Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2434 1 пікір 16 Қаңтар, 2024 сағат 14:26

Ер мінезді өр ақын – Жұлдызай

Республикалық «Үш қоңыр» (№19, 10 мамыр, 2013 ж.) газетінің поэзия бетіндегі «Өлеңмен дарысын жаралы жанға емім» деген тақырыппен берілген ақын Жұлдызай Ысқақтың бір топ өлеңін оқып шықтым.

Жазба поэзияның негізін салушы, ұлы Абай: «Өлең – сөздің патышасы, сөз сарасы» десе, орыстың ұлы сыншысы Белински: «Поэзия – көркемөнердің ең биік шыңы» деп анықтама беріпті. Осы тұрғыдан келгенде ақын Жұлдызай Ысқақ өмір шындығын дәл басқан, Философиялық ой иірімдері көркем өрілген өлеңдері сан емес, сапа жағынан басым орында тұрғандай. Ақынның «Өзім жайлы» деген алғашқы өлеңі асқақ рухпен, асыл сезімге бой ұрады.

Өзге болмыс, өзіме тән бар тұлғам,
Өзіме аян тағдырымда кештім не.
Мен біреуге ұқсаймын деп талпын бан,
Және мендей бола алмайды ешкім де!

Жамандарға ілеспедім есер боп,
Жақсылардың жетегінде есбілдім.
Менде қалған ешбіріңнің есең жоқ,
Мен де еншісін көксемедім ешкімнің, – деп ақын өзінің қалай ержетіп, бүгін кім болғанын таразылап, жұрт алдына жайып салады. Алайда, нәзік жанды ақын өлеңін ары қарай:

Соңымнан кеп, құлатар деп жардан кім,
Жүрем кейде күдігі көп құм пішінде.
Бақ пен сорын көріп сонда жалғанның,
Шаттық мұңым алмасады ішімде.

Кеткен ұшып, қайта оралмай басқа бақ,
Күткен кейде армандардан кешігем!
Жүрегімнің мұңын сосын жасқа орап,
Айнытпастан көздеріме көшірем, – дейді.

Бәрі түсінікті, бәрі белгілі. Жолы ұзақ, соқпақғы көп, өмір керуенінде қас-қағымда болатын сәтсіз оқиғалар мен әлде біреулер жағынан әдейі құрылған тұзаққа түсіп қалуынан ақын алаңдайды. Әсіресе, Жұлдызай секілді нәзік, талантты жандардың «Соңымнан кеп, құлатар деп жардан кім, Жүрем кейде күдігі көп құм пішінде» деген күдікпен өмір сүруінің өзі заңды. Өйткені, ұстараның жүзіндей аударылған, қылпылдаған мына заманда, адамның тағдыры қыл үстінде жүріп, сан талқыға түсері сөзсіз. Ғайыптан тауы шағылып, жігері құм болып кетуі де ғажап емес. Бұл жалғанда жолы бомай, тауы шағылып, жігері құм болып, тағдыры тәлкекке түскен жандар да аз емес... Бірақ ер мінезді, өр ақын Жұлдызай бұған оңай-оспақ мойын ұсынбайды. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демекші, ақын:

Күлем кейде! Қамығам да қуанам,
Көңіліме бір күй еніп, құяды үн.
Асқар асып кетеді сан құрап ән,
Аспан астын мекен еткен қиялым.

Өзге түгіл, өзіме боп жат кеуде,
Өзге әлемнен бағам іздеп кейде емді.
Өзімді-өзім жоғалтатын сәттерде,
Өлеңімнен тауып алам бейнемді, – деп ақын қиялымен шарықтап, әлемді шарлап жанға жайлы орта іздейді. Одан да табалмаған ақын айналып келіп өзінің асылы бейнесін өлеңінен табады. Содан ләззат алып, бір тәті сезімге бөленеді. Одан бойына күш, ойына қуат алады. «Мына жалған дүниедегі алданышты тірліктің бәрі бекер, бәрі бос, тек халқына өлмес жыр қалдыра алған ақындар ғана «мәңгі өлмейді», мен де мәңгі өлмейтін жыр жазғандардың қатарынан табылып, өмірден өтсем арманым жоқ» деген бір шешімге келіп:

Мен кетемін! Қалар жырым! – дағдылы үн,
Қылған тірлік – бәрі алданыш, бәрі әуре.
Тар маңдайға сиып тұрған тағдырым,
Бұйрық жетсе, таусылады, шарам не?

