Сейсенбі, 2 Маусым 2026
Жаңалықтар 82 0 пікір 2 Маусым, 2026 сағат 16:33

Алатау city жобасы – мемлекеттік маңызы зор міндет!

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Алатау қаласы – Қазақстанның жаңа дәуірдегі экономикалық серпілісінің басты символына айналып келе жатқан стратегиялық маңызы бар жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жасаған жұмыс сапары дәл осы шаһардың даму жоспарымен танысудан басталды.

Қазіргі таңда қаланың ауданы 88 мың гектарды құрап, болашақта 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын төрт арнаулы аумаққа бөлініп отыр. Қаланың магистралды инфрақұрылымын ілгерілету үшін арнайы жол картасы бекітіліп, негізгі даму аймақтары мен табыс көздері айқындалды. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүруі үшін басқарудың жаңа моделін қалыптастыратын Конституциялық заң қабылданды.

Қаланың дамуы бүгінде қарқынды жүріп жатыр, әсіресе Gate City тұрғын үй алабы жедел өркендеу үстінде. Мұнда жайлы мектептер салынып, «Маревен Фуд», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты сынды жүйе құрайтын ірі кәсіпорындар табысты жұмыс істеп жатыр. Инвестициялық әлеуеттің ауқымы өте жоғары: бүгінгі таңда жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Олардың қатарында PepsiCo компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі картоп өңдеу зауыты, Mars Petcare компаниясының үй жануарларына арналған азық шығаратын аймақтағы алғашқы бірегей зауыты бар. Сондай-ақ, KHAN TENGRI BIOPHARMA дәрі-дәрмек пен медициналық қондырғылар өндірісін жолға қойса, «Исткомтранс» пен G-Trans компаниялары қуатты логистикалық кластер құруда. Мемлекет басшысына таныстырылған Iconic Complex жобасы да қаланың болашақтағы сәулеттік бет-бейнесін айқындайтын көпфункционалды озық нысандардың бірі ретінде Gate District ауданында бой көтермек.

Мемлекет басшысы «Бүгін біз Алатау қаласын дамыту бойынша өзекті мәселелерді талқылаймыз. Баршаңызға мәлім, мен осыдан екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдадым. Бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор. Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық» деп атап өтті. Сонымен қатар Президент «Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болады» деп баса айтты. Ол салық жеңілдіктері мен кәсіпкерлер құқығының қорғалуы бизнес үшін оңтайлы жағдай жасайтынын ескерте келіп, «Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді» деп мәлімдеді.

Әлемдік тәжірибеде де осындай ерекше статусқа ие қалалар бар. Мысалы, Сингапур либералды салықтық жүйесімен, Шэньчжэнь арнаулы экономикалық аймақ ретіндегі технологиялық өрлеуімен, ал Дубай еркін экономикалық аймақтарымен әлемдік бизнес орталықтарына айналған.Осылайша, Алатау қаласы өзінің бірегей құқықтық мәртебесі мен инвестициялық тартымдылығы арқылы еліміздің экономикалық қуатын нығайтудың жаңа тірегіне айналуда.

Аяна Қазтай

Abai.kz

0 пікір