«ERC» жобасы: Қазақстан стратегиялық металл алпауытына айнала ма?

Биыл мамыр айының орта шенінде (20 мамыр) әйдік «Financial Times» басылымында «Қазақстандық олигархтың ұлы «ERC-ді» толық бақылау үшін күресіп жатыр» деген дардай атпен мақала жарық көрді.
Онда айтылған ақпаратқа көз жүгіртсек: «ERC» деп аталатын алып компанияның басшылығындағы (директорлар кеңесінің төрағасы) Шухрат Ибрагимов компанияның өзге үлескерлері – Машкевич және Шодиев мұрагерлерімен қызу сауда жүргізуде.
ШУХРАТ ИБРАГИМОВ – ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІНЕ ТИІМДІ КАДР...
«Financial Times» басылымы: «Шухрат Ибрагимов «ERC-де» 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол директорлар кеңесіне 2021 жылы қосылған. Қазір «ERC-де» буын алмасты. Патох Шодиев өз орнын ұлы Сабирға тапсырды. Ал Машкевті туыс інісі Эдуард Сурлевич алмастырды. Осыдан соң Шухрат Ибрагимов өзге екі жанұяның «ERC-дегі» үлесін (40 пайыз) сатып алу үшін келіссөздер жүргізуде. Бұл келіссөздер наурыз айында Машкевтің қазасынан соң жылдамдай түскен», - деп жазады.
Әрі қарай: «Шодиевтың ұлы мен Машкевичтің мұрагері өз үлестерін Шухрат Ибрагимовке сатуға кетәрі емес. Алайда бар кілтипан – компанияның құнын бағалауда болып тұр. Сол себепті де үшеуара келіссөздер кейде агрессивті түрде жүріп жатады», - дейді басылым.
Ал «Financial Times» басылымына ұзын-құлақтың әңгімесін жеткізген қос бірдей дереккөз: «Қазақстан үкіметі «ERG» басшылығында ұзақ мерзімді перспективаға ие мажоритарлық акционер болғанын қалайды. Сол себепті де Қазақстан үкіметі Шухрат Ибрагимовтың бақылаушылық немесе басшылық рөлін күшейтуге қолдау көрсетуі мүмкін», - деп айтқан. Мұны да «Financial Times» жазды.

Сурет: kapital.kz сайтынан алынды.
Қарапайым тілмен айтсақ – Қазақстан үкіметі «ERC» басшылығындағы адам ретінде Шухрат Ибрагимовтің рөлін құп көреді-мыс. Әлбетте, «ERC-дің» 40 пайыз бақылау құқы – Қазақстан билігіне (үкіметіне) тиесілі. Ал «ERC» – Қазақстан экономикасындағы алпауыт компания.
Біз осыған дейін Қазақстанның бизнес кеңістігінде ерекше бір «майдан» жүріп жатқаны туралы жаздық. Онда «ЕRG» басшысы – Шухрат Ибрагимов пен «ЕRG-дің» иелігіндегі Қазақстанның табиғи ресурстарынан түскен қыруар қаражатқа отыз жыл бойы армансыз шалқып-тасып, шекараның шетінде шікірейіп-шіреніп өмір сүріп келген ескі билік тұсындағы дөкейлердің бизнесті игерудегі көзқарас қайшылығы туралы айттық.
Анығы - Машкевич пен Шодиевтер (қазір мұрагерлері меншік етеді) өздеріндегі активтерден едел-жедел құтылу үшін, өзгелерге сатып кетпек болады. Ал «ЕRG» директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов бұған үзілді-кесілді қарсы болып, бизнес империяны сақтап қалуға, сақтап қоймай, Қазақстанға инвестиция салып, өндірісті Қазақстанда жүргізуді талап етеді.
«Бір қарағанда бұл терең қалталы олигархтардың өзара дауы секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде – бұл жерде Қазақстанның табиғи ресурстары мен бизнес мүддесі «бәс саудаға» түсіп отыр. Керек десеңіз, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік мәселесі туралы әңгіме жүруде. Сондықтан, қазақ қоғамы, Қазақстан қоғамы бұл мәселеге мұқият қарап, сақтық танытуы керек-ақ», - деп жаздық біз.

Сурет: «kas_team¬_erg» instagram парақшасынан алынды.
