Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3923 0 пікір 28 Қараша, 2013 сағат 03:54

МАГАДАНДА АТЫЛҒАН ҚАЗАҚТАР

Алаш мұрасын зерттеуге қомақты олжа салып, өзін үлесін қосып жүрген ғалым Нұрлан Дулатбеков Ресейдің Петербор қаласына жасаған кезекті сапарынан тағы да тың тарихи деректермен оралыпты. Бұған дейін Мәскеудің «Дон» бауырластар зиратындағы Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтың сүйегі жерленген қабір басына ескерткіш тақта орнатқан Нұрлан мырза бұл жолы сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдары жер аударылып, Магаданда жазықсыз, нақақ атылған қазақтардың тізімін шаң басқан Петербор мұрағаттарынан тауыпты. Төменде Нұрлан Дулатбековтың ұсынуымен Магаданда атылған қазақтардың тізімін жариялап отырмыз. Abai.kz Тарихта «кіндік кезең» деп саналатын талма тұстар болады. Ондайда белгілі бір саяси құрылыстардың ғана емес, күллі қоғамдық тіршіліктің тұтастай өзгеруі талап етіледі. Біздің бүгінгі бастан кешіріп отырған құбылыстарымыз көп ретте сондай кіндік кезеңдерді еске салады. Тәуелсіздік алғалы бергі жиырма жылдан астам уақыт ішіндегі атқарылған ұлан-асыр істер осындай жаңғырулардың, жаңарулардың арқасында жүзеге асырылып жатыр. Алдымызда төл тарихымызды сол тәуелсіздік талаптары тұрғысынан қайта жазып шығудың үлкен міндеті тұр.

