Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 4459 0 пікір 6 Наурыз, 2024 сағат 13:32

Қаламгердің Ташкент пен Шымкенттегі қызметі

Сурет: qalamger.kz

Жүсіпбек Аймауытов – 135

«Жүсіпбек Аймауытов – Алаштың миы еді. Алдымен оны атқаны да сол себепті: Алашты миынан айыру».

Алаш тарихын зерттеушілердің бірі айтқан сөз.

                «Қазақ әдебиетінің бастауында Жүсіпбек Аймауытовтай алып тұр».

                                                                                     Қалихан Ысқақ,
                                                                                                    жазушы.

Көрнекті ақын, жазушы, драматург, публицист, әдебиет зерттеушісі, ағартушы ғалым, педагог, психолог, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі - Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы 8 наурызда Семей губерниясына қарасты Кереку уезінің Қызылтау болысындағы  №1 ауылында (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жүсіпбек Аймауытов  атындағы ауыл) дүниеге келген. Жергілікті адамдардың айтуына қарағанда, әкесінің азан шақырып қойылған аты – Оймауыт екен. Жазушының өзі: «Мен Сиыр жылының аяғында (1890 жылдар) Қызылтаудың бауырындағы Қараның адыры деген жерде Дәндебай ауылында тусам керек. Руым – Сүйіндік, соның ішінде – Күлік. Айдабол мен Күлік бір туысады. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров – Айдаболдан. Екеуміз сегізінші атадан қосыламыз. Қазақтың фольклоршы публицисі, шежіреші ақыны Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлымен жетінші атадан қосыламыз. Кереку уезі, Семей губерниясы», - дейді.

1919 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Сонда Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен Қаныш (азан шықырып қойған аты – Абдулғани) Имантайұлы Сәтбаевпен бірге оқыған. 1919-1920 жылдары Семей губерниялық Атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, «Кедей таңы» газетінің редакторы болып қызмет істеген. Сол жылы Орынбордағы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы   Оқу-ағарту халық комиссарының орынбасары, «Еңбек туы» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің редакторы, 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы және журналистер бюросының хатшысы қызметін атқарған.

1922-1923 жылдары Қарқаралыдағы қалалық мектепте, 1923-1924 жылдары Орынбор халық ағарту институтында, 1924-1925 жылдары Ташкенттегі қазақ-қырғыз халық ағарту институтында, 1925-1926 жылдары Орынбор әскери мектебінде дәріс  берген. Осы жылдардың ішінде газет-журнал редакцияларында қосымша қызмет атқарған. Ташкенттегі «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, «Сәуле», «Шаншар» әдеби журналдарының редакторы болған. Бірқатар газет-журналдарға әдеби-көркем шығармалары мен мақалаларын бастырып тұрған. 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында директор болып қызмет атқарған.

1929 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы – Қызылордаға ауысып, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде қызмет істеуге барған. Бірақ, көп кешікпей жалаға ұшырап, 14 мамыр күні ГПУ тарапынан тұтқындалған. «Революцияға қарсы жасырын ұйымның мүшесі» деген айып тағылып, 1931 жылы 21 сәуірде Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылған.  1988 жылы 4 қарашада Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы соты оны толық ақтаған.

Ақын ретінде жазған өлеңдерінің арасынан «Жазушыларға» деген өлеңін бөле-жара атауға болады. Бұл – 1916 жылдың соңында Ташкентте ерлі-зайыпты Көлбай мен Мәриям Төгісовтер қазақ тілінде шығарған «Алаш» газетіне  жазушыларға арнап жазылған тілек-өлең сөз. Осы газеттің 1917 жылғы 8 ақпандағы санында жарияланған. Сол жылы «Алаш» газетінде «Не істеп  жатыр» (16 ақпан), «Отағасы» (24 ақпан), «Ах-ха-ха-хау» (мысқыл, 30 наурыз), «Ұршық» (№19) деп аталатын өлеңдері жарық көрген.

