Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Ғибырат 12972 12 пікір 1 Наурыз, 2024 сағат 12:49

Қайсар рухты ғазиз жан

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Қазақ мәдениеті мен  руханиятының көрнекті қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің әкесі – ұлт әдебиетінің алыбы, әлем әдебиетінің үздік классиктерінің бірі Мұхтар Әуезов туралы отандық әдебиеттану ғылымында «Мұхтартану», «Әуезовтану» деп аталатын тұтас ғылым саласы қалыптасқан. Кемеңгер жазушы өмірінің әр кезеңі, оның әрбір шығармасы жайлы әлемнің алуан тілінде жүздеген, мыңдаған мақалалар, зерттеу еңбектері мен монографиялар,  «Мұхтар Әуезов» атты арнайы энциклопедияға дейін жарық көрді. Сол себепті біз әңгімені Мұрат Мұхтарұлының анасы Фатима Ғабитованың  ғұмырнамасынан бастағанды жөн көрдік.

Фатима Ғабитова. Отызыншы жылдар.

Қазақ тарихында өшпестей із қалдырған ұлтымыздың үш бірдей арысына адал жар болып, Алаштың ардақты азаматтарын сүйсіндірген, етегінен ұл мен қыз бірдей саулаған осы бір ғазиз жан туралы кеңес заманында там-тұмдап жазылғанымен, оның жанға ашпаған сырға толы жазбалары тек тәуелсіздік тұсында ғана толықтай жарық көрді.

Өткен ғасырдың соңында, яғни 1998 жылы «Атамұра» баспасы Фатима Ғабитованың әр жылдары жазылған күнделіктері, жазбалары, өлеңдері мен хаттары, естеліктері мен толғаныстары топтастырылған «Өртеңде өнген гүл» атты жинақты басып шығарды.

Кітаптың қолжазбасы түгелдей менің қолымнан өтті: тартқан азабы мен көрген мехнаты, қайғы-қасіреті мен мұң-зары бір адамның басына жетіп артылатын шерлі жүрек сұм заманның сұмдықтарын сол қалпында баяндаған. Біз қолжазбаға қылдай қиянат жасамастан, қаз-қалпында шығардық.

Қазақтың саяси күрестерде шыңдалған, қуғын-сүргін атаулының талайын көрген, кейбірі патша түрмесіне дейін отырып шыққан аптал азаматтары жантүршігерлік азаптарға шыдамай шарт сынып, морт кетіп жатқанда, нәзік жаратылыстылар қатарындағы Фатима апамыз үнемі алдынан шыға берген қисапсыз қиындықтарға мойымаған, қайтпаған, қайсар мінез танытқан.

Қаймана қазаққа қарақан басын асырау мұң болған кезде ол үш арыстан туған алты баласын түп-түгелімен аман-есен жеткізіп, білімді, өр мінезді, отаншыл азаматтар қатарына қосады.

Байтал түгіл бас қайғы болып, жазған-сызғандарын былай қойғанда, ер азаматтар қанды қасапқа түскенде, күйеулерінің қаламынан шыққан әр туындыны, қылаяғы бір жапырақ қағазға шашылып түскен жазбаларына дейін қызғыштай қорып, жақсы күндерге жеткізе білді. Әсіресе, қазақ поэзиясының алыбы Ілияс Жансүгіров ақталғанда оның 6 томдық шығармалар жинағына енген ұлт әдебиетінің баға жетпес байлығының басым көпшілігі дәл осы Фатима анамыздың құпия сандығынан шығады.

Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сияқты әрқайсысы тау тұлғалы азаматтарға жар болған Фатима Ғабитова деген қайсар рухты ғазиз жан кім еді? Бұл сұрақтың жауабын оның өз жазбаларынан табамыз.

Фатима апамыз қазақ қоғамы оянып, оның ойы мен қырында саяси күрестер белең алған шақта, Жетісу өлкесіндегі Қапал қаласында 1903 жылы ауқатты татар көпесі Зайнолла Ғабитовтың отбасында дүниеге келіпті. Бір қызығы, Бабыр мен Дулати еңбектерінде аты аталатын ортағасырлық Алматының орнына 1854 жылы Верный бекінісінің іргесі қаланғанда Қапал ресми түрде қала мәртебесін иемденген, сауда-саттығы дүркіреп тұрған шаһар еді.

Әкесі Зайнолла мезгілсіз қайтыс болғанда (кей деректер бойынша бақтасқан ағайындары у беріп өлтірген) Фатима 6 айлық бала екен. Осылайша жасы  24-ке енді ғана толған анасы Ғайнижамал Рәзия, Мәрзия, Фатима есімді үш қызымен жесір қалып, күйеуінің соңындағы мол дәулеттің шашауын шығармай, қыздарын өсіріп-жеткізуге жұмсайды.

Ғайнижамал мен оның қыздары: Рәзия, Фатима және Мәрзия.
1918 жыл.

Бұл кездегі Қапал үлкен қала ғана емес, әйгілі Маман би мен оның іскер, ұлтжанды ұлдарының арқасында қазақ даласындағы оқу-ағарту ісінің елге танылған орталығы да еді. Фатима туған 1903 жылы Қапалдың маңындағы Қарағаш деген жерде Маман ақсақалдың ұрпақтары Уфадағы «Ғалия» медресесінің үлгісі һәм оқу бағдарламасымен алғашында «Маман» жәдит, яғни жаңаша оқу мектебін салып, кейін оны «Мамания» деп аталатын бүгінгінің колледждерімен иықтас іргелі оқу орнына айналдырады. Татар және қазақ мұғалімдері сабақ берген бұл мектепте Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіров те оқиды.

Фатима апамыздың жазбалары бойынша ол бастапқы білімді өз үйінде, анасынан алған екен. Кейін әуелі Қапалдағы орыс мектебі мен «Якобие» қыздар медресесінде білімін жалғастырған. Бұл туралы ол өзінің «Бел-белестерде» деген естелігінде: «Жетісуда татар, қазақ көпестерінің қаражатымен ашылған Алматыда «Исақия», Қапалда «Якобие», Қарағашта «Мамания» мектептері бар еді», – деп жазады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Қапалға Орталық Азиядан немістер қоныс аударыпты. Солардың ішінде Карл Кайзер дейтін банкир Франкфурт университетін бітірген Ида деген неміс, француз тілдерінде еркін сөйлейтін әйелімен бірге Фатиманың әкесі кең-молынан салдырған флигельді үйде пәтер жалдап тұрады. Дәл осы әйел үш қызды қаз-қатар отырғызып, оларды неміс, француз тілдеріне жатықтырып, Еуропа әдебиетінен мол мағлұмат беретін дәрістер оқиды. Қыздардың музыкаға қабілетін байқап, пианинода ойнауды үйретеді.

Бұл кезде он жастан енді ғана асқан, әр нәрсені білмекке құштар Фатима фрау Ида үлгісінің бәрін қағып алып, естігенін жадында тоқып отырған. Кейін тұрмысқа шыққанда оның үйінде сол замандағы қазақ зиялыларында сирек кездесетін пианино болған. Апамыз дүниеден өткенде балаларына мұра ретінде екі бірдей күйсандық қалыпты және оны кімге беретінін өз қолымен жазған өсиетінде көрсетіп кетіпті.

Фатиманың Мәскеу мен Санкт-Петербургте оқыған Алаш арыстарын таң-тамаша қалдырған  жан-жақты білімі мен бекзаттық болмысы осылай қалыптасыпты.

Азамат соғысы жылдарында орыс-қытай шекарасының өтінде тұрған Қапал қаласы, жалпы Жетісу өңірі  өзара қырқысқан ақ пен қызыл тарапынан көп шабындыға ұшырайды. Апамыз бұл туралы да: «Большевиктер қыздарды ықтиярсыз алады екен (тартып алады екен) деген дақпыртпен жеңгем Мәрзия екеуімізді нағашы шешемізбен Ақсуға аттандырып, өзі Қапалда қалды. Мәрзия 16-да, мен 15-те едім. Бұл үрку халыққа аса ауыр болды. Үріккен елдің жарымынан көбі өлді», – деп жазады басынан өткен алғашқы босу туралы.

Большевиктер қыздарды ықтиярсыз тартып алып қана қойған жоқ, жазықсыз халықты да қынадай қырды.

Қызыл әскерлердің Иван Мамонтов деген баскесер басқаратын жазалаушы отряды 1918 жылдың жазында Верный мен Қапалдың арасын қанға бояйды. Қапалда ешбір сотсыз, тергеусіз 12 ауқатты адамды жұрт алдында атып тастайды.

Мамонтов отряды бұдан кейін Үшарал мен Үржардың арасын лаңдап, Мақаншыда ақгвардияшыл штабс-капитан В.Н. Виноградовтың отрядымен болған шайқаста қаза табады. Бұлардың жасаған жауыздықтарын Жетісу халқы ұзақ жылдар бойы ұмытқан жоқ.

Кеңес заманындағы ғылыми әдебиетте қызылдар әрекетіне үнемі әділдік, теңдік орнатушы ретінде баға беріліп, ақтар жағы ылғи жамандалып, қараланып отырды. Фатима бұлардың екеуін де оңдырмай сынап, туа біткен тік мінезімен бетпердесін аяусыз сыпырады.

Генерал Дутов, генерал Бакич, атаман Анненковтың шұбырған әскерлері де Қытайға Жетісудан өтеді. Ақтар да ойына келгенін істепті. Бұл туралы Фатима апамыз: «Ақсу ақтың панасы болғалы жергілікті елге де үлкен апат болды. Өлер алдында қандай жыртқыш болса да, ең соңғы күшін жинап айбар қылғандай, ақтар да қарап жатпады. Қырып-жойып әскері Қапалды алды. Ақсуды албастыдай басқан ақтар қаншама тістенсе де, асудың алдында аласұрса да, тұрақтап тұра алмай, Алатауды асып, Қытайға кетті», – деп жазады аласапыран заманның ақиқат шындығын кәнігі жазушыдай көркем тілмен кестелеп.

Осындай ақ пен қызыл арпалысып, аңдысқан заманда аяқастынан арандап қалмау үшін Фатима анасы Ғайнижамалдың батасын алып, бұл кезде жергілікті большевиктер жағында қызмет істеп, іскерлігімен елге танылып қалған Біләл Сүлеев деген азаматқа 1918 жылы тұрмысқа шығады.

Фатима мен Біләл

Фатима апамыз алғашқылардың бірі болып сталиндік қуғын-сүргінге түсіп, ақыр аяғында репрессияның құрбаны болған, отандық оқу-ағарту саласының көрнекті қайраткері туралы «Біләл Сүлеев кім?» деген өмірбаяндық деректерге толы естелік қалдырды. Онда: «Б. Сүлеев 1917–18 жылдардағы оқу жылында Қапал қаласындағы татар мектебінде мұғалім және оқу ісінің басқарушысы болып қызмет атқарды. Менімен Біләл сол мектепте танысты. Біләл – асқан ақылды, келешекті терең болжай алатын ардақты азамат болатын», – деп екеуінің алғашқы таныстығы мен күйеуінің бойындағы абзал қасиеттер жайынан хабар береді.

Біләл Сүлеев. 1925 жыл.

