Сенбі, 23 Қараша 2024
Бір сауал 2510 20 пікір 5 Қаңтар, 2024 сағат 13:54

Журналистер қашанғы жантақ жейді?

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Президент тарапына бізден де бір сауал болсын...

Өткен жылдың соңғы күні болуы керек, көбіне ресми ақпарат жариялайтын сайттан Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылға стипендиясы белгіленгені туралы шағын хабарды көзіміз шалған. Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов және бір қадірменді адамның атын көрдік те, «жөн екен» дедік. Ал Жаңа жылдан кейін басқа бір сайт Президент стипендиясын алғандардың толық тізімін берді. Осы жерде ой түсті.

Президенттен ай сайын ба, әлде жылына бір рет пе (анығын білмедік, әрі оны білуді өзімізге қажетсіз санадық) стипендия алатындарды екі топ етіп бөліпті. «Өнер» мен «әдебиет» өкілдері. Негізі университетте әдебиет те өнердің бір саласы деп оқытқан. Филология мен журналистикада ең басты оқулықты академик Зейнолла Қабдолов «Сөз өнері» деген атпен жазған.

Жарайды, әдебиетті дербес үкілеп, өнерден даралап көрсету – кеңестік саясаттан қалған нәрсе, жүре берсін. Бірақ біз журналистиканы, публицистиканы неге ұдайы ұмыт қалдырамыз?

Журналист әйтеуір бір ақпарат құралында жұмыс істеді немесе істейді деген ескі өлшемді қоятын кез келген сияқты. Әйтпесе мына тізімдегінің бәрі белгілі бір мекемеде қызмет істегені анық қой. Бибігүл апамыздың опера театрында, Асанәлі ағамыздың драма театрында еңбек еткені өтірік пе.

Әдебиетшілер тізіміндегі Уақап, Қойшығара ағаларымыз бізбен қатар «Социалистік Қазақстан» - «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет етті. Бұл кісілерге стипендия тағайындалғанына қуаныштымыз, бірақ солармен бірдей «СҚ-да» көз майын тауысқан Мамадияр Жақып ағамыз неге осындай стипендия алмайды?! Роман жазып, көркем әдебиетті аударғандары Мәкеңнің алдындағы артықшылықтары деп ойламаймыз. Ондай артық тірлік қылса, кезінде қаламақы төленді. Ал түптеп келгенде бұлардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегі бір редакцияда, бірдей уақыт пен жағдайда өтті емес пе!

Қазақ әдебиетінің қазіргі ақсақалы Әкім Тарази ағаны жақсы көреміз. Құрметтейміз. Кезінде қайта басылатын бір романына өзі қолқалап алғысөз де жазғызған. Жазушылар арасында Президенттен қаржылай қолдау алатындардың көш басында тұрғаны лайық. Ал енді қазақ журналистикасының ақсақалы Сарбас Ақтаев аға неге ондай қолдауға лайық емес?

Жүрсін Ерман ағамызға спипендия берілгені жөн. Қайбір жылдары үкімет Мемлекеттік сыйлықтан қағып тастап, жанайқай жазғызғаны есте. Ағамызға стипендия ақын ретінде тағайындалса да, өмірінің ең мазмұнды, халыққа пайдалы кезеңі Қазақ телевиясы мен радиосында өткені талассыз. Ендеше мұндай стипендияны неге Жүрсінмен бірге отандық электронды ақпарат құралының ыстық-суығын бастан кешкен Гүлмария Барманбекова, Фатима Бегембаеваларға тағайындамаған? Өлең жазбаған өздерінен көрсін дейміз бе?

Әрі қарай Дидар Амантайға беріліпті. Романдар жазған, оған талас жоқ. Ал сол Дидардың қызмет еткені – «Хабар» мен «Қазақстан» телевизиялық мекемелері ғой. Ендеше сол «Хабарда» одан көп уақыт маңдай терін төккен Тілеуқабыл Мынжасарұлы неге ұмыт қалады?

Нұрғали Ораз бауырымыздың атын да тізімнен көрдік. Жақсы жазушы. Оның да халыққа қызметі көз алдымызда болды.  Біз жастар, ол балалар басылымында қызмет етті. Беріде біздің мектеп – «Егемен Қазақстаннан» да өтті. Ол Президент стипендиаты болғанда тура солай қызмет етіп, енді Нұрғалимен қатарлас зейнеткер болған Шәмшеддин Пәттев пен Қали Сәрсенбай неге ала алмайды бұл ақшаны?

«Өлшем біреу – олар көркем туынды жазбаған» деген жауап айтылары анық. Ондай жауаппен келіспейміз! Журналистиканың туындылары да – сондай көз майы мен ой еңбегінің жемісі. Журналист Жарылқап Бейсенбай, Жанболат Әлиханұлы, Сапарбай Парманқұл жазушы атанбаса да, көркемдігі мен кестесі еш жазушыдан кем түспейтін еңбектер жазды. Айырмашылығы – жазушылар ойдан шығарған кейіпкерді кескіндесе, бұлар өмірде болған адамдардың нақты оқиғаларынан ой өрбітті. Түптеп келгенде халық алдында, кейіпкер алдында журналистің жауапкершілігі жазушыдан әлдеқайда жоғары және күрделі еді.

Хош, несін тізбектейік. Жеткілікті дәлел келтірсек керек. Ендеше «Президент стипендиаттары» деген тізімде әлде «публицистика», әлде «журналистика» аталатын бөлек топ болуы керек. 2024 жыл үшін де кеш емес. Сарбас Ақтаев, Мамадияр Жақып, Сәлім Меңдібай, Жарылқап Бейсенбай, Гүлмария Барманбекова, Жанболат Әлиханұлы, Сейітқазы Матаев сынды тұлғалардың тақиясына Тоқаевтың стипендиясы тар келмес еді. Әрі «Жаңа Қазақстанда» сонау 1990 жылдардан бері жегені жантақ болып келе жатқан (бұл – жазушылығы мен тілшілігі тең Шерхан Мұртаза марқұмның теңдессіз теңеуі) журналистер қауымы үшін шын жаңалық шығар еді.

Онда бүгін парламентте отырғанымен түбінде Мамадияр Жақып ағасы сияқты үйінде отыратын Нұртөре Жүсіп болашақта Президент стипендиаты атана алады. Осы бүгін Президенттен еңіретіп тұрып етектей сұқбат жазып, жариялаған Дихан Қамзабекұлы кейін сондай стипендиядан үміт ете алады ғой.

Қайнар Олжай

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383