Ақиқаты осы. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ақын үшін ел керегіне жарайтын, қолдан-қолға өтіп жатталатын жыр жазудан артық бақыт бар ма?! Оның жанында күнделікті қылған күйкі тірліктің бәрі алданыш, бәрі әурешілік, бәрі бекер...

Ақынның «Маңдайға түскен хақ мөрі» деген өлеңі:

Қазақпын! Мән бар сөзімде,
Тайсалман дүлей дауылда.
Жалыным ойнар көзімде,
Намысым қайнар қанымда.

Күмәнің болса қандай да,
Рухымды менің көр бойдан.
Құдайдың өзі маңдайға,
«Қазақсың» деген мөр қойған, – деп басталады. «Аттан» десе қатын-
қалшымен атқа қонатын қазақтың бүкіл болымысы осы екі шумаққа сиғандай... Ақын осы өлеңі арқылы өзінің текті халықтың ұрпағы болғанын мақтаныш етеді. Мұны Жұлдызайдың еркекке бергісіз ерлігі демесімізге хақымыз жоқ. Ақын одан ары қарай ғасырлар қатпарына бойлап, қазақтың тарихына үңіліп Ғұн, Сақтан тартып, тарихтан озған ұлы тұлғалар мен хандарды, ақылы озған абыздар мен төрелігі әділ билерді, жүрегі түкті батырлар мен ұғландарды және тәуелсіздік жолында күрескен ХХ ғасырдың марқасқаларын түгел түгендеп, қазақтың қилы тарихын өлеңге көгендеп аруақ шақырады. Соңында қазіргі қазақтың алқымнан ала бастаған жаһандану заманына:

Сен, жаһан, бізді кем көрме,
Тәуелсіздігім – тәтті арман.
Ләззаттың ары кеудемде,
Қайраттың рухы сақталған.

Қазақпын! Құштым бақ төрін,
Азатпын деген басты үн бар.
Маңдайға түскен Хақ мөрін,
Кете алмас шайып тасқындар, – деп асқақ рухпен жауап береді. Бұл
өлеңді оқып отырған кез келген қазақтың қаны қызып, рухы асқақтап кетері сөзсіз.

Ал, «Бақытым менің...» деген өлеңінде:
«...Ұлтымның үздірмен қазақы тамырын,
Намыссыз ұл-қызға түбі мен от беремін.
Кереңге естіртіп жанымның бар үнін,
Көр соқыр кеудеге көз берсем деп келемін...

Кетсе де жауым кеп оқ атып төбемнен,
Ұлт үшін өлеңде оянам, түнеймін.
Естінің жылытып құшағын өлеңмен,
Ессізді жырыммен түрткілеп, түзеймін, – деп ақын үйірінен безген, бүгінгі заманның намыссыз, азғын ұл-қыздарына алаңдаушылық білдіреді. Сонымен бірге олардың қандай халықтың ұрпағы екенін есіне түсіргісі келеді. Отты өлеңімен олардың бойын билеп алған жат пиғылын аластап, көрсоқыр кеудесіне сәуле құйып, қазақы намысын оятып, үйіріне қайта қосуды ақындық парызым деп санайды. Сол үшін бүкіл ғұмырын арнауға да бар екенін жасырмайды. Әуелі десең ол:

Халқымның таймаса бақыты бес елі,
Мен несін жылайын, несіне түңілем.
Баламның ертеңін жасаймын
Кешегі
Бабамның үнімен, Анамның тілімен, – деп ақын өзінің баласын да «кешегі баба үнімен, ананың тілімен» тәрбиелеп, ұлттың болашағына тамшыдай болса да үлес қоссам деген аналық борышын да бүкпесіз жырға қосады. Өлеңнің соңын:

Тілімді, Ділімді арылтар қайғыдан,
Өлеңмен дарысын жаралы жанға емім.
Ақын деп таныған Алаштан айныман,
Бір жолға түстім бе, бағытым сол менің...
Сәт сапар..., – деп қайырады.

Әрине, ақын үшін алғанда «халқының жаралы жанын» өлеңмен емдеуден басқа емі бар ма? Бұл нағыз ақынға тән ұлы қасиет.

Ақынның қай өлеңін («Үш қоңырдағы» жарияланған өлеңдерін айтып отырмын) оқысаңыз да жер тағдыры, ұлт тағдыры, ел тағдыры жырланады. Сол арқылы оқырмандарына отанын, туған жерін, елі мен халқын жан-тәнімен сүюге күш-жігер береді.

