Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Депутаттық сауал 1994 13 пікір 29 Наурыз, 2024 сағат 18:14

«Прокладка» делдалдарды құрту керек!

Фото: t.me/mazhilis_kz

Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі Олжас Бектеновке!

«АМАНАТ» партиясы өз сайлауалды бағдарламасында Ескі Қазақстанның жүйесі болған барлық деңгейдегі делдалдарды жоюды іске асыруды негізге алып отыр. Осыған дейін аманаттықтар газ және теміржол саласындағы «прокладка» ұйымдарды реттесе, енді электр энергетикасы саласында тәртіп орнататыны анық. Өйткені сайлаушылармызбен кездескенде, электр энергиясының тарифтерін негізсіз көтеріп отырған, ел аузында «ЭСО» деп аталып кеткен – энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тыйым салуды олар бізге аманат етті.

Осыдан 20 жыл бұрын либерализация және электр энергиясының бөлшек сауда нарығында бәсекелестікті енгізу аясында энергиямен жабдықтаушы ұйымдар пайда болды. Олар – нарықта электр қуатын көтерме бағамен сатып алып және тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын компаниялар немесе жеке кәсіпкерлер. Бір сөзбен айтқанда, дистрибьюторлық қызмет атқаратын делдалдар.

Қазіргі таңда бұл ұйымдардың реттелетін және реттелмейтін екі түрі нарықта жұмыс жасап отыр. Реттелетін ұйымдар тұрғындарға, заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарға қызмет көрсетуде және мемлекет тарапынан олардың операциялық шығындары ескеріліп, жабдықтау тарифінің орташа бағасы 1 кВт сағатқа 1 теңге жобасында бекітіліп отыр. Ал реттелмейтін ұйымдар тарифтерін өздері белгілейді, яғни оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ»!

Ұлттық оператор – КЕГОК-тың мәліметі бойынша, еліміздің тұтынушыларына жіберілетін электр энергияның 18 пайызы тарифі реттелмейтін жүздеген ұйымдар арқылы сатылып отыр. Яғни, делдалдар арқылы миллиардтаған қаржы өтеді.

Біздің болжамды есебіміз бойынша, әрбір делдал жылына кемінде 1 миллиард теңге таза пайда көреді екен. 120-дан астам реттелмейтін ұйымдардың бір жылдық таза табысы кемі 150 миллиард теңгені құрайды. Бұл әзірше болжам цифрлар, нақтысын ешкім білмейді. Өйткені бұлар ешкімге есеп бермей, тек делдалдық қызмет арқылы кеңседегі азғантай ғана қызметкерлерімен халықтың адал табысынан миллиардтап қаржы тауып отыр. Сорақысы – бұл ұйымдардың балансында бір метр электр желісі, тіпті электр бағаны мен трансформаторы да жоқ. Бұл не деген батпан құйрық?!

Егер де бюджеттік ұйымдарды, адал кәсіпкерлерді, ең бастысы – халықты сүлікше сорып отырған, қанағатсыз делдалдардың қызметі дәл осылай жалғаса беретін болса, бұның түбі қоғамда саяси-әлеуметтік шиеленіске әкелуі әбден мүмкін. Себебі, біріншіден, делдалдар тарифті негізсіз көтеруді жалғастыра береді және суперпайда табады. Мысалы, кейбір өңірлерде делдалдардың тарифіндегі таза пайда 1 кВт сағат үшін 25 теңгеге жеткен. Ал Қазақстандағы ең ірі «Екібастұз І» электр станциясының 1 кВт сағат электр энергиясын өндіру тарифі 8 теңгені құрайды. Делдалдар ештеңе өндірмей-ақ, станциялармен салыстырғанда кемі 3 есе пайда көріп отыр. Қынжылтатыны – сол таза табыстарынан энергетика саласына бір тиын да инвестиция салмаған. Тіпті бірде-бір есептегіш құралды орнатпаған. Тірліктері тек қана қалтаны томпайту, пайда табу.

Екіншіден, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алу заңынан реттелетін электр жабдықтаушы ұйымдардың бір көзден келісімшарт жасау нормасы алынып тасталуы себебінен реттелмейтін делдалдар бағаны демпинг жасап, заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарды өздеріне тартып ала бастады. Соның салдарынан бюджеттік ұйымдар арқылы субсидияланып отырған тұрғындардың электр тарифі көтерілді. Баға өсті.

Үшіншіден, делдалдардың артында шетелдік және шетелде тұратын қазақстандық олигархтардың тұрғанын білеміз. Осы ретте ЭСО-лардың таза пайдасы олигополиялық топпен шетелге шығарылып жатқаны тағы бар. Оған нақты дәлел – өткен жылдың аяғында «Ratel.kz» ақпараттық порталы қазақстандық делдал компанияның көрші елдің энергетика саласына 2,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салатыны жайлы мәліметпен бөлісті. Бұл дегеніміз – Қазақстанда тапқан табысты актив ретінде шетелге шығарумен пара-пар. Ал мұндай қаржы иелері тапқан капиталдарын мемлекетке қауіп төндіру бағытында пайдаланбайтынына кім кепіл?!

Дегенмен, біз Мәжілісте олигарх топтардың делдалдық ұйымдарының ашық қарсылығына қарамастан, «прокладка» ұйымдарды жою бойынша нақты заң нормасын дайындап, енгіздік. Делдалдардың артындағы олигархтардың әлеуетін және олардың биліктегі байланыстарын ескере отырып, Үкімет тез арада келесі нақты шешімдерді қабылдауы қажет:

– делдал ұйымдарды нарықтан толықтай алып тастау;

– электр энергетика нарығында делдалдарсыз жаңа құрылымға өту тәртібін әзірлеу;

– тұтынушылар үшін ашық және әділ тарифтерді қамтамасыз ету және оларды қатаң бақылауға алу.

Әріптестер, 2023 жылдың шілдесінде энергетика нарығында арнайы бірыңғай сатып алу моделі енгізіліп, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметі онсыз да мағынасын толығымен жойды. Ендігі кезекті осы мәселені Мәжілісте заңмен бекітіп, ал Үкімет нақты іске асырушы механизмдерді жасақтап, орындауы тиіс.

«Аманат» фракциясының депутаттары:

Ескендіров М.З.
Жаңбыршин Е.Т.
Бейсембаев Е.С.
Жайымбетов М.Ж.
Мұсабаев С.Б.
Рау А.П.
Әбіл Е.А.
Смағұлов Б.Ә.
Қалықов А.Қ.

«Ауыл» фракциясының депутаттары,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары,

Бірмандаттық округтен сайланған Мәжіліс депутаты:

Бапи Е.С.

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036