Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 2451 0 пікір 18 Ақпан, 2024 сағат 19:42

Құқықтық қоғам құндылығы

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Саяси жүйе мен демократиялық қоғамда «адам құқығы» мәселесі әруақытта өзекті болып тұрады. Қоғамдағы адам құқығын қорғау жүйесінің мақсаты – қоғамның әділеттілік принциптеріне сүйенген экономикалық, әлеуметтікжәне рухани дамуын қамтамасыз ету. Ол үшін мемлекет билігі «адамгершілікті» болып қалыптасуы керек. «Адамгершілік сипат» деуіміздің мағынасы ‑ ел басқару тәсілінің тотолитаризм, не болмаса, оның жұмсақ түрі ‑ авторитаризмге қарай бұрылып кетуден қорғаудан көрінеді. Мұндай жол шын мәнісіндегі құқықтық қоғамның позитивті мүмкіндігін ашады, оған жол салады. Қоғам осы қалыпқа түскенде ғана тұрақты даму мүмкіндігіне ие болады.

Жалпы, «адам құқығы» ұғымы тек қана заңдық нормалардың жиынтығы ғана болып қалмайды. Ол, сонымен бірге, өте жоғарғы деңгейдегі парасаттылықты білдіретін этикалық категория. Құқықтың қорғалуы, ең алдымен «адамның өзін‑өзі құрметтеуінен» басталады. Иә, адам қоршаған ортаны құрметтеуден бұрын, біріншіден, әуелі өзін құрметтеп үйренуі керек. Себебі, ол өзін қоғамның толыққанды мүшесі, оның бір «пайдалы элементі» (Абайда «қаланған бір кірпіш») сезінгенде, ол өзінің денсаулығы да, алған білімі де, салауатты өмір салты да, мәдениеті мен адамгершілдігі де тек өзіне ғана емес, өзгелерге бағытталатынын ұғады. Сол түсінік адамға өзін бағалауды, талапқа сай өзін тәрбиелеуді үйретеді. Сондықтан болар, қазақ халқында «Өзін силамаған, өзгені де силамайды» деген сөз айтылады.

Одан әрі, екіншіден, адам өзін қоршаған ортаны құрметтеуді өзінің бұлжымас өмір сүру қағидасына айналдыруы керек. Себебі, адам бар уақытта тек қауымдасып өмір сүру арқылы ғана өзінің табиғи‑физиологиялық және рухани‑мәдени потенциалын іске асыра алады. Қауымдасудың өзі де неше түрлі формалардан, сипаттардан тұрады. Ал, олардың арасында тек соған сай моралдік‑этикалық және құқықтық нормалар қалыптасады. Мысалы, адами табиғатқа сай адам ұрпақ жалғастыру үшін жұптасады, яғни, отбасылық ортаны қалыптастырады. Бұл да «қоғамдасудың» ең қарапайым деңгейін білдіруші құбылыс. Дегенмен, осы деңгейден‑ақ белгілі дәрежедегі моралдік және құқықтық қатынастар іске қосылады. Ол – жігіт пен қыз арасындағы сүйіспеншілік, сыйласу, ынтазарлық және т.т моралдік қатынастар болса, ерлі‑зайыптылар ретінде олардың арасында белгілі бір құқықтық жауапкершіліктер пайда болады. Ол – олардың әрқайсысының жаңадан пайда болған «қауымдастықтағы» атқаратын қызметі мен жауапкершілігі арқылы көрінеді. Мысалы, мұндайда әйел адам функциясы мен ер адам функциясы ғасырлар бойы қоғамда қалыптасқан салт‑дәстүрлер негізінде осы отбасыға ғана тән «құқықтық норма» түріне айналады.

Үшіншіден, құқықтық сана өз ұлты мен өз тарихын, өз Отанын құрметтеуден көрінеді. Себебі, адами тұрғыда «жеке‑дара адамның» (Робинзон Крузо) ешбір құқықтық сипаты болуы мүмкін емес. Құқықтық қатынас – қоғамдық деңгейде ғана мүмкін. Өйткені, жеке адам тек осы ортада ғана «адам болып» қалыптасады да, ортаның қабылдаған барлық моралдік және құқықтық нормаларын өзінің бойына сіңіреді. Ол нормалар ол үшін «мемлекеттік заңдар» мен «моралдік‑этикалық қағидалар» түрінде беріледі. Осылайша, оның санасына табиғи түрде енген бұл нормалар –адамның еркін өмір сүруінің жарқын көрінісіне айналады. Адамдар өмірде «анау жақсы, мынау жаман» деп баға бергенде – осы қағидалар мен заңдарға сүйенеді. Ал, осы қағидалар мен заңдық нормалардың ықпал етуші гоеграфиялық және мәдени ареалы – Отан деп аталады. Сондықтан қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс» деп өсиет айтып кетті.

Төртіншіден, әлем әртүрлі елдерден, мемлекеттерден,  мәдениеттерден, тілдерден, діндерден құралады. Бұл құндылықтардың барлығы әр жерде әрқалай болғанына қарамастан, олардың субъектісі, яғни «құндылық иелері» бір ғана атқа ие, ол Адам. Олай болса, осы түрлі‑түсті әлемді біріктіруші моралдік‑этикалық нормалар мен құқықтық нормалар ретінде «Халықаралық заңдар» жиынтығы қабылданады. Әрине, ол нормалар мен заңдардың әрекет ету нысаны жеке адам емес, қоғамдар мен мемлекеттер болып табылады. Ендеше, әлемдегі барлық   «мемлекетаралық қатынастар» негізінде бәрібір де осы сипаттағы адамгершілік көріністер жатады деуге болады. Яғни, адамдар арасындағы құқықтық микронормалар адамзаттық деңгейде меганормаларға айналады. Осы ереже – адам мен адамзат алдындағы бұлжымайтын ереже.

Қазақ халқының ұлттық дәстүрінде бұл бар нәрсе. Ал, ұлттық тәрбие жүйесі де осы бағытта – «адам бол» дегеннен бастап «елге қызмет қыл» дегенге дейін – нақтыланған жүйе еендігін көреміз. Алайда, ел тарихындағы кездейсоқ кездескен отыз жылдық авторитаризм ұлттық санадағы бұл түсінікке орасан зор нұсқан келтірді. Құқықтық нормалар өрескел бұзылып, демократия жоққа шығарылды. Адамдар арасындағы қарым қатынаста моралдік‑этикалық‑құқықтық нормалардың орнын «аярлық пен алдауға, зорлық пен зомбылыққа, күш көрсетуге негізделген сауда‑саттық қатынастар» орнықты. Соған сай, «заң алдында бәрі тең болуы тиіс» деген принцип жойылды. Заң – тек «күштілерге» ғана қызмет етті. Ал, «күштілер» дегендер «заң бұзушылар» болғандықтан ‑ олардың табиғаты қорқаулық пен қараулықтан құралды, одан әрі аса алмады...

Енді, есін жия бастаған қоғам алдында осы «қисық бұтақты» түзеудің ауыр міндеттері тұр.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5326