Орыс жазушысы, драматургы Максим Горькийдің (Алексей Максимович Пешков) әйгілі «Песня о Соколе» («Сұңқар туралы жыр») өлеңінің қазақ тіліндегі алғашқы аудармаларының бірі – «Өлең сұңқарға» («Жас қазақ» журналы, қазіргі «Жас Алаш» газеті, 1924 жыл, №4), орыс тіліндегі «Молодая гвардия» деген комсомол өлеңінің бірінші орынды жеңіп алған қазақ тіліндегі аудармасы – «Жас әскер» («Лениншіл жас» журналы, қазіргі «Жас Алаш» газеті, 1925 жыл, №1-2), «Тұңғиық түпсіз астында» («Өлеңмен жазылған сөз», «Жас қазақ» журналы, 1924 жыл, №7-8), «Жаңылтпаштар» («Жас қазақ» журналы, №5-6) өлеңдері баспа бетін  көрген.

Сонымен қатар «Алаш» газетінде  алғашқы көсемсөз туындыларының бірі болып саналатын – «Қазақтың өзгеше мінездері» (Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған, 30 наурыз 1917 жыл), «Ақ жол»  газетінде «Әмен Жүсіпұлы» (26 маусым 1921 жыл), «Зұлхбире» (14 қараша 1924 жыл), «Пара алу тоқтала ма?» (22 қараша 1924 жыл),  «Қазаққа пайдалы жас талап» (қоғам қайраткерлері – Абдолла Байтасұлы, Қошке Кемеңгеровпен бірігіп жазған, 11 желтоқсан 1924 жыл), «Қара тану мен денсаулық» (1925 жыл, №2), «Әдебиет мәселесі» (1 сәуір 1925 жыл), «Көркем әдебиетті саралау» (17 сәуір 1925 жыл), «Отырықшылықтың пайда, зияны» (21 сәуір 1925 жыл), «Қазақ қызы» (23 сәуір 1925 жыл), «Пән сөздері қалай табылады?» (1 мамыр 1925 жыл), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде «Мағжан Жұмабаевтың ақындығы туралы» (25 қаңтар 1923 жыл) мақалалары жарық көрген. Жүсіпбек Аймауытов сыншы ретінде ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын талдағанда «Ақынның кім екеніне емес, ақындық күшінің неде екеніне үңілу қажет», – десе, сыншының бұл пікірі жазушының қасаң, тұрпайы тұжырымымен ымыраға келе алмағанын көрсетеді.

Шымкенттегі педагогикалық техникумда  қызмет істеп жүрген кезінде, дәлірегі, 1927 жылы 20 мамыр мен 15 қарашада қазақтың фольклоршы публицисі, шежіреші ақыны Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлына  (1857 – 1931) «Мәшһүр аға!», «Құрметті Мәшһүр аға!» деген атаумен хат жазған. Бұл хаттарды «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің 1990 жылғы 1 мамырдағы санында филология ғылымының докторы  Сәрсенбі Дәуітов жариялаған.

Жүсіпбек Аймауытов «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына атсалысыңдар» («Еңбекшіл қазақ», қазіргі  «Egemen Qazaqstan» газеті, 19 қараша 1926 жыл), «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының жиналған сөздері» («Еңбекшіл қазақ», қазіргі  «Egemen Qazaqstan» газеті, 18 қаңтар 1927 жыл) деп аталатын Ашық хаттар жазған. Оның толық мәтіндері 1996-1999  жылдары жарық көрген бес томдық шығармалар жинағының бесінші томының 233-237 беттерінде жарияланған. 1933 жылы жарық көрген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалар жинағына алғысөз жазған.

