Жексенбі, 24 Қараша 2024
Арылу 2379 6 пікір 8 Желтоқсан, 2023 сағат 15:29

«Төл жазу» атты рәміз болуы керек!

Кезінде «бітік» жазуы (руна алфавиті) туралы бірнеше мақала жаздым, қоғам оны түсіне алмады..., талқыламады...  Оның да себебі бар шығар,  өйткені, елімізді басқарған отыз жылдық авторитаризм «өзіне өзі сүйсінген» кеселіне шалдығып,  қазақ халқының тамыры терең тарихын қажет етпеді.

Қазір еліміздің жазуы латын әрпіне көшетіні анық болды.  Сөйтіп, айналдырған жүз жыл шамасында халық үш рет жазу графикасын «араб әрпі»,  «кириллица», «латын әрпі» деп ауыстырып отыр. Болашақта "тіл тарихы" туралы айтқанда осы үш әліпби аталатын болады. Ол тарихта  түркілерге, соның ішінде қазаққа тән көне әліпби – «бітік жазуға» орын болмай, ол ұрпақ жадынан жойыла беретін болады. Өмір диалектикасы сондай...

Бірақ өз тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақ Еліне мың жылдар бойы толғатып, іштен туған, ғасырлар бойы сақтаған осы рухани құндылығын ұмытуға, оны тарих күресініне лақтырып тастап кетуге болмайды. Неге десеңіз, өмір бүгінмен аяқталмайды. Ендеше болашақ ұрпақ мемлекетін аяққа нық тұрғызған кезде «Біз кімбіз?», «Біз қандай қалыптан шықтық?» деп сұрай бастайтыны, төл тарихын түгендей бастайтыны анық. Сол кезде олар «ұлттық жазу» мәселесіне қайта оралады. Себебі, біздің халықтың жазуының пайда болған заманында әлемдегі санаулы халықтарда ғана жазу болғанын олар зерттеп біледі. Білген соң, келешек ұрпақ «Қазақ Елі тәуелсіздік алған кездегі аталарымыз не  себептен өздерінің осы Ұлы мәдени ескерткішінен құтылғысы келді екен?», «Не себептен оны халқының жадынан  шығарып тастағысы келді екен?» деген сұрақтарды қоятыны сөзсіз. Олай болса, ол ұрпаққа біз қандай үндеу тастаймыз? Біз: «Кешіріңдер, біз сол кезде біреуге табынамыз деп қазақтың рухани еркіндігін, ұлттық болмысын, өр мінезін паш ететін жазуымыздан бас тартып едік» деп пе? Әрине, біз ондай масқараға бара алмаймыз, ондайды ұрпақ кешірмейді...  Ендеше, бүкіл әлем «руна» деп атаған төл жазуымызды ұмыттырмаудың жолдарын қазір қарастыруымыз керек. Ұрпақ оны есте ұстаса – олар болашақта жазуды қайта тірілтер, бәлкім?..

Қазір оның бір ғана жолы бар, ол мынау:

Бізде қазір үш мемлекеттік Рәміз бар. Олар: Елтаңба, Ту, Әнұран. Ол рәміздер туралы арнайы заң қабылданған. Міне, осы Рәміздер қатарына "Ұлттық жазу" деген атпен төртінші Рәмізді қосу қажет. Ол, әрине, тек "руналық жазу" болады – біздің тарихымызда  одан өзге жазу жоқ.

Бүгінде біздің мемлекет "унитарлы мемлекет" болғандықтан, мемлекет құрушы халықтың төл жазуы оның Рәміздері қатарында тұруы тиіс әрі заңды. Өйткені, ол біздің халықтың көне тарихын айшықтап тұратын болады.

Одан өзге, мысалы, қандай да бір қажеттіктен болашақ ұрпақ Рәміздерді өзгерту туралы шешім қабылдаса, онда бүгінгі біздегі үш рәмізді де өзгертуге болады. Тек «Ұлттық жазу» ғана мәңгілікке өзгермейді. Сөйтіп, ол рәміз  ретінде біздің тарихы терең, өз дәуірінде озық мәдениетке қол жеткізген халық болғанымыздың символы ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете береді...  Сонда ғана келешек ұрпақ төл жазуын реанимациялай алады. Ел боламыз десек осыны ескерейік!..

Оны жүзеге асырудың реті қандай? Ол үшін, алдымен, Парламент арқылы төл жазуды Рәміз қатарына ендіру керек. Сөйтіп, оның статусын мемлекеттік рәміз деңгейінде заңды түрде шегелеп алу қажет. Сонда ғана ол ұмытылмай, ұрпақтан ұрпаққа өтеді.

Бір патриоттар «қазірден бастап жазуды қабылдап алайық» деп жатыр. Ол мүмкін бе? «Иә» деуге менде күмән бар. Себебі, шындық басқа боп тұр. Біздің ұрпақ оны жазу ретінде қабылдауға қауқарсыз. Біздің сана дінмен және өзге идеологиялық нашандармен уланып,  аракідік ата  салтымыз бен баба дәстүрлерімізге қарсы шығып отырады. Осы жағдайда «арабқа дейін де жазба мәдениетіміз болған елміз» деу бос сөз ретінде қабылдана ма деп қауіптенем. Қоғам оны сіңірмеуі, қорытпауы мүмкін. Ендеше, ондай жағдайда бітік жазу да ұлттық құндылыққа айнала алмайды...

Бірақ, «үмітсіз – щайтан» демекші, болашақта қазақ халқы да жапондар секілді дамыған ұлттық ел болады деп үміттенеміз. Міне, сол кезде ғана бұл тақырыпқа ұрпақ қайта оралуы мүмкін. Оған дейін оны  сақтаудың, ұмыттырмаудың жалғыз жолы – «Ұлттық жазу» атты жаңа Рәміз қабылдау. Бүгін оның уақыты келіп жетті. «Жетті» дегенім «қазіргі мәжіліс бұрынғы мәжіліс емес» деген ойдан туып, көңілге сенім ұялатады...

Әбдірашит Бәкірұлы,

Философ‑публицист

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602