Жексенбі, 6 Қазан 2024
Аласапыран 3204 27 пікір 27 Желтоқсан, 2023 сағат 14:53

Украина-Ресей: Келер жылғы соғысты шешуші 5 фактор

Украина мен Ресейдің соғысына келер жылы ақпанда екі жыл толады. Соғыстың келер жылы да жалғасатын түрі бар. BBC-дің журналистері соғыста шешуші рөл ойнайтын бес негізгі факторды атады.

Бірінші – қаржылай көмек!

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргенде, Украина ойламаған жерден Орыс әскеріне берілмей, тойтарыс беріп, халықаралық қауымдастықтың алғысына бөленді. Одақтас елдердің әскери көмек беруіне түрткі болды. «2024 жылы жағдайдың өзгеретін түрі бар, олай деуімізге себеп екі негізгі қаржы көзі екі ұдай болып отыр», - деп жазады ағылшын журналистері.

Америкада Украинаға қаржылай көмек АҚШ Конгрессінің мақұлдауын күтіп жатыр. Олар жаңа жылға дейін шешім шығарайын деп отырған жоқ.

Еуроодақтың Украинаға бағыттаған 50 миллиард еуро көмегі Венгрияның қарсылығынан кейін өтпей қалды. Венгерия Еуропадағы бірден-бір Ресейшіл ел болып қалды. Украинаға қаржылай, әскери көмек беруге о бастан қарсы болып келеді.

Екінші – қару-жарақ!

Сыртқы көмектің созбалаңға салынуы Украина тараптың оқ-дәрі тапшылығын тудыруда. Еуроодақ қараша айындағы мәлімдемесінде, Украинаға наурыздан бұрын 1 миллион дана снаряд жеткізу жоспарының орындалмай қалатынын айтқан еді. Украинаның жаздағы қайтарма шабуылының кешеуілдеуіне де осы оқ-дәрі тапшылығы себеп болған екен. Бұл жағдай Зеленскийді әбігерге салса, Путинге сенімді сөйлеуге себеп болып отыр. Ол жылдық баспасөз жиынында Ресейдің әскери өндірісінің жанданып келе жатқанын, ал «дайын асқа тік қасық болған» Украинаның жағдайының қиын екенін тілге тиек етті. 2024 жылы Украинаның әскери бюджеті 43 миллиард 2 миллион долларды құраса, ал Ресейдікі 112 миллиард доллар болып, рекорд орнатқан.

Үшінші – әскер саны!

Соғыс басталғалы бері 6 миллион Украина азаматы елден кеткен. Әскерге алу мен оларды соғысқа дайындау Киев үшін әлі де өзекті мәселе болып отыр. 18 бен 60 жас аралығындағы ел тұрғындардың шетелге шығуына заң жүзінде тыйым салынды. Шетелдердегі украин азаматтарын соғысқа тартуда жоспарға алынып отыр.

Ал Ресейде де соғыстан бері миллионнан астам тепсе темір үзетін ер азаматтар шетелдерге бас сауғалаған. Кремль амалсыздан түрмедегі қылмыскерлермен елде заңсыз жүргендерді соғысқа тартуға мәжбүр болған.

Екі тараптың соғыстағы адам шығыны туралы нақты мәлімет жоқ. Америка барлау органдарының мәліметінше, Ресейдің соғыста өлген, жараланған әскерлерінің саны 315 мың адамға жеткен.

Төртінші – «Украина шаршады».

Украинаға жақтас елдердің қолпаштауы мен нақты қолдауы барған сайын азайып келеді. Нидерланды мен Словениядағы сайлау Украинаға көмекті тоқтатуға әсер етті. Соловения қаржылай көмекті тоқтатса, Нидерланды уәде етілген F-16 әскери ұшағын бермеуі мүмкін.

Америкадағы 2024 жылғы президент сайлауы да әсер етуі мүмкін. Еуропадағы 27 мемлекеттің сегізінің тұрғындары Украинаға көмек беруге қарсы болған. Ресей Орта Шығыс, Латын Америкасы, Африкадағы жақтастарын көбейтуде. Басқасын айтпағанда, осы жылы Лавров Африканың 14 еліне сапарлай барған. Ал Кулеба екі реткі Африка сапарында 9 мемлекетке ғана ат басын бұрған.

Бесінші – соғыстың нәтижесі.

«Бұл соғыс қалай аяқталады?» деген сұрақ саясаткерлермен сарапшылардың талқы тақырыбына айналғалы қашан.

Украина тарабы: «Орыс әскері басып алған жерлерімізді қайтарып алмайынша тынбаймыз», - десе, Кремль тарабы: «Батыс қанша көмектесседе, соңына дейін соғысамыз, ықпаймыз», - деп отыр.

Бұл соғыс 2024 жылы да бітпеуі мүмкін. Украина жұрты өліммен, қиындықпен бетпе-бет келсе, орыстар экономикалық күйзелісте өмір сүруі мүмкін.

Газада соғыстың тұтануы, қақтығыстарға ұласуы бұл соғысты ел назарынан көмескілеп барады.

Abai.kz

27 пікір