1928 жылдың қаңтар айында Шымкентте «Өз жайымнан мағлұмат» қолжазбасын жазған.  ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында кеңестік мемлекет, саяси, мәдениет қайраткері Смағұл Сәдуақасов сол тұстағы қалам қайраткелеріне бірнеше сұрақтар беріп (анкета түрінде), олардың өмірі, еңбектері туралы мағлұматтар жинауды мақсат етіпті. Солардың бірсыпырасы Мұхтар Әуезовтің архивінде сақталып қалған. Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов өзінің өмірбаяндық «Өз жайымнан мағлұмат» деп аталады) қолжазбаларын бір кезде Смағұл Сәдуақасовтың зайыбы Елизавета Әлиханқызы Бөкейханова Мұхаңа табыс еткен екен. Жүсіпбек Аймауытовтың қайтарған жауабын сол архивтен алып, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1988 жылғы 23 желтоқсандағы санында жариялаған – ғалым Тұрсын Әкімов.

Ақын ретінде «Сарыарқаның сәлемі» (1917),  «Көшу», «Ұран» («Қазағым, қақтықпа»),  «Жазушыларға», «Не істеп жатыр», «Отағасы», «Ха-ха-ха-хау» (мысқыл), Ұршық», «Көшу», «Ұран», «Еңбекшілдер ұраны»,  «Жас әскер», «Жас көсемдер маршы», «Тұңғиық түпсіз астында» (өлеңмен жазылған сөз), «Жаман тымақ», «Нұр күйі» («Күйлі сөз»), «Әскер  марсельезасы» («Арғы атам -- ер түрік»), «Владимир Ильич Ленинге» (жоқтау), «Баяғы жұт Қоянда», «Оқу, білім», «Тырна», «Ұршық» (жеңгем сыры), «Балға», «Диірмен», «Кет надандық ескі зат», «Жәмила», «Тар ғалым», «Жұмбақтар», «Жаңылтпаштар», сияқты өлеңдер жазғаны оқырман қауымға мәлім.

Жазушы ретінде «Қартқожа» (Қызылорда -- Ташкент, 1926), «Ақбілек» (Шымкент, 1928) романдары – қазақ ұлттық әдебиетінің кең тынысты реалистік романға бет алған тұсының елеулі туындылары болып саналады. «Қартқожа» романы 1996-1999 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері дайындап, «Ғылым» баспасынан шыққан жазушының бес томдық шығармалар жинағының бірінші томына енген (1996). Бұл басылымның редакция алқасы: Серік Қирабаев (жауапты редактор), Мүсілім Базарбаев, Зәки Ахметов, А.Хасенов, Бағыбек Құндақбаев, Диқан Қамзабекұлы (жауапты шығарушы).

«Ақбілек» романының толық қолжазба нұсқасы (бұл Жүсіпбек Аймауытовтың баспаға тапсырған нұсқасы болып  есептеледі) Ілияс Жансүгіровтің тартпасында сақталыпты. 1929 жылы 14 мамырда  тұтқындалып, 1931 жылы 21 сәуірде шұғыл түрде атылған Жүсіпбектің еңбегі басқаша сақталуы мүмкін емес-тін. Осы қолжазбаны Фатима Ғабитова Қазақстан Мемлекеттік Орталық архивіне тапсырған. Аталмыш романның толық нұсқасы «Жұлдыз» журналының 1989 жылғы №6, 7, 8, 9 сандарында Бейсенбай Байғалиев пен Марат Хасанаевтың әзірлеуімен жарық көрген. Сонымен қатар сол жылы «Жазушы» баспасынан шыққан бір томдық шығармаларына енді (роман нұсқасын әзірлеген – Хасен Өзденбаев.

Жазушы, драматург, киносценарист, филология ғылымының кандидаты  Шахимарден Қабиденұлы Құсаинов орыс тіліне тәржімалаған «Ақбілек» романы «Қазақ прозасының қазынасынан» сериясымен 2007 жылы Алматыдағы «Раритет» баспасынан жарық көрген. Ол сондай-ақ, «Қартқожа» романын да орыс тіліне аударған.

Қаламгер Жүсіпбек Аймауытов – роман жанрының хас шебері ғана емес. Сонымен қатар ол оқырман қауымға «Күнікейдің жазығы», «Нұр күйі» («Күйлі сөз»)  повестерін, бірқатар әңгімелері  мен ертегілерін    ұсынған.

