – су тегін. Ал Қазақстан азаматы ретінде мемлекеттік тіркеуге тұрып, неке сақинасын алмасу туралы олай деп айта алмаймыз. «Жас Отау» орталық неке сарайында бір жұптың неке қию рәсімі – 106 мың теңге немесе басқа қызметтерін қосқанда 120 мың теңге тұратыны айқындалды. Сонша неге қымбат дейміз-ау?! Отбасын құрып, заңды некемізді қию үшін осы сарайға өтініш жазғаным да есімде. Арзандау еді. 106 мың теңгелік неке қиюдың қандай артықшылығы бар? Аталмыш жүз мың теңгенің ішінде мерекелік шараның салтанатты рәсімі үшін қазақ ұлттық және батыр үлгісінде киінген қыз-жігіттерді жалдау, сарайды жалдау ақысы мен 20 минуттық фото-бейне түсірілім, сондай-ақ бес минуттық фуршет пен опера әншілерінің ақысы бар. Жастардың осы тарихи сарайда некесін қиюды армандайтыны белгілі. Ал бағаның түрі мынау. Бұған дейін де Орталық неке сарайында заңды ерлі-зайыпты атанудың қымбатшылығы туралы неше рет айтылды, неше рет жазылды. Бірақ әрбір жұптан түсетін 100 мың теңге мемлекет қазынасына қанша пайда түсірді? Ең әуелі «бұл қаражат мемлекет қазынасына толық түсті ме?» деген ұры күдік көңілде.
Орталық неке сарайының іргесі 1971 жылы қаланды. Ғимараттың әсемделуі мен шеңберлі керегесінен дәстүрлі қазақ киіз үйіне ұқсас ұлттық нақыш көрінеді. Оның қабырғасын тұтастай шынымен қаптау, айналдыра өрнекті күнқағар шілтер ұстау ғимаратқа әсем сипат берген. Орталық неке сарайы оңтүстік астананың ең көрнекті ғимараттарының бірі. Осы уақыт аралығында сарайдың директорлары бірнеше рет ауысты. Талай рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, ішкі рәсімдеу қызметі қалпына келтірілді, жаңа заманға сай технологиялар енгізілді. Соңғы рет 2008 жылы Алматы қалалық әкімдігінің бюджеті есебінен жөндеу жүргізілген. Мұнда жылына 1 мың 200 жұп отау құрады. Мұның бәрі өз алдына, соңғы директор Әлия Тұтқышева ханымның қызметінен кету себебі билік пен қара халықтың назарын тегіс өзіне аударды.
Неке сарайының басшысы өз сыбайластарымен бірге 157 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған болатын. Әлия Тұтқышева «Жас Отау» неке сарайының бас есепшісі және бас маманымен бірлесіп, миллиондаған қаржыны із-түссіз жоғалтып жіберген көрінеді. Қалай дейсіз ғой? 2010 жылдан бері заңды тіркеуге тұрған әрбір екінші жұптың ақшасын өз қалтасына салып отырған. Неке сарайында отау құрудың салтанатты рәсімі – 106 мың теңге, ал ешбір рәсімсіз тіркеуге тұру – 1500 теңге (ол банкке төленеді). Мәселе бірінші жағдайда болып тұр, яғни салтанатты түрде үйленгісі келетін жұптардың қаржысы қомақты табыс әкелетіні айдан анық.
2012 жылы Қаржы полициясы жүргізген тергеу жұмыстары барысында басшылықтағы ханымдардың әрқайсысы мемлекетке тиесілі 157 миллион теңгедей қаржыны өз пайдасына жаратқаны анықталды. Бұл іс бірден сотқа жіберілді, екі отырыстың нәтижесінде Тұтқышева ханым аманат арқылы бостандыққа шықты. Ал оның сыбайласы деп танылған бас маман Ғалия Тұтқышева мен есепші Назым Мамырбекова қамауда. Сот процесі аяқталған жоқ. Экс-директор ханым өзінің кінәсіз екенін айғақтайтын дәлелдер келтіріп, өзін ақтауға қызу кіріскен. Өйткені Қаржы полициясының жасаған қорытындысы бас бухгалтердің шимай қағаздарынан алынған көрінеді.