«Ұшақтан болған ажал...» деген өлеңін оқысаңыз өмір шындығын дәл басып бейлелеген. Ұшақтан құлап опат болып жатқандар әлемде баршылық... Әсіресе, біздің елде болған ұшақ апатынан ел қорғаушылардың өлімі кім-кімді де бей-жай қалдырмағаны ақиқат. Ел-аман, жұрт тынышта, қырыққа тарта жауынгердің (әскери шенділердің) қырылып қалуы Қазақ елін ғана емес, бүкіл әлем халқын күңірентті. Содан кейінгі Алматы әуежайы маңында болған ұшақ апаты да елге жеңіл болған жоқ. Жұлдызай осы азаматтарға аза білдіріп, жоқтау айтады:

Қанша үйдің айналдырып жұтқа арманын,
Ұшақтан көктен түскен түк қалмады.
Тағы да көк сұлатқан тағдырларды,
Сілкінген қара жерде құтқармады.

Көк аспан, келбетіңе еніп бір мұң,
Сен соны көріп тұрдың...
Көніп тындың...
Жұлдыздай ағып түскен жайсаңдарды,
Тұрғызбай қайта орнынан, неғып тұрдың?

Қара жер налисың ба, сен де мендей,
Құшақты неге тұрдың кеңге кермей?!
Көкпен жер арасына тәні кезіп,
Не жазды мына қазақ сенделердей?! – деп ақын жүрегі қан жылап тұрып, көк аспан мен қара жерді тергеуге алады. Өйткені бұл оқиғаның куәгері тек көк пен жер ғана. Өлең арықарай:

Беу, тағдыр, қатал болдың неге мүлде?
Қазақтың болмап еді-ау, кегі өмірде.
Еңсесі көкке ұмтылған халыққа әлде,
Көктің де қатері бар дегенің бе? – деп қазақтың «мың өліп, мың тірілгені» аз болғандай, тәуелсіздікке қол жеткізіп, енді-енді еңсе көтере бастағанда «қатал тағдырдың» мына тосын мінезіне «нала» оқып, зар жылайды. Бұл бауыр еті жақынынан немесе жалғызынан айрылғанда: «Мен не жаздым саған, шұнақ Құдай!» дейтін қазақтың ұрпағы екенін еске салады. Ауыр қаза рухын зілдей басып, бір сәт есеңгіреп қалған ақын:

Ей, ажал,
Қайта оралмас сен көрсің бе?
Түбінде боламын-ау мен де еншіңде,
Түсінбей әлі келем қылығыңнан,
Сен өзің көктен сің бе, жерден сің бе? – деп түйіндейді. Сондағы ақынның айтпағы: өмір бар жерде, ажал бар, түбінде мен де құрығыңнан қашып құтыла алмаймын. Бірақ жаратушы Тәңірім сенің хиқыметіңе әлі түсіне алмай дал болып келемін, «Сен өзің көктен сің бе, жерден сің бе?» деп сұрақ тастап, он сегіз мың ғаламды жаратқан жаратушының құдыретіне еріксіз мойын ұсынады.

Жұлдызайдың тағы бір өлеңі «Түндегі күй» деген көңіл күй лирикасы. Бұл өлеңде қара мақпал түн мен ақынның көңіл күйі, сезім дірілі бір күй шертеді.

Тағы бір күн түн – құшаққа жығылды,
Жанын тербеп ақынның.
Түннің мұңы шомылдырған жырымды,
Таңға ұзатып отырдым.

Жүрегіме мың орамды толқын кеп,
Тұла бойы жайлады от.
Аспан-көздің жұлдыз-жасы мөлтілдеп,
Жұбататын Айда жоқ.

Бірақ суық түннің сыңғыр қақан сырға-мұңы, ақынның есін алады. Жан-налысы батқан түн құшағына алып жұбатады. Қарабарқыт түн көрпесін үстіне жабып, түс төсекке құлатады. Бір жанды сурет көз алдыңа келе қалады. Бұдан табиғат пен тіршіліктің бір-бірінен ажырамас байланысын көреміз.

Демек, ақын оқырманын осындай тәтті сезімге бөлей алса, оның поэзиясының ғұмыры мәңгілік болмақ.

Жолың болсын, Жұлдызай!

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475