Сол жылдары әрдайым жарының жанынан табылған Фатима апамыздың деректеріне сүйенер болсақ, Б. Сүлеев Азамат соғысы кезеңінде Жетісу өңірінде мектеп ашу, оқу-ағарту жайы және кедейлікпен күрес шараларын ұйымдастырумен айналысқан екен.

Жиырмасыншы жылдардың ортасында Біләл Жетісу облыстық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1928 жылы 1 қыркүйекте мұның алдында Қазақстанның Оқу-ағарту халық комиссары болып істеген Смағұл Сәдуақасовтың белсене араласуымен Алматыда тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ мемлекеттік университеті ашылып, оның алғашқы ректорлығына Санжар Асфендияров тағайындалады. Фатима осы мүмкіндікті пайдаланып, бір кездегі «Якобие» қыздар медресесінде алған білімін жалғастыру үшін жаңадан ашылған университеттің филология факультетіне оқуға түсіп, Ахмет Байтұрсынов сияқты ғұламаның өзінен дәріс тыңдайды.

Біләл 1928 жылдың соңына дейін Алматыда болып, облыстық оқу-ағарту, ғылым-білім, мәдениет мекемелеріне басшылық жасайды. Кейін Қазақстанның өзге өңірлерінде түрлі лауазымды қызметтер атқарыпты. Фатима апамыз бұл туралы: «1928–29 оқу жылдарында Біләл Ақтөбеге облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады», –деген  нақты мағлұмат қалдырады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы 20-жылдары орын алған әкімшілік-территориялық межелеу нәтижесінде республика астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілгенде Орынбордағы мұғалімдер институтын – Оралға, ал Ташкенттегі мұғалімдер институтын  Семейге орналастыру сияқты аса жауапты да сауапты іспен бұл салада тәжірибесі мол Б. Сүлеев айналысады. Оны да Фатима апамыздың естелігінен табамыз.

Семейге көшірілген пединституттың алғашқы ректоры болып Б. Сүлеев тағайындалады. Ол заманда жоғары оқу орындарын бір республикадан екіншісіне көшірудің машақаты өте қиын еді. Көптеген мәселелер жергілікті жерде осыған тікелей жауапты адамдардың қатысуымен шешілетін. Осындай қат-қабат шаруалардың бәрінің бел ортасында күйеуіне серік болып, білгенінше ақыл қосып, орысша жазу-сызуға жүйрік Фатима жүреді. Бұл туралы ол: «30-жылдың жаз айларында құйын қуған қаңбақтай тұрақтап бір қалада тұра алмай, Ақтөбеден Орынборға, Орынбордан Оралға, Оралдан Ташкентке, Ташкенттен Семейге сапар шеккеміз», – деп жазады.

Оқу-ағарту саласында зор қайрат көрсеткен Біләл Сүлеевті ОГПУ                  1930 жылы тамызда қамауға алып, 1932 жылдың 5 қыркүйегіне дейін Алматы абақтысында ұстайды. Дәл осы кезде Сүлеев отбасымен жақын араласқан, оның үйінде талай мәрте қонақта болып, Фатиманың қолынан дәм татқан Мұхтар Әуезов пен Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Әлімхан Ермеков те Алматыдағы ОГПУ түрмесіне отырған еді.

Қапастан босап шыққан Біләл ендігі жерде соңына шам алып түскендер Қазақстанда тыныш таптырмасына көзі анық жеткен соң бойтасалап Ресей жағына кетеді. Кейін Мәскеудің ұйғарымымен 1934–37 жылдары Қарақалпақ АКСР-інің Оқу-ағарту халық комиссары қызметін атқарады. Осы кезде ол екінші рет қамауға алынып, ақыр соңында репрессия құрбаны болады.

Фатима мен Біләлдің арасы жиырмасыншы жылдардың соңына қарай суи  бастаған сияқты. Оған Фатиманың 1927 жылдың 21 қаңтары күні жазған:

«Қорқытасың мені әрдайым, Үрейімді аласың. Жоқ, Біләлжан, Ойлап қара, Мен де адам баласы. Қорлауыңа, кірлеуіңе, Сонша көне қоймаспын», – деген жыр жолдары куә.

Фатима мен Біләлдің отбасы. Анасы Ғайнижамал, Фатима, Фарида, Жәнібек және Біләл Сүлеев. 1925 жыл.

Біләл Ресейге кетіп, Қазақстанға қайтып оралмайтын сыңай танытқан соң, Фатима 1932 жылы онымен ресми түрде ажырасады. Біләлдің бұдан кейінгі отбасылық тағдыры бізге беймәлім.

Фатима Біләлдан Фарида есімді қыз, Жәнібек пен Азат есімді екі ұл сүйген. Үлкен қыздары 1930 жылы 15 қаңтарда қайтыс болып, анасы зор қайғыға ұшырайды. Өзегін өртеген мұң-зарды: «Онға толып, 15 күн асқан шақта, Тәтеңді зар еңіретіп тастап кеттің», – деген жыр жолдарына төгеді.

Фатима Біләлдан көрген арыстай екі ұлын әкесінің көмегінсіз-ақ ер мінезді, намыскер азаматтар етіп өсіреді.

Аналық мейірмен көптеген жыр жолдарын арнаған Жәнібегі өзі сұранып майданға аттанып, 1943 жылы ерлікпен қаза табады.

Әкесінің еш жазықсыз «халық жауы» деген жалған жаламен атылып кеткеніне қатты күйзеліп, бойын ыза-кек буып, намысқа  шапқан Жәнібек майданға кірген алғашқы күннен бастап-ақ қаһармандықпен соғысады.

Тарих ғылымының докторы, профессор Л. Ахметованың деректері бойынша қызыл әскер Ж. Сүлеев Смоленск түбінде болған шайқаста неміс мергенін атып түсіріп, қаруластарының шабуылға шығуына жол ашады. Соғысқа кірген 4 ай ішінде ерлігімен көзге түсіп, екі рет әскери марапатқа ұсынылады. Есіл ер өзі ие болған «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін» деп аталатын қос бірдей медальді қолына ұстап үлгерместен, 1943 жылы майданда алған ауыр жарақаттан небәрі 20 жасында көз жұмады.

Тұла бойы тұңғыш қызы Фаридадан жастайынан айырылып, қайғы жұтқан Фатимаға болашағынан зор үміт күткен ер ұлының қыршынынан қиылуы қатты батады. Ол аһ ұрған  ащы зарын қазақтың жоқтау үлгісіндегі жыр жолдарымен жеткізеді. Махамбеттің «Мұнар күніне» ұқсас өлең Фатиманың ақындық талантының да осал еместігін айқын танытады. Оның: «Тұман-тұман, тұман күн, Тұманданған бұл қай күн... Тұйғындай қырғи түйілген, Тұман күнгі қыран кім?.. Қабағынан қар жауған, Қарсы алдынан оқ жауған, Ел жауына аттанған, Ту көтерген ұлан кім?..» – деген жоқтауы кімді де болсын тебірентпей қоймайды.

Қаһарман ұлының мезгілсіз келген қазасын қайсарлықпен көтере білген Фатима бар күшін Біләлдан қалған соңғы тұяқ – Азаттың тәрбиесіне жұмсайды. Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап, түрколог мамандығын таңдаған Азат Сүлеев ұзақ жылдар ғылым саласында еңбектеніп, бертінде – 1997 жылы қайтыс болды. Азаттың ұлы бізбен дос-жар қатынастағы Жәнібек Азатұлы Сүлеев – бүгінде Қазақстандағы танымал журналистердің бірі.

Аралары ертерек суып, өмірінің кейінгі кезеңінде хабар-ошарсыз кеткен алғашқы жары Біләлға деген құрметінен жазбаған Фатима оның ақталуына да зор үлес қосты. Сүлеевке тағылған жалған айыптар алынып, есімі халқымен қайта табысқан соң Біләлдің өмірі, қызметі, шығармашылығы туралы мол мағлұматтар беретін естелігіне «Мен білетін Біләл Сүлеевтің шығармалары» деген тізім қосып, болашақ зерттеушілерге бағыт-бағдар болсын деп оның «Қаптағай», «Бұйрас» және «Матай» (бұл лақапты апамыздың жазуынша 20-жылдарда Біләл ойлап тауып, өзі пайдаланған екен, кейін талант күші зор ақын інісі Ілиясқа сыйлапты)  деген бүркеншік аттарына дейін атап көрсетеді.

Фатима Біләлға тым ертелеу, әлі оңы мен солын танып үлгермеген 15-тен 16-ға қараған шағында шыққан. Бұл – Қапалға Сібірден талқандалып, тоз-тозы шыққан ақтардың  жөңкіле ағып, елдің астан-кестенін шығара ойрандап, ойына келгенін істеп жатқан кез. Сүйкімді, сұлу әрі білімді Фатимаға қазақ, татардың ең мықты азаматтары көз салып, сезімін білдіре бастаған. Әрине, орысша сайрап тұрған қызға ақтың офицерлері  де сұғанақтана көз тастайды. Бұл туралы Фатима естелігінде: «Көшеде көрінсем-ақ  төңірегіме толып кететін  офицерлерден  қорқып мен де үйден шықпайтынмын», – деп жазады.

Міне, осындай аласапыран заманда бойжетіп, үлбіреп отырған қызын тездетіп құтты орнына қондыруға анасы да, теңін табуға Фатиманың өзі де мүдделі болған сияқты. Оның үстіне анасы екеуі күн сайын ел ішінде беделі артып келе жатқан Біләлдің жай-күйінен, адамгершілік асыл қасиеттерінен жақсы хабардар еді.

Фатиманың алғашқы махаббатының сәтсіз аяқталуына сұм заман кінәлі болды. Үнемі тасы өрге домалап, тек мақтау ғана естіп үйренген, жасы әлі 30-ға толмаған азаматтың аяқастынан абақтыға жабылып, түрме азабын тартуы Біләлді қатты есеңгіретіп,  есін шығарып жіберсе керек. Ол қамаудан босағанда Қазақстанды зұлмат аштық жайлап, оның соңы елдің әр тұсынан ереуілдеген қарулы көтерілістерге, совет өкіметіне қарсы бас көтерулерге  ұласады.

Осыны пайдаланып қалған Голощекин билігі жаппай қуғын-сүргінді бастап жібереді. Өзінен зор азаматтардың түрмеге тоғытылып, Ж. Аймауытов сияқты сол заманның өзінде қазақ әдебиетіндегі асқан талант ретінде мойындалып үлгерген қайраткер жазушының ату жазасына кесілуі  Біләлді қатты шошындырады. Қазақстанға келе қалған жағдайда өзін тек өлім ғана күтіп тұрғанын сезген ол Ресейге кетуге мәжбүр болады. Онда да саясатқа араласпай, өндіріс орындарын жағалайды.

Үш баласымен жалғыз қалу Фатимаға  оңай түспейді. Екеуара жазысқан хаттарына қарағанда Біләл алыста қалған жарына қарайласып, қаржылай көмек көрсетіп отырған. Әрине, бұл жас келіншекті тұрмыс жағынан демегенімен, алабұртқан көңілін демдей алмаған. Фатиманың Біләлға                       1930 жылдың 8 наурызында жазған соңғы хаттарының бірінде басындағы халін құдды бір Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуының» кейіпкерлеріндей: «Күн сайын жүдеудемін. Қанша көңілімді көтеріп, ұмытайын десем де ұмыта алмаймын. Күндіз ештеңе де емес, түнге кірсем бір пәле, түк ұйықтай алмай шығамын», – деп жазады.

Иә, мұның аяғы ажырасумен тынады.

Фатима мен Ілияс

Ілияс Фатимаға 1932 жылы үйленген, бірақ екеуара таныс-білістік ертеден – сол баяғы «Мамания» мектебінен, Ақсу мен Қапал аралығында өткен жастық шақтарында басталған сияқты.

Бұл туралы Фатима апамыз естелігінде: «Ілиястың 1919–1938 жылдар аралығындағы он сегіз жыл өмірі менің көз алдымда өтті», – деп екеуінің ертеден-ақ таныс-біліс болғандығын нақпа-нақ көрсетеді.

Фатиманың  Біләлға  жазған хаттарында үнемі Ілиястың да есімі аталады. Ол 1928 жылдың 25 желтоқсанында: «Қызылордадан Жұмат арқылы Ілияс хат жазыпты», – десе, арада екі күн өтпей жолданған хатта: «Ілияс Алматыдағы бүкіл елге хат жазып, сенің жазушы болғаныңды жариялап отыр», – деп жазады.

Ілияс Жансүгіров, 1923 жыл.

Ақтөбеден  1930 жылы  Біләлға жолданған хатта: «Заказной қылып бүгін Ілиястан хат алдым. Менің тапсырмамды орындап «бірдеңе жазармын» депті. Патимасы босанып, ұл туыпты. Атын  Саят  қойса керек», –  деген жолдар бар.

Соған қарағанда, Біләл мен Ілияс  ағайынды жігіттердей араласып, бір-біріне тілеуқор болып жүрген. Сол себепті Ілиястың өміріндегі бар жаңалықтан Фатима да үнемі хабардар болып отырған.  Жоғарыда «өмірі менің көз алдымда өтті»  деп жазуы осыдан болса керек.

Ілиясқа  күйеуге шығатын 1932 жылы Фатима Алматыда Ф. Голощекин атындағы (солай аталған) Өлкелік коммунистік университетте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүріпті.  Тұрмыс құрған соң Оқу-ағарту халық комиссариатының әдебиет пен өнер бөліміне қызметке ауысады.

Бұл жылдары ағарту, оқу-білім саласында есімі зиялы қауым арасына кеңінен танылып, зор бедел жинаған Біләлдің арқасында Фатима да қазақтың игі жақсылары алдында сымбатты көркі, тәрбиелі қалпы, ақыл-парасатымен көзге түсіп үлгереді.

Ілиястың Фатимаға жазған хаттарынан ақынның оған деген ынтызар-ынтықтығы бұрынырақта басталғаны аңғарылады. Бірақ ол кездерде екеуі де сезімді ақылға жеңдіріп, сабырлық сақтағанға ұқсайды.

Фатимаға дейін  Ілияс 3 рет үйленген екен. Алғашқы әйелі Жәмиға күйеуінен ертерек жесір қалыпты. Жәмиғаның күйеуі Ілиясқа нағашы болып келетіндіктен, екеуін қазақы дәстүр – әмеңгерлік жолымен ағайындары қосыпты. Бұдан кейінгі өзі қалап алған жары Аманша Ілияс Мәскеуде коммунистік журналистика институтында оқып жүрген кезде – 1925 жылы толғақ  үстінде қайтыс болыпты.

Ілияс үшінші әйелі есімі біздің кейіпкермен аттас Фатима Төребаевадан Саят және Сайра деген екі перзент сүйеді. Көңілдері жараспаған соң онымен 1931 жылы ресми түрде ажырасады. Кейін Фатима Төребаева Ибади Таукенов деген  азаматқа тұрмысқа шығады. Дәл осы кезде Ілияс Фатима Ғабитовамен көңіл қосып, оның соңы екеуінің отбасы құруымен аяқталады.

Ілияс Фатима Зайноллақызымен отасқанда орда бұзар отыздың биігінде, тұп-тура 38 жаста екен. Күш-қайраты мен таланты тасқындап, атақ-даңқы шарықтап шыға бастаған кезі.

Ілияс Фатимаға күйіп-жанып, өліп-өшіп ғашық болған, бүкіл жан-жүрегімен құлай сүйген. Ол ақынның сол жылдары Фатимаға жазған хаттарынан сезіліп тұрады.

Соның бірнешеуіне кезек беріп көрейік:

«Сені ойлау – соншалық тәтті, соншалық ыстық. Тек жақын жүргенде, жуық жатқанда – ыстық құшақтап үйреніскен сүйістен еш нәрсені елемейтін көрінем. Сенің суретің. Сенің көзің, қарала көзің, тәтті тілің, балаша еркелеп, аузыңды бұртыңдап  сөйлеген сөзің – бар қиялым, бар қызығым қазір осы. Сені ойлау – маған ең тәтті. Жаным, сағындым! Суретіңді елестетіп сүйемін. Сүйе, сүйе отырмын». Бұл хат екеуінің қосылғанына тура 1 жыл өткен соң – 1933 жылы жазылған.

Тағы сол 1933 жылы жазған хаттардың бірінен: «Мен кітап оқып жатырмын. Кітап қандай көңілді! Мазмұны қандай күшті! Тілі қандай тәтті!.. Қанымды, жанымды – бәрін осы кітабым билеп алған. Қолымдағы кітабымның құшағына толық кіргенмін. Қайратымды қоздырып, жігерімді көтергендей. Кітабымның аты «Фатима» еді», – деген жолдар Ілиястың оны жүрек отының бар қызу-қуатымен, жалындап, лапылдап сүйгенін көрсетеді.

«Жаным, сағындым. Өзіңді сүйдім, құштым!» 1934 жылдың 11 наурызындағы хаттан.

«Кеше Мәскеуге келдім. Сенсіз жер аралау маған көңілсіз, түк қызығы жоқ сияқты. Тек көңілсіз, мүсәпір болып қаламын. Қош, жаным, сүйдім». Бұл хат 1934 жылы Мәскеуден жолданған.

«Сен поезыңды, вагон нөмірін айтып осы адреспен маған шығарда телеграмма бер. Мен вокзалдан күтіп алам. Түскен жерде вагонның алдына шығып, түсіп күт. Болатхан, Әбділдаларды билетке отырғызуға жек.  Пәтимам, жаным, сүйдім сені!» Сүйген жарының асты-үстіне түсіп бәйек болған қамқорлыққа толы бұл хат та 1934 жылы Мәскеуден жіберілген. Сол жолы Фатиманы қарсы алуға вокзалға Ілияспен бірге Бейімбет те келіпті.

Фатиманың отбасылық мұрағатында сақталған Ілиястың соңғы хаты абақтыға жабылған соң жолданғанға ұқсайды. Онда: «Қош, құлағыңның астынан сүйдім. Сен де Азатты еркелетіп, бопаны сыйпап қой. Қош, тағы да сүйдім. Кешке суықтау болады. Көрпем рақат болды. Жып-жылы болып, сені құшақтап жатам, құшып сүйіп...» – деп жазылған. Мұндағы «бопа» деп отырғаны өзі НКВД түрмесіне түскен соң дүниеге келген кенжесі Болат деп шамалаймыз.

Ешбір түсіндірмесіз-ақ өздері сөйлеп тұрған бұл хаттарды арғы-бергі қазақ әдебиетінде бірдей мойындалған, қазақ поэзиясының классигі ретінде танылған ақынның шын сүйген жүректен шыққан жан сыры, оттай ыстық махаббат иелерінің үнсіз үн қатысуы деп қабылдаған жөн.

Ілияс Фатиманы алақанына салып аялап қана қойған жоқ, оны ешбір әсірелеусіз  әлемдегі ең бақытты әйелдердің қатарына қосты. Өмірдің бар қызығын көрсетіп, бал шәрбатын ішкізді.

Шексіз, құлай беріліп сүйген жармен өткізген бақытты жылдар Ілиястың талантын да, қайраткерлігін де жарқырата ашты.

Ол 1932 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет құрылғалы тұрған Жазушылар одағын ұйымдастыру жөніндегі комиссияға басшылық жасап, 1934 жылы оның алғашқы төрағасы болып сайланды.

Фатимамен жұптық өмір сүрген 1932–37 жылдарда Ілиястың таланты жанартаудай атқылап, қазақ әдебиетінің інжу-маржанына айналған ғажайып шығармаларын дүниеге әкелді.

Жастайынан армандаған жанмен табысу Ілиястың шабытына шабыт қосады. Оның шығармаларының шыңы саналатын «Құлагер» мен «Күйші» поэмасы, «Кек» және «Исатай–Махамбет» пьесалары, әуел баста трилогия ретінде жоспарланған «Жолдастар» романының алғашқы кітабы ақынның бабы мен бағы қатар шапқан осы берекелі жылдарда жазылды.

Отызыншы жылдарда Қазақстан сияқты алып республиканың Жазушылар одағын басқарған Ілиястың шығармалары орыс және одақтас республика халықтарының тілдеріне аударылып, оның даңқы бүкіл Кеңес Одағын шарлап кетті. Осы тұста Фатиманың бірге туған үлкен әпкесі Мәрзия Ильдарованың естелігіндегі мына бір жолдарды келтіре кетсек артық болмас.

«1937 жылы қаңтарда Ілияс Тәжікстандағы Орджоникидзеабад ауданына келді. Мен ол ауданда бірінші хатшы едім. Вокзалдан қарсы алдым. Жеңіл машинамен ауданға келе жатырмын. Ойлап келемін, мен кімді машинамен алып келе жатырмын? Ғажайып талант иесі, Қазақстанның құмынан иә тауынан табылған саф алтын – самородок! Не деген қадірлі, не деген аяулы жан еді мұның өзі! Бүкіл Шығыс елдеріне ұран болғандай «Гималайды» жазар ма еді, бұл?» – деп тебірене толғайды. Мәрзияның «Гималай» туралы «бүкіл Шығыс елдеріне ұран болғандай» деген теңеуі қандай шыншыл, қандай әсем!

Фатима өзінің Ілияс туралы «Ұмытылмас күндер» атты естелігінде: «Мен Ілиясты қай мезгілде, қандай жағдайда көрсем де, тек өсу үстінде ғана көрдім. Ол маған жыл емес, ай емес, күн санап өскендей, күннен күнге мәдениетті болып көрінетін еді. Ілиястан шаршау, қиналу дегенді мен сезбедім», – деп асыл жарына ризалық көңіл-хошын білдіреді.

Ілияс Фатимаға сол кездері әрбір кеңес адамына бір көруге арман болған Мәскеу, Ленинград сияқты алып қалаларды аралатып, кеңес жазушыларының көсемі саналатын Максим Горькийдің өзімен таныстырады.

М. Горький, Фатима мен Ілияс.

Кеңес жазушыларының тұңғыш бас қосуы 1934 жылдың 17 тамыз бен 1 қыркүйегі арасында Мәскеудің ең салтанатты сарайларының бірі – Кеңестер үйінің колонналы залында өткен бірінші съезге Ілияс бастаған қазақ әдебиетінің классиктері қатысады. Қызыл империяның барлық республикаларынан 600-ге жуық қаламгерлер жиналған әдеби ғана емес, саяси маңызы зор бұл шараға Сталин ерекше мән беріп, оны жоғары деңгейде өткізуді А. Ждановқа тапсырады.

