Израиль тарихындағы ең қымбат соғыс
Израиль тарихындағы ең қымбат соғыс: «92 күндік ұрыс қанша тұрды?», деген сауалды жөйт жұртты өз Үкіметіне қоя бастады. 2023 жылғы 7 қазанда басталған Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс Еврей мемлекетінің тарихындағы ең қымбат соғыс болмақ, дейді әлемдік әскери сарапшылар.
Ynet басылымы «соғыстың үш айынан кейін 7 қаңтардағы жаңартылған мәліметтер соғыстың құны шамамен $58 млрд-қа дейін өскенін көрсетеді», деп хабарлайды.
Осы мәліметтерді жұрт назарына ұсынуда Ynet журналистері израильдік әскери қызметшілерді (300.000 резервтегіні қоса алғанда) ұстау және төлеу шығындарын, соғыс салдарынан зардап шеккен бизнеске өтемақы төлеуді ескерді. Бұдан басқа, Ливан шабуылынан келтірілген залал, сондай-ақ елдің солтүстігі мен оңтүстігінен эвакуацияланған 125.000 израильдікті ұстау және олардың тұруына ақы төлеу есепке алынды.
Таза әскери аспектіден бастайық. ЦАХАЛ-дың Газа секторындағы 2023 жылдың қазан айының соңында басталған жерүсті іс-қимылдары көптеген тактикалық табыстар әкелді. Бірақ ХАМАС-пен соғыстың негізгі мақсаттарына әлі қол жеткізілген жоқ. Израильдік жауынгерлер секторға дендеп еніп, көптеген лаңкестердің ошақтарына бақылау орната алса да, ХАМАС жойылған жоқ. 100-ден астам адам әлі тұтқында отыр. Әрі үнемі Газадан төнетін қауіп жойылмады.
ХАМАС-тың командалық басшылығын жою сияқты міндет те орындалмай отыр. Лаңкестердің басшылары - Ихье Синвар, Мухаммед Деф, Маруан Иса сияқты бригадалық деңгейдегі көптеген дала командирлері әлі де тірі. Тек ХАМАС «рота» және «батальон» деп атайтын террористік құрамалар командирлерінің 50% жуығы ғана жойылды.
Израиль қауіпсіздік жүйесінің бағалауынша, содырлардың басшылары Газа секторының оңтүстік бөлігіндегі бункерлерде жасырынып жүр. Осы ауданда ЦАХАЛ операцияларын жүргізу қарқыны бәсеңдеп кеткені жасырын емес. Бірақ армияның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл армия бір орында тұр дегенді білдірмейді. ЦАХАЛ баспасөз қызметі «жауынгерлік іс-қимылдар осы жылдың соңына дейін созылуы мүмкін» деп бірнеше рет ескертті.
ЦАХАЛ бас штабының бастығы генерал-лейтенант Герци Халеви «бұл соғыста қысқа жолдар да, ғажайып шешімдер де жоқ» деп бірнеше рет мәлімдегенін жақсы білеміз. Жалпы алғанда Израильдің бұл жолғы Газадағы әскери іс-қимылдары аса сақтықпен тереңінен ойластырылған, басты назар жауынгерлердің өмірін сақтап қалуға негізделумен және әрбір рейдті немесе шабуылды өткізу алдында барлау мәліметтеріне ден қоюмен ерекшеленеді.
Жүздеген резервшілердің алдыңғы қатардан қайтуы - жалпы көріністің бір бөлшегі ғана болып табылады. Үйге оралған барлық доғарыстағы сарбаздар мен офицерлер кез келген сәтте қызметке қайта шақырылатынын біледі.
Соғыс бағасы ел экономикасына өз салқынын тигізе бастады. Бұны әрбір еврей отбасы айқын сезіне бастады. Еске салайық, Израиль тарихында мұндай ұзақ мерзімге сонша резервші (300.000-нан астам) шақырылмаған. Аталған жұмылдыру Израиль экономикасына қымбатқа түсе бастады. Тұтастай алғанда соғыс шығындары (азаматтық секторды қолдауды қоса алғанда) қаңтар айының басында 217 млрд шекелді құрады.