Алаш мұрасын зерттеуге қомақты олжа салып, өзін үлесін қосып жүрген ғалым Нұрлан Дулатбеков Ресейдің Петербор қаласына жасаған кезекті сапарынан тағы да тың тарихи деректермен оралыпты. Бұған дейін Мәскеудің «Дон» бауырластар зиратындағы Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтың сүйегі жерленген қабір басына ескерткіш тақта орнатқан Нұрлан мырза бұл жолы сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдары жер аударылып, Магаданда жазықсыз, нақақ атылған қазақтардың тізімін шаң басқан Петербор мұрағаттарынан тауыпты. Төменде Нұрлан Дулатбековтың ұсынуымен Магаданда атылған қазақтардың тізімін жариялап отырмыз. Abai.kz Тарихта «кіндік кезең» деп саналатын талма тұстар болады. Ондайда белгілі бір саяси құрылыстардың ғана емес, күллі қоғамдық тіршіліктің тұтастай өзгеруі талап етіледі. Біздің бүгінгі бастан кешіріп отырған құбылыстарымыз көп ретте сондай кіндік кезеңдерді еске салады. Тәуелсіздік алғалы бергі жиырма жылдан астам уақыт ішіндегі атқарылған ұлан-асыр істер осындай жаңғырулардың, жаңарулардың арқасында жүзеге асырылып жатыр. Алдымызда төл тарихымызды сол тәуелсіздік талаптары тұрғысынан қайта жазып шығудың үлкен міндеті тұр. Осы орайда өткен ғасырдың 30-шы жылдарғы ойраны, 40-шы жылдарғы қырғыны кезінде қыршынынан қиылған, жазықсыз жапа шегіп, отқа оранған, оққа байланған, халқымыздың қаймағы дерлік арыс азаматтарымыздың, тұғырлы тұлғаларымыздың қайғылы тағдыр-тарихына жаңаша тұрғыда жарық түсірудің маңызы ерекше. Сол мақсатпен біз небір тағдырлар тұншықтырылған қаралау, жазалау, еңбек лагерьлерінің дерек-құжаттары қорланған архивтерді ақтару жұмысымен біраз жылдардан бері жүйелі шұғылданып келеміз. Талабымыз нәтижесіз де емес сияқты. «Бетімізге күйе қылып жақпасақ, біздерде де талай мықты болыпты» деп Мағжан Жұмабаев ақын айтпақшы, бір өзі бір ұлттың ұстыны, тірегі, темірқазығы болуға лайық талай-талай тамаша азаматтарымыз сталиндік қуғын-сүргін науқанының құрбаны болып, айдалып, атылып кеткені белгілі. Олардың туған халқының болашағы үшін еткен еңбегі, көрсеткен қайратымен қоса шеккен бейнеті де жетіп артылады. Ең сорақысы – нағыз ақыл-парасаты тарлан тартқан кемел шақтарында аясыз қуғын-сүргінге ұшыраған. Сондай өлімі мен жерленген орны жұмбақ, әлі күнге даулы болып келе жатқан қос боздақ, қос арыс – қазақ халқының алтын айдарлы ақындары, қайраткерлері Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин. Олардың НКВД құжаттарында жазылғандай, түрмеде атылғаны, туған жерлерінен топырақ бұйырғаны жөніндегі деректер жан-жақты дәлелдеуді қажет етеді. Сонау 80-ші жылдардың басында басталған бұл төңіректегі алыпқашты әңгіме әлі күнге басылмай келеді. Бірнеше мәрте арнайы экспедиция да барып келді. Ол жөніндегі пікірталас баспасөз бетінде бір үзілген емес. Әлбетте, қазіргідей мол мүмкіндіктер кезінде аты бір тайпа елдің туына айналған тұлғаларымызға байланысты ақиқаттарды аңыздан аршып алуға күш салмасақ әсте болмайды. Ол, әрине, бір сәтте жүзеге аса салмайды. Ұзақ уақытты, көп әрекетті қажет етеді. Осы бағытта біз де, ізденіс өрісімізге орай біраз талаптар жасаған едік. Сұңқар Сәкенмен Магадан түрмесінде бірге отырдым деген Мудров (марқұм) ақсақалмен болған әңгіменің бейнежазбасын туыстарынан қалап алып, архивімізде сақтап отырғалы біраз жыл өтті. Пайғамбар жасына асқан адамның әңгімесінен шынайылықтан басқа ештеңе аңғармадық... Ал Магадан облыстық ішкі істер бөлімінің ақпарат орталығынан және басқа тиісті орындардан алған мәліметтерімізде жоғарыда аталған екі ақынға қатысты деректер мүлдем ұшыраспады. Бірақ жергілікті жауапты адамдардан мынадай ақпарат алдық. Владивосток қаласының тұсында айдауға келгендерді сондағы лагерьлерге бөліп тұратын бір арнайы «пересылочный» лагерь болған. Бір су қатты тасыған жылы лагерьді шайып кетіп, көптеген архив құжаттары жоғалып кеткен екен. Ақын жерленген деген Ягодное селосына қатысты, сол ауданның мұрағаттары ешқандай нәтиже бермей тұр... Ал қолымызға түскен деректер ішінен мынадай қазақ бауырларымыздың деректері шықты: Ақашев Сианғали, 1911 жылы туған, оралдық. Ұлты – қазақ. 1937 жылы ұсталып, НКВД үштігінің үкімімен 08.08.38 ж. 58-бап бойынша сотталған. Сол күні атылған. 