Ақсуатта орыс тілінен алғаш сабақ берген мұғалім
Қамария Қайырбекова соғыстан кейінгі жылдары Семейдің мұғалімдер техникумын ойдағыдай бітіріп, сол кездегі Ақсуат ауданының «Комсомол» колхозындағы жеті жылдық мектебіне мұғалім болып келеді. Көзі қарақты ақсақалдардың айтуына қарағанда, ол уақытта Ақсуат өңірінде орыс тілі пәнінен беретін жастар жоқтың қасы екен. Соғыстың алдындағы ауыр жылдары ауылда орыс тілі пәні түгілі, басқа пәндерді оқытудың жай-жапсары шамалы болатын. Сол кездегі орталау мектептің он жылдық деңгейіне жетуі де Қамария Қайырбекованың іскерлігінің арқасында жүзеге асқан көрінеді.
Жиырма екі жасында аудандық кеңестің депутаты болып сайланыпты
Жоғарыда айтқан Комсомол, қазіргі Ойшілік ауылында тұратын жалғыз туысы, 80-нің сеңгіріне шыққан Гауһар Садықбекова апамыздың мамандығы дәрігер екен. Қамария Қайырбекқызы Жоғарғы Кеңестің мандаты арқылы Мәскеудің мінберінен сол кездегі өркениеттен мешеу қалған Ақсуат, Көкпекті, Аягөз өңірінің алыс ауылдарын жарықтандыру, дала жолын тасжолдарға айналдырып, талай мәдениет үйлерінің қабырғасын тұрғызған қайраткер қазақ қызы Қамарияның осы бір ерліктерін Гауһар апамыздан естіп- білдік.
- 1967 жылдың тамылжыған тамызының соңғы күндері болатын. Ол уақытта Семейде шалғайдан келген ауыл балаларын оқытатын жалғыз қазақ мектеп-интернаты болды.

Жаңа оқу жылының алдында жиналған ауыл балаларын қала мектебінің қыр-сырымен таныстырып жүрген денелілеу, қара торы, қазақ тілінде еркін сөйлейтін орыс апайдың түсі суықтау болғанымен, әзіз жүрегі адамды риясыз тартып тұратындай көрінгені. Бірақ осынау бала біткенді бауырына тарта білген апайымыздың аты-жөнін алғашқы күні біле алмадық.
Ертесінде мектептің қалыптасқан дәстүрі бойынша мұғалімдер ұжымын таныстырды. Бізді оқытатын мұғалімдердің барлығы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еңбек сіңірген мұғалімдер, тіпті, қайсыбірінің ғалыми атағы да бар болып шықты. Содан кезек бізді жетелеп жүрген мұғалімге де келді. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, орыс тілі пәнінің мұғалімі – Қамария Қайырбекова екен. Жарықтық жасындай жарқылдаған өткір әрі білімді болса да, сондай қарапайым еді, – деп еске алады зейнеттегі дәрігер апа.
«Жас келсе – іске» демекші, ауылдастары сол кезде-ақ, небәрі 22 жастағы Қамарияны аудандық кеңестің депутаттығына сайлаған. Міне, осылай кеңес жұмысына әу бастан белсене қатысып, еңбекшілердің мұң-мұқтажын шеше білген, соғыстан кейінгі жылдардағы ауыл мәдениетінің өркендеуіне, жастардың сауатты-салауатты өмір сүріп, қоғам шаруаларына белсене араласуына осы Қайырбекова өзінің қайраттылығының арқасында ерекше тер төгіпті. Ол жоғары білімді, жоғары санатты алғашқы ауыл мұғалімі бола білген көрінеді.
Сол кезде аудан бойынша орыс тілі пәнінің алдыңғы қатарлы мұғалімі болғандықтан, оны 1957 жылы аудан орталығындағы орта мектепке ауыстырады.
- Әлі есімде, Қамария мұғалім әңгімесінің басында: «Мен Ақсуатта әмбебап болдым ғой, балалар» - дейтін. Расында да, ол сол уақытта мектептен тыс комсомол жастардың жұмысы мен халық сотының аудармашысы сияқты шаруаларды атқарып, қысқасы, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген. Бұл ауыл баласы орыс тілінің грамматикасын өзі жете меңгерген бай ана тілімен байланыстыра оқытып, тілді меңгерудегі шеберлігін түрлі әдістемелермен толықтырып, ауыл мектептеріндегі орыс тілін оқытуды үнемі дамытудың арқасында тіл мәдениетін еркін меңгерген екен.
