Жексенбі, 24 Қараша 2024
Айқай 2211 1 пікір 7 Желтоқсан, 2023 сағат 12:54

Әнипа Әбішқызына тоқтау бола ма?

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары-
Қаржы министрі
Е.К. Жамаубаевқа,
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Б.Н. Асыловқа!

Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған деп көрсетілген. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың АҚШ долларына сатқан.

Бұл депутаттық сауалыма әділетсіздіктің шырмауына шырмалып, шырғалаңнан шыға алмай қалған азаматтардың көз жасы себеп. Олар Алматының әйгілі барахолка базарында сауда жасайтын қандастар.

Қақаған қыс пен ми қайнатар жазда, таң атысы, кеш батысы контейнерде отырып сауда жасауға мәжбүр жандарды өзін қожайын сезінген екінің бірі келіп тонап жатыр. Бізге жолдаған мына хатында «Кенжехан» базарының саудагерлері бар мәселесін тізіп жазыпты. Бүгінге дейін құзырлы орындарға қанша арызданса да, күштінің дүмі диірмен тартады демекші, көпшілік қаналған қаржысын қайтара алмай келеді.

Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы (Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы – Ред.) болған деп көрсетілген. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың АҚШ долларына сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай, тек контейнердің паспортын берген. «Келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар» деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда 1000-ға жуық контейнер бар, әрі қарай есебін шығара беріңіздер.

Қолда бар арыздағы ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылдың 4 сәуірінде «Кенжехан» базарының 100 пайыз үлесі «Митра консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткен. Бұл базар 640 млн теңгеге сатылды делінеді. Жаңадан келген базар қожайындары саудагерлерге «контейнерлеріңді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деп талап қойған. Сонда ел 1 орынға 2 рет ақша төлеген. Амалсыз ақшасын берген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келесім» қағазы тапсырылған. Айтпақшы, келісімді сол базардағы нотаруисте жасауға міндеттеген, ол үшін әр саудагер тағы 43 мың теңгеден төлеген. Ол ол ма, әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген тағы бір тәртіп шығыпты. Мұны шағымданған ел айтып отыр. Бұл сорақылық емес пе? «Төлемесе, контейнерлерді мөрлеп, жауып тастайды» деп ашынады жұрт.

Саудагерлердің 3 талабы бар:

1. Бір контейнерге 2 рет ақша төлеген жұрт бұрынғы немесе бүгінгі базар иесі ақшаны қайтарып берсін дейді. Бір сауда орнына екі рет ақша төлеу ақылға сыймайды ғой.

2. Ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығын тексеріп, шара қолданылсын дейді.

3. «Кенжехан» базарын Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаменті тексерген, соның нәтижелерін Қаржы министрлігі ұсынсын.

Жыл басында Қазақстанда 722 базар тіркеліпті. Соның бәрінде заңдылық толық сақталып отыр деп айта алмаймыз. Себебі ол жақтағы саудагерлерден де арыздар келеді. Осы депутаттық сауалды дайындау барысында барахолкадағы «Рахат» және «Евразия» базарындағы саудагерлер де шағымдарын жеткізді. Сондықтан елдегі барлық базардағы заңдылықты тексеру керек деп есептеймін.

Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.

Нартай Сәрсенғалиев,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572