Өткен жылдың қазан айында Газа секторындағы әскери іс-қимылдардың бір күндік құны 1 млрд шекелді құрады. Қазіргі уақытта резервтегілерді жаппай демобилизациялағаннан кейін бұл сома 600 млн шекелге дейін азайды. Тек 2024 жылдың соңына дейін доғарыстағы жауынгерлерге күніне 300 шекел көлемінде төлемдерді сақтау мемлекетке 9 млрд шекелге түсті.
Ондаған миллиард шекел әскери іс-қимылдардан зардап шеккен бизнес өкілдеріне өтемақы төлеуге жұмсалды. Бұл шығыстар біртіндеп қысқарып келеді. Себебі Израильдің көптеген аудандарында экономика толық күшпен жұмыс істей бастады. 2023 жылғы желтоқсанда Ашдод пен Беэр-Шевте өтемақы мөлшері қысқартылды. Дегенмен, мемлекет соғыстың алғашқы үш айының есебіне тағы 10 млрд шекел төлеуі тиіс болып отыр.
Бірақ оның есесіне Израильдің солтүстік аудандарында Ливан шабуылынан келтірілген залал көлемі артып келеді. Алдын ала бағалау бойынша, бұл шығынды өтеуге жұмсалатын шығын 5-тен 7,5 млрд шекелді құрайтыны белгілі болды. Енді бұған Газа секторымен шекаралас аудандарды қалпына келтіруге жұмсалатын қосымша шығынды қоссаңыз, қомақты қаржы –15-20 млрд-тың басы қылтияды.
Израильдің солтүстігі мен оңтүстігінің 125.000 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың көпшілігі жақын айларда үйлеріне орала алмайды. Эвакуацияланғандарға берілетін субсидиялық шығыстардың жеке бабы бір адамға айына бірнеше мың шекельді құрайтынын да ескеруіміз керек.
Осы сөз етілгендерді ескерер болсақ, онда мемлекеттік бюджет тапшылығы 117 млрд шекелге жеткені ешкімді де таң қалдырмайды. Бюджет тапшылығы ішінара соғысқа қатысы жоқ қажеттіліктерге жұмсалатын шығындарды қысқарту және салықтарды арттыру есебінен жабылатын болса, онда бұл бизнеске салмақ түсіріп, жалпы алғанда қазынаға 67 млрд шекел әкелуі тиіс.
Білім беру саласында алаңдаушылық жағдай қалыптасты. БАҚ хабарлағандай, соғыс басталғалы 7 қазаннан бері 48 мыңға жуық бала мен жасөспірім эвакуацияланды және олар әлі күнге дейін үйлеріне орала алмай отыр. Олар ата-аналарымен бірге өздері үшін ұйымдастырылған қабылдау орталықтарында немесе қонақ үйлерде тұрады, олардың бір бөлігі (азы) шетелде орналасқан. Көбінің ата-аналарының бірі әскерге алынған. Бұл балалар үшін арнайы жүздеген балабақша мен ондаған мектеп ашылды, алайда Кнессеттің зерттеу орталығының 3 қаңтарда жария еткен есебі барлық проблемалардың шешілмегенін көрсетті. Уақытша оқу орталықтары күніне небәрі 3,5 сағаттан жұмыс істейді, педагогтар жетіспейді, көптеген жоғары сынып оқушылары оқудан қалып жатыр, ешкім де оны орындай алмайды.
Арнайы құжаттарда атап өтілгендей, эвакуацияланған 6 жасқа дейінгі 4000 бала қазір олардың жасына қарай балабақшаға немесе басқа оқу орнына бармайды. Мектеп жасындағы 3000 бала ешқандай тұрақты мекен-жайға тіркелмеген. Эвакуацияланған балалар мен жасөспірімдер арасында агрессивті мінез-құлық жағдайлары байқала бастады. Ал, бұл қылмыстың арта түсіп, азаматтар өміріне қауіп-қатер төндіретін дертке айналу нышанын байқатады.
Кнессет бюджетке түзетулерді бекітті, оппозиция бұған бірден наразылық білдірді. Израиль бітімге келмесе, ол бітімді оппозиция жасауға мәжбүрлетуі де ықтимал. ХАМАС жеңілмес күш. Оны жеңуге ел экономикасы мүмкіндік бермейді.
Соғыс Израильдің солтүстігіндегі шөлейтті ауылдарды өлі далаға айналдырды. Ал, оны қалпына келтіруді Израильдің қалтасы көтермейтіні әлден белгілі бола бастады.
фото: ашық дереккөзден
Abai.kz