Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 2582 8 пікір 24 Қараша, 2023 сағат 13:51

Минскідегі жиын: Арменияның демаршы. Президент Тоқаев не деді?

Ресей президенті Владимир Путин Минскіге алып ұшып жетті. Оның алдында Кремльдің баспасөз қызметі: «Саммиттің күн тәртібінде ҰҚШҰ мүшелерінің ұжымдық қауіпсіздік жүйесін ары қарай жетілдіру, сонымен қатар, халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер қарастырылады», - деп мәлімдеген болатын.

Кезінде Путин «Варшава келісімі» үлгісімен НАТО-ға қарсы тұру үшін құрған ұйымға Беларусь, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан кірді. Бірақ Ресейдің Украинамен соғысы осы ұйымның болашағы жайында түрлі пікірлер айтқызуда.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян 14 қарашада Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен телефонмен сөйлесіп, Минскідегі жиынға қатыса алмайтынын айтқан. Арменияның СІМ басшысы Арарат Мирзоян да,  қорғаныс министрі Сурен Папикян да бара алмаймыз деп бірінің аузына бірі түкіргендей бас тартты.

Сонымен Беларусь еліндегі саммитке Армениядан басқа, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан президенттері түгел жиналды. Жоғарғы лауазымлы тұлғаларды төрағалық етуші елдің басшысы Александр Лукашенко қарсы алып, Беларусьтің төрағалығының қортындысы шығарылып, білескен декларация қабылданып, 11 құжатқа қол қойылды.

ТОҚАЕВ: БІЗДІ СЫРТҚЫ ҚАТЕРМЕН ҚОРҚЫТА БЕРУДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ!

Осы саммите өзіне сөз тиген шақта Қазақстан президенті сессия қатысушыларына ілтипат білдіріп, жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Беларусь тарапына және Александр Лукашенкоға ризашылық білдіре келе: «Біз ҰҚШҰ қызметінің әдіс-тәсілі мен стратегиясын жолға қоя отырып, заманауи қауіп-қатер мен сын-тегеуріндерді міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады», - деді.

Мемлекет басшысы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық ету міндеті Қазақстан Республикасына өтетінін мәлімдей келе, ҰҚШҰ аясында ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайтуға еліміздің елеулі үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Қазақстан төрағалығы кезінде Ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты алға тартты.

– Бірінші, ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату. Біріккен Ұлттар Ұйымымен және оның құрылымдарымен арада қалыптасқан ықпалдастық деңгейін сақтауға баса мән беруді ұсынамыз. Бұл жұмыс 2010 жылдың 18 наурызында ҰҚШҰ мен БҰҰ хатшылықтары арасында қол қойылған Ынтымақтастық туралы бірлескен декларация негізінде жүргізіледі. ТМД мен ШЫҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді құптаймыз. «ҰҚШҰ-ның ТМД-мен және ШЫҰ-мен ынтымақтастығын нығайту жөніндегі практикалық шаралар» атты құжатта оның нақты қадамдары айқындалған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас Ұйым қызметінің екінші маңызды бағыты бойынша:

– Бұл контингенттің кедергісіз әрі еш жерге аялдамай қозғалуына, әскери авиацияның ұшуына және тағы да басқа аспектілерге қатысты. Сонымен қатар әскери кадрларды даярлау жүйесін және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери-ғылыми қуатын дамытуды жалғастырған жөн. Ұйымның бітімгершілік әлеуетін арттыруға айрықша мән беру ұсынылады. Бұл ретте ҰҚШҰ Бас хатшысының бітімгершілік мәселелері жөніндегі арнайы өкілінің қызметі зор рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту ісін алға тартып;

– Лаңкестік топтарға қосылуды жоспарлап жүрген азаматтарымыздың елден тысқары шығып кетуіне жол бермеу үшін бірлескен жұмысты жалғастырған жөн. Терроризмге және экстремизмге қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау тетіктерін іске қосу маңызды. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының комитеті жанындағы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелерімен айналысатын сарапшылардың Жұмыс тобын жандандыруды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы назарынан Ұйымның есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымына да қарсы күрес жүргізуге тиістігі сөз болып:

– ҰҚШҰ-ға мүше елдердің кеңістігін осы қауіпті заттың енуінен қорғау үшін бірлескен іс-шаралардың тиімділігін арттыру қажет. Жұмыс ретін барлық өзекті факторды, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралу аясы кеңейе түскенін ескере отырып ұйымдастыру керек. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізетін құзыретті органдар жетекшілерінен құралған Үйлестіру кеңесі сияқты механизм маңызды рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек Президентіміз қару-жарақтың заңсыз айналымымен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресуді, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуды, ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы жұмыла күресуді көтерді.

– Қазіргі жағдайда қауіп-қатердің сипаты мен кибер қылмыскерлер қолданатын қару түрлері де тез өзгеріп жатыр. Мұны біздің негізгі құралымыз – ҰҚШҰ-ның ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі «ПРОКСИ» операциясын іске асыру кезінде ескеру керек деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның төрағалық ету кезінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту және оны одан әрі дамыту үшін кешенді жұмыстар жалғаса беретініне ашып айтты.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357