Съезд одақтың түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушыларға Кеңес Одағының күш-қуатын, өсіп-өнген әлеуетін, мәдени жетістіктерін көрсетуге тиіс болды. Сондықтан ол 2 аптаға созылып, алуан түрлі саяси, мәдени шараларды қамтыды және съезд делегаттары мен қонақтарына барлық жағдай жасалды.

Ілияс бастаған қазақ қаламгерлері Мәскеу мен Ленинград, өзге республикалардан келген бұрын атын ғана естіп, шығармаларымен таныс болған жазушылармен жақын араласып, шығармашылық байланыстар орнатты. Ақиқатын айтар болсақ, сол жылдарда асыра мақталып жүрген Демьян Бедный сияқты орыстың пролетариат ақындары Ілиястай дүлділдің шалымына да келмейтін.

Ең өкініштісі, дәл осы съезге қатысқан 590 делегаттың кейін 220-сы сталиндік қанды репрессияға ілікті. Солардың қатарында жастары қыннан шыққан қылыштай – қырықтың қырқасындағы Сәкен, Ілияс, Бейімбет сияқты қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушы ғажайып талант иелері болды.

Ілияс пен Сәкен осы съезде М. Горький, Л. Леонов, Б. Пастернак, М. Шолохов, А. Фадеев т.б. қатар КСРО жазушылары ұйымының төралқасына сайланып, төрден орын алады.

Қазақстан Жазушыларының төрағасы ретінде Мәскеудің төріндегі «Гранд Отельге» орыс әдебиетінің кілең ығай мен сығайларын шақырғанда жанында толған айдай толықсыған Фатимасы отырады.

Фатима Мәскеу мен Ленинградтан кейін өзі жас кезінен бір көруді армандаған, татар халқының мұңлы да, сырлы қаласы – Қазанға барғысы келеді. Жазушылар одағының съезіне аттанарда Исатай мен Махамбетке қатысты материалдар жинау үшін Орынбор, Самара, Саратов қалаларындағы мұрағаттарды ақтарып, ұзақ жүрістен әбден шаршаған Ілияс Фатиманың көңілін қимай ғана келіседі. Бұл туралы Фатима: «Ілияс Қазанға баруға алғашқыда риза болмады. Мен Ілиястың осындай жайын жақсы түсінсем де, Қазанға баруды қолдадым. Қазан кітапханасын мақтадым. Қазан кітапханасынан өте құнды әдеби мұраларды көруге болатынын айтып бақтым», – деп жазады.

Қазақтың арқалы ақынын Қазан халқы зор құрметпен қарсы алып, үлкен қонақжайлық көрсетеді. Осы сапарда Ілияс татар қаламгерлері арасынан жаңа достар тауып, олармен шығармашылық байланыста болады.

Фатима Ілиясты ерекше ұнатып қоймай, үнемі оның қас-қабағын бағып, алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасаған.

Ілияс пен Фатиманың алты баласына әрі күтуші, әрі ана болған шешесі Ғайнижамалдың туған сіңлісі Хұппижамал: «Ілияс тамақты өте талғап ішетін. Түнде жазатын. Түн ортасы ауғанда оған бір ыстық тамақ беру керек болатын (көбінесе ыстық какао ішетін). Сол ыстық тамақты бергенше мен де ұйықтамайтынмын. Түнде 3–4 сағаттан артық ұйықтамаған Ілияс балалар оянғанда бірге оянып: «Балаларым-ай!» деп дауыстап, өз жанына шақыратын. Аға-ағалап бірінің артынан бірі томпаңдап жүгіретін. Азат, Үміт, Ильфа жығыла-сүріне жететін оған», – деп жазады сүттей ұйыған бақытты отбасының берекелі тірлігі жайлы.

«Адам ғапыл дүниені дер менікі, Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі», – дейді данышпан Абай. Ілияс бастаған қазақ қаламгерлері Қазан төңкерісін шын жүрегімен қабылдап, «заман біздікі», «жасаймыз жаңа дүние»  деп шабыттана жырға қосып жүргенде дүние шыр айналып, заман бетін теріс бұрады.

Сұрқия саясат әуелі қазақ зиялыларының ортасына «алашордашылар» мен «революцияшылдар» деп жік тастап, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов сияқты Алаш қаламгерлерін қоғамнан алыстатып, абақтыға жауып, жер аударып, ақыр соңында өлтіріп тынады.

Революция екінші кезекте Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты өз перзенттерін жалмауға кірісіп, «қызыл сұңқарларды» атып, «қызыл аттарды» орға жығады.

Фатима апамыздың жазбалары бойынша Ілиясты 1937 жылдың 13 тамызында Алматының  іргесіндегі  Дегерес  жайлауында демалып, үйлеріне қайтқан күні ұстаған. Бұл кезде Фатиманың аяғы кенжесі Болатқа ауыр болатын.

Бес жыл бақыт құшағына бөленіп, бір-бірін әз тұтып, таза көңілден сыйласқан  жандардың ең соңғы кездесуі 1938 жылдың ақпан айында НКВД түрмесінде өтіпті. Бұл туралы деректі де біз Фатиманың естелігінен табамыз. Кездесуге Фатима Ілияс әлі көрмеген емшектегі сәбиі Болатты да ала барыпты:

«Күнұзаққа ашыққан жас нәресте қомағайлана еме бастады. Ілияс мен отырған орындықтың артына келіп, Болаттың шашалып, қомағайланып емген түріне қарап тұрып:

– Бұл ұлымыз етікші болсын, етік тігуге үйрет бұл ұлды, – деді. Тергеушінің: «Өзіңіздей жазушы болар», – дегеніне Ілияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып еркін өмір сүрсін», – деді.

Мұңлы жүректен шыққан естелік осылай сөйлейді. Ілиястың аузынан түсе қалғандай болып туған Болат даңқты әкенің жолын лайықты жалғады. Тар заманда тарықтырмай өсірген анасының құрметіне «Ғабитов-Жансүгіров»  деген қосарлы фамилия алды өзіне.

Етікші болмады. Әуелі Қазақ университетінің геология-география факультетін тәмамдады. «Гималай –  көктің кіндігін» жазған ақынның ұлы тау-тасты кезіп, альпинизммен айналысты. Алатаудың биік-биік шыңдарын бағындырады. Кейін досы Олжас Сүлейменовпен бірге Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдеби институтта оқып, «Жолдастар» романын орыс тіліне аударды.

Тегіне  тартып туған ұл әдебиет пен кино өнерін қатар ауыздықтады. Әкесінің еңбектегі жолын қайталап, 1981 жылы жаңадан құрылған шығармашылық одақ – Қазақстан кинематографистер ұйымының төрағасы болды.

Фатима Ғабитованың өмірбаян деректерін зерделей отырып, осы бір әйел дейтін қырық шырақты нәзік жаратылыс иесінің таусылмайтын тауқыметтерді жеңуге күш-қуатты қайдан ала беретініне таңғаласың.

Осындайда ойыңа Ілиястың үзеңгілес досы, жыр сұңқары, жігіт сұлтаны Сәкен Сейфуллин ағамыздың жары Гүлбаһрам апайдың аянышты тағдыры түседі.

Сәкен өзі жырға қосқан революция төңірегін түгел жалмап жатқанда ұсталар уақыттың жақын қалғанын сезіп, оған тас-түйін дайындала бастайды. Том-томдап шыққан кітаптарына алған мол қаражатты інісі Мәжит пен Гүлбаһрамға ғана көрсетіп, құпия жерге жасырады.

Сәкен атылып кеткен соң Гүлбаһрам қазақтың аяулы азаматынан қалған жалғыз тұяқ – ұлы Аянды бауырына басып, поезбен Көкшеге, күйеуінің ағайын-туыстарының ортасына қарай аттанады. Ол заманда Қазақстанның өз ішінен тікелей тартылған теміржол болмағандықтан, Семей, Барнауыл, Новосібір, Омбылатып жетем дегенше Аянына жоқ-жітік, ауру-сырқау жолаушылары қайшыласқан  вокзалдардан дизентерия жұқтырып, Көкшеге қалақтай ғана ұлының жансыз мүрдесін жеткізеді.

«Апыр-ай» дейсің осындайда. Гүлбаһрамдай өмірлік тәжірибесі аздау жас келіншекті ит арқасы қиянға жібермей-ақ, қазағы қалың оңтүстікке қарай жол сілтейтін бір адам шыға қалған жағдайда ел ішіндегі Сәкеннің шығармаларын мектеп қабырғасынан жаттап, ән-жырын сүйсіне айтып өскендер арасынан оның ұрпағына қамқорлық жасайтын бір пенде табылар еді ғой. Қайтесің, мұндайда «жазмыштан озмыш жоқ» деген үкім сияқты қатқылдау, қаталдау сөзден басқа ештеңе аузыңа түспейді...

Фатима Ілиястан туған екі қызы Үміт пен Ильфаны да аман-есен жеткізеді.

Отырғандар: Фатима мен Ілияс отбасының соңғы суреті. Ильфа, Фатима, Ілияс, Үміт, Азат, Хұппижамал (Фатиманың нағашы апасы); тұрғандар: Жәнібек, Болатқан, Тәшенов және үй қызметкері. 1937 жыл.

Үміт Ілиясқызы Алматы медицина институтын бітіріп, дәрігерлік мамандықты таңдайды. Қазақтың көрнекті режиссері Абдолла Қарсақбаевқа тұрмысқа шығып, одан Нұрлан есімді ұлды дүниеге әкелді.

Бала күнінде сурет өнеріне құштар болған Ильфа Алматы шетел тілдері институтын неміс тілі мамандығы бойынша тәмамдап, ұстаздық қызмет атқарады. Ол қазақтың қайраткер азаматы Ораз Жандосовтың ұлы, министр деңгейінде қызмет атқарған Санжар Оразұлы Жандосовқа тұрмысқа шығып, одан 4 қыз, бір ұл сүйеді.

Фатима Ілиястың өзімен аттас бұрынғы әйелінен туған ұлы Саятты да қамқорлығына алады.

Саяттың анасы, музыкадан хабары  бар  Фатима Төребаева 1935 жылы Ілиястың көмегімен Алматыға келіп, филармонияға орналасады. Кейін оның күйеуі де репрессияға ұшырап, Фатиманың өзі 1943 жылы дүние салыпты. Бұдан кейінгі кезеңде қамкөңіл Саят мейірбан Фатиманың панасында болады.

Саят Мәскеу түсті металдар институтын тәмамдап, тау-кен инженері, техника ғылымының кандидаты атанады. Ол әкесі де, шешесі де басқа Азат Сүлеевпен ерекше дос болып, ғұмыр бойы сыйластықпен өтеді. Бұл балаларын бауырмал болуға үйреткен Фатима тәрбиесінің арқасы деп білеміз. Кейін бұл екеуіне Мұрат Әуезов пен Болат Жансүгіровтер қосылып, ағайындылар бір-біріне дос, туыс тілектес болып өтті.

Ілияс ұрпақтарының ішінде ең ұзақ жасағаны Саят ағамыз болды. Тау-кен инженері болғанына қарамастан, ол да әдебиет айдынына желкен керіп, әкесінің бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударады.

