Этникалық бірегейлік. Отандық ғалымдар не дейді?
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырып отырған «Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі этникалық азшылықтардың этникалық бірегейлену үдерістерін кросс-мәдени және аксиологиялық талдау» атты ғылыми жобасы аясында отандық зерттеушілер тұжырымдамаларын талдау міндетін қойған болатынбыз. Осы себептерге байланысты отандық ғалымдардың шетелдік ғылыми журналдарда ағылшын тілінде жарияланған мақалалардағы пікірлерін жүйелеуді жөн санадық. Мақсатты жүзеге асыру үшін 7 ғылыми мақалаларға мән бердік.
2002 жылы «Acta Ethnographica Hungarica» журналында жарияланған мақаласында Ә. Ғалиев (Galiev, A. (2002). Mythologisation of the history of the Turkic peoples at the beginning of the third millenium. Acta Ethnographica Hungarica, 47(3-4), 383–395. https://akjournals.com/view/journals/022/47/3-4/article-p383.xml) түркі халықтарының барлығы ұзақ уақыт бойы бір мемлекетте, алдымен Ресей империясында, кейін КСРО-да өмір сүргендігін айтады. Сол кезеңдердегі тарихнама пән ретінде марксистік-лениндік идеологияны ұстанған. Қалған әрекеттердің барлығы дінбұзарлық, күпірлік ретінде жарияланды. Кеңес мемлекеті тарихты коммунизм құрылысының негізін қалауға арналған өзі жасаған мифпен алмастырды. Қайта құрудың басталуы әлеуметтік ғылымдардың барлық салаларында, соның ішінде қоғамдық санада жалпы өзгерістердің бастамасы болды. Қайта құру кезінде басталған өзгерістер 1991 жылы Кеңес Одағының ыдырауына негіз дайындауда маңызды рөл атқарды. Бұл тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуын белгілеп, әр елдің өзіндік тарихи перспективалары бар екендігін көрсетті.
С. Шакированың (Shakirova, S. (2015). Country images of Kazakhstan: From stereotypes and critique to positive national branding. Journal of Eastern European and Central Asian Research, 2(1). https://ieeca.org/journal/index.php/JEECAR/article/view/78) 2015 жылы «Journal of Eastern European and Central Asian Research» журналында жарияланған мақаласында ел брендингі азаматтардың көзқарастары мен сенімдеріне қайшы келмеуі керек екендігі көрсетілген. Ғалымның пайымдауынша, халықтың ұлттық бірегейлігін әлеуметтанулық зерттеу, оның өмірдің жағымды және жағымсыз жақтары, мәдени мұра мен дәстүрлер, мәдениетаралық байланысты бағалауы мегажобаларды жоспарлау мен басқаруды анықтау бағытында жатыр. Автор іс жүзінде адамның өзінің этникалық бірегейленуіне қанағаттануы арасында тікелей байланыс жоқ деп есептейді. Қазақстанның ұлттық мемлекет ретіндегі мәртебесі туралы сыни немесе пессимистік көзқарастарды жеке этникалық белгілердің әлсіз көрінісімен (тіл, дәстүр, гендерлік рөлдер, отбасы тарихы және т.б.) қатар қарастыруға болатындығы айтады. Елдің брендинг процесіне мәдени мұра мен дәстүрді енгізу ұлттың бірегейлігін мойындауды көрсетеді. Бұл бренд туралы шынайы және мағыналы өзгерістер құруға ықпал етеді. Осы тәсіл ұлттың өзіндік бірегейлігі мен оның әлемдік аренадағы қабылдауына ықпал ететін өзара байланысты факторлардың күрделі түсінігін білдіреді.
Н. Байғабатова, А. Төлемісов, С. Рахипова, Д. Ашимова, Ө. Қуанған және Қ. Смағұловтың (Baigabatova, N., Tolamissov, A., Rakhipova, S., Ashimova, D.,Khuangan, O., Smagulov, K. (2018). Ethnocultural identity of Kazakhs of Mongolia in everyday life. Codrul Cosminului, 24(1), 79–96. http://atlas.usv.ro/www/codru_net/CC24/1/kazakhs.pdf) «Codrul Cosminului» журналында 2018 жылы жарияланған бірлескен мақаласында Батыс Моңғолия аумағында тұратын қазақтардың этникалық бірегейлігінің қызмет ету және жаңғырту тетіктері қарастырылады. Далалық зерттеулерге негізделген жұмыс қазақ диаспорасының күнделікті өміріндегі этнографиялық ахуалын көрсетеді. Ғалымдардың пайымдауынша, диаспора біріктірген этникалық топ өзінің белгілерін ерекшелендіріп, этникалық бірегейлігін сақтауға қабілеттілігін бейнелейді. Белгілі бір диаспорадағы этномәдени бірегейлікті қалыптастырудың түрлі ахуалдары мен тетіктері оның құрылымындағы айырмашылықтарды алдын ала анықтайды. Авторлар «этникалық маркерлер» рөлін атқаратын дәстүрлі материалдық мәдениеттің нысандары, этникалық, тайпалық және діни бірегейліктің қоғамдық кеңістігіндегі артикуляция Моңғолия қазақтарының этномәдени бірегейлігін сақтау және бейнелеу процесіне ықпал етеді деген қорытындыға келеді. Осы зерттеу нәтижелері мәдени элементтер мен ұжымдық тәжірибелер диаспора кеңістігіндегі бірегейлік динамикасына әсерін тереңірек түсінуге ықпал етеді. Осы пікірлерге сәйкес, біздің ойымызша этникалық бірегейліктің қалыптасуы мен сақталуына географиялық орта да маңызды рөл атқарады.
