Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәдениет 2789 1 пікір 8 Желтоқсан, 2023 сағат 15:25

«Қарт әйелдерінің мінез-құлқын жақсы түсіне білген»

Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген әртісі, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының әртісі Зағи Құрманбаеваның 120 жылдығына арналады...

Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген әртісі Зағи Құрманбаеваның өмірі мен шығармашылығына қатысты жазылған мақалалар саны аз, сол себепті биыл театр және кино әртісінің 120 жылдығына орайластырып архив құжаттары негізінде жазылған шағын мақаламызды баяндауды жөн көрдік. Бүкіл өмірін өнер жолына арнаған, кинода және театр сахнасында қойылған спектакльдер де көптеген рөлдерін ана, әже болып сомдаған актриса ұзақ жылдар М.Әуезов атындағы театрда қызмет атқарған. З.Құрманбаева кейіпкерлерінің өмірін, мінез-құлқын  жанға жақын шынайы әсерлігімен көрермендеріне дәлме-дәл жеткізе білген. Кинематографияға 54 жасында келген. Ол кезде тәжірибелі актрисаның театрдағы бейнелеген кейіпкерінің саны 40 жуық болған.

Зағи Құрманбаева 1903 жылы Алматы облысы, Қаскелен ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ол 1930 жылы өзінің отбасымен бірге Алматыға көшіп келеді, 19 жасқа толған кезде анасы қайтыс болған(1922), әкесі Құрманбай Қаскелен ауданындағы колхозда (1936 жылға дейін), сонан соң Алматы кондитерлік фабрикасында аула сыпырушы, күзетші болып жұмыстар жасаған. З.Құрманбаева жолдасымен бірге Алип және Мария есімді қыздарды дүниеге әкеліп тәрбиелеген. Өмірлік жолдасы (есімі жазылмаған) ерте өмірден озған(1931). Тағдырын өнермен байланыстырғысы келген болашақ актриса Алматыдағы 3 айлық тәрбиешілер курсын(1931-1932) тәмәмдап, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа орналасқан. 1932  жылғы архив құжаттарының арасынан  З. Құрманбаеваның театрға орналасқандығы туралы бұйрық табылмады, бірақ сол жылы кезекті еңбек демалысқа барып келгендігі (шілденің 20-нан тамыздың 20 күндері) және де 1934 жылы қаңтардың 1-і күні штатқа тұрақты бекітілгендігі туралы бұйрықтар сақталған.  Қызметке қабылданғаны туралы архивте табылған құжатта (жылы белгісіз) былай деген: «З.Құрманбаева Қазақ мемлекеттік академиялық театрында 1932 жылдан жұмыс істеп келеді, алдымен кіші рөлдерден бастаған ол қазіргі таңда жауапты рөлдерге көшті, М.Әуезовтың «Түнгі сарын» атты пьесасында Жантастың анасы Ділданың бейнесін сомдап жүр, Погодиннің пьесасында Садовскийдің анасын т.б. қандай бір рөлдер болмасын үнемі жауапкершілікпен дайындалып келіп, шынайы жеткізе біледі» деген. [1]

З.Құрманбаеваның өміріндегі есте қаларлық қуанышты сәттің бірі  1940 жылы қарашаның 13 күні «Отан үшін», «Абай» пьесалары бойынша ұжым болып топтық әдісте әлеуметтік жарыс өткізген. Қоюшы-режиссер Насонов болған. 1-ші орын алған «Отан үшін» атты пьесада ойнаған ұжымның құрамында З.Құрманбаева болған. Сонымен қоса З.Құрманбаеваға театр сахнасында сомдаған рөлдері үшін де Алғыс хаттар берілген. 1956 жылы ақпанның 11 күні Қазақ академиялық  драма театры «Ауру тістер» атты жаңа  спектакльдегі Рахиля рөліне З.Құрманбаева бекітіледі. Осы жылы желтоқсанның 20-күні А.Каххардың «Ауру тістер» атты спектаклін көрермендердің жылы қабылдағаны үшін, қойылымның сапалы мазмұны үшін спектакльдің режиссеры А.Ибрагимовке, басты рөлдерде ойнаған З.Құрманбаеваға, Б.Римоваға т.б. драма театрының директоры В.Портновтың бұйрығымен алғыс жарияланған. [2]