Фатима жас шағы қарайлас Азат пен Саятты бірдей көрген. Естеліктерінде екеуінің есімін үнемі қатар атап отырады. Балаларының бәріне кемшіліктерін тізе отырып мінездеме бергенде: «Азат, Саят – бұл екеуі мақтанатын мақтанышым да емес, ренжитін, ешкімнен кем, олқы балаларым да емес. Болымсыз, бұларға деген көңіл кірбеңім болса, анамын ғой, оны кешемін...» – деп аналық жүрекпен ағынан жарылады.

Саят  Ілиясұлы  Жансүгіров  91 жас өмір сүріп, бертінде – 2021 жылы дүние салды. Ол өзінің естеліктері мен сұхбаттарында анасындай болған Фатима тәтесін (солай деп атаған) әрдайым зор құрметпен еске алып отырады.

Фатима мен Мұхтар

Фатима мен Мұхтар 1927 жылдың жазында, Алматыда танысқан екен. Жазу-сызуға тиянақты Фатима алғашқы жүздесуінің әр сәтіне дейін жадына сақтап, «Мұхтармен алғашқы кездесуім» атты шағын естелік жазып қалдырыпты.

Қазақстан астанасын Қызылордадан Алматыға көшіру туралы шешім 1927 жылдың 3 сәуірінде өткен Бүкілқазақтық VI съезде қабылданды. Фатима мен Мұхтардың кездесуі Алматы астана болғаннан кейін – 1927 жылдың шілде айында өтіпті.

Бұл кездегі Алматы Қазақстандағы көп уездік шаһарлардың бірі ғана. Ол астаналық мәртебе алса да, қалада жібі түзу қонақүй бола қоймаған сияқты. Қонақүй былай тұрсын, республикалық орталық басқару органдары мен министрліктерге лайықты ғимараттар да мүлде жоқ еді. Сол себепті республикалық мекемелер әлі Қызылордада болатын. Дегенмен көштің алды біртіндеп жылжып, мәдени мекемелер орныға бастаған шақ.

Бұл уақытта Біләл Сүлеев – облыстық ағарту бөлімінің меңгерушісі, ал Фатима – қазақ орта тәжірибе мектебінің оқытушысы. Ерлі-зайыптылар Кіші Алматы өзені ағып жатқан сайда, шамамен осы күнгі Достық даңғылының әскери училище орналасқан тұсындағы «Мұғалімдер қалашығында» тұрып жатқан екен.

Мұхтар 1927 жылдың жазында 16-жылғы Албан көтерілісіне қатысты жаңа шығарма жазу жоспарымен әуелі Ленинградтан Қызылордаға келеді. Онда өзінің ежеттес досы Қазақстан Оқу-ағарту халық комиссары Смағұл Сәдуақасовпен жолығып, шығармашылық жоспарымен бөліседі. Ол Мұхтарға Алматыда Біләл Сүлеев деген іскер, білімді азамат қызмет істейтінін және оның ұқыпты, үй-ішін таза ұстайтын Фатима дейтін көрікті әрі пысық әйелі барын айтып, соның үйіне түсуге кеңес береді.

Мұхтардың Қызылордадан дәл қашан шыққаны белгісіз. Ол алдымен бүгінгі Бішкекке келіпті. Ол кезде Бішкектен Алматыға тартылған теміржол жоқ. Ат арбамен әупірімдеп Алматыға әзер жеткен Мұхтар әуелі «Тілші» газетіне соғып, содан бір азаматты қасына ертіп, Біләлдің үйіне өзі келіпті.

Фатима жолдан шаршап келген қонақты жайғастырып, ас-су қамдағанша Біләлдің өзі де қызметінен оралады. Мұхтар мен Біләл бір-бірін сыртынан білсе де алғаш рет дәл осы жерде жақынырақ танысады. Фатима да Мұхтарды бірінші рет осы жолы көріпті. Ол туралы өз естелігінде: «Мұхтарды бұрын көрмесем де, атына әбден қанық едім. Әсіресе, 1925 жылы ағарту комиссариатының пьесаларға жариялаған бірінші бәйгесін алған «Қарагөзді» көргелі Мұхтардың талантын құрметтеп, қадір тұтатын едім», – деп жазады.

Қадірлі қонаққа арналып қазы-қарта, жал-жая, сүр ет қосылып асылған дәу табақ ет желініп, шай ішіліп, әңгіме тиегі ағытылған соң жатар алдында Біләл:

– Қаншама шаршасаңыз да, қонақты моншасыз жатқызуға, бәйбіше, болмас, – дейді.

Фатима күйеуінің сөзін құба-құп алып, моншаны бірлесіп дайындауды, ол үшін еркектер өзеннен су тасу керектігін айтып, «Суды қайдан тасушы едіңіз?» деген Мұхтардың сұрағына: «Алматы өзенінен, ол өзен бізден бес квартал», – дегенді қосып қояды. Үндемей қалған Мұхтарға Біләл: «Біздің бәйбіше қандай шаруаның болса да алдын ауырлата айтады. Су моншаның алдында ағып жатыр», – дейді. Осыдан кейін екеуі көңілденіп, монша қамына кіріседі.

Алыс жолдан әбден шаршап келген Мұхтардың қарны тойып, денесі бусанып, шытырлаған аппақ төсекте рахаттанып демалады. Ертесінде Фатима қорадағы алма бағының гүлзарлы, көлеңкелі тұсына дастархан жайып, Мұхтарға таңғы ас ұсынады.

Мұның бәрін неге тәпіштеп жазып отырмыз. Қонақ күту де – үлкен өнер, үй иесінің биік мәдениетінен хабар беретін жосық. Фатима алғаш көрген қонағы Мұхтарды осындай айрықша күтім, мол дастархан, әдепті, инабатты мінез және бекзат болмысымен бірден баурап алған.

Жазушы, драматург ретінде атағы шығып, таланты танылып үлгерген Мұхтарға 16-жылғы Албан көтерілісі туралы роман жазу идеясын Смағұл Сәдуақасов беріпті. Ол 1925 жылы республикалық жаңадан тағайындалған Оқу-ағарту халық комиссары ретінде Алматыға келіп, сол баяғы қонақүй тапшылығынан Біләл Сүлеевтің үйіне түседі.

Мұхтар Әуезов – Ленинград университетінің студенті.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстанның әр тұсында 1916 жылғы патша жарлығына сәйкес күні кеше ғана өздері бұратана, түзем деп келген халықтардан жұмыс күші ретінде майданға әскер алуына қарсы бағытталған көтерілістер тарихына ерекше ден қойылып, оған самодержавиеге қарсы революциялық күрестің бір тармағы ретінде баға берілді.

Биліктің өзі ғалымдар, жазушылар мен өнер адамдарын бұл тақырыпқа  жаңа шығармалар жазуға ынталандырады. Жер-жерлерге экспедициялар шығарылып, материалдар жинақталады.

Алматыға келген сапарында Смағұл Сәдуақасов сол материалдардың бір парасымен Біләлдің үйінде болғанда танысады. Бұл туралы Фатима анамыздың естелігінде: «1921 жылы «Средазбюро» 16-жылғы көтеріліс болған Жетісудың жер-жеріне комиссия шығарып, көтеріліс жайлы материал жинатқан. Сол комиссияның хатшысы Ілияс болып, жинаған материалдардан өзіне көшірме қалдырған екен. Біздің үй көші-қон үстінде болғандықтан кітаптар да, басқа заттар да әрбір жерде үйіліп-үйіліп жататын. Сол үйілген заттардың ішінен Смағұл Ілиястың 16-жыл жайлы жинағандарын тауып алып, қолы бос уағында, әсіресе, түнде ұзақ қарастырып отыратын», – деп жазады. Естелікте айтылғандарды түйіндеп өтер болсақ: Жетісудағы 16-жылғы көтеріліс туралы материалдар жинауға тапсырманы «Средазбюро» берген, оны атқаратын комиссияны Ілияс Жансүгіров басқарған және жиналған құжаттардың маңыздыларынан көшірме жасатып, ағасы Біләл Сүлеевтің үйіне әкелген; бұл материалдармен 1925 жылы Алматыға келген сапарында С. Сәдуақасов танысқан.

Смағұл құжаттармен танысу барысында оның кейбірінің тұсына Ілиястың қолымен жазылған өлең шумақтарын да байқайды. Дәл сол жолы ол үлкен әдеби шығармаға сұранып тұрған материалдарға зор ықылас танытып, Фатимаға: «Бұл бай материалдар әттең бір жақсы жазушының қолына түссе, соншама құнды тарихи роман шығар еді», – дейді.

Мен Алаш қайраткерлерінің «ұлт мүддесі» деген ұлы мақсат жолында үнемі бір-бірінің қолтығынан демеп, әрдайым септесіп, селбесіп отырғандарына таң-тамаша қалумен келемін. Бұл жолы да солай болыпты.

Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасов.

Ұзақ жүрістен жолсоқты болып келген Мұхтар тыңайып оянып, ертеңгілік шай ішіліп болған соң Фатимаға өзі мен Смағұлдың арасындағы 16-жылғы көтерілістің жайы туралы әңгімеден хабар беріп, «естуімше, сіздің қолыңызда да 16-жыл туралы қымбат материалдар сақталған көрінеді. Мүмкін болса соларды көруге болар ма екен?» – деп сұрайды.

Фатима екі жыл бойы шашау шығармай жиналған құжаттар мен жазбаларды түп-түгелімен Мұхтардың қолына ұстатады.

Мол қазынаға кезіккен Мұхтар оларды асықпай, рет-ретімен оқып шығады. Бұл кезде Ілияс дәл осы көтерілістің қанды оқиғалары өткен Қарқара жайлауында, ел ішінде жүрген еді. Мұхтар да іле-шала сонда аттанып, Ілияспен бірге Қарқара жайлауындағы қалың албанның арасында 10–15 күн болып, тамыздың бас кезінде Алматыға оралады.

Екеуі де сол баяғы Біләлдің үйіне түсіп, көрген-білген, көкейге түйгендері жайлы емін-еркін сұхбат құрады. Бұл туралы Фатима: «Ілияс пен Мұхтар ұйықтарда ғана айырылмаса, бірге болды. Алматы төңірегіндегі жайлауларды түгел аралады. Ол ырза болып августің аяғында Алматыдан аттанды», – деп жазады.

Иә, Әуезов жаңа шығарма жазуға идея беріп, жол сілтеген қайраткер С. Сәдуақасовқа, тарихи романға молынан жететін материал жинауға көмектескен ақын Ілияс досына, алаңсыз жұмыс істеуге жағдай туғызып, айрықша күткен Фатима жеңгесіне ырза болғандығы соншалық Ленинградқа оралысымен бірден іске кірісіп, азғана уақыт ішінде қазақ прозасындағы ең жоталы туындылардың бірі саналатын «Қилы заман» тарихи романын дүниеге әкеледі. Оқиғаға тікелей араласқан адамдармен болған кездесудің ізі суымай тұрып жазылған роман 1928 жылы басылып шығып, қалың оқырманға жетеді.