11.09.62 ж. ақталған. Архив нөмірі Р13231 (Магадан облыстық ішкі істер бөлімінің ақпарат орталығы). Баилев Қапас, 1912 жылы туған, Алматылық, қазақ. 1937 жылы ұсталып, 08.08.38 жылы 58-баппен сотталған. Сол күні атылған. 11.09.62 ж. ақталған. Архив нөмірі 13235. Байғанин Қасым, 1900 жылы туған. Қарағандылық, қазақ. 1937 ж. ұсталып, 08.10.38 ж. 58-баппен сотталған. 08.13.38 ж. атылған. 20.10.56 ж. ақталған. Архив нөмірі Р7938. Ахмеджан Михаил, 1900 жылы туған. Туған жері көрсетілмеген, қазақ. 1938 жылы ұсталып, 08.08.38 ж. сотталған. Сол күні атылған. 25.0160 ж. ақталған. Архив нөмірі Р8943. Бадьяров Михаил Григорьевич, 1910 ж. туған. Ұлты қазақ деп жазылған. 1933 ж. ұсталып, 24.01.38 ж. сотталған. 05.02.38 ж. атылған. 18.04.96 ж. ақталған. Архив нөмірі Р23233. Баранбаев Қанай, 1896 жылы туған. Ұлты қазақ, Ташкентте тұрған. 1935 жылы ұсталып, 05.01.38 ж. сотталған. 15.01.38 ж. атылған. 30.09.63 ж. ақталған. Архив нөмірі Р13511. Бірімжанов Мұхтар Қорғамбекұлы, 1907 жылы туған. Қостанайлық, қазақ. 1933 жылы ұсталып, 17.05.38 жылы сотталған. 10.06.38 ж. атылған. 27.06.89 ж. ақталған. Архив нөмірі Р15945. Дәуренов Садық, 1900 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан өңірінің қазағы. 1936 жылы ұсталып, 06.08.38 ж. сотталған. Сол күні атылған. 30.10.61 жылы ақталған. Архив нөмірі Р10596. Жапанов Керім, 1912 жылы туған. Қазақ. 1937 ж. ұсталып, 29.04.38 ж. сотталған. 10.06.38 ж. атылған. 19.10.88 ақталған. Архив нөмірі Р15308. Құлтаев Әби, 1912 жылы туған. Шымкенттік қазақ. 1936 жылы ұсталып, 27.02.38 ж. сотталған. 09.03.38 ж. атылған. 26.02.62 ж. ақталған. Архив нөмірі Р12929. Кушбаев Аманбана, 1909 жылы туған. Қазақ. 1936 жылы ұсталып, 13.03.38 ж. сотталған. Сол күні атылған. 10.07.61 ж. ақталған. Архив нөмірі Р9505. Мартабаров Журен, 1902 жылы туған. Қазақ. 1936 жылы ұсталып, 17.02.38 ж. сотталған. 24.02.38 ж. атылған. 31.07.89 ж. ақталған. Архив нөмірі Р16840. Мұхамеджанов Хамза Бұхарбайұлы, 1910 жылы туған. Қазақ. Москвада тұрған. 1939 жылы ұсталып, 20.08.41 ж. сотталған. 03.10.41 ж. атылған. 30.01.91 ж. ақталған. Архив нөмірі Р18150. Раенгулов Ануар, 1914 жылы туған. Қазақ. 1935 жылы ұсталып, 06.08.38 ж. сотталған. 08.08.38 ж. атылған. 30.10.91 ж. ақталған. Архив нөмірі Р18150. Сүлейменов Калич, 1915 жылы туған. Ақмола қазағы. 1940 жылы ұсталып, 15.12.41 ж. сотталған. 026.02.42 ж. атылған. 25.03.93 ақталған. Архив нөмірі Р19094. Тайсаринов Ахметжан, 1901 жылы туған. Алматылық, қазақ. 1937 ж. ұсталып, 09.08.38 ж. сотталған. 21.09.38 ж. атылған. 30.06.89 ж. ақталған. Архив нөмірі Р15979. Чуланов Минайдер Елемесович, 1989 ж. туған. Қостанайлық қазақ. 1935 жылы ұсталып, 07.02.38 ж. сотталған. 09.03.38 атылған. 30.11.56 ж. ақталған. Архив нөмірі Р8118. Міне, осылай жалғасып кете береді. Бұл – біздің қолымызға түскен архив құжаттарының бір парасынан шыққан деректер ғана. Осы деректерді оқырмандар назарына ұсынудағы мақсатымыз – қалың қазақтың арасынан жоғарыда аталған жазықсыз жандардың жақын-жуықтары, туған-туыстары шығып қала ма, жазықсыз жапа шеккендерге дұға бағыштала ма деген үміт... Қарлаг, нәубет жылдары туралы поэма жазуға ниеттенген ақын Ғалым Жайлыбаймен соған байланысты кезінде жиі хабарласып, пікір алмасып жүрдік. Сондай бір әңгіменің барысында сөз Сәкен мен Мағжандарға ауысып, кейбір жоғарыда айтылған тақырып төңірегінде әңгіме болғанда Ғалым мына бір өлеңін оқып берген еді: Ақбоз атты құлатқан жала керме, Магаданға мола іздеп бара берме – Сәкен деген халқымның рухы ғой, Рухтарды көмбейді қара жерге!.. Иә, ақын сөзі дұрыс та шығар. Дегенмен асылымыздың сынықтары көз алдымызға елестегенде іс-әрекет етпей, мойынұсынып, қалып қою – ол да дұрыс емес сияқты... Тарих тағылымы – тек қана мемлекет мен қоғамның тарихын түгендеп шығу емес, сондай-ақ оған өзінің өшпес ізін қалдырған тұғырлы тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты барлық дерек-дәйектердің ұштасуы да болса керек. Осы орайда ұлт тарихы белгілі бір оқиғаларды тізбелеп шығу емес, жекелеген адамдардың тағдыр-тарихымен де мәнді-мағыналы!

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, заң ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі

(Мақала Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалды)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5286