Ташкентте қызмет істеп жүргенде «Лениншіл жас» газеті, осы аттас журнал  және «Жас қазақ» журналында (қазіргі «Жас Алаш» газеті) «Елес» атты сатиралық әңгімесі («Жас қазақ» журналы,  1924 жыл, №5-6), «Жаңабайдың жанындағы трагедия» («Жас қазақ» журналы, 1924 жыл, №7-10), «Қара бақсы» («Лениншіл жас» журналы, 1925 жыл, №7), «Аждаһа» («Жас қазақ» журналы, 1924 жыл, №5-6), «Жидебайдың баяндамасы» «Ақ жол» газеті мен оның  қосымшасы – «Сәуле» әдеби журналы мен «Қосшы» парағында «Жидебайдың баяндамасы» 7 және 16 ақпан 1925 жыл), «Жол үстінде», Әміре Қашаубаевқа арнаған «Әнші» («Терме» журналы, 1925 жыл, №1), «Жарасымды сүгіреттер» (9 қазан 1924 жыл), «Күмәжиек» («Әмиян», 12 қазан 1924 жыл), «Радио хабарлары» (16 қазан 1924 жыл), «Көшпелі Көжебай» (29 қазан 1924 жыл), «Елеусіз ерлер» («Ақ жол» газетінің қосымшасы «Сәуле» әдеби журналы, 1924 жыл, №6), «Қойшы Тастамақ» (11 желтоқсан 1924 жыл), «Тінікейді не ойландырды?» (29 желтоқсан  1924 жыл), «Қилы-қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды» (1925 жыл), «Жаңа өмірге аяқ басты» (7 және 9 қаңтар 1925 жыл), «Делебесі қозған жігіт» (26 қаңтар 1925 жыл), «Соп-соп» («Ақ жол» газетінің «Қосшы» парағы, №1 – 4 наурыз 1925 жыл), «Қырсықты Сүлей» (4-6 наурыз 1925 жыл), «Оралдан пойыз өткенде» (22 қараша 1925 жыл) әңгімелері жарияланған.

Драматург ретінде «Рәбиға» (1917 жылы жазылған, 1926 жылы Мәскеуде жеке кітапша болып басылып шыққан), «Жебір болыс» («Мансапқорлар», 1916-1917 жылдары жазылған, 1925 жылы Мәскеуде жеке кітапша болып басылып шыққан), «Қанапия мен Шәрбану» (1917 жылы жазылған, 1926 жылы Мәскеуде жеке кітапша болып басылып шыққан), «Шернияз» (1926), «Сылаң қыз» (1920 жылы Орынборда, 1922 жылы Ташкентте  жеке кітапша болып басылып шыққан) деп аталатын пьесалар жазған. Ал, «Ел қорғаны»  атты  пьесасы  1925 жылы Ташкентте 1500 таралыммен жеке кітапша болып басылып шыққан. Александр Сергеевич Пушкиннен аударған «Скупой рыцарь» («Сараң сері») мен «Каменный гость» («Тас мейман») шағын трагедиялары 1927 жылы Ташкентте жеке кітапша болып басылып шыққан.

Сыншы ретінде «Абайдан соңғы ақындар» (1918, Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған), «Мағжанның ақындығы туралы» (1923), «Аударма туралы», Максим Горькийдің шығармашылығына арнаған «Сұңқар жыры» (1925) деп аталатын еңбектері – автордың әдебиет жөніндегі, оның ерекшеліктері туралы, қаламгер шығармашылығын түсінудің принциптері жайлы ұғым-түсінігін, көзқарасын көрсететін елеулі туындылар. Сонымен қатар Жүсіпбек Аймауытовтың  театр, музыка, өнер  тарихына қатысты жазғандары да баршылық.