«Қилы заманның» кейінгі тағдыры оңай болған жоқ. Ол әуелі тұрпайы социологиялық сынның қаһарына ұшырады. Өмірдің өзінен алынып, автордың көркемдік елегінен өткізілген тарихи романда көтерілісті қаратабан кедей, шоқпыт киген батырақ емес, Жәмеңке, Ұзақ, Серікбай сияқты айтқан сөздеріне халық ұйыған ел ағалары, Әубәкірдей қилы заманда қалың елімен бірге болуды қалаған болыстар басқарады. Мұнда қазаққа ақыл айтып, революциялық күреске үндейтін орыс пролетариаты мүлде жоқ. «Бостандық, теңдік, азаттық» деп ұрандайтын қызыл батырлар да кездеспейді. «Қилы заман» орысқа отар болғаннан кейінгі кезеңдегі қазақтың басынан өткен зар заман, қасіретті кезең, көрген қорлық пен тартқан азабы жайлы дәуірдің ащы шындығын жайып салған, өмірде болған тарихи оқиғалар негізінде жазылған кесек туынды еді.

Романды талдау біздің мақсатқа жатпайды. Әйтсе де «Қилы заман» – Әуезовті «Абай жолы» сияқты алып эпопеяға жетелеген жойдалы шығарма. Ол: «Базар ортасында ұзын, биік ағашқа аспандатып көтерген ақ жалауда екі басты самұрықтың суреті желпілдейтін. Бұл қомағай қарынды, жалмауыз тілекті ертегі обырының айқын тұрған белгісі еді», – деген алда бір сойқанның төніп тұрғанын аңғартатын суреттен басталады. Бір-ақ сөйлем арқылы 30-ға енді ғана толған жас романист «қомағай қарынды», «жалмауыз тілекті», «ертегі обыры» сияқты терең образдармен орыс отаршылдығының бүкіл сықпытын асқан шеберлікпен суреттеп берген.

Романның соңында Мұхтардай асыл таланттың қаламынан адамның жан-жүрегін сыздататын сұмдық картина жасалады. Ол: «...қалың Албанның елі де үдере көшті. Салқар-салқар болып, қайтқан қаздай тізіліп, ауа көшіп тарта берді. Артында қара түтін болып жәрмеңке қалды. Иесіз болып қаңырап Алатаудың жайлауы қалды. Құлазып қыстау, қоңырсып жұрт қалды. Кіндігін кескізіп, кірін жуған момындық күні қалды. Албан албан болғалы қыстың жұтын, жаздың індетін көрсетпеген, жер кіндігі – ата қоныс мекен қалды», – деп жазады елмен бірге еңіреген жазушы.

Иә, мұнда тырағайлап қашқан ақ, тыраңдап қуған бәлшебек батыр, желбіреген қызыл ту, ту көтерген қызыл ердің біреуі де жоқ. Қынадай қырылған халық, тоналған ел, тозған жұрт, ойрандалған құтты  қоныс, иесіз қалған киелі мекен бар. Сол заманның ащы шындығы дәл осындай еді.

Әуелі Ғаббас Тоғжанов бастаған солақай сын өкілдері шығарманы өткір сынға алып, кейін оларға Сәбит Мұқанов бастаған «ауыр артиллерия» өкілдері қосылады. С. Мұқанов өзінің 1932 жылы жарық көрген «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» дейтін еңбегінде «Қилы заманға» Ж. Аймауытовтың «Қартқожасын» қосақтай отырып: «Олар 16-жылды бертінде жазғанда сол жылды байлардың кедей мен батырақтарға зорлығын тапшылдық түрде айқын көрсеткен жоқ, байшылдық түрде жазды. Олардың бұл жазғандарынан мақсат 16-жылдағы ауылда ашылған жікті көрсету емес, патша үкіметін перде қылғансып қазіргі қазақ жұртшылығында отырған қазақ еңбекшілеріне 16-жылды суреттеп, орысты жаман көрсетіп, ұлтшылдық туғызу, қазаққа орысты ата жауы қып көрсету еді», – деп жазады.

Мұндай сорақы сынды талдап, сөз шығындаудың өзі артық.

Сәбеңнің сыны нысанаға «дөп» тигені соншалық Мұхаң Кеңес Одағы сияқты алып империяның ең мәртебелі марапаты – Лениндік сыйлықты алып, атақ-даңқы жердің жүзін шарлап кеткен кезде де қазақ әдебиетіндегі үздік тарихи романдарының қатарындағы «Қилы заманды» қайыра бастыруға батылы бармайды. Тек 1952 жылы А. Пантелеевке романды орыс тіліне аудартып, келер күндерге үміт артады.

Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин Мәскеуге, операция жасатуға аттанар алдында ұлы Мұхаң осы шығармасының тағдырын сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Әди Шәріповке аманаттағанын жазады.

Ұлт әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезов дүние салған соң арада аттай 11 жыл өткенде «Қилы заманның» орысша нұсқасы «Лихая година» деген атпен «Новый мир» журналында 1972 жылы Шыңғыс Айтматовтың алғы сөзімен жарық көрді.

Біздің мақсат ұлы жазушының әйгілі шығармасының тарихын тарқату емес, анық жазылу тарихының Фатима естелігінде қалай көрініс тапқанына назар аудару.

Қуғын-сүргінді көп көрген Фатима өз естелігінде Мұхтардың қай романға материал жинауға келгенін жақсы біліп отырса да, ол кезде әлі қайыра басылмаған шығарманың аты жайлы жақ ашпайды.

Иә, кілтін таба білген адамға Фатима апамыз «Сыр сандығының» қазақтың ірілері жайлы айтар сыры мен ашар құпиясы аз емес.

Қазақстанды еркін аралап, ескі достармен армансыз сұхбат құрып, жаңа таныстармен берік байланыс орнатып, ең бастысы іргелі тарихи романға жетіп артылатын баға жетпес байлықпен Ленинградқа оралған Мұхтар Алматыдағы көз көргендерге ризалық хатын жолдайды. Фатиманың жеке мұрағатында сақталып, М.Әуезовтің көптомдық шығармаларына енген тамаша эпистолярлық мұраға да көз жіберіп көрейік.

«Қадірлі Фатима жеңгей, Біләл!» – деп басталатын хатта өзінің 17–18 күндей жол жүріп, Ленинградқа жеткені жайлы жан-жақты мағлұмат бере келіп, «Бұдан былай құр ғана үйлеріңізде жатып кеткен бір соқпа қонақ ретінде емес, сіздерді әрқашан ұдайы құрметпен есіне алатын достарыңыз, тілеулес жолдасыңыз есебінде болып, үнемі хат жазысып, жай-күй білісіп тұрмақ ниеттемін», – деп жазады.

Әрине, бұл хаттағы «достық, тілеулес жолдастықты» қалаған риясыз көңілдің біртіндеп үлкен сыйластыққа, сүйіспеншілікке ұласатынын екеуі де білген жоқ және бұл алдағы жылдардың еншісінде еді.

Біләлмен ресми түрде ажырасқан Фатима 1932 жылы Ілияспен отасады. Олар отбасын құрған жылдарда Мұхтармен түрлі жиындар мен басқосуларда сан мәрте кездескендері анық. Бірақ бұл жылдардағы екеуара қарым-қатынас сыйластық пен өзара тілеулестіктен аспаған сияқты.

Ілияс «халық жауы» деп атылғаннан кейін НКВД 1938 жылдың                      10 тамызында Фатима Ғабитоваға 24 сағат ішінде Алматыдан кетуді талап етеді. Ол жақын-жуығымен ақылдаса келіп, өзі ежелден жақсы білетін, татар ұлтының өкілдері қалыңдау орналасқан Семейге жол тартады. Мәскеуге қайта-қайта хат жаза жүріп, әрең дегенде Семейдегі педтехникумға орналасады. Заманның қиындығы, тұрмыстың таршылығына қарамастан төрт баласы – Азат, Үміт, Ильфа мен Болатты Хұппи тәтесімен бірге жанына алдырып, барлығын жалғыз өзі асырайды.

Семейдегі 2 жылдық жер аударудан соң 1940 жылы тамызда Мұхтардың көмегімен Алматыға қайтып оралады. Бұл кезде Душанбеде тұратын апайы Мәрзияның қолындағы Жәнібегін де өзіне алдырады. Осы шамадағы өзінің әбден арып-ашып, тарыққан хәлін Фатима: «Бізге жан басына 220 г қара наннан басқа ештеңе жоқ. Физкультура техникумында болымсыз сабақ беремін. Техникум күніне бір рет мұғалімдерге омаш көже береді, мен сол көжені ішпей, үйге әкеліп балаларға ішкіземін», – деп жазады.

Осындай әбден қажыған, қалжыраған кезде Фатимаға Мұхтар Әуезов  дәл бір ғайыптан пайда болған Қызыр атаның өзіндей көмек қолын созады. Мұхтар Фатиманың жаны жүдеу тартып, тарығып жүргенде 1939 жылы Семейге арнайы келеді. Бұл туралы Фатиманың әр жылдары шашылып түскен жазбаларының бірінде: «Ілияс кеткен күннен бастап-ақ Мұхтар біздің өмір-тағдырымыз туралы өзіне тән үлкен адамдық жанашырлықпен ойлады. Семейде айдауда жүргенімде іздеп келді (1939 ж.). Қара жамылып қайғыда отырғанымда маған қанат беріп, жұбатып аттанды. ...Ол менің берік қорғаным! Ақылды, аяулы жан ғой – Мұхтар», – деп тебірене еске алады. Фатиманың естелігінің тағы бір тұсында: «Біздің осындай қатты жүдеп жүргенімізді сыртымыздан білген Мұхтар бір күні маған келіп, өзінің мені ертеден (1927 жылдан) қатты сүйетінін, менің жанымда бірер сағат болуды өзіне бақыт санайтынын айтты», – деп жазады.

Мұхтар мен Фатима 1939 жылдан кездесіп, сырласа, сыйласа бастаған. Жазушының 1941 жылдың 1 қарашасында Фатимаға жолдаған хатында: «Қадірлі досым Фатима! Дос деген сөзді шын жүректен сүйсініп, ақ көңілмен айтамын. Дос деп өзіңіз атап қуантып едіңіз. Әнеугі көрген күнім әлі күнге көз алдымда, есімде. Талай күн, талай рет еске аламын. Сүйікті ғазиз Фатима, өзгеше қадір тұтам асыл қасиеттеріңді», – деп бір кездегі достық сезімінің үлкен сүйіспеншілікке ұласқанын аңдатады.

Фатима мен Мұхтардың махаббат жыры осындай мұңды, шерлі жылдарда басталды.

Фатимаға көп ұзамай өзі жазғандай бесінші рет босуға, екінші рет айдауға түсуге тура келеді. Тіміскілеген НКВД 1942 жылдың шілдесінде Фатимадан тағы да Алматыдан кетуді талап етеді.

«Мұхтармен ақылдасып, оның туысқандары бар Меркіге баруға ұйғардым», – деп жазады Фатима бұл жолғы босу туралы.

Шындығында бұл өте дұрыс шешім еді. Бұл кезде Алматыға Мәскеу мен Ленинградтан эвакуацияланған мәдениет, ғылым-білім мекемелері мен олардың қызметкерлері көптеп орналаса бастаған еді. Оларға көп ұзамай күйеулері майданда соғысып жүрген әскерилердің де отбасылары қосылды. Адам көп, жұмыс жоқ, азық-түлік тапшы.

