Сенбі, 23 Қараша 2024
Жыл қорытындысы 2663 6 пікір 22 Желтоқсан, 2023 сағат 13:14

Жылдың елеулі оқиғалары (бірінші топтама)

2023 жылдың күнтізбесі аяқталып келеді. Енді аз күннен соң 2024 жылдың жаңа парағы ашылады. Abai.kz ақпараттық порталы жылдағы дәстүрмен, жылдың басты оқиғаларына шолу жасай бастадық.

Биыл елді елең еткізген, халық қызу талқы жасаған, елді қуандырған, мұңайтқан қандай маңызды оқиғалар орын алды? Кімдермен қоштастық, кімдермен достастық? Әттеген-ай деген тұстарымыз қайсы? Жыл қорытындысының алғашқы топтамасын оқырман талқысына ұсынамыз...


Биылғы жылдың елеулі оқиғалары қатарына:

МӘЖІЛІС САЙЛАУЫ

2023 жылдың 19 наурызында Қазақстанда өткен кезектен тыс Мәжіліс депутаттарының сайлауын жатқызамыз. Неге десеңіз, 2022 жылғы референдумда Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес Мәжіліс депутаттарын 70%‑ы партиялық тізім бойынша, 30%‑ы бір мандатты округтерден сайлау туралы шешім қабылданған болатын. Бұл шешмді Қазақстан халқы шынайы демократияға бет бұру деп қабылдап, осы сайлаудан көп үміт күтті.

Мұнда «ескі Қазақстан» мен «жаңа Қазақстан» арасында қатты тартыс болды. «Ескі Қазақстанның» өз позициясын әлі де мығым ұстап отырғанын көрдік. Қатты өкініш болды, ашу да, шарасыздық та орын алды... «Ендеше мұның несі жаңалық?» деуге болатын шығар. Бірақ осы сайлаудың нәтижесінде отыз жылдан астам авторитарлы билікпен үзбей жағаласып, халық үшін, ұлттық мүдде үшін күрескен бірнеше танымал азаматтардың «Мәжіліс депутаты» атануы Қазақстанның жаңа тарихындағы «елеулі оқиға» екенін,  сөйтіп, қаншама жылдар «летаргиялық ұйқыға» кеткен Мәжілісте «тіршілік нышаны» пайда болғанын мойындауымыз керек...

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ҺӘМ «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» ҰҒЫМЫ

Биылғы жылдың тағы бір елеулі оқиғалары қатарына 1‑ші қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында аталған «Әділетті Қазақстан» ұғымының өмірге келуін жатқызар едік. Осының алдында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жаңа Қазақстан» «мемлекетті басқару принципі» ретінде қызмет етуге жарамсыз, оны «Әділетті Қазақстан» деп өзгерту арқылы ғана атқарушы биліктің алдына нақты талаптар қоюға болады деп сыни мақала жарияланған. Сондықтан біз Жолдауда айтылған «Әділетті Қазақстанды» жылы қабылдадық. Әрине, азамат ретінде «осыдан кейін Қазақстан билігі түгелімен әділеттеніп кетеді» деген жалаң ойдан аулақпыз.

Бірақ, біз үшін оның елеулі маңызы басқада: Тәуелсіздіктен кейін  (мүмкін, «азаттыққа жеткеннен кейін» деген дұрыс па?) алғаш рет биліктің шыңынан айтылған «әділеттілік» сөзі бұйығып жатқан бұқаралық санада тербеліс туғызды. Осы сөзбен қанаттанған қара халық жер‑жерде биліктен «әділеттілікті» талап етуді күшейтті. Ол жергілікті биліктегі бұрынғы ырықсыз кеткен коррупцияға, «өзім білем» деген өр көкіректікке, ымыраласқан сыбайластыққа және басқа ұлттық мүддеге қарсы әрекеттерге шектеу қоя бастады, биліктің «нарцистік келбетін» өзгерте бастады... Сол арқылы Қазақстан халқы өзінің төл қасиеті – «әділеттілікті» мемлекет құрудың сара жолына (принципіне) айналдыру әрекетін бастауға мүмкіндік алды... Қазіргі «Ескі Қазақстанның» жанталасқан әрекетіне қарамастан, халық енді осы жолдан қайтпайтынына сенімдіміз. Ерте ме, кеш пе – халық дегеніне жетеді!

ТЕМІРТАУДАҒЫ АПАТ. МИТТАЛДЫҢ ЕЛДЕН КЕТІРІЛУІ

Үшінші елеулі оқиға қатарына Қазақстан экономикасынан бұрынғы билігіміз қолдан жасаған, «қарғайын десем жалғызымсың, қарғамайын десем жалмауызымсың» дейтіндей алпауыт Лакшми Митталдың «кетірілуін» айтар едік. Иә, ол өзі кеткен жоқ, ол – кетірілді! Ең өкініштісі, ол жәй кетпей, комбинатты басқарған жылдары 200-ден астам азаматтарымыздың өмірін жалмап кеткені болып отыр: екі жүз үзілген тағдыр, қаншама адамның қайғысы, орындалмаған армандар, өмірге келмей қалған сәбилер... Бұл орны толмас қайғы ‑ «Екі көзден мөлтілдеп жас келеді, елім‑ай»...

Сонда дағы, мұны «елеулі оқиға» деп атауымыздың тағы бір елеулі себебі бар, ол – осы «миттал кет!» оқиғасы өзге алпауыттарын Қазақстан жерінен «не кетері, не қалары» туралы қатты ойға жетелейтіні дер едім. Олар осыдан кейін «Қазақстан байлығын емін‑еркін сора беруге болады» деген жымысқылықтан арылатын шығар деген ойдамыз. Арыла алмаса – өз обалдары өздеріне!

ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАУҒА ҚАРАЖАТ БӨЛІНЕ БАСТАДЫ

Төртінші елеулі оқиға деп жуырда ғана президенттің өзі бастамашы болып, «Халықаралық Қазақ тілі қоғамына» эндаумент қорына деп жеті миллион тенге қаржы аударуын айтуға болады. Одан кейін қоғамға әртүрлі бизнес өкілдері елу‑жүз миллиондап ақша аудара бастады. Енді, осы қордан түсетін инвестициялық қаржы қазақ тілінің дамуына жұмсалатын болады.  Мұның елеулі болатынының тағы бір себебі мынада: бұрын қазақ тілін дамыту үшін қоғам атына миллиардаған ақша бөлінетін. Бірақ қоғам оның еш пайдасын көре алмайтын. Өйткені, ақша қолды болып, ешкім ол үшін жауапқа тартылмайтын. Ал, қазіргі эндаументтік жүйе бойынша Қоғам қорына ай сайын белгілі бір пайыздық қаражат түседі. Бұл Қазақ тілі қоғамына тұрақты жұмыс жасауға мүмкіндік береді, әрі түскен қаржының мақсатты жұмсалуын күшейтеді. Ол туралы жанайқайымызды біз де кезінде Abai.kz сайты арқылы билікке жеткізген болатынбыз... Сол үшін де бұл мәселені ерекше атап отырмыз десек болады...

СЫНҒА ҰШЫРАҒАН ӘКІМДЕР САЙЛАУЫ

Бесінші елеулі оқиға – 7‑қарашада Қазақстанда алғаш рет өткен 42 аудан және 3 облыстық деңгейдегі әкімдерді сайлауды айтуға болады. Иә, сайлауға көбіне‑көп бұрынғы әкімдер қатысып, олар «көп қиналмай‑ақ» жеңіске жеткенін жоққа шығармаймыз. Сондықтан бұл сайлау сынға ұшырады. Дегенмен, осы сайлауда үміткерлер алғаш рет маңдайлары терлеп, өздері жауапты өңірді дамыту туралы жоспарлар жасауға, бағдарламаларын халыққа көрсетуге мәжбүр болды. Енді, осы бағдарламларға қарай отырып халық нақты талаптар қоя алады. Сөйтіп, халық алғаш рет өзін «басқару объектісі» деп емес, мемлекет ісіне араласушы «субъект» ретінде сезінуге үйрене бастады. Бұл демократиялық үрдістің бастамасы және әліппесі болып табылады. Сол үшін де бұл сайлау елеулі.

Биылғы жылдың елеулі оқиғалары қатарына:

  • Атыраулық философ‑жазушы Бекет Қарашин «Жылдың үздік жазушысы» атанды. Оның «ҚР Еңбегі сіңген қайраткері» атағын алуын жатқызамыз. Себебі, бізде бұрын өмір бойы әділетсіздікпен күресіп келген жазушыны құрметтеу дәстүрі жоқ болған. Енді – бар;
  • Қонаев қаласының Құрметті азаматы Ізтілеу Тойшыбаевтың Астана қаласында «ҚР Жыл адамы» номинациясына ие болды. Ел жаны сұлу адамын жақсы көреді. Биліктің те осыған бет бұрғаны – жақсы ырым;
  • «Түркі әлемі Ұстасы» атағының иегері, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, «Ағайынды үш темірші ұсталар» атымен Қазақстанға және әлемге танымал болған бауырлардың ортаншысы Мақмұт Құлментегі ұстаның осы айда ҚР «Құрмет» Орденімен марпатталуы. Бұрын көп жағдайда ұсталардың еңбегін әрүрлі көрмелер не әкімдер пайдаланып келді. Көрме өткен соң, ұсталар әдеттгідей елеусіз қала беретін... Биыл Мақмұт ұста Астана қаласында өз туындыларын Франция президенті Эмануел Макронға көрсетті. Француздар оны қызыға тамашалады. Сондықтан бұл шеберге лайықты марапат. Құттықтаймыз!

Жалғасы бар...

Оқиғалар тізбегін құрған Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373