Қазір бұл даудың дуылы сәл саябырсығанымен, толық басылмағаны белгілі. Қысқасы – «Қазақстан азаматы ретінде өз еліме, ұлттық экономикаға инвестиция салуға басымдық беремін», - деген Шухрат Ибрагимовтің тың бастамалары Қазақстан үкіметіне ұнаған секілді. Мұны жоғарыдағы «Financial Times» басылымындағы қос ауыз сөзден анық аңғарамыз...
ИБРАГИМОВТІҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ: ӘЛЕМДІК НАРЫҚТАҒЫ ТРЕНД – СИРЕК МЕТАЛЛ САУДАСЫ
Десе де, біз бүгін Шухрат Ибрагимовтің тыңнан түрен салып, тағы бір жаңашылдықты бастағаны туралы сөз етпекпіз. Ол не десеңіз, қараңыз:
«ЕRG» директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов жуырда қолға алған жаңа жобасы Қазақстанды стратегиялық сирек металлдің державасына айналдыруы әбден мүмкін. Бұл – келер жылы Қазақстан боксит рудасынан галлий өндірмек.
Сарапшылардың пікірінше, бұл әлемдік нарықты үлкен сұранысқа ие стратегиялық маңызды сирек металл саналады. Ол инновациялық өнімдерде, электронды чиптер, суперкомпьютер мен реакторларда қолданылады.
Ал «ERG-дің» жоспары бойынша Қазақстан жылына 15 тонна галлий шығара алатын дәрежеге жетсе – Қазақстан сирек металл өндірісінде әлемдік алпауытқа айналып шыға келмек. АҚШ президенті Дональд Трамп қалыптастырған трендтің бірі – қазір әлемде сирек мателл саудасының бәсі күшейіп тұр. Ал Қазақстанның бұл саудадағы потенциалы өзгелерден көшілгері.
Осыны білген «ERG» Қазақстанда галлий өндіретін кәсіпорынға 10 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Сурет: primeminister.kz сайтынан алынды.
ТОҚАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ ҺӘМ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҮМКІНДІГІ
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Үкімет экономика саласын әртараптандыру, отандық өндірісті қолдау және оффтейк-келісімшарттар тетігін толық іске қосу бағытында бірқатар нақты шараларды қолға алды. Осының нәтижесінде жыл басынан бергі алты айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалып, жалпы көрсеткіш 105,1%-ды құрады. Бұл сектор қазіргі таңда ЖІӨ-ге қосқан үлесі бойынша тау-кен өндірісі мен саудадан кейінгі үшінші орынды иеленіп отыр.
Біздің ел осыған дейін шикі кен өнімдерін сатып, содан түскен пайданы игіліктеніп келді. Ал осы үрдіске енді жаңа леп қосылды. Қазақстан енді өзінде бар табиғи байлықты өңдеуді қолға алады. Бұл жұмысты алғашқылардың бірі болып «ERG» компаниясы бастап кетті.
Қазақстан боксит кенінен галлий өндіруді қолға алмақ. Бүгінде бұл сирек металлдың негізгі өндірушісі әрі әлемдік нарықтағы монополисі – Қытай. Алайда, егер «ERG» компаниясының жоғарыда айтқан жоспары жүзеге асса, онда еліміз осы металл бойынша әлемдегі екінші орынға шықпақ.
Жалпы бүгінгі таңда «ERG» компаниясының Қазақстан экономикасындағы рөлі мен ауқымы қандай? «ERG-дің» Қазақстан аумағынан шеттегі жобалары Қазақстан үшін қаншалықты тиімді? Бұл жобаларды Қазақстанға ауыстыру, инвестицияны Қазақстан экономикасы салу туралы шешімдер қаншалықты өзекті және эффективті болмақ? Біз сарапшыларға сұрау салып, пікір білдік.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.
ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ ҮШІН ҮЛКЕН СЕРПІЛІС
Нұрболат Нышанбаев, сарапшы PhD:
– Менің ойымша, Қазақстанның галлий өндірісіне бет бұруы – стратегиялық дамуы үшін аса маңызды қадам. Сирек кездесетін металдарды өңдеу, өндіріске алып келу, болашақта ел экономикасы мен халықаралық беделіне елеулі ықпал етеді. Табиғатта сирек кездесетін бұл металл бүгінде – чиптер, суперкомпьютерлер, реакторлар, спутниктер мен әскери өнімдерде кеңінен сұраныста. Қазір бұл нарықты Қытайлық компаниялар толық дерлік бақылауда ұстап отыр. «ERG» компаниясы жылына 15 тонна галлий өндірсе, Қазақстан Қытайдан кейінгі екінші ірі өндіруші атануы ықтимал деп ойлаймын.
