Бейсенбі, 30 Қазан 2025
Саңлақ 216 0 пікір 30 Қазан, 2025 сағат 14:06

Ұлы Мәртебелі Диего

Сурет: azertag.az сайтынан алынды.

«ХХ ғасырдың үздік футболшысы – Пеле» екені белгілі. Алайда бұл пікірмен келіспейтіндер де көп. Қайбір жылы интернет арқылы жүргізілген сауалнамада көпшіліктің дауыс беруімен әйгілі аргентиналық дарабоз Диего Марадона футбол королінен озып та шыққан. Яғни ресми жеңіс даңқты бразилиялық жағында болғанымен, қоғамдық пікір қорытындысы әлем жанкүйерлері арасында Марадонаның есімі де ерекше орынға ие екені байқалады.

Марадона және Пеле

Пеленің ойынын сапасы көңіл көншітпейтін көне бейнетаспалардан болмаса, көзімізбен көре алған жоқпыз (өйткені ол жасыл алаңда жарқылдаған жылдары жарық дүние есігін ашпаған да едік). Ал Марадонаның қаншалықты майталман екеніне, ол қатысқан төрт әлем чемпионатын да тамашалағандықтан, әлдеқашан көзіміз жеткен. «Пеледен Марадона мықты» деп дауыс беріп жүргендер де сол біздің замандастар болса керек. Ал бүгінгі бозбаладан пікір сұрасаң, екеуі де жайына қалып, әлде Мессиді, әлде Криштиану Роналдуды атауы әбден мүмкін.

Дегенмен Диегоға көшелік. Ойыны, теңбіл допты қалауынша билететін техникасы, алаңдағы ахуалды көз қиығымен-ақ қапысыз бақылайтын сұңғылалығы, кез келген ойыншыны алдап өте алатын дриблингі, айып добын дәл соғатыны, әріптестеріне ыңғайлы, қарсыластарына қолайсыз пас шығарып бере алар шеберлігі, қажет кезде өзі де мергендік таныта білуі – футболдағы қасиеттерінің бәрі жағынан ол Пелемен тайталаса алады. Спортқа әуес жасөспірімдерге үлгі болатын-ақ футболшы. Алайда оның даңқты бразилиялықпен салыстыруға да келмейтін тұсы – жасыл алаңның сыртындағы тіршілігі. Егер футбол королі доп тебуді қойған соң да, өзін бизнес, музыка, кино, мемлекеттік қызмет салаларында жақсы қырынан көрсете алса, Марадона, керісінше, есірткіге тәуелділікке ұшырады, ұстамдылық танытпай, талай жерде БАҚ өкілдерімен ұстасты, қайбір жылы тіпті оларға қаратып оқ та атты! Пеле бұ дүниеден еңсесін тік ұстап өтті, бойына артық май жиған жоқ. Диего оған бұл тұрғыдан да ілесе алмады: бапкерлікпен айналысып жүрген жылдары біраз арығанымен, бұдан бірнеше жыл бұрын тіпті семіріп кеткен болатын...

Мына сәйкестікті қараңыз: кез келген саладағы жарық жұлдыздар туралы сөз бола қалғанда, біз «мұндай таланттар жүз жылда бір-ақ рет туатын болар?» деп әспеттейміз ғой. Әрине, бұл – әсірелеу. Дегенмен шын мәнінде ұлы футболшылардың араға қанша жыл салып дүниеге келетінін есептеп шығару қиын емес екен: Пеле 1940 жылдың 23 қазанында, ал Марадона 1960 жылдың 30 қазанында туған. Демек, 20 жылда бір рет...

Марадона және теңбіл доп

...Төрт қыздан кейін дүниеге келген тұңғыш ұлдың (бұдан кейін тағы екі ұл, бір қыз бар) болашақта бүкіл әлемге әйгілі футбол жұлдызы болатынын әкесі Диего мен анасы Дальма сезді деймісіз. Екеуіне шиеттей бала-шағасының қарнын тойғызудың өзі әжептәуір уайым еді. Қолы босай қалса, доп тебуге әуес кішкентай Диегоның қызығушылығына дұрыстап көңіл бөлуге де мұршалары болған жоқ. Марадона алғашында мектеп командасында ойнап жүрді. Жасы онға толғанда оның қимылына «Архентинос Хуниорс» клубына талантты жас жеткіншектер іздеп жүрген маман Франсиско Корнехо назар аударады. Осындай жасөспірімдердің басын қосқан ол балаларға теңбіл доптың қыр-сырын үйретіп, жас командалар арасындағы додаға қатыстырады. Сол кездері Оңтүстік Америкадағы ең мықты балалар ұжымы саналатын «Ривер Плейтті» бұлар 7:1 есебімен талқандайды, оның 5 голын Марадона соғады. «Диего сол кездің өзінде футболдың барлық қыр-сырын білетін. Ол бір ағаш қуыршақ сықылды еді, қалай итерсең де құламай, сүріне-қабына қайта түзеліп, жүгіріп кете беретін» деп еске алады Корнехо. Кейін негізгі құрамға алынған Д.Марадона «Архентинос Хуниорс» сапында 166 матчқа қатысып, 116 гол соққан.

