Ән әлемінің жарық жұлдызы еді!..
Қарашаның 25-і күні 74 жасқа қараған шағында белгілі әнші, «Дос-Мұқасан» ансамблінің солисі Ақжол Мейірбеков дүниеден өтті. Елін әнмен тербеткен біртума өнерпаздың артында қалған отбасына, жақындарына, барша әнсүйер қауымға қайғыра көңіл айтамыз. Өнерге ғашық әр жанның жүрегінде мәңгі жасайтын Ақжол Мейірбеков туралы жазбаларды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Бақұл бол, Ақжолым!
Алғаусыз пейілді, ақ жүрек, алтындай досымыз Ақжолды да аяусыз ажал қайтпас сапарға ала кетіпті. Алты мүшелінен енді ғана асып еді. Бір жас кішілігі болатын. Көрген жерде "Мәке!" деп бұрылып келіп құшағын жаятын. Менмендігі жоқ, кішіпейіл мінезіне таң қалушы едік. Тіпті отбасылық мерекелерімізге келіп, ізгі тілегін арнап кететіні де енді сағынышымызды еселей түсетін шығар. Ол шырқаған «Назқоңыр», «Сұлу қыз», «Ахау бикем», «Ауылың сенің іргелі» сияқты әндері мәңгілік құлағымызда.
Қимаймыз! Өнерге құштар қалпыңда үнемі жадымыздасың. Қазақ эстрадасының «Құлагері» Ақжол бауырымыздың алдынан Алла жарылқасын! Өнер сүйген барша қауымға, отбасына қайғыларын бөлісіп көңіл айтамын. Иманы саламат болсын!
Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ,
жазушы-публицист.
Ол күндер де сағынышқа айналды...
Ақжол ағамыз да келместің кемесіне мініп мәңгілік ғұмырына аттанып барады екен. Дүние-ай десеңші, бұл жалғанда жарқырап жүрген жандарды көп көрдім. Сондай жарқын, жаны жайсаң, мейірімді жанның бірі Ақжол Мейірбеков ағамыз еді.
70-ші жылдардың аяғы, ауылда жүрген біздің бала кезіміз, міне сол кезде «Айгөйлек-ау, Айгөйлек», «Долана-долана» деп ән айтып, жарқ етіп шыққан күнінен білетін едік ағамызды. Бәлкім ағамыздың осы әндері, өзінің тұлғасы біздің де өнерге деген құлшынысымызды оятып, еліктірген де болар. Ал енді кейінгі 20-30 жылда бір сахнада, бірге өнер кештері мен өнер сапарларда ағамыздың қасында жүреміз деп ойлаппыз ба ол кезде. Ағамыздың қасында жүргенде, соншалықты бауырмалдығын, мейірімге толы жүрегін сезінуші едік. Енді міне ол күндердің де сағынышқа айналарына амалымыз жоқ. Бақыл бол, асыл аға! Ақыреттік жайыңыз жұмақтан болын! Алла алдыңыздан жарылқасын!
Ағамыздың өнерін бағалап, қадірлей білген қара орман халқының, отбасы, туыс-туғандары мен Шарипа жеңгеміздің қайғысына ортақпын, ауыр қазаның артының қайрын берсін деп тілеймін.
Нұрлан ӨНЕРБАЕВ,
Әнші.
Ән әлемінің жарық жұлдызы еді!..
Қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы Ақжол Мейірбеков те өмірден өтіпті! Ағамыз сап-сау жүрген секілді еді… Сондықтан суық хабар төбемізден жай түскендей әсер етті…
Ақжол ел ішіндегі танымалдығы мен абырой-беделі аспандап тұрса да, өте қарапайым, ақкөңіл, абзал ағамыз еді.
Соңғы рет биыл Халық Қаһарманы Мұхтар Әлиевтің 90 жылдығына арналған аста көріп едім. Әдеттегідей жарқын жүзді, жарқырап жүрген еді. Әуелетіп ән салды. Елдің бәрімен емен-жарқын қауышып, әңгімелесіп жүрді. Ағамыз әрқашан ауылы Арысты аузынан тастамайтын. Арыста өтетін шаралардан қалмауға тырысатын.
Ақжол ағамыздың өнерінің жарқын беттері Өзбекстаннан елге келгесін, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамбліне әнші болып қосылғаннан басталды. Ақжол «Дос-Мұқасанға» тың серпін берді, ал аңызға айналған ансамбль Ақжолдың алдынан Ақ жол ашты!
Ол халық әндері мен халық композиторлары әндерін эстрадада әсем нақышына келтіріп, әдемі шырқады. «Айгөлек», «Назқоңыр», «Ахау, бикем», «Сұлу қыз», «Ауылың сенің Іргелі», «Он алты қыз», т.б. әндер эстадалық әуенде жаңа қырынан жарқырады. Халық композиторлары Естай, Ақан сері, Мәриям Жагорқызы, т.б.әндері және қазіргі қазақ композиторларының әндерін орындады. Қазақ халық әндерін Кеңес Одағы кезінде бүкіл одаққа танытты. 1972 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық «Алло, біз таланттарды іздейміз» атты ән байқауында халық әні «Айгөлек» әнімен Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Ол шетелдер мен Қазақстанның барлық қаласы мен аудандарында, әр ауылында гастрольдік сапарлармен болды.
Кеше қаралы хабарды естігесін, Ақжол ағасы туралы жазған белгілі ақын бауырымыз Аманғазы Кәріпжан: «Жақында «Дос-Мұқасан» ансамблінің 55 жылдық тойында және Республика күніне арналып, Н.Сац атындағы театрда өткен концертте көрген едім. Соңғы концертте ел бір-бір ән айтқанда, ағамыз екі-үш ән айтып, соның өзінде сахнадан кетпей, елге қарап тұрып қалды. Бейне бір халқын да, сахнасын да қимағандай ұзақ кідірді. Әйтсе де қатал тағдыр қимасына қоя ма? Жаны жәннатта болсын!» – деп, көңіл толқынын жеткізіпті.
Иә, Ақжол ағамыз жарты ғасырдан астам сахнадан түспеген күйі өмірден өтті. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі», «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалының иегері.
Ең бастысы, Ақжол ел ықыласына бөленген нағыз халық әншісі еді!
Ақжол ағамыздың отбасына, туған-туыстарына, қалың қазаққа көңіл айтамыз.
Халық жүрегін әсем әндерімен жаулаған Ақжол Мейірбековті халық мәңгі ұмытпайды. Пейіште рухы шалқи бергей!
Қазыбек ИСА,
ҚР Мәжіліс депутаты.
***
Ақжол Мейірбеков 1950 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Арыс қаласында туған.
Ақжол Нұсқабекұлы 1978 жылы «Дос-Мұқасан» ансамбліне қабылданады. 1985-1994 жылдары Алматы облыстық филармониясының «Арқас», «Сазген», «Адырна» ансамбльдерінде қызмет етіп, 1994-1996 жылдары «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болды. 2001 жылы «Ақжол» ән-театрын құрған.
Белгілі әнші 2010 жылы қайтадан «Дос-Мұқасан» тобына оралып, осы күнге дейін ансамбльдің әншісі болды.
Ақжол Мейірбеков – «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.
Abai.kz