Архив құжаттарында 1935-1959 жылдары З. Құрманбаеваның театр сахнасында ойнаған рөлдері: А.Шаниннің «Шахтасында» Балқияны, (режиссерлары Ш.Айманов, Ж.Шаниндер), 1941 жылы Фр. Вольфтың «Профессор Мамлюкте» медбикешті, Ә.Әбішевтің «Страшные гостида»(1942) Бекенді,  «Бір семьясында»(1948-1949) Рабиғаны (Айдостың анасы), Ғ.Мұстафиннің «Миллионерінде»(1949) Жақыптың әйелі Ырысжанды (қоюшы режиссері А.Тоқпанов), А.Н. Островскийдің «Правда – хорошо, а счастья лучше»(1950-1951) Зыбкинаның рөлі қазақ тілінде, Ш.Байжановтың «Данияр делегатта»(1951) Ұлтуғанды, Ә.Тәжібаевтың «Гүлденген даладасында»(1952) Тоқбикені, Ә.Әбішевтің «Әке үкімінде»(1954) Жазираны, «Күншілдікте»(1955-1956) Айжанды т.б. [3]

З.Құрманбаеваның өнер саласында қызмет атқарғандықтан үлкен қала, облыс, ауылды жерлерге барып бригадамен өнер көрсеткені жайында, яғни

іс-сапараларға қатысты деректерге сүйенсек, актриса 1932 жылдан бастап өнер майталмандары Ә.Әсімжанов, А.Абдуллина, С.Қожамқұлов, Ш.Айманов, Б. Римова т.б. бірге Шымкентке (1936), ал 1942-1943 жылдары А.Исмаилов, Ж.Жалмұхамедова, А.Хасенов, К.Қармысов, Ж.Оғызбаев (конферансье), Ш.Марденов, М.Шамова, А.Тапалова т.б. бірге 1 айға екі театрлы-концерттік бригадалар болып көктемгі астық өнімін жинауға көмек беру мақсатында колхоз-совхоздарға, Алматы облысы Кеген ауданына (1942), Фрунзеге (1950), Жамбылға (1956), Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының селолық аудандарындағы тың және тыңайған жерлерлерді игеруші еңбекшілерге (1956) сонымен қоса 1958 жылы Мәскеуге Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне гастрөлдік сапармен барған. [4]

Архив қорларының құжаттары арасынан З.Құрманбаеваның спектакльдердегі рөлдеріне қатысты қазақ, қырғыз, орыс тілдерінде жазылған бірнеше пікірлер табылды. Мысалы, М.Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобландыда» Қобландының анасы болып сомдаған рөлі туралы Наталья Сацтың айтуынша: «Запоминается и конструкция занавеса, неожиданно образующего в третьей картине подобие юрты, в который так выразительно звучат светлые фигуры отца и матери Кобланды с горящими свечами в руках (арт.З.Курманбаева и Ш.Марденов)» деген. [5]

М.Әуезовтың «Абайындағы» Зере рөліндегі З.Құрманбаеваға қатысты К.Эшмамбетовтың пікірі: «Аялдардан Абайдың чоң энеси Зере жана өз энеси Улган сахнада көбүрек көрүнет. Бул эки рольду аткарган – республиканын эмгек сиңирген артисткалары З.Курманбаева менен С.Майкановада энелик ички сезим күчтүү» деп баға берген. [6].

1952-1959 жылдары Қазақтың драма театры сахнасында өзбек жазушысы Абдулла Каххардың «Жібек Сюзанэ» атты пьесасы «Жаңа жер» деген атпен қойылды (режиссеры С.Естемесова, қазақшаға аударған Т.Сағымбаев). 1953 жылы А.Каххардың «Жібек Сюзанэ» атты  спектакліндегі Хамробиби (Хафизаның шешесі) ананың рөлі жөнінде Р.Райымқұлов З.Құрманбаева мен Сыздықованың жасаған образдарын салыстырып толық ашып жазған: «Осы бір драмалық көріністе басты рольдердегі артистердің ойындары да көзге түседі. Екі жастың бұл жердегі сүйсінерлік мінездерін жақсы елестете білген Жантөрин мен Букееваны айтпағанда екі ананың екі түрлі ойыны пікір айтуды керек етеді. Әлі де бойларында ескі салт-сананың қалдығы бар, көп нәрсені ескі аршынмен өлшейтін Хамробиби рөлін орындайтын республиканың еңбек сіңірген артисткасы З.Құрманбаева Холнисо рөлін орындайтын артистка Сыздықоваға қарағанда едәуір жақсы ойнайды. Құрманбаева ең алдымен, өзбектің Хамробиби сияқты қарт әйелдерінің мінез-құлқын жақсы түсіне білген. Әлі де дін шырмауына бір жағы оралып жатқан ана «тәңірісін»  аузынан тастамайды. Алланың әмірін күтеді. Өз сеніміне берік ана Холнисоны да, Диханбайды да айыптайды. Артистка Құрманбаева жолдас мұны шебер ойынымен театр көрушілерге жеткізе біледі» деп баяндаған. [7]