2019 жылы М. Сеңгірбайдың (Senggirbay, M. (2019). Ethnic identity of Kazakhstani Russians: The dynamics of change and the place of Russia as a kin state. Journal of Nationalism Memory and Language Politics, 13(1), 67–89. https://sciendo.com/article/10.2478/jnmlp-2019-0004) «Journal of Nationalism Memory and Language Politics» журналында жарияланған жұмыстың мақсаты 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанда тұратын орыстардың этникалық бірегейлігінің қалай өзгергенін анықтау болды. Ғалым зерттеу жұмысы барысында мынадай сұрақтарға жауап іздейді: «Қазір Қазақстандағы этникалық орыстарды қандай қасиеттер мен сипаттар ерекшелейді? Олардың бірегейлігін қалыптастыратын негізгі факторлар қандай? Орыстар өздерін өз Отанымен және негізгі қазақ қоғамымен қаншалықты байланысты деп санайды? Ресейдің Отанға құштарлық сезімін қалыптастырудағы рөлі қандай?» Қазақстандық орыстардың ахуалы сауалнамалар, терең сұхбаттар, жарияланымдар контент-талдауы, саяси қайраткерлер мен белсенділердің сөздерін арқылы талданды. Енгізілген бақылау әдістері Қазақстандағы орыс діни ұйымдарының мәдени жіктелуін түсінуге көмектескен. Зерттеу Қазақстандағы этникалық орыстардың бірегейлік үлгілеріндегі мемлекет қорғайтын этникалық қазақ бірегейлігін шоғырландыру процесінің нәтижесінде болған елеулі өзгерістерін анықтаған. Автордың пікірінше, демографиядағы бұрынғы үстем жағдайынан айырылған орыстар қоғамдағы қазақыландыруға бас иді. Осылайша, бұл мақалада Қазақстандағы орыстардың этникалық бірегейлігінің эволюциясы айқындалып, әлеуметтік-саяси өзгерістер, демографиялық қозғалыстар мен тілдік артықшылықтардың ықпалын көрсетеді. Алынған нәтижелер Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Қазақстанның әлеуметтік трансформациялары контекстіндегі бірегейлік динамикасының күрделі өзара іс-қимылын түсінуге көмегін береді.
Н. Өтпенов, Қ. Смағұлов, Ә. Әлмұхаметов, А. Әкімханов және Н. Анарбаевтың (Otpenov, N., Smagulov, K.N., Al'muhametov, A.R., Akimhanov, A., Anarbaiev, N. (2019). Ethno-confessional conflict as a destructive way to resolve contradictions in social and religious relations. European Journal of Science and Theology, 15(2), 179–189. http://www.ejst.tuiasi.ro/Files/75/17_Otpenov%20et%20al.pdf) 2019 жылы «European Journal of Science and Theology» журналында жарияланған мақаласында этноконфессиялық конфликтті әлеуметтік және діни қатынастардағы қайшылықтарды жоюдың деструктивті тәсілі ретінде қарастырады. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, авторлар дін мен этникалық топ әлеуметтік құбылыс деген қорытындыға келеді. Дін мен этнос бір-бірімен күрделі қарым-қатынас орнатқан және әлеуметтік аспектілер ауқымында маңызды рөл атқарады. Қарым-қатынас сипаты нақты тарихи ахуалға байланысты және әлеуметтік организмде өмірлік маңызды рөл атқаратындығы дәйектеледі. Осы қарым-қатынастар этностың ықпалдасуына да, керісінше, ыдырауының да факторы бола алады. Сонымен қатар, ғалымдар дін этносаралық немесе ұлттан жоғары тұратын мазмұнына қарамастан, әрқашан этникалық процеске бағынышты екенін айтады. Мұның себебі, діндер тек этникалық бірегейлікке сәйкес келетін этникалық формаларда көрінуінде екен. Діннің этникалық процеске бағыныштылығы туралы тұжырым діннің этникалық бірегейліктің құрамдас бөлігі екенін көрсетеді. Бұл белгілі бір этникалық контексте діни сенімдер мен мәдени бірегейліктің өзара байланыстылығын анықтайды.
Ж. Смағұлованың (Smagulova, J. (2019). Ideologies of language revival: Kazakh as school talk. International Journal of Bilingualism, 23(3), 740–756. https://journals.sagepub.com/doi/10.1177/1367006916684920#con) 2019 жылы «International Journal of Bilingualism» журналында жарияланған зерттеуінде тілді жандандыру аясы негізінде жатқан жасырын идеологиялар сипатталып, идеологиялық үстемдікке қарсы тұратын семиотикалық процестер талданады. Ғалым күнделікті отбасылық қарым-қатынастағы этникалық бірегейліктің «ана» тілін қалпына келтірудегі рөлін айқындайды. Тілді жаңғыртудағы тілдік идеология мен отбасылық тіл тәжірибесінің рөлі дәйектеледі. Қазақ тіліне қайта мән беру бірін-бірі толықтыратын тілдің қосымша тәжірибесі арқылы қол жеткізуге болатындығы айтылады: қазақ тілін педагогикалық форматтармен шектеу; қазақ тілін мектеп тілі ретінде құрылымдау; «алдыңғы мәтін» бойынша қазақ тілін шектеу; метакоммуникативтік фреймге ауысумен қазақ тіліне ауысудың бір мезгілде болуы. Демек, тіл туралы түсініктердің отбасында қалыптасуы тілдің нақты қолданылуымен сәйкес келеді. Осылайша, мақала жасырын идеологиялар, семиотикалық процестер және отбасылық өзара әрекеттесуді зерттеу арқылы тілдің жандануын түсінуге ықпал етеді деуімізге негіз бар. Тіл тәжірибелерін анықтау тілдік динамика мен мәдени бірегейлікке қатысты көзқарастарды ұсынып, отбасы аясындағы қазақ тілін қайта игеру қалай жүретіні туралы түсінік береді деп ойлаймыз.
Этникалық бірегейлікті таңдауда антропологиялық сипаттамалар мен тіл маңызды факторлар болып табылады. Ә. Рахметова, Б. Аяпбергенов, Г. Кәрбозова және З. Темірғазинаның (Rakhmetova, A., Ayapbergenov, B., Karbozova, G., Temirgazina, Z. (2022). How much language is important for ethnic identity of young Kazakhstanis from inter-ethnic families? Journal of Siberian Federal University - Humanities and Social Sciences, 15(11), 1573–1584. https://elib.sfu-kras.ru/handle/2311/148778) зерттеуінде ұлтаралық отбасылардан шыққан жас қазақстандықтардың этникалық бірегейлігі үшін тілдің қаншалықты маңыздылығы анықталады. 18-21 жас аралығындағы 212 респондентке жүргізілген сауалнама нәтижелері этникалық өзін-өзі сәйкестендірудің алуандылығын көрсетеді. Авторлардың айтуынша, сұралғандардың көп бөлігі әкенің этникалық тегімен өздерін байланыстырады. Бұл қазақ отбасындағы әкенің дәстүрлі үстем рөліне байланысты болуы ықтимал. Респонденттердің біршама аз бөлігі аналарының ұлтын таңдаған. Бұл тұста ғалымдардың мына нәтижелері қызығушылық тудырып отыр: жастардың 188/88,9 пайызында бірегейлік моноэтникалық, 11/5,2 пайызында биэтникалық, 13/6,1% пайызында маргиналдық. Кәсіби мансабының басында тұрған жастар үшін тілдік тұлғаның ең маңызды параметрі ретінде «бала кезінен тілді меңгеру» болып табылады (100 %). Сонымен қатар, респонденттер қосымша критерийлер ретінде «қоғамдағы басым тіл» және «кәсіби мансаптағы тілдік келешекті» көрсеткен. Бұл зерттеу белгілі бір жас тобындағы этникалық және тілдік бірегейлікті қалыптастыратын әралуандылық, түрлі әсерлер мен критерийлер туралы құнды ақпаратты ұсынады. Отбасылық динамика, тілді білу және кәсіби ойлардың өзара әрекеттесуі азаматтардың жеке басын қалыптастырудың көп қырлы сипатын көрсетеді.
Ғалымдардың этникалық бірегейлік туралы көзқарастарының жан-жақтылығы бірегейлікті қалыптастырудың күрделі сипатын көрсетеді. Этникалық бірегейлікті әлеуметтік конструктивистік тұрғыдан қарастырсақ, ұғымды әлеуметтік, тарихи және мәдени процестердің жемісі ретінде анықтауға болады. Саяси процестер қақтығыстар, ұлттық құрылыс жағдайында этникалық бірегейлікті құруға және манипуляциялауға ықпал ететіндігін де ұмытпаған жөн. Этникалық бірегейлік жөніндегі отандық ғалымдар көзқарастарын жүйелеу барысында түсінікке қатысты тұжырымдардың пәнаралық сипатын байқауымызға болады. Бұл көзқарастар түрлі әлеуметтік және мәдени контексттерде этникалық бірегейлікті қалыптастыру мен талқылауға байланысты қиындықтарды тереңірек түсінуге ықпал етеді.
Фото: kazpravda.kz
Мұрат Насимов,
саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
Abai.kz