Наурыз және маусым айларында өткен сот отырысында қомақты қаражаттың қалай жымқырылғаны, қандай жолмен қолды болғаны анықталмағандықтан, сот ісі кейінге шегерілген болатын. №1 Алмалы аудандық сотының сот төрайымы Қайынжамал Бұқбанова мынадай кесім айтқан болатын:
– Істі қайта тергеу барысында 2010 жылдың 1 қаңтары мен 2012 жылдың 12 қыркүйегі аралығында ұрланған қаржы мен неке қидырған жұптардың нақты санын анықтау қажет. Қылмыстық тергеу органдары жымқырылған қаржының нақты уақытын анықтауы тиіс! Сонымен қатар келтірілген дәйектердің жеткіліксіздігін айтқан сот төрайымы «Жас Отау» неке сарайының бұрынғы директорының жұмыс өтілін ескерді. Әлия Тұтқышева Орталық неке сарайын 13 жылдан астам басқарған. Қорғаушы Аян Кәрімхановтың айтуынша, ұзақ уақыт осы салада еңбектенген адамды соңғы жылдары ақша жымқырды деп айыптаған әсте дұрыс емес. Себебі, қылмыстық істе келтірілген деректер қиылған некелердің санымен сәйкес келмейтін көрінеді.
Қорғаушы Аян Кәрімханов Тұтқышева ханымның жақсылықтары мен мекеменің жеңілдіктерін алға тартуда. Оның сөзінше, неке сарайында Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлеріне және мүгедектерге тегін қызмет көрсетіліпті. Алайда, тергеу органдары қиылған некенің бәрін 112 мың теңгеден бағалапты. Оның үстіне, айыпталушылардың қаржы қымқырылған сәттегі қызметтері де нақтыланбаған екен. «Ең бірінші черновой записьтерді алып, экспертиза жасаған. Заң бойынша мұндай жазбаларды тергеуге жатқызбайды. Неге десе, мекеменің аты жазылуы керек, беттері бәрі тігілу керек, толтырған адамның аты, қанша сумма барлығы көрсетілуі керек. Қаржы полициясы 157 миллион теңге деп айып таққан. Енді сол дәлелденбей, ол нақты болып шықпады», – деген дәйекке иек сүйеп отырған сияқты.
Соңғы сот отырысында бірнеше айға созылған сот процесіне нүкте қойылуы тиіс еді. Алайда сот төрайымы Қайынжамал Бұқбанова істі шала деп тауып, қайта қарауға жіберді. Қат-қат томнан тұратын қылмыстық істе тергеушілер шаш етектен қателік жіберген. «Ағымдағы жылдың 6 наурызында тергеушілер Ғалия Тұтқышеваны күдікті деп тауып, сол күні жауапқа тартқан. Ал, 7 наурызда Тұтқышева Әлия мен Мамырхановаға да қатысты қылмыстық іс қозғап, күдіктілерден таңға дейін жауап алады. Дәл осы күні куәгерлерден де сұрау алыныпты. Аталған тергеу ісі 16 баптың, 1 және 5 тармағына сәйкес заңсыз деп табылады. Себебі, небары 2 күнде тергеушілер барлық істі толық қарап шығуы мүмкін емес», – деді. Келесі отырыста жас жұбайлардың есебінен жағдай түзеген ханымдардың тағдыры шешілмек. Өйткені бұрынғы – директор – Әлия Тұтқышеваға – 11 жыл, есепші Назым Мамырхановаға – 10, ал бас маман Ғалия Тұтқышеваға – 9 жыл жаза кесу сұралуда. Сот 6 томдық істі қалалық прокуратураға жолдады. Құзырлы орган өкілдері 1 ай ішінде аталған кемшіліктерді жо-йып, тергеуді толықтай аяқтаулары тиіс. Егер, белгіленген уақытта жұмыс бітпесе, қосымша мерзім берілмек.
Елімізде неке қию аудандық орталықтарда, Алматы қаласының жекелеген аудандарының құзырлы мекемелерінде де жүзеге асырылады. Бертінде ғана тойханаларға тіркеуші шақыру арқылы заңды неке қиылуда. Оларды той жасаушы жұртшылық өз бетімен келісу арқылы шақырады. Мәселен, «Бақыт» неке қию сарайының тіркеушісі тойға келіп-кету үшін кемінде 400-500 доллар сұрайды. Бұл теңгемен есептегенде 60-75 мың теңге көлемінде. Қалай алсақ та, Орталық неке сарайынан анағұрлым арзан екенін көреміз. Бірақ бұл қаражат та сол тіркеушінің өз қалтасына кетуі мүмкін екенін неке қиюдың өзі кейбіреулер үшін жеңіл нәсіп болғаны ма деген ой қаумалайды.
"Түркістан" газеті