З.Құрманбаеваның өнермен қоса қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысқандығы жөнінде деректер бар. Мысалы, 1935 жылы «Еңбек озаты» болған, бір жылдан кейін театрдың 10 жылдық тойында Орталық Атқарушы Комитеттің грамотасымен марапатталған(1936), 1937 жылдың наурыздың 1-күні Мерекелік комиссия театрда өтетін Қазақ мемлекеттік драма театрының 10 жылдық мерекесіне қатысуға З.Құрманбаева арнайы  құрметпен шақырылған, бір аптадан кейін Қазақ мемлекеттік драма театрындағы  кәсіподақтың «Үш бұрыш» комиссиясы жақсы өндірістік жұмыстары үшін 15 күндік демалыс үйіне жолдама берген. Жергілікті атқарушы комитет алғыс хатпен марапаттаған(1938), Алматы қаласындағы еңбекшілер депутаттарының Сталин аудандық Кеңесіне депутат болып сайланған (1939 жылғы 1-ші шақыру бойынша) З.Құрманбаеваның депутаттық  қызметіне қатысты архивтік құжатта(жылы белгісіз): «Ол қазіргі таңда үлкен жауапты қызмет атқаруда, еңбекшілердің аудандық кеңесінің депутаты - ол берілген тапсырмаларды әділ әрі сапалы орындап, сайлаушылардың артқан үлкен үміттін ақтайды» деп баяндалған. [8]

Сонымен қатар 1944 жылы қоғамдық және өндірістік жұмыстарды өте жақсы атқарғаны үшін З.Құрманбаеваға өнеркәсіптік заттармен қоса сыйақы берген Қалалық комитет З.Құрманбаеваны Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі мәжіліс залында өтетін Алматы қаласы әдебиет және өнер қызметкерлеріне арналған жиналысқа арнайы шақырған (1946 жылы қыркүйектің 25 күні), Өнер қызметкерлеріне арналған «Клуб выходного дня» атты клубының мүшесі(1948). З.Құрманбаева ТЮЗ-де МХАТ-тың 50 жылдығына арналған конференцияға Біріккен драма театры атынан делегат ретінде қатысқан (1948 жылы қазанның 18 күні). [9]

Зағи Құрманбаеваның мемлекет тарапынан еңбегі бағаланып Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген әртісі атағымен (құрмет грамотасымен бірге) (12.11.1945), КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының  Жарлығымен қажырлы еңбегі үшін «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ерен еңбегі үшін» медалімен (26.11.1945), Қазақ КСР-ының Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы А.Қазақбаевтың Жарлығымен Қазақ КСР-ның 25 жылдығына арналған Социалистік құрылыста белсене қатысқаны үшін грамотамен(1945, қараша айы),  «Ерен еңбегі үшін» медалімен (01.04.1946) марапатталған [10]

Сонымен қатар З.Құрманбаеваға «Құрмет белгісі» ордені (1949) берілген.[11]

Міне осындай сый-құрметтердің Зағи Құрманбаеваға көзі тірі кезінде көрсетілгені жүрекке жылу ұялатады.

1959 жылы З. Құрманбаева құрметті демалысқа шығады, бұған дәлел 1958 жылы желтоқсанның 23-і күні жұмыста болғандығы туралы құжат бар және театрға кіріп шығуға рұқсат берілген куәлігінде 1958 жылғы  қарашаның 23-нен,  желтоқсанның 31-не дейін жарамды деп көрсетілген. [12]

З.Құрманбаева театрдағы спектакльмен қатар «Ботагөз»(1957), «Теңіз дауылында»(1958) деген киноларға түскен. 1960 жылдардың бас кезінде актриса экранда тағы көрінеді, көпшіліктің есінде қалған жарқын рөлі Қожаның әжесі. Зейнетке шыққаннан кейін де киноларға шақырылғандығын мына фильмдерден көруге болады: «Менің атым Қожа»(1963), «Алдар көсе»(1964).

Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген әртісі  Зағи Құрманбаева 72 жасында өмірден озды.

Бүкіл ғұмырын өнерге арнаған актрисаның болмысын архивтегі  құжаттар арқылы зерттеп жан-жақты ашуға тырыстық. «Қарт әйелдерінің мінез-құлқын жақсы түсіне білген» Зағый Құрманбаеваның өз көрермендері болды, ең бастысы көпшілік көрермендердің көзайымына айналып халық жадында қалды.