Мен сол қарапайым ауыл мұғалімінің болмысы мен айрықша қасиеттерін, осынау өлкеге жасаған жақсылықтарын бүгінгі ауылдастарының көбі білмейтінін аңғардым. Аудандық мұрағатта ол жайында аса мәнді мағлұмат болмады. Тек ауданның өлкетану мұражайынан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринмен түскен сарғайған суретін ғана кездестіргеніміз бар. Семейдегі біз оқыған мектеп қаладағы жалғыз қазақ мектебі болған соң, жан-жақтан белгілі қоғам қайраткерлері, даңқы жер жаратын азаматтар жиі келетін.
1969 жылдың 19 мамырында мектепке Мәскеуден ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Герман Титов келетін болады. Дәл осы күн Бүкілодақтық пионерлер күні еді. Қасында әскери адамдары бар даңқты ұшқышты мойнына галстук байлаған балалар қарсы алса керек. Кездесуді Қамария Қайырбекқызы өзі жүргізіпті. Сол жерде ұстаз ел мен жердің тарихын терең білетінін бірден аңғартқан көрінеді. Ол ұлы Абайдың туған өлкесі туралы толыққанды айтып өтеді. Оның сөзінен Абайды әлемге танытқан ұлы жазушы Мұхтардың, Қаныштың осы қалада оқып, білім алғанын естігенде, жайшылықта анау-мынау сөзге мән бермейтін әскерилер танадай тынып тыңдаған көрінеді.
Гагаринді сөзден жаңылдырған
- Қамария апайдың сабақ беру әдісі мүлде бөлек болатын. Орыс тілі мен әдебиетіне құлқымыз болғанымен, қазіргідей емес, ауылдан келген көген көздердің барлығы орысшаға шорқақ болатын. Сөйтсе де, бір байқағаным, олар әдебиетке айрықша ықыласты болатын. Әсіресе, жоғарғы сыныптарға келгенде ол әлемнің ұлы классиктерінің: үнді «Ромаянасын», орыстың «Игорь жорығын», қырғыздың «Манасы» мен өзіміздің Қобыланды мен Алпамысты, қойшы, әйтеуір күллі фольклорды түгел көтеріп шығатын. Бір әңгімесінде оның Мәскеуге барған кезінде жер жаһанды таңғалдырған тұңғыш ұшқыш-ғарышкер Юрий Гагаринмен бір сессияда ұзақ тілдесудің сәті түскенін майын тамыза айтып бергені бар.
- Гагарин өте қарапайым адам сияқты көрінді. Тек бір тұстарда туған жері мен орыс орманын жеріне жеткізе мақтап, көпіріп кетті. Намысым келіп, бірден:
- Юрий Алексеевич! Сіз жерге аман-есен қонған Қарағанды облысын білесіз бе? - дедім.
- Білгенде қандай?
- Ендеше, сол өңірдегі жер жәннаты саналатын Қарқаралы – менің туған жерім, оның самырсын, қарағайы қандай! - дедім. - Ол еріксіз басын изеді, - деді ұстаз.
- Юрий Алексеевич те Жоғарғы Кеңесте туған өлкесіне, әсіресе, Мәскеу жастарына көп жақсылық жасады. Ондайда мандат иеленіп отырған өзге ұлт өкілдері жанталасып жүріп, көп мәселені шешетін. Бір барғанда тағы бір нәрсенің ұшығын шығаруды ойлап, айтысып-тартысып жүріп, сол ауылдар үшін талай министрдің табалдырығын тоздырдым, - дейтін.
- Талай талантты жанына жақын тартқан осы бір кішіпейіл жанның жадымызда сақталмай бара жатқаны қынжылтады. Бүгінде осы бір ұлағат иесінің ұрпақтары Алматыда тұрады. Ал саналы ғұмырының ширек ғасырын өткізген ауданда оған тым болмаса көшенің аты бұйырмағанына қамығады екенсің, – дейді Қамарияның ескерусіз қалғанына налыған Гауһар апай.
Бәлкім, уақыттың талабы солай шығар... Дегенмен, жергілікті билік басындағы білікті азаматтар ойланар. Олар қазақтың қайсар қызы Қамарияны еске алу шараларын ұйымдастырып жатса, алғыстан басқа айтарымыз болмас еді.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.
Дереккөзі: «Дидар» газеті
Abai.kz