Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 1455 7 пікір 3 Қаңтар, 2024 сағат 14:20

Ұлу жылы құтты болсын!

Міне, григориан күнтізбесі бойынша жаңа жыл да босағадан аттады. Көк жәшікке қарап отырсам, біздің журналистеріміз де, әртүрлі хабарлардың тізгінін ұстаған тізгіншілеріміз де қазақта жоқ сөздерді айтудан жалықпайды. Мәселен олар орыстың Снеговигін Аққала деп атайды. Аққала - қардан соғылған жел өтіндегі қорған. Снеговик дегеніміздің қазақша баламасы Қарбала. Снегурочканы Ақшақар дейді. Ақшақар дегеніміз орыс тілінде снежок. Оның қазақша аудармасы Қаршақыз. Ал Дед Мороз қазаққа қалай ата болады? Оның дұрыс есімі Аяз шал.

Біз болсақ, кешегі Совет империясының идеологиясынан, тіпті оған дейінгі ақ патшаның отарлаушылық идеологиясынан әлі арыла алмай келеміз. Ата заңымызда зайырлы мемлекет деп жазылғандықтан ешқандай діни артықшылықтарға жол берілмеуі керек десек те, осы уақытқа дейін тойлап келген жаңа жылымыз діні басқалардың кәдімгі Рождество мейрамы. Санта Клаус немес Дед Мороз дегеніміз, турасын айтсақ, мейірімді Аяз ата емес, қаҺарлы қыстың қатал бейнесі.Өздеріңіз ақылға салып көріңіздерші, жаңа жыл дегенде күнтізбедегі қаңтардың алғашқы күнінен басқа жаңа зат бар ма?! Қар да жаңа жаумаған, желтоқсаннан қалған. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай. қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» дегендей, қыстың да нақты белгіленген шекарасы жоқ. Наурызға келсек, барлығы жаңа. Ақ уыз, жас төл, көк шөп, жас арман, жаңа тілек. Өзімнің бір өлеңімде:

«Анасына баласы опа бермей,
Сәби өсті бір жөнді ата көрмей,
Аяз ата жүргенде тост көтеріп,
Қыдыр бабам кетті ме бата бермей» –  деп жазған болатынмын.

Аяз ата қазақ баласына ата болуға жарамайды. Ата болып та жарытпайды. Қазақта Қаңбақ шал деген  кейiпкер бар. Сондықтан Аязды  атымен атап, Аяз шал деген орынды.

Қазақ баласының атасы Қыдыр ата болуы керек. Мұрны қызарып, сөзі ұзарып жүретін Аяз ата туралы бір кезде мынандай шумақ жазғаным бар:

«Аяз ата түксиіп, қабақ түйген,
Ішпей қойды кеш бойы тамақты үйден.
Өйткені, ол бет қызарып, мұрын ісіп,
Алыпты тойғанынша арақ ішіп».

Тост дегеннен шығады, шампан ұрттамасақ, тілегіміз орындалмай қалатындай, стақан түйістірмессек, жолымыз болмайтындай, жаттан жұққан жаман әдет дәстүрге айналып кетті.

Қазақ сөздерінің төркініне зер салсақ, тост деген сөздің түбірі тосу.Ақ дәмімді алдыңа тостым дегенді білдіреді. Тіпті тостаған деген атаудың өзі осы сөзден шыққан. Кейін барып стақан деп өзгеріске ұшырап, өзге тілдерге енген. Келген қонақты қарсы алып, тостағанмен қымыз ұсыну ежелгі түрік елінен, көшпелілерден қалған дәстүр.

Қазақтың жаңа жылының артықшылығы өте көп. Басқалар ағаштың жанын қинап, жас өскінді кесіп, қиып, үйіне шырша орнатып жатса, ата-бабамыз Наурыз айында көшеттер отырғызған. Қыста су қатып жатса, бітеліп қалған бұлақ көздері жазда ашылған. Қысқы қалың киім сыпырылып, жаңа киім-кешек киілген.

Көне орыс жерінің өзінде  христиан дінін қабылдағанға дейін Жаңа жылды наурыз айының бірінен бастап тойлаған. Ағылшындар наурыздың жиырма бесін жаңа жылдың алғашқы күні деп есептеген.

Қазақ арасында Қыдыр мен Қызыр сөзі кейде бірін бірі алмастырып айтылады. Айырмашылығы бір-ақ әріп болғандықтан ба, кейде Қыдыр баба, кейде Қызыр баба, көбінесе Қызыр әулие деп жатады. Бірақ, Қыдырға әулие дегенді қосарламайды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген «Бабалар сөзі» көп томдығында берілген түсініктердің бірінде: «Қызыр – Алла мәңгілік өмір берген киелі тұлға, қазақ мифтерінде, фольклор мен діни аңыздарда кездесетін архаикалық бейне, оның есімі Ілияс пайғамбармен қоса айтылады» деген анықтама берілген.(27 том, 335 бет).

Наурыз туралы және оның басты қаҺармандарының бірі Қыдыр баба туралы түсінік қазақ даласында Ислам діні тарамай  тұрып та болғанына шәк келтіре алмаймыз. Сондықтан да:

«Қадір түні келеді Қыдыр десе,
Қыдыр, бірақ, көзіңе көрінбесе,
«Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөзді
Кезінде тауып айтқан ел ендеше» – дейміз.

Қызырдың жанында ғайып ерен қырық шілтендер еріп жүреді деген түсінік бар. Қырық шілтен – қырық көмекші, пайғамбардың серіктері. Ілияс пайғамбарды қазақтар Қызыр-Ілияс деп қосарлап атайды. Қазақтың ертегілері мен батырлар жырының бір кейіпкері де осы Қызыр-Ілияс. Кейінгі уақытта жарық көрген кейбір кітаптарда Қыдыр-Ілияс деген сөз де кездеседі, алайда, ол жаңсақтықтан кеткен жаңылу деп қабылдауымыз керек.

Қыдыр баба туралы ондай сөз айтылмайды. Қырықтың бірі Қыдыр дегені – оның басқа кейіпте адамды сынау мақсатында келуі мүмкін дегенді аңғартса керек. Қадір түні періштелер келеді. Қыдыр келеді дегені кейін қосылған жапсырма.

Ел аралап жүретін, ақ қиімді, ақ сақалды әулие Қызыр-Ілиясқа байланысты айтылса, Қыдыр баба бейнесі де оған ұқсас, бірақ, ол міндетті түрде ақ киім киеді, жасы ұлғайған жасамыс кісі немесе ақ сақалды қария деген ұғым қазақта жоқтың қасы.

Бұл екі кейіпкерді шатыстыру екеуінің де адамға ырыс-несібе әкелуші, дәулет беруші, қамқоршы болушы деген ұғымдарға сай келгенінен болса керек.

Қазақ баласына мейірімді ата болатын Қыдыр баба бейнесін сомдау – әдебиетшілердің де, суретшілердің де, киногерлердің де парызы. Қыдыр туралы мультфильмдер шығарылып, ойыншықтар жасалып, оның образы мектеп оқулықтарына енгізілуі керек деп есептеймін.

Қазақша жыл атауындағы әр мүшелде бір оралып келетін жыл аттарын әр халық өздерінше өзгертіп алғанға ұқсайды. Мәселен, күллі Еуропа сиыр жылын бұқа, тауық жылын қораз, доңыз жылын қабан деп атайды. Ұрғашы жануарларды еркекке айналдырғанда не ұтатынын білмеймін. Қазақтың ұғымында сиыр жылы құтты, сүтті болса, бұқа туралы олай айту қиын ғой. Қораздың да құр қоқиланғаны болмаса, жұмыртқа табатын тауық емес пе? Сондай-ақ қой жылын ешкі жылы дегенді де қазаққа түсіну қиын. Әрине, ешкінің де балдай сүті, тамаша түбіті бар. Бірақ, қой жәннаттың малы. Ұлу жылын қытайлар айдаҺар жылы деп санайды. Олардың ұғымында айдаһар қасиетті. Қоян жылын мысыққа, тышқан жылын егеуқұйрыққа айналдырып алған ұлттар да бар. Қоян  жылын үй қояны дейтіндер де кездеседі. Барыс жылы көп жерде жолбарыс жылы деп айтылады. Мешін жылын маймыл жылы деп атайтындар да бар. Тек ит пен жылқының және жыланның  атауы өзгеріске ұшырамаған. Қалай болған күнде де қазақтың жыл санауы  ата-баба дәстүрінен тамыр тартады.

Қадірлі ағайын!

Наурыз айында келетін Ұлу жылы құтты болсын!

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354