Актерлерлік рөлдер туралы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі      Хабиба Қарақбайқызы Елебекованың айтуынша: «Бірақ, актер біткен бас кейіпкерді, тіпті қаһарманды ойнау қиын емес. Автор да, режиссерде оған күш салады. Ал, екінші, үшінші пландағы кейіпкерді жарқырата шығару – қиынның қиыны. Ол актерден көп еңбекті, оқу-тоқу, ізденісті қажет етеді» деген. [13]

Қорыта келе, баспа беттерінде басты рөлдерде ойнаған актерлер мен актрисалар жөнінде көптеген мақалалар жазылып, естеліктер айтылады және  олардан сұхбаттар да алынады. Эпизодтық рөлдерді сомдаған әртістер туралы дерек аз, көбіне жазыла бермейді, негізінен әртістердің басым бөлігі алдымен эпизодтық рөлдерде ойнау арқылы өседі емес пе?..

Гүлназ Шамқызы,

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ Жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс жасау бөлімінің жоғары деңгейдегі архивисі

Пайдаланған деректер мен әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (әрі қарай-ҚР ОМА). 1148 қор, 1 тіз., 5 іс, 12-13 пп.; 1 тіз., 6 іс, 1 п.; 1663 қор, 1 тіз., 1 іс, 17п.;
2. ҚР ОМА, 1148 қ., 3 тіз., 7 іс, 355 п.; 1150 қор, 1 тіз., 156 іс, 12, 251пп.;
3. ҚР ОМА, 1148 қор, 2 тіз., 7 іс, 24 п., қ.; 36 іс, 30-31,75 пп.; 1148 қор, 3 тіз., 10 іс, 76, 145 пп.; 1150 қор, 1 тіз., 11 іс, 66, 205 пп.; 53 іс, 2 п.; 65 іс, 3 п., 84 іс, 10-11, 13-13 п.қ.; 71 іс, 1 п.; 99 іс, 7-8 пп.; 148 іс, 6, 16 пп.; 107 іс, 53, 102 п.; 117 іс, 129, 182 пп.; 121 іс, 9-11пп.; 129 іс, 140п.; 132 іс, 12-13 пп.; 156 іс, 12, 251 пп.; 31 іс, 63 п.; 39 іс, 250 п.;  47 іс, 286-287, 315-316 пп.; 1663 қор, 1тіз., 1 іс, 6-7 пп.; 7 іс, 1-34 пп.; 8 іс, 1-129 пп.; 9 іс, 1-104 пп.; 10 іс, 8 п.қ.; 10 іс, 6-8 п.қ.;
4. ҚР ОМА, 1148 қор, 1тіз., 5 іс, 10 п.қ.; 19 іс, 20-21 пп.; 1150 қор, 1 тіз., 11 іс, 116, 149 пп.; 13 іс, 117 п.; 20 іс., 103 п.; 79 іс, 109 п.; 156 іс, 36, 186 пп.; 202 іс, 17-18 пп.; 1663 қор, 1тіз., 1 іс, 13, 16 пп.; 5 іс, 1-13 пп.;
5. ҚР ОМА, 1663 қор, 1 тіз., 11іс, 2 п.;
Сац Н. Большая творческая удача. //Казахстанская правда//. 1946. 18-19 сәуір.
6. ҚР ОМА, 1663 қор, 1 тіз., 11 іс, 8 п.;
Эшмамбетов К. Абай. //Кызыл Кыргызстан//. 1950-№121. 20-шы маусым.
7. ҚР ОМА, 1150 қор, 1 тіз., 107 іс, 53 п.; 117 іс, 182 п.; 121 іс, 9-11пп.;
1663 қор, 1тіз., 9 іс. 1-104 пп.; 11 іс, 9 п;
Райымқұлов Р. Жібек сюзанэ. //Социалистік Қазақстан//. 1953. 22-ші мамыр.
8. ҚР ОМА, 1663 қор, 1 тіз., 1 іс, 1-23 пп.; 2 іс, 1 п.; 3 іс, 1-2 пп.; 6 іс, 1-2пп.;
9. ҚР ОМА, 1150 қ., 1 тіз., 25 іс, 174 п.; 1663 қор, 1тіз., 1 іс, 8-11, 15 пп.; 6 іс, 6 п.;
10. ҚР ОМА, 1663 қор, 1 тіз., 2 іс, 2 п.; 4 іс, 1-10 пп.;
11. ҚР ОМА, 1150 қор, 1тіз., 71 іс, 2-3 пп.;
12. ҚР ОМА, 1663 қор, 1тіз., 1 іс, 12-13 пп.
13. Ә.Бөпежанова. Таза өнер - таза жүректен.//Қазақ әдебиеті//.1996-№8. 20-шы ақпан. 10-11 пп.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583