Абайдың «Разаққа» деген өлеңін білмейтін жан сирек. Меркіде ұлы Абайдың өзі өлең арнаған Мұхтардың жақын туысы Разақ Омархановтың отбасы тұратын. Ол – Әуездің туған інісі Самарханның ұлы. Әуезбен жастары шамалас болған соң ағайынды екеуі жастайынан бір-біріне үйір болыпты. Абай, Құнанбай әулетінің білгірі саналатын Бекен Исабаев ақсақалдың деректері бойынша Самархан ертерек, мезгілсіздеу дүние салған соң оның әйелі Мәдинаны қазақтың әмеңгерлік жолымен Әуездің ұлы Омархан алады. Ол ағасы Самарханнан қалған Разақ пен Зураны бауырына салып, өз баласындай өсіреді. Сол себепті екеуі де Омарханның есіміне жазылып, тегін Омарханов деп алған. Міне, осы ұлы Абайдың өзі 14 жасында «Разаққа» деген өлең арнаған Разақ Омархановтың  отбасын көздеп, Мұхтар Фатиманы Меркіге жібереді. Өздері де қоңторғай тірлік кешіп, жетісіп отырмаған Омархановтар Фатиманы шүпірлеген балаларымен паналата алмайды. Өжет, алған бетінен қайтпайтын Фатима РайОНО-ға қайта-қайта барып жүріп, Меркідегі әуелі 10 жылдық орыс мектебіне мұғалім болып орналасып, бір жылдан соң Калинин атындағы қазақ орта мектебіне мұғалім әрі оқу ісінің меңгерушісі қызметіне тұрады.

Фатима Ғабитова Меркідегі М. Калинин атындағы қазақ орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары арасында. 1948 жыл.

Фатима болашақ перзенті Мұратқа жүкті болған 1942 жылдан бастап, Мұхтар оған хат жазуды жиілете түседі. Осы тұста Мұхтар мен Фатиманың өмірбаянын зерттеушілер назарынан қағаберістеу қалып келе жатқан мына бір дерекке де назар аударғанды жөн санаймыз.

Фатима аяғы ауырлығы білініп қалған кезде «күйеуі жоқ адамның мұнысы несі?» деген қысыр әңгімеге себеп болмауы үшін біраз уақыт сол кездерде Тәжікстанда қызмет істейтін үлкен апайы Мәрзияның қолында болған сияқты. Оған Мұхтардың 1942 жылдың 24 мамырында Мәрзия Ильдароваға жазған хатындағы: «Қазір Қазақстанда екіқабат болып жүруі мүмкін болмағандықтан кетті. Оның ішіндегі баласы атасыз емес. Атасы менмін. Бірақ түбінде баланы мен бір жасқа келген соң, анық әкесі болып өз қолыма алуға бекінгемін. Аламын. Ол тағы менің парызым, менің мойнымда», – деген жолдар куә.

Фатиманың босанар мерзімі жақындаған сайын Мұхтар оған деген қамқорлықты күшейте түседі. Өзі сырқаттанып, ауруханада жатса да Фатимаға: «Біраз уақыт ішінде біздің туысқандар арқылы бес жүз сом жіберемін. Содан әрі мыңын болғанынша үзбей тұруға тырысамын. Мен больницадан декабрьдің басында шығамын. Сол кезде ақша жіберемін. Сен кеткелі өзіңді сағынып та, дос жүрекпен соншалықты жақын тұтып та көп-көп ойлаймын», – деп жазған хатынан сағынышқа, қамқорлыққа толы мейірбан жүректің ыстық ықыласын аңғарамыз.

Әуезов Фатимаға 1942 жылдың соңына қарай екі хат жолдаған. Соның 13 қарашасында жазылғанында: «Бір нәрсені есіңде тұт. Фатима сені ең алғашқы көрген күндерімнен (27 жылдан) бастап Фатиманың өзі ғана болып көрінетін. Тек қадірлі қасиет иесі Фатима боп бағаланатын. Өз басың достыққа да, қадірлесіп, құрмет тұтуға да кемел еді, толық еді. Сол көзқарас, сол бағам ауған емес, орнында. Фатиматай, арзанға сайма бұл сөздерді. Ойланып, кесек ойланып, ақылмен қара», – деп ағынан жарыла, ағыл-тегіл ақтарыла сыр шертеді.

Жетінші рет құрсақ көтеріп отырған Фатима дүниеге келер нәрестенің ұл боларын сезіп, Мұхтарға алдын ала ескерткен болу керек.

Осы тұста М. Әуезов өмірбаянына қатысты жиі айтыла бермейтін мына бір мәселеге де түсінік бере кеткен жөн сияқты.

Кеңес заманында жарық көрген М. Әуезовке қатысты еңбектерде оның перзенттері ретінде орыс әйелі Валентинадан туған Ләйла мен Ернар және азаматтық некеден дүниеге келген Мұраттың ғана есімдері аталатын. «Көп әйел алған адам» деген сөз тарап кетпеуі үшін сол кезде көзі тірі Мұғамила апамыз да әкесі туралы суырылып сөз айта бермейтін. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Әуезов өмірінің беймәлім қырларына молырақ орын берілді.

Мұхаң алғаш рет 1917 жылдың жазында Абаймен үш атадан қосылатын Тобықтының Торғай деген атасынан шыққан ел ішіндегі сыйлы, дәулетті Кәкен дегеннің бойжетіп отырған сұлу қызы Райханға үйленген. Одан 1918 жылы тұңғышы Мұғамила, ал жыл өткен соң ұлы Шоқан дүниеге келген. Үш жарым жылдай бірге тұрған Мұхтар ақыр аяғында Райханмен ажырасып тынады. Осындай алақұйын заманда бір жарым жасында Шоқан шетінеп кетеді. Әуезов Алматыдағы түрмеде отырғанда әкесіне тамақ таситын қаршадай Мұғамила Валентинаның қас-қабағына қарай біртіндеп әкесінен жырақтап, тұрмыс құрып, балалы-шағалы болғаннан кейін ғана әкесімен қайта табысады.

Мен Мұхаңнан аумай қалған Мұғамила апаймен 1997 жылы танысып, оның бұдан кейінгі өмірінде туған-туыстай араласқан адаммын. Бірақ бұл бөлек әңгіме...

Мұхаң Абайдың ақын ұлы Мағауияның қызы Кәмилаға 1922 жылы үйленеді. Одан туған Мағрипа, Зере есімді қыздары сәби күнінде шетінеп кетеді.

Ал үшінші әйелі Валентина Николаевна Кузьмина Ләйла мен Ернардан басқа Елдос және Елдар деген ұл туған, бірақ олардың да ғұмыры тым қысқа болып, бір жасқа жетпей өмірден өткен екен.

Фатима Мұратқа жүкті болған кезде Мұхтарда әлі ұл жоқ. Оның Валентина Кузьминадан көрген қызы Ләйланың жасы бұл кезде 13-те. Тұқымы ұлдан жалғасатын атаның баласы ретінде әрі өзі әкесі Омарханның төрт қыздан кейін мойнына бұршақ салып жүріп тілеп алған жалғыз ұлы болғандықтан, ол бұл кезде бір ұлға әбден зар еді. Оның үстіне болашақ перзентін Фатимадай ақылды, парасатты, өжет, қайсар жаннан күтеді.

Жасы 45-тен асқан Мұхтар Кеңес Одағы сияқты бірін-бірі аңдыған қоғамда ендігі жерде ресми түрде үйлене алмасын да жақсы сезген. Сондықтан атұстардың дүниеге келуін ет-жүрегі елжірей, тағатсыздана тосады.

Кейінгі үш бірдей хатында болашақ нәрестенің есімін қалай қою керектігін де тапсырып үлгереді. Ол 1942 жылдың 10 қарашасындағы хатта: «Болашақ кішкененің тірлігіне, саушылығына үміт артып қуанамын. Сүйікті, сағынышты, ыстық балам болады, Бәтиматай. Осыныма сен. Қыжылданбай, қатты болмай дос жүрекпен сен. Балаң ертең бала болса атын қарапайым қазақша қойма. Өз аттарымдай кітапша ат қой. Мен Хайдар деген ат ұсынар едім», – деп жазады. Ал 1942 жылдың 4 желтоқсанында жолданған хатта әуелгі тілегін тағы да Фатиманың есіне түсіріп: «Ертең бала болса атын қарапайым қазақша қоймай, өз атымдай кітапша қой. Менше: Хайдар қой деп ем. Кешікпеген болсам, ертең бала болса осы атты қой. Жақсылап өсір. Біз жас қыз бен жігіт емеспіз, қалған ұят әдрә қалсын. Аяулы, қайратты, мейірбан ана бол», – деп айы-күні жетіп отырған Фатиманы жігерлендіре түседі.

Тіршіліктің аты тіршілік қой. Бір жағынан алапат соғыс жүріп жатыр. Өмірдің бәрі өлшеулі. Қаржы-қаражат атаулы майдан қажетіне жұмсалып жатқан кез. Кітап шығару да сирексіген. Мұхтар Әуезов те бұл кезде екі жыл түрмеге отырып шығып, өзінің классикалық туындыларынан бас тартып, «Социалды Қазақстанға» өзін-өзі әшкерелеп әйгілі мәлімдемесін жасаған, үнемі аңдудағы адам. Оның үстіне ресми отбасы бар. Соған қарамастан Фатимаға қолдан келген қамқорлығын аямаған. Соңғы хатының аяқ жағында: «Сен жалғыз-ақ ызақорсың, ренжігішсің. Менің осы сөздеріме сенбей өзіңше нашар жорысаң, амалым жоқ, қиналар едім. Больницадан шығысымен 1500 сом ақша жіберемін. Содан әрі ай сайын 500 сомнан жіберіп тұрамын», – деп Фатиманың алдында жік-жапар болады.

Жер-жаһанды Екінші дүниежүзілік соғыс өрті шарпып, жауыздық пен ғаділет майдандасқан 1943 жылдың 1 қаңтарында Омархан әулетіндегі еркек кіндіктен қалған жалғыз тұяқ – Мұхтар Әуезовтің отбасында ақ түйенің қарны жарылып, дүниеге Мұрат есімді азамат келді. Әрине, ата-аналары аңсап күткен бұл оқиға Фатиманың назарынан тыс қалмай, оның естеліктер кітабына: «1943 жылдың бірінші януарында Мұратым туды», – деген жолдар түседі. Дүниеге келген сәбидің есімі Әуезов күткендей «Мұхтардың» соңғы буынымен үндесетін «Хайдар» болмады, бірақ кейін әлемді аузына қаратқан ұлы есімнің алғашқы буынымен әсем үйлесетін әрі оның басқы әрпімен бірдей басталатын «Мұрат» деген көркем ныспыға ие болды.

Жалпы ұлдарына ат қою жағына келгенде де Фатима көрегенділік пен талғампаздық танытып отырған. Біләлдан туған тұңғыш ұлы қазақ елі патшалық езгіден, отарлықтан құтылған кезде туғандықтан еркін, азат азамат болып өссін деп есімін Азат қойыпты. Анасының тілеуі періштенің құлағына шалынып, Азаты тоқсанның төріне шығып, Қазақстанның шын мәнінде азат, тәуелсіз ел болғанын көріп дүние салды.