Ғалым, педагог, психолог ретінде ол «Тәрбиеге жетекші» (Бала оқытушыларға, Орынбор, Қырғыз мемлекеттік баспасы, 1924), «Психология» (Қызылорда – Ташкент, 1926 ), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (Қазақстан оқу комиссариаты қасындағы білім ордасы, Мәскеу, Қазақстан мемлекеттік баспасының Күншығыс бөлімі, 1926) ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері, «Сабақтың комплекстік жүйесінің әдістері» («Комплексті оқыту жолдары», мұғалімдерге, қайталама курстарға, тәрбие техникумдарына көмек, Қызылорда, Қазақ баспасы, 1929), «Жаңа ауыл» (1930) атты зерттеулер мен оқулықтардың авторы екенін бәріміз жақсы білеміз. Осылардың ішінен «Психология» кітабын Қызылордада бастап, Ташкентте аяқтаған екен (1926).

Жүсіпбек Аймауытовтың аудармалары – қаламгер шығармашылығында елеулі орын алады. Ол тәржіма табиғатын терең түсініп, аударма өнерінің өрістеуіне сүбелі үлес қосқан айрықша дарын иесі. Әлем классиктерінің 30-ға тарта шығармасын кәсіби шеберлікпен аударған. 1925 жылы қазақ оқығандарының арасында алғаш болып «Аударма туралы» арнайы мақала жазған. Қаламгер-аудармашының  тілі өте шұрайлы да бай. Ол – түпнұсқа авторларына тән жеке стильдік ерекшелікті барынша сақтауға ұмтылған. Бұл талапты аударма жасау барысында ұстанатын негізгі өлшемшарт ретінде таныған қаламгер.

Жүсіпбек Аймауытов  шетел ақын-жазушыларынан – Анри Рене Альбер Ги де Мопассан, Жан-Батист Поклен (Мольер), Виктор Мари Гюго, Вильям Шекспир, Джек Лондон (Джон Гриффит Чейни), Рабиндранат Тагор, Конрад Беркович, Стефан Цвейг, орыс қаламгерлерінен – Николай Васильевич Гоголь, Александр Сергеевич Пушкин, Лев Николаевич Толстой, Максим Горький (Алексей Максимович Пешков), Владимир Галактионович Короленко, Антон Павлович Чеховтың шығармаларын ұнатқан. Ол келесі әдеби көркем шығармаларды қазақ тіліне аударған: орыс ақыны, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы Александр Сергеевич Пушкиннің «Скупой рыцарь» («Сараң сері»), «Каменный гость» («Тас мейман») шағын трагедияларын; орыс жазушысы, драматург Николай Васильевич Гогольдің «Ревизор» («Бақылаушы») комедиясын; орыс жазушысы, драматург Максим Горькийдің (Алексей Максимович Пешков) әңгімелері мен «Песня о Соколе» («Өлең сұңқарға») өлеңін; орыс жазушысы Антон Павлович Чеховтың «Комажнек» («Күмәжиек»), тағы басқа бірқатар әңгімелерін; Қырғызстаннан шыққан орыс кеңес кескіндемешісі Семен Афанасьевич Чуйковтың «Тау еліндегі оқиға»;  америкалық жазушы, әскери журналист, қоғам қайраткері  Джек Лондонның (Джон Гриффит Чейни) «Сила  сильных» («Күштілердің күші»), «Неслыханное нашествие» («Теңіз, телегей аттаныс»); үндінің ұлы ақыны, жазушысы, сазгер, суретші, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының лауреаты Рабиндранат Тагордың «Шубха» («Балжан»); француз жазушысы Фердинанд Дюшеннің «Тамилла» («Дәмелі»); француз жазушысы, ақыны, драматургы, саяси және қоғам қайраткері, сенатор, Француз академиясының мүшесі Виктор Мари Гюгоның «Отверженные» («Бейшаралар»); француз жазушысы Анри Рене Альбер Ги де Мопассанның «На реке» («Су жүзінде»); француз жазушысы, драматургы, журналисі Александр Дюманың бірқатар туындыларын; Румыниядан шыққан америкалық новеллист, сценарист Конрад Берковичтің «Әкесі мен баласы», «Заң білместің зары», «Өрбике», «Мұрда», «Мұрданың өлімі», «Тұқым»; парсылық ұстаз, аты әлемге әйгілі суфист  ақын Жалалаладдин Румидің  (Мавлана Жалалаладдин Мухаммад Балхи Руми)  «Сказки Мулли Ирамэ» («Молда Ирамидің кітап жазуға қалай кіріскені туралы»); орыс ертегісі «Пәренжі» («Перде»); Қабарда ертегісі «Әйелдер»;  «Интернационал» әнұранын; тағы басқа шығармаларды қазақ тіліне тәржімалаған.

