Үнемдесең - ұтасың
«Самұрық-Қазына» АҚ тобының еншілес компанияларын басқарудың жаңа мәнері өз жемісін беруде. Өткен жылы қабылданған Стратегияны қатаң ұстанған Қор басшылығы, табанды түрде басты мақсат белестерін бағындырып, қарамағындағы компаниялардың құнын арттыруда. Аталған бағыттағы алғашқы батыл қадамға келсек, шығындарды оңтайландырудың қатаң саясаты түзіліп, профильдік емес активтер ретінде бағаланған артық жүктен арылу жүргізілуде және де «ақ жағалы» қызметкерлерді қысқартып, синергия әсеріне қол жеткізуге және бизнесті басқаруға заманауи ІТ-шешімдерді енгізуге ұмтылыс жасалуда.
Үш жыл аясында Қордың еншілес компанияларында шығындарды 135 млрд теңгеге азайту жоспарлануда. Бұл дегеніңіз, компаниялардың барлық тобының жылдық табысының бестен бір бөлігін құрауда.
Кадрлық қауқар
«Самұрық-Қазына» АҚ тобының еншілес компанияларын басқарудың жаңа мәнері өз жемісін беруде. Өткен жылы қабылданған Стратегияны қатаң ұстанған Қор басшылығы, табанды түрде басты мақсат белестерін бағындырып, қарамағындағы компаниялардың құнын арттыруда. Аталған бағыттағы алғашқы батыл қадамға келсек, шығындарды оңтайландырудың қатаң саясаты түзіліп, профильдік емес активтер ретінде бағаланған артық жүктен арылу жүргізілуде және де «ақ жағалы» қызметкерлерді қысқартып, синергия әсеріне қол жеткізуге және бизнесті басқаруға заманауи ІТ-шешімдерді енгізуге ұмтылыс жасалуда.
Үш жыл аясында Қордың еншілес компанияларында шығындарды 135 млрд теңгеге азайту жоспарлануда. Бұл дегеніңіз, компаниялардың барлық тобының жылдық табысының бестен бір бөлігін құрауда.
Кадрлық қауқар
«Самұрық-Қазына» шығындарды қысқарту саласындағы іс-қимылдарын бірінші кезекте әкімшілік-басқарушылық персонал санын оңтайландырудан бастады. Елбасы айтқан «жатыпішерлер мен арамтамақтарды» қармаққа ілу науқаны екі жылға екшелген кең ауқымды қысқартуға ұласты. 2012 жылы қысқартылғандардың санатына Қор компанияларының бас кеңселерінде істеген 2210 адам ілікті. Бұл көрсеткіште 588 адам «Қазмұнайгазға», 400 қызметкер «Қазақстан темір жолына», ал 701 адам холдингтің өзге «балалары» мен «немерелеріне» тиесілі. Тиісті санатқа халық арасында «ақ жағалылар» аталатын әкімшілік-басқарушылық персонал кіргізілгені, өндіріске қармақ салынбағаны атап өтерлік жайт.
Мысалға келтірсек, осы қысқартуға байланысты әкімшілік шығындар бойынша қаражаттың үнемделуі, былтыр 9,9 млрд теңгеге жуықтады. Бұл сома ғимаратты жалдау, еңбекақы төлеу, іссапарға жіберу, коммуналдық төлемдер, оқу, зейнетақы жарнасы, салық алымдары және өзге де төлемдерден тұрады.
«Самұрық-Қазына» АҚ мұнымен тоқтамай, әрі қарай да шығындарды қысқарту бағдарламасы шеңберінде ілгері жылжуды жөн көрді. 2013 жылға көзделген меже – тағы 2356 әкімшілік қызметкерді қысқарту. «Қазақтелеком» АҚ басшысы Қуанышбек Есекеевтің пікірінше, оңтайландыруға мәжбүрлі шара ретінде қарамай, бизнесті дамытудың мүмкіндігі деп бағалаған абзал. «Штатты ықшамдау мәселесі – бизнесті жаңғыртудың әдісі. Бүгінгі таңда бізде әкімшілік-басқарушылық персоналды оңтайландыру үш пайыз деңгейінде жүзеге асырылды. Бір анығы, адамдар жұмыссыз қалмайды. Телекоммуникация нарығындағы қызметтер бәсекеге қабілетті болғандықтан, әр маманның орны ерекше», - дейді ол.
АРТЫҚ САЛМАҚ
Астар іздеудің қажеті жоқ, тек бизнес. Шығындарды азайтудың келесі кезеңін осылай атауға болады. «Самұрық-Қазына» АҚ 560 профильдік емес активтер мен нысандарды нарықта саудаға салады немесе орталық және жергілікті мемлекеттік мекемелерге береді.
Ең алдымен, профильдік емес актив не дегенді және оның Қор қарамағында қалай пайда болғанын таразылаған дұрыс.
Қысқа да нұсқа түсіндірсек, профильдік емес актив – бұл негізгі қызметтен тыс шаруа түрлері. Бүгінде Қор ауқымында профильдік емес нысан ретінде бірқатар қонақ үйлер, шипажайлар, мектептер, балабақшалар, спорттық мекемелер және өзге де әлеуметтік-коммуналдық нысандар тіркелген. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ тобындағы көптеген компанияларға тән, тарихи жайттар бойынша қалыптасқан, жүйе құраушы кәсіпорындардың әлеуметтік жүктемесі.