1979 жылы Аргентинаның жастар құрамасы Жапонияда өткен Әлем чемпионатында бас жүлдені иеленді. Диего Оңтүстік Американың үздік ойыншысы атанды. Келер жылы да солай танылған Марадонаны 1981 жылы «Бока Хуниорс» 3,6 миллион долларға сатып алды. Оның сапында талантты футболшы ел чемпионы атанып, 40 ойында 28 гол соқты. Сосын Диего испандық «Барселонада» 2 жыл, итальяндық «Наполиде» 7 жыл ойнады.

Ұлттық құрамаға Марадона 18 жасында, сонау 1978 жылы-ақ шақырылған болатын. Алайда бас бапкер Луис Сесар Менотти жас талантты өз елінде өтетін әлем чемпионатына қатысар 22 үздіктің қатарына қоспады. «Сол кездегі менің басымдағы жағдайды ешкімге де тілемеймін, – дейді даңқты футболшы «Диего деген – Мен» атты кітабында. – Командамен бірге айға жуық жаттығу жиынында болып, бәрібір таңдаулылардың қатарына іліге алмау бойында намыс оты лаулаған маған өте ауыр тиді. Луке, Гальего секілді бірер жігіт болмаса, құрамға енген қалған ойыншылардың бірде-бірі мені жұбатпақ түгілі, қасыма да келген жоқ. Күйінгеннен қолымды бір-ақ сілтеп кетіп қалдым».

Оның әлемдік доп додасындағы тұсаукесері 1982 жылы болды. Алайда Аргентина құрамасы бұл жолы топтық кезеңнен өткенімен, жүлделі орындарға іліге алмады, ал Диего бразилиялықтармен кездесуде Батистаның ішінен теуіп, алаңнан қуылды. «Бұл жерде Батистаның еш жазығы жоқ еді, – деп еске алады Марадона. – Шын мәнінде, мені әбден ызаландырып біткен Фалькао-тұғын. Соны тебем деп сермеген аяғым әлгі байғұсқа тиіп кетті».

Марадона және «Құдайдың қолы»

Марадонаның бағын ашқан 1986 жылы Мексикада өткен Әлем чемпионаты еді. Осы додада ол тамаша ойын көрсетіп қана қоймай, нағыз капитан ретінде Италиямен, Уругваймен болған қиын кездесулерде команданы алға жетеледі. Ал оның келесі матчтардағы ерлігі жасамыстау жанкүйерлердің әлі жадында. Ширек финалда Диего ағылшындар қақпасына екі гол соқты. 51-минутта ол әуелеп келген пасқа бойы жетпеген соң, допты қақпаға қолымен енгізіп жіберді. Мұны бәрі де көрді, бірақ негізгі көруге тиіс адам – тунистік төреші Бен Насер байқамай қалды. Баспасөз мәслихатында Диегоның журналистерге «бәлкім, гол қолмен соғылған да шығар, бірақ ол менің қолым емес, Құдайдың қолы болатын» деп жауап бергені әлі күнге жыр болып жүр. Оған Англия құрамасының бас бапкері Бобби Робсон: «Құдайдың бұған еш қатысы жоқ. Бұл – алаяқтың қолы!» –  деп жауап қайтарған болатын.

Ал арада төрт минут өткенде, өз қақпасы маңынан әріптесі Эктор Энрикеден доп алған Марадона алты бірдей ағылшынды алдап өтіп, бүгінге аңыз боп жеткен ең даңқты голын соқты. Әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік гол саналатын бұл доптың соғылуын өзінің «Мексикадағы футбол тойы» атты кітабында танымал жазушы Несіп Жүнісбайұлы былай суреттейді:

«...Ол доп алған жерден қақпаға шейін кемінде елу метр еді. Ең әуелі есін жиған Батчер болды. Марадона Батчерді ә дегенше жолда қалдырды. Өзі қақпаға қарай тарта берді. Оның алдынан Стевенс, Фенвик, Сэнсом және Ходдл қопарыла шықты. Бұл жерде басқа біреу болса, допты тезірек әріптесіне тастап, бір пәледен тез-ақ құтылар еді... Жоқ, Марадона олай ете алмайды. Сондықтан да ол басқа емес, Марадона.

Сэнсом зу етіп алға шықты да, Марадонаның шылауына оралды. Фенвик – Марадонаны білетін ойыншы. Бапкері Робсон бұған оны қалай бағуды үйреткен. Марадона Сэнсомды да, мұны да қапы қалдырды. Фенвик сол жағын баққан боп қисая берді. Сөйтті де, тура аяққа жетеді-ау деген кезде көз ілеспес жылдамдықпен оң жағын тарпыды. Көзін қатты ашып допты іздеді. Әлі Марадонаның аяғында бара жатыр. Оның алдында Стевенс пен Шилтон ғана қалыпты. Жан ұшыра соңынан жүгірді. Жете алар емес. Бұл босқа жүгіріп келеді. Марадона допты қақпақылдап барады. Қарап тұрсаң, керемет! Аяғы допқа тигені де білінбейді. Бейне бір теңбіл допты жетектеп бара жатқандай. Доп жүгіріп бара жатқан Марадонамен қатар домалап барады. Міне, доп алып жүрудің классикалық үлгісі бұл! Марадона допқа, доп Марадонаға еш кедергі келтірмейді. Қарадай допқа сүрініп кетіп, етпетінен түсетіндер немесе допты бағындыру үшін бір жүгіріп, бір тоқтап жататындар аз ба!