«ERG» компаниясының Қазақстанға бет бұрып, 10 миллиард теңгеден астам инвестициямен жаңа зауыт ашуы – ел экономикасы үшін үлкен серпіліс алып келетіні айқын. Бұл үрдіс тек өндіріс көлемін ғана емес, сонымен қатар еліміздің технологиялық әлеуетін арттырумен жалғасын табуы тиіс. Бұл өзге де, Қазақстан арқылы капиталын қалыптастырған компанияларға үлгі болуы тиіс.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.
«ERG» - МОНОҚАЛАЛАРДЫ САҚТАП ТҰР...
Айбар Олжаев, қаржыгер, сарапшы:
– Бізге экономика саласында жаңа бағыттар ашу керек. Оның ішінде елімізде сирек металдардың болашағы бары анық. Оны игеріп, пайдалансақ көптеген сирек металдар алуға болады. Бұл жұмыс енді басталып жатыр ғой. Мысалы, «ERG» галлий өндіруді қолға алмақ. Менің ойымша, бұл жақсы бастама. Осындай кезде жоғары технологиялық өндірісті жолға қойсақ, алдағы болашағымызға кепіл жасар едік.
«ERG» – еліміздегі алпауыт компанияның бірі, түрлі-түсті металдар өндіретін бұл компанияның құрамына «Саколов-Сарыбай», «ҚазПром», «Қазақстан-Аллюминий» сияқты үлкен өндірістер кіреді. Оның үстіне бұл компанияның 20 мыңнан астам жұмысшысы бар. Еліміздегі моноқалалардағы тұрғындарды тек қана «ERG» жұмыспен қамтамасыз етеді. Сондықтан бұның стратегиялық маңызы жоғары. Шухрат Ибрагимовтің бұл саясаты еліміздегі өндірісті күшейту үшін аса маңызды деп ойлаймын. Ол басшылыққа келгелі «ERG» біздің экономикамызға оң ықпал бере бастады.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДА ҒАНА ЕМЕС, ГЕОСАЯСИ ЖАҒЫНАН ДА МАҢЫЗДЫ
Жанат Момынқұлов, саясаттанушы:
– Қазақстанның тау-кен саласы халықаралық ірі ойыншылардың назар аударуда. «ERG» 2023 жылы 20 миллион АҚШ долларын инвестициялап, 2026 жылы галий өндіретін зауыт ашуды жоспарлап отыр. Бұл металл боксит кенінен қосалқы өнім ретінде алынатын болып, негізінен ЕҚЫҰ елдеріне жеткізіледі. Галлий, әсіресе жартылай өткізгіштер мен радиолокациялық жүйелерде қолданылатын маңызды сирек элемент, АҚШ пен Еуроодақта «стратегиялық маңызды минерал» ретінде саналады. Қытайдың сауда соғысының салдарымен галлий мен басқа да стратегиялық материалдардың экспортын шектеуі, әсіресе АҚШ-тың жоғары технологиялық салаларында тәуелділікті арттырып, жаңа жеткізушілер іздеуді қажет етті. «ERG» жобасы осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында, Қытайдан тәуелсіз түрде әлемдегі екінші қуат көзі бола алады.
«ERG» компаниясы Қазақстанда галлий өндіруді «Аллюминий Қазақстан» зауыты негізінде бастауы мүмкін. Бұл бұрыннан бергі инфрақұрылым арқылы қосымша шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Жобаның көлемі жылына 15 тоннаға дейін жетіп, Қазақстанның әлемдік нарықтағы орнын нығайтады. Сонымен қатар, бұл жоба Қазақстанның «жаңа мұнай» болып саналатын стратегиялық минералдар өндірісін дамыту бойынша ұлттық стратегиясының бір бөлігін құрамақ.
Бұл бастама Ақорда үшін тек экономикалық тұрғыда ғана емес, геосаяси жағынан да маңызды. Қазақстан «ERG» жобасы арқылы Батыс елдері үшін сенімді стратегиялық серіктеске айналып, сонымен қатар, халықаралық нарықтарға, өндіріс тізбегіне галлий жеткізушісі ретінде интеграцияланып, танылуға мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта Қазақстан үшін бұл тек нарықтағы орнын нығайту емес, әлемдік ресурстық бәсекеде маңызды рөл атқару мүмкіндігі болып отыр. Қазақстан үкіметі осы ұлттық байлықты игеруде ашықтықты қамтамасыз етіп, ел игілігіне пайдалануы аса қажет.
Abai.kz