Профильдік емес активтер мен нысандарды қайта құрылымдаудағы бастама, бағзы заманнан келе жатқан және сан қырлы түйткілді тарқатуға септігін тигізді. «Қонақ үйлер, шипажайлар сияқты дүниелерді алсақ. Міне, осылардың барлығынан, кезінде сатып алынған немесе салынған пәтерлерден, спорттық нысандардан, шипажайлардан құтылудамыз. 2015 жылдың соңына қарай біздің компаниялардың құрамында профильдік емес активтер мен нысандар болмайды деп болжаудамыз», - деп ойын жеткізді Қордың басқарушы директоры Нұрлан Рахметов. Қазіргі кезде, нақты байыптасақ, 400 актив пен нысан нақты иеліктен шығарылып, 2013-2015 жылдары тағы 150-ін иеліктен шығару межеленуде.
Бұл тұста «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қайда?» деген сауалдың туындайтыны анық. Жауабы да айқын. Қордың Даму стратегиясында бизнес пен атқарушы органның функциясы нақты ажыратылған. Алғашқылары тек табыс тауып, бюджетке аударуы тиіс. Ал ол жерден келесі тарап әлеуметтік қажеттіліктерді белгілейді.
ТОННЫҢ ІШКІ БАУЫНДАЙ
Жоспардың келесі құрамдас бөлігі, ол топтың ішіндегі кооперация. Қор басқармасының кезекті кеңейтілген отырысы барысында холдингтің басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев айтқандай, жаңғыртудың негізі – ішкі компаниялар тобында компаниялардың тауарлар мен жұмыстарды, қызмет көрсетулерді сатып алу көлемін көбейту.
Оның сөзіне қарағанда, ішкі топтық кооперацияны енгізуден түсетін жылдық экономикалық тиімділік, тек мұнай өнімдерін сатып алу бойынша ғана, 6 млрд теңгеге бағалануда.
Мысалдар бойынша тарқатсақ. Бүгінде холдингтің көптеген компаниялары мұнай өнімдерін, «Қазмұнайгаз» АҚ тобын айналып өтіп, делдалдар арқылы сатып алады. Алыпсатар «ҚМГ» жақтан қоржынын толтырып, оған өзінің пайдасын қосады да, Қор компанияларына қайта сатады. «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығының бастамасы бойынша, келесі жылдан бастап, мұнай өнімдерін жеткізуге деген Қор компанияларымен шарттар тек ұлттық операторлармен жасалады. Осы орайда, мұндай жұмыстар мен қызмет көрсетулерді талдауда тек мұнай өнімдерімен шектелмей, почта қызметтеріне, байланысқа, әуе тасымалына және тағы басқа салаларға көз жүгірту жоспарлануда. Ө.Шөкеев атап өткендей, бұл жерде нарық жағдайы негізгі ұстаным ретінде қалады, яғни егер компанияның топ ішінде ұсынылған бағадан арзан сатып алатын мүмкіндігі болса, таңдау өз еркінде. Алайда, сырттан жоғары бағамен алған деректер жолықса, қолданылатын шара мен жаза қатаң.
ІТ-ӨСІМ
Қос мақсаттағы қос жоба. Біріншісі әрі дүйім жұртқа белгілісі – Қор компаниялар тобының электрондық сатып алуының tender.sk.kz жобасы. Сауданың автоматтандырылған жүйесі ағымдағы жылдың 9 айында сатып алуларда 8 млрд теңгеге жуық қаржыны үнемдеуге септігін тигізді. Екіншісі – шетелдік менеджментті жұмылдыру. Бұл нақты жобалар аясында ақшаны үнемдеп, көбейтуге көмектесетін кадрлар. ІТ-саладағы, телекоммуникация мен химия саласындағы, көлік бағытындағы, логистика мен электр энергиясындағы жұмыс үшін 22 шетелдік маман тартылды.
«Адамдарды босқа жұмысқа алмай, мәселелерді шешетіндей алу керек. Таяуда біз аталған жоба бойынша алғашқы азаматты, ІТ бойынша басқарушы директор Николас Малоунды жұмысқа қабылдадық. Оған 500 млн доллар мөлшерінде үнемдеуге жол ашатын ІТ-стратегия жасап шығу жүктелді. Стратегия барлық бизнес-үдерісті автоматтандыруға және ІТ-өнімдер мен қызметтер саласында біртұтас жұмыс стандарттарын енгізуге арналған», - дейді Өмірзақ Шөкеев.
Осылай, 2015 жылға дейінгі үш жылдық бағдарлама «Самұрық-Қазына» АҚ шығындарын 134,8 млрд теңгеге қысқартпақ. Бұл жерде 2013 жылы 49,9 млрд теңге, 2014 жылы 35,2 млрд теңге, ал 2015 жылы 49,7 млрд теңге үнемдеу көзделуде. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартысының есебінше, шығындар 21,4 млрд теңгеге қысқартылған.
Қор бұл жұмысты халықаралық корпоративтік басқару стандарттары аясында жүргізуге ниетті. Келесі жылдан бастап, еншілес компаниялардың директорлар кеңесінің назарына, акционерлердің салмақты көрсеткіштерден тұратын жаңа нұсқаулары ұсынылмақ. Атқарылған жұмыстың сапасы мен мерзімін бақылау үшін, КРІ менеджментке орындау бойынша талаптар енгізілмек. «Қордың басты көздеген мақсаты – компаниялар тобының ұзақ мерзімді құнын көтеру. Осыған байланысты, біз, мемлекет мүддесі аясында әр жұмсалған теңгені ұтымды пайдаланудың барлық мүмкіндігін қарастыратын боламыз», - деп түйіндеді Өмірзақ Шөкеев (суретте).
Дереккөз: «Время» газеті.