...Стевенс доптың жолына тосқауыл қоюдың қажеттігін сезді. Сезді де, бойына бар қуатын жинады. Ал Марадона болса бұдан қашқақтамай, қақпаға тура тартып келеді. Стевенс оны көрді де, бір орнында қимылсыз қатты да қалды. Марадона әлі келе жатыр. Ол болса сол допты сыртқа қағып жіберуі ғана керек. «Міне, келді... ал теп...». Теуіп қалды. Жерді теуіпті. Марадона Шилтонмен бетпе-бет келді. Шилтон бұдан әрі шыдамады. Бағанадан бәрін көріп тұрған. Бес жігітті қамыстай жапырып кеткен мына Марадонаға тосқауыл болар енді өзі ғана! Қақпадан атып шықты. Сескеніп, тез ұрып жіберсін дегені. Марадона абыржыған жоқ. Қасқайып тарта берді. Шилтонға тіпті тақау келді. «Ә, қателігің осы болар!» деп қуана ойлап өтті Шилтон. Арыстанша атылды аяғына. «Міне, міне...». Допты ұстаймын деп ұмтылған қос қолына алаңдағы шөп қана ілікті. Дереу аунап түсіп, Марадонаның аяғына қол созды... Ол қақпаға барып қалыпты. Марадонамен иық тірескен Фенвикті көрді. Үміт оты қайта жанды.

Фенвик допты да, Марадонаны да көрген жоқ. Әйтеуір оны етпетінен түсіруі керек екенін ғана еміс-еміс сезеді. Ол келіп иығынан қаға бергенде, Марадона «менің спектаклім осымен бітті» дегендей, сол аяғының алқымымен допты торға атты да жіберді. Өзі бұлт етіп оңға ойыса қойды. Фенвик өз-өзінен гүрс етіп жерге құлады...».

Жартылай финалда тағы да Марадонаның қос добының арқасында бас бапкер Карлос Билардоның жігіттері Бельгиядан басым түсті. Финалда да шешуші доп Диегоның тамаша пасынан соң соғылды. Екі дүркін әлем чемпионы атанған (алғашқысы 1978 жылы) Аргентина құрамасының шабуылшысы Хорхе Вальдано болса: «Мексикада біз қалайша жеңіске жеттік, білесіздер ме? Өйткені 21 дені сау ойыншының арасында бір жынды болды. Сол жынды бізге чемпионатты ұтып берді!» – деді.

Марадона бұдан кейін де екі рет әлем чемпионатына қатысты. 1990 жылы күміс жүлдені иеленсе, 1994 жылы ешқандай табысқа жете алған жоқ. Керісінше, кезінде нашақорлығы үшін ұсталып, жазаға тартылған ойыншы тағы да өз командасын қиын жағдайда қалдырды. Нигериямен ойыннан соңғы допинг-тестте оның бойынан тыйым салынған медпрепарат – эфедрин табылды. Сөйтіп, Марадона чемпионатқа мүлде қатыстырылмайтын болды. Ол соңғы ойынын 1997 жылы 25 қазанда «Бока Хуниорстың» құрамында өткізді.

Футбол тарихында Пеледен кейінгі екінші кемеңгер (кейде тіпті бірінші делінеді) ретінде бүкіл әлем мойындаған Диего Марадона осыдан бес жыл бұрын дүние салды. Оған бүкіл әлем жұртшылығы қайғырды. Марадонаның әлем спорты үшін қаншалықты маңызға ие екенін бүкіл жұрт сонда айқынырақ ұғынды.

Диего МАРАДОНА

*Буэнос-Айреске таяу жердегі Ланус қаласында дүниеге келген;

*төрт Әлем чемпионатына қатысып, алтын (1986) және күміс (1990) жүлделерге ие болған;

*әлемдік доп додаларының финалдық турнирлерінде 21 матч өткізіп, 8 доп соққан;

*Аргентина құрамасының сапында 91 ойын өткізіп, 34 гол салған;

*Әлемнің (1986) және Оңтүстік Американың 2 дүркін (1979, 1980) үздік футболшысы;

*«Архентинос Хуниорс», Аргентина (1976-1981, 1995-1997), «Бока Хуниорс», Аргентина (1981-1982), «Барселона», Испания (1982-1984), «Наполи», Италия (1984-1991), «Севилья», Испания (1991-1993), «Ньюэлл Олд Бойз», Аргентина (1993-1994) клубтарында ойнаған;

*Аргентина чемпионы (1981), Италия чемпионы (1987, 1990), УЕФА кубогының иегері (1989);

*Клаудия  есімді әйелі, Дальма және Джаннина атты екі қызы бар;

*2020 жылдың 25 қарашасында қайтыс болды.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1259
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10811