Осылардың ішінен Семен Афанасьевич Чуйковтың «Тау ішіндегі оқиға» шығармасы 1925 жылы Ташкентте жеке кітапша болып шыққан. «Туркестанская правда» газетінен аударған «Ақ мұртынан күлді» («Ақ жол» газеті, 22 қазан 1924 жыл); Анри Рене Альбер Ги де Мопассанның «Су жүзінде»  шығармасы («Ақ жол» газетінің қосымшасы – «Сәуле» әдеби журналы, 1924 жыл, №5);  Джек Лондонның «Күштілердің күші» («Лениншіл жас» журналы, 1925 жыл, №6-7) жарияланған. Ал, «Пәренжі» атты орыс ертегісінің аудармасын 1927 жылғы 10 мамырда Шымкентте жазған екен. Бұл туынды «Әйел теңдігі» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналының 1927 жылғы №6 санында жарық көрген.

Ташкенттегі қазақ студенттеріне арнап «Мағжан Жұмабаевтың ақындығы туралы» баяндама жасаған. Бұл баяндаманың толық мәтіні Жүсіпбек Аймауытовтың 1996-1999 жылдары Алматыдағы «Ғылым» баспасынан шыққан бес томдық шығармалар жинағы бесінші томының 144-145 беттерінде жарияланған.

1926-1929 жылдары Жүсіпбек Аймауытовтың Шымкенттегі педагогикалық техникумда директор болып қызмет істегенін жоғарыда тілге тиек еттік. Ол қаланың ескі орталығындағы Қошқарата өзеніне жақын маңдағы Крегер көшесі, №8 мекенжайындағы бір қабатты үйде тұрған екен. Өкінішке орай, бұл үй 2000 жылдардың басында  бұзылып, орнына көпқабатты тұрғын үй салынып  кеткен. Осылайша оны музейге айналдыру жұмыстары аяқсыз қалған.

Бір жұбанарлық жайт, Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрына,  Астана, Алматы, Семей, Павлодар, Көкшетау қалаларындағы көшелерге Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілген. Керекудегі  облыстық театр ғимаратының алдына ескерткіші, ал Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ғимаратының  алдына кеудемүсіні орнатылған. Егемен еліміздің үшінші мегаполисінде Жүсіпбек Аймауытов атындағы көше, мектеп, колледж бар.  Қаладағы №64 мектеп-гимназиясы мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан  мемлекеттік педагогикалық университетінің құрамындағы педагогикалық колледжге оның есімі берілген. Жүсіпбек Аймауытов  туралы 1994 жылы «Қазақтелефильм» студиясы «Алаш туралы сөз», 2009 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясы «Алашорда» атты деректі фильмдер түсірген. Режиссері – Қалила Умаров. Жазушы жайлы Герольд Бельгер «Аймауытов айшықтары», Серік Қирабаев «Көркем шығарма шебері» деп аталатын еңбектер жазған.

Бүгінде  Жүсіпбек Аймауытовтың дүниеге келгеніне 135 жыл толады. Қаламгер «Ақбілек» романын, «Пәренжі» («Перде») атты орыс ертегісінің аудармасын біздің Шымкентте жазған екен. Бұдан бөлек биыл бір ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған облыстық «Оntustik Qazaqstan» газетінің жұмысына да етене араласқан болса керек. Ал, әзірге олардың бәрін зерттеп, зерделеуді алдағы уақыттың еншісіне қалдыра тұрайық.

Әбдісаттар Әліп,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы.

Шымкент қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377