Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 2301 6 пікір 4 Қаңтар, 2024 сағат 13:57

Қостанайдағы ақпарат қауіпсіздігінің сыйқы осы...

Сурет: әлеуметтік желіден алынды

Жалпы Ресейге тым жақын, терістік жақта тұрғандықтан әрі халқының көпшілігін орыс ұлты құрайтын болғандықтан ба, Қостанай өңірінің өзіндік ерекшеліктері бар.

Алдымен мұнда мына жан-жағына зәр шаша қарайтын, осы өлкені «өздерінікі санайтын» көршімізге деген пейіл ерекше. Оның үстіне мұндағы бюджеттен молынан қаржыландырылатын орыс тілді басылымдардың нені бықсытып жатқандығы ешкімді де алаңдатапайды. Бейне бір мұндай басылымдар өз алдына, ал жергілікті билік өз алдына өмір сүріп жатқандай әсер қалдырады. Қазақи тілмен айтқанда «сен тимесең, мен тимен, бадыраң көз» дегеннің кері. Мұндай саясаттың ақыры жақсылықа әкелмейтінін түсіндіріп жатудың өзі артық. Бұған енді мұндағы өзге ұлт түгілі, орыстанып кеткен өз ұлтымыздың басым бөлігінің Ресей теледидарынан рухани нәр алып отырғандығын қосыңыз. Кейбір қазақтарымен сөйлесіп көрсеңіз, еліміздегі тіршіліктерден мақұрым да, ал Ресейдегі «жаңалықтарды» айтқанда аузы-аузына жұқпайды. Бұдан соң бұл өңірде сепаратистік пиғылдың сәл бірдеңе болса, лап ете қаларына таңдануға да болмас.

Ал біздегі аузы дуалы деген зиялы қауым баяғы сол «тек жүрсең тоқ жүресің, домаланып, көп жүресің» дегенді мықты ұстаным еткен. Олардың ойлағандары не билікті мақтап, не кітаптарын шығарып алу немесе орден, медаль секілді марапатқа ие болып қалу. Кейбіреулерінің «Облыстың құрметті азаматы», тым болмаса «Қаланың құрметті азаматы» атағын алудан үлкен дәмесі бар. Мұндайда еліміздің болашағын ойлауға уақыттары қайда?

Ал еліміздің болашағы түптеп келгенде, сол елдің ішкі және сыртқы саясаты, яғни, идеологиялық жұмыстың қаншалықты пәрменді жүргізіліп жатқандығына тікелей байланысты. Бұл орайда бізде бірдеңе тындырылып жатыр деуге ауыз бармайды. Мұндағы бұрынғы «ішкі саясат» деп аталатын, қазір ешбір мағынасы жоқ «қоғамдық даму» деп аталатын мүйізі қарағайдай үлкен басқарманың сол басылымдардың бюджеттің мол қаржысынан қағылып қалуын қатаң қадағалаудан басқаға уақыты жоқ. Осылай етсе, «қасқыр да тоқ, қой да аман» болып, мамыражай күй кешері сөзсіз.  Ал мұндай жалпақшешейліктің елімізге әкелер зиянын зерделеп жатқан тағы да ешкім байқалмайды.

Факті ма, жетерлік. Өткен жылдың аяқ кезінде осындағы өздерін ешкімге бағынбайтын, жеке меншік санайтын, алайда бюджет ақшасынан еш уақытта тапшылық көрмеген «Костанайские нововсти» деген газеттің көршілес Ресей президенттін жер-көкке сыйғызбай мақтап, оның келешек президент сайлауында көпшілік дауыспен жеңетіндігіне шек келтірмейтін, Ресей саясатының сойылын соққан газеттің жарты бетін алған сұхбаты жариялағандығын жазып, дабыл қаққанбыз. Алайда оған мәу деген біреу болмады. Қоғамдық даму деген басқарма құлықсыз, осы саланы басқаратын әкімнің орынбасары бұдан мүлдем хабарсыз, ал облыс әкімінің бұған уақыты болмаған. Зиялы қауым дегеніміздің сыйқы әлгіндей. Демек, Қазақстан деген елдің өз саясаты болатындығын мүлдем ескермейтін, олардың бұл қылықтарына жүрдім-бардым қарайтын жерде әлгіндей басылымдар еркінсінбегенде қайтеді?

Осы орайда «осы елде өмір сүріп, тәп-тәуір тіршілік етіп жатырмыз ғой» деп, заңымызды сыйламасаң да, салт-дәстүріміз бен өмір салтымызды құрметтейік деген қарапайым қағиданы да ескермейтін басылымдар да бар. Мәселен, осындағы «Алау» деп аталатын телерадиокомпания деген мықтыңыз өзгелер Жаңа жыл өтісімен жұмысына кіріскенде, бұлар өздерін Ресейде өмір сүріп жатқандай Рождество мерекесін тойлаудан қолдары тимейді. Әдеттегі күн сайын шығатын, жұрттың көпшілігі қарайтын жаңалықтарының орнына көп сериялы телефильмдерді қосып қойып, мерекелеп жатады. Жалпы, бұл олардың жыл сайынғы еш уақытта бұзылмайтын қасиетті дәстүрі. Оларға: «Оу, бұларың қалай, қай жерде өмір сүріп жатырысыңдар?» дейтін ешкім жоқ. Қалай айтады, егер Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Альберт Раудың облысымыздағы белгілі олигарх баласының жеке меншігі болса. Ондай сұрақ қоюға жүректері де дауаламас. Қайта, оларға жыл сайын бюджеттен бөлінетін қаржыны көбейтпесе.

Қысқасы, Қостанайдағы қалыптасқан ақпарат қауіпсіздігі, ішкі саясат деген ахуалдың сыйқы осындай.

Жайберген Болатов

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351