Екінші ұлына Жәнібек деп ат қойғанда, Жәнібек хан мен Жәнібек батырдың тарихынан хабары бар анасы Ғайнижамалға ұнамай, қарсылық білдірген екен. Алған бетінен қайтпайтын Фатима бастапқы пікірінен айнымай: «Менің ұлым өз заманының батыры, өз заманының ғалымы болар», – деп ұлының есімін өзгертпейді. Бұл жолғы ниетіне де шілтеннің шылауы тиіп, Жәнібек Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасып, өз заманының батыры атанды.

Тәңір қосқан жары, арқасүйер тірегі Ілияс НКВД түрмесіне түсіп, жүрегін шер басқанда туған ұлына ендігі жерде Ілияс екеуіміз болған іске болаттай берік болайық деген тілекпен жаңа туған нәрестенің есімін Болат қояды. Бұл перзенті ата-анасы ардақтап қойған атқа сай болып, даңқты әкенің ісін лайықты жалғаған азамат болды.

Айдаудан, босудан, үркуден көз ашпай тұрған заманда ұрпағын жалғайтын жалғыз ұлды аңсап күткен әкесін де, мұңлы жүрек анасын да мұратқа жеткізсін деп қойған кенже ұлы ұлт мәдениеті мен руханиятына үлкен олжа салған қайраткер-қаламгер Мұрат Мұхтарұлы Әуезов ретінде тарихқа енді.

Фатима өзін тағдыр қосқан үш бірдей жарына ғана емес, сол кездегі қазақ зиялы қауымының игі жақсыларына түгелдей сыйлата білді.

Мәскеуде өткен съезден соң төраға І. Жансүгіров қазақ қаламгерлері атынан үлкен қонақасы беріпті. Мәскеу мен Ленинградтың ең атақты қаламгерлері, кірпияз, бекзат қауымы бас қосқан осы жиында Сәкен Сейфуллин сөз алып, Ілиястың жанында отырған Фатимаға жұрттың назарын аудара, оны ақылына көркі сай қазақ әйелдерінің үлгісіндей көтермелеп тост айтады. Сәкендей жігіт сұлтаны Фатиманы әрдайым құрметтеп, айрықша сыйлап өтіпті. Сәкен ақталғаннан кейін Фатима «Қазақ халқының ақын ұлы» деген мақала жазып, онда: «Сәкеннің басқа жазушылардан айрықша бір қасиеті – Сәкеннің құлашы кең. Сәкен – қазақ елінің мақтанатын бір ұлы. Қазақ елінің намысын ерте жыртып, жауын жаулап, жалынды жыр арнаған ақыны», – деп баға береді.

Фатима Ілиястың жан қиыспаған үзеңгілес досы, құрдасы, қазақ әдебиетінің марқасқасы Бейімбет Майлинмен де әрдайым әзіл-қалжыңы жарасып, отбасылары жақын араласып, өзара сыйласумен өтті. Екеуінің небір шымшыма мен шаншыма шумақтардан тұратын «Бейімбет пен Фатиманың айтысы» деп аталатын қайымдасуы бір-бірінің қадірін білетін, әзіл-қалжыңын көтеретін адамдардың арасында ғана болатын қарым-қатынастан хабар береді.

Фатима ұлтымыздың ұлы ұстазы, ғұлама А. Байтұрсыновқа студент қана болып қоймай, оның да айрықша қадір-құрметіне ие болыпты.

Мұхтар Әуезов Фатимамен бірге тұрған жылдарда оның күнделік дәптерін оқуды қалайды екен. Екеуі осылай түрлі жазбаларды қарап отырғанда Мұхтардың көзі оның лекция дәптеріндегі: «Тағдыр қалап егерде... Жүз көз берсе құдірет,  Жүзі де сізге қарар еді», – деген жолдарға көзі түсіп, «ақындығы оншама болмаса да, күшті сезімнің иесі ғой өзі», – деп кімнің жазғанын қазбалап сұрайды. «Бір шал жазып еді» деген сүйейсалды жауапқа қанағаттанбай, қазымырланып сұрай береді. Ақыр соңында Фатима әлгі үш жолдың сырын айтуға мәжбүр болады.

Ол Біләлдің жары болып жүрген жиырмасыншы жылдарда жиі-жиі үйлеріне қазақтың игі жақсыларын шақырып, дастархан жаяды екен.

Осындай кездесулерде Ахаң да болады. Сондай кештердің бірінде ол өзінің лекциялары жазылған дәптерден Ахаңның қолымен жазылған жаңағы үш жолды оқиды.

Кейін Ахаң бір сәттік сезімге ерік беріп қойғанына қысылды ма, әлде біреудің отын жағып, түтінін түтетіп отырған адал жарына сұқтанғанына ыңғайсызданды ма, ендігі жерде Сүлеевтер шаңырағына бас сұғуды мүлде доғарады. Тіпті университеттегі ұшырасуларда Фатимамен сөйлесуден қашқақтай бастайды. Болған жағдайды еш бүкпесіз, қаз-қалпында Мұхтарға жайып салғанда, ол үнсіз қалған екен.

Осы оқиғадан арада бірнеше айлар өткенде Мұхтар Әуезов И. Тургеневтің «Дворян ұясын» аударуға кіріседі. Фатиманың ай-жылы көрсетілмеген шашылып түскен жазбаларында: «Мұхтардың «Дворянское гнездоны» аударуының себебі 1928 жылы Ахаңның лекциясын жазған менің дәптерімнен төмендегі үш жол өлеңді оқыған соң еді», – деп жазады. Әрине, мұның анық-қанығын ұлы жазушының өзі ғана білсе керек...

Алматы астана мәртебесіне ие болған алғашқы жылдарда шағын ғана уездік қалада театр, филармония, концерттік ұйымдар мен ғылыми мекемелер болған жоқ. Қалада 1928 жылы ірге көтерген жалғыз жоғары оқу орны, кейінгі ҚазПИ-дің ізашары Қазақ мемлекеттік университеті ғана жұмыс істеді. Алғашында университетте физика-математика, жаратылыстану және тіл-әдебиет бөлімінен тұратын жалғыз педагогикалық факультет бар екен. Алматы зиялы қауымының бас қосатын жері дәл осы университет еді.

Бұл кездегі Фатиманың ері Біләл – облыстық оқу-ағарту бөлімінің бастығы. Оған мектеп қана емес, жоғары оқу орындары мен мәдениет мекемелері де кіреді. Сұңғыла Фатима күйеуім бастық екен деп бәлсінбей, жиі-жиі зиялы қауымның басын қосып отырған. Осындай жағдайлар да апамыздың естелігінен көрініс тапқан. Ол: «Күзде университет ашылысымен қазақ, орыс профессорларын ерулікке шақырғанмын. Ахаң (Байтұрсынов) бастатқан бұл адамдар менің бәліш, тұш (шәкшәк), самсаларымды мақтай-мақтай кешке дейін сыйланып, кешқұрым жаяулап Алматы өзенін жағалап жүріп қайтқанбыз. Бұл жүрісте әйелдер бір топ, еркектер бір топ болып жүріп едік. Әлімхан ағай өзінің шешен тілін мейлінше ағытқан. Фатов, Халел, Санжар ағайларды баурап алған еді», – деп жазады.

Фатима апамыздың естелігінде бәрі бар, тек сөйлете білу керек.

Фатов Николай Николаевич – төңкеріске дейін Мәскеу университетінің филология факультетін бітіріп, Мәскеу мен Санкт-Петербург университеттерінде дәріс оқыған белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессор. Ол 1928–31 жылдары Алматыда тұрып, жаңадан ашылған университетте сабақ береді. Пролетар жазушыларының көсемі М. Горькийдің өзімен пікірталасқа түскен ірі оқымысты, көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Ол 37-ші жылы қуғынға түскеніне қарамастан ұзақ өмір сүріп, бертінде – 1961 жылы қайтыс болды.

Халел Досмұхамедов – Алаш ардағы, 1903 жылы Императорлық Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясын тәмамдаған ірі ғалым, 1918 жылы болашақ қазақ автономиясы жайлы Ленин, Сталинмен келіссөз жүргізген қайраткер. Жиырмасыншы жылдардың соңында саяси қызметтен шеттелсе де, ғылыми-педагогикалық жұмысын үдете түскен кезі. Фатима жазып отырған жылы университет профессоры әрі проректоры.

Санжар Асфендияров – Халел тәмамдаған академияны бітірген атақты дәрігер, Әбілқайыр ханның ұрпағы. Түркістан мен Қазақстан республикасының әйгілі қайраткері әрі сол кездегі университет ректоры. Ол бұған дейін Түркістан АКСР-інің денсаулық сақтау және жер мәселесі жөніндегі халық комиссары қызметін атқарып, Түркістан өлкесіне есімі кеңінен танылған қайраткер болатын.

Бұлардың бәрін шешен тілімен, телегей теңіз білімімен баурап алған Әлімхан ағай да осал емес. Ол – қазақтың тұңғыш математика профессоры. «Алашорда» үкіметі басшыларының бірі, 1920 жылы Қазақ автономиялық республикасын құру туралы Лениннің төрағалығымен өткен отырыста қазақ жерінің аумақтық тұтастығын қорғап қалған айтулы қайраткер – Әлімхан Әбеуұлы Ермеков.

Мәдениет, ғылым-білім мекемелерін былай қойғанда, Үкімет ғимараттарының іргетастары енді қаланып жатқан шақта Фатиманың меймандос шаңырағы Париж бен Санкт-Петербургтегі зиялы қауым, богемалық орта бас қосатын салон қызметін атқарыпты. Мұнда кім болмады десеңші. Естелікте аты аталмаған сол замандағы қазақ зиялы қауымының сүт бетіне шығар қаймағының бәрі Фатима ханымның салонында дерлік сыр-сұхбатқа толы ұмытылмас кештер өткізіп, оның иесіне өзінің ризашылықтарын білдірген.

Өкінішке қарай, Фатима өмірінің бақытқа, шаттыққа толы сәттері көрген түстей тез өте шықты. Оны алда тіршілік үшін, ұрпағы үшін, жазықсыз құрбан болған жарының ақталуы үшін күреске толы жылдар күтіп тұрды. Тіпті Біләл мен Ілияс халқымен қайта табысып, Мұхтардың даңқы күллі әлемді шарлап кеткенде де ол күресті бір сәтке тоқтатпаған. Оның естеліктерінің соңғы жағында: «Әзір күрес майданындамын. Мен бұл күрес майданынан шыққалы бірталай жылдар өтті. Жау соғыс аша қалса, тап осы күні әскерім дайын, өте сақ генералдаймын. Ұшырған балапандарымды барлап, нашарлау жерлеріне қайрат беріп, қайрап отырамын. Міне, менің әскерім осындай. Мен кәрі, тәжірибелі генерал, әскерлерімді күнде барлап, шынықтырып отырамын», – деген жолдар бар.

Осындай қазақтың жақсы мен жайсаңдарына өзін сыйлата білген ғазиз жанның болғанына, оның азат күндерден үмітін үзбей, өзін болаттай берік ұстап, әділдік жолындағы күресі мұратына жеткізетініне нық сенген қайтпас қайсарлығына қайран қалып, таңдана басыңды иесің.

Мұхтар Құл-Мұхаммед,

Ұлттық Ғылым академиясының академигі

Ескерту: Мақалада пайдаланылған суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды!

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958