Франция Жамбыл облысына жел электр станциясын салып береді
Мәжіліс Қазақстан мен Франция Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялайтын заңды қабылдады. Келісім аясында Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу көзделген.
«Арнайы келісімнің мақсаты – Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздерін орнықты даму саласындағы ірі жобаларды әзірлеп, іске асыру. Келісім шеңберінде Жамбыл облысындағы Мирный кентінің маңында жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын жел электр станциясының жобасын салу жоспарланған. Жобаны іске асыру 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің энергетика жүйесіндегі үлесін 15%-ға қол жеткізуді көздейтін индикаторларға қол жеткізуге, сондай-ақ жыл сайынғы көмірқышқыл газының шығарындысын қысқартуға мүмкіндік береді», - деді құжатты таныстырған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Оның сөзінше, жоба аясында 250-ге дейін тұрақты жұмыс орны, 2500-ге дейін уақытша жұмыс орны құрылмақ.
Шамамен 820 миллиард теңге инвестиция тартылып, қосымша 3,6 млрд кВт/сағ жасыл энергия өндірілмек.
«Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда Еуропа елдері көміртегі салығын енгізу бағытында жұмыс істеп жатыр. Жасыл энергия генерациялайтын қосымша қуаттарды енгізу қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне оң әсерін тигізеді», - деді Энергетика министрі.
Ведомство басшысы жоба инвестордың қаражаты есебінен іске асатынын атап өтті.
Депутаттар келісімді ратификациялау жөнінде шешім қабылдады.
Abai.kz