Сұлтан Хан Аққұлұлы: «Әлиханның еңбектері - қазақ тарихының картасы»
Бүгінде «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қорының ұйытқы болуымен ұлт зиялыларымен Тәуелсіз еліміз үшін аса маңызды деген тақырыптар төңірегінде талқылаулар өткізіліп, олардың ой-түйіндері, еңбектері БАҚ арқылы көпшіліктің назарына ұсынылып жатыр. Осы мақсатпен «Алаш» рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлын әңгімеге тартқан едік.
– Сұлтанхан мырза, кезінде қазақ тарихын Ресей идеологтары жазды, қазір өз тарихымызды өзіміз қайта саралай бастаған тұста, олардың жазбаларындағы жалған тұжырымдардың көбі әшкере болып қалды. Солардың бірі – қазақ Ресей империясының қарамағына өз еркімен бодан болып кірді деген түсінік. Сіз Алаш қайраткерлерінің, әсіресе ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның еңбектерін зерттеу арқылы осының мәнісін ашып беріп едіңіз. Сол жайында әңгімелеп берсеңіз.
Бүгінде «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қорының ұйытқы болуымен ұлт зиялыларымен Тәуелсіз еліміз үшін аса маңызды деген тақырыптар төңірегінде талқылаулар өткізіліп, олардың ой-түйіндері, еңбектері БАҚ арқылы көпшіліктің назарына ұсынылып жатыр. Осы мақсатпен «Алаш» рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлын әңгімеге тартқан едік.
– Сұлтанхан мырза, кезінде қазақ тарихын Ресей идеологтары жазды, қазір өз тарихымызды өзіміз қайта саралай бастаған тұста, олардың жазбаларындағы жалған тұжырымдардың көбі әшкере болып қалды. Солардың бірі – қазақ Ресей империясының қарамағына өз еркімен бодан болып кірді деген түсінік. Сіз Алаш қайраткерлерінің, әсіресе ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның еңбектерін зерттеу арқылы осының мәнісін ашып беріп едіңіз. Сол жайында әңгімелеп берсеңіз.
– Ең бірінші, мынаны айта кеткен жөн: ХІХ және ХХ ғасырлар мұғдарында Ә.Бөкейхан ұлтымыздың жазба тарихын қалыптастыруға баса назар аударған жалғыз қазақ болды. Ал, енді, болған оқиғаларды үлкен парасаттылықпен саралап-сараптау, еш бұрмасыз әділ сыни көзқараспен бағалау, мұрағат және тарихи материалдармен жұмыс істей білу біліктілігі тұрғысынан алғанда бүгінгі ғалымдарымыздың ол кісіден үйренері көп. Әлекең патшалық империяның тұсында «Қазақ-Қырғыз өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты очерк жазып шығарған жалғыз адам. Аталған еңбек «Россія. Полное географическое описаніе нашего отечества» (1903г. СПб.) атты 18 томдық жинаққа енген.
1900-1903 жылдар аралығында Ә.Бөкейхан қазақ хандарының, ру басыларының, батыр-билерінің ресейлік империяның шенеуніктерімен жазысқан хаттарын, өзара алмасқан грамоталар мен құжаттарын жариялап тұрған. 1910 жылы «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстардың формасы» атты жинағында қазақтар туралы әйгілі очеркін жариялаған. Айта кету керек, бұл кейіннен Батыс ғалымдарының бүгінгі қазақты зерттеп-білуге арналған маңызды әдістемелік оқу құралының біріне айналды.
Ә.Бөкейханның шығармалары – ХІХ және ХХ ғасырларда Қазақстанда, Ресейде ғана емес, халықаралық сахнада жүріп жатқан тарихи оқиғаларға қатысқан кәнігі саясаткердің, куәгердің түпнұсқа куәлігі. Әлекең кадет партиясының, массон ложасының қатарында жүргенде Ресейдің мемлекеттік құрылысын өзгертуге белсене араласып, оның монархиялық самодержавиядан демократиялық федеративтік мемлекетке айналуына көп күш салды. Өйткені, ол замандарда тек осындай жолмен ғана қазақ мемлекеттігін сақтап қалуға болатындығын жақсы түсінді.
Оның шығармасын қазақтардың ұлт-азаттық күресінің жылнамасы деуге де болады. Орыс отарлаушылары 1822 және 1824 жылдары Жарғы қабылдап, соның негізінде қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, қазақтың атамекенін Ресейдің меншігі деп жариялауы, басқыншылық басқару жүйесін енгізуі Ә.Бөкейханның еңбектерінде тәптіштеп көрсетілген және осы оқиғаларға тиісінше баға беріліп отырған. Алаш көсемінің ғылыми-публицистикалық мұрасынан қазақтың ұлт-азаттық күресінің ғана емес, Ресейдегі төңкеріс оқиғаларының тұтастай картинасын әр айға бөліп құрастырып шығуға болады.
– Әлекең: «Қазақстанды Ресей жаулап алған жоқ, империяның құрамына ерікті азаматтық келісім арқылы кірді. Сондықтанда ол орыстың отары емес!»,– деп кесіп айтты және өзінің бар ғұмырын қазақ мемлекеттігінің тәуелсіздігін қалпына келтіру жолына арнады. Сонда Алаш көсемі бұл тұжырымды қандай негіздерге сүйеніп айтты?
– Ә.Бөкейхан Қазақстанның Ресейдің құрамына қосылуын сол кездердегі түпнұсқа құжаттар мен мұрағат материалдары арқылы егжей-тегжейлі зерттей келіп, соның негізінде шындықтың бетін ашады. Ол - Қазақстанды Ресей жаулап алған жоқ, қазақ империяның құрамына өз еркімен азаматтық келісім грамотасы («о принятіи ихъ въ подданство»-авт.) арқылы қосылды. Сондықтан да қазақ заң жүзінде орыстың боданы болмай тұрып, шын мәнінде бодан елге айналды дейді.
Тарихтан белгілі, 1731 жылы 12 ақпанда Кіші Жүздің ханы Әбілқайыр орыстың қатын патшасы Анна Иоановнаға Қазақстанның Ресейдің қарамағына өз еркімен қосылу туралы өтініш-хат түсірген. Кейін 10 қазанда осы хаттың негізінде заңнамалық акті бекітіледі. Оның шарты төмендегідей: қазақтар императрица мен оның мұрагерлеріне адалдықты сақтайды; хандықтың сыртқы қатынастарына шектеу қойылуымен келіседі; әскери қызметке алынады; Ресейдің қарамағындағы елдерге және сауда керуендеріне шабуыл жасамайды; қолға түскен тұтқындарды қайтарады; салық төлейді; хандар мен сұлтандардың балаларын аманатқа береді. Ал, қабылдаушы мемлекет Ресей «қарамағына қосылған жаңа елді сыртқы жауларынан қорғайды» делінген. Ең маңыздысы, аталған келісімде Ресейдің қазақтың жерін меншігіне алмақ түгілі, оның ішкі саяси-қоғамдық өміріне араласуы да қарастырылмаған. Келіссөз ерікті-келісім сипатында жасалған. Бұл мемлекеттік-құқықтық тұрғыдан алғанда, келісімнің шарты бойынша, Қазақстан Ресейдің протектораты болып саналған. Яғни, қазақ хандарының сыртқы қарым-қатынасы шектелгенмен, мемлекет-протектораттың ішкі өзін-өзі басқару жүйесі сақталады.
ХIX ғасырдың 20-жылдарына дейін екі тарап бір-бірімен Сыртқы істер министрліктері арқылы қарым-қатынас жасап тұрған. Оған 1817 жылғы Бөкей Ордасының ханы мен Сыртқы істер министрі граф Карл Несельродтың жазысқан хаттары куә. Қорыта айтқанда, 1731-1824 жылдар аралығында Қазақстанның Ресеймен мемлекеттік-құқықтық қатынасы вассальдық мазмұнда болды. Бұл жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ хандарының орыс империясының алдында ант беруі және тұтқындарды алмасуы тұрғысында сипатталады. Қазақ хандарының вассальдық мәртебесі хандық институттың, хандар кеңесінің , рубасылары мен билер құрылтайының жойылуынан кейін тоқтатылды. Сондықтан, Әлихан Бөкейхан 1822 және 1824 жылдардағы Жарғының, 1867-1868 жылдардағы саяси-әкімшілік реформаның, сондай-ақ 1886 және 1891 жылдардағы Ереженің негізінде қазақ даласындағы хандық биліктің жойылуы, отарлық-әкімшілік басқару жүйесінің енгізілуі – Ресейдің Қазақстанның ішкі ісіне қол сұғуы, өктем империяның жоғарыда аталған келісім шартты біржақты, өрескел бұзуы деп айыптайды. Әлихан қазақ жерінің Ресейдің меншігі деп жариялануын аннексия деп атаған. Аннексия – халықаралық құқықта агрессияның бір түріне жатады және ол бойынша бүгінгі күні басқыншы мемлекет құқықтық жауапкершілікке тартылады.
– Сұлтеке, Ресеймен о баста ерікті түрде, тіпті достық мазмұнда жасалған келісім кейін қазақ мемлекетінің бодандық күйге түсуіне қалай апарып соқтырды? Бұл бір жағынан, қазақ халқының жоңғар шапқыншылығынан қорғану үшін құрылған әскери одақ сипатында да болды емес пе?! Бірақ, орыс патшасы шартта көрсетілгендей «қарамағына қосылған жаңа елді сыртқы жауларынан қорғамақ» түгілі, керсінше жоңғардың қолтығына өзі су бүркіп отырғаны туралы фактілер аз емес. Осыған қарағанда, орыс отаршылары үшін қазақ халқының амандығы емес, оның жері мен байлығы қажет болған сияқты. Мұны біздің тәжірибелі хан-сұлтандар, батырлар, кемеңгер би-бағыландар білмеді ме, сезбеді ме?
– Әлихан бір кездердегі аса қуатты Қазақ хандығының қалайша алапат күшінен, ауызбіршілігінен айырылып, ешқандай қарсылықсыз отар елге айналғанын зерттеп, оның объективті және субъективті себептерін іздестірген. Алаш көсемі қазақ хандарының, би-сұлтандарының, рубасыларының Ресей империясының уәкілдерімен жазысқан хаттарын зерттеп, оны мерзімдік басылымдар мен жинақтарда жариялап тұрған: «Изъ переписки хана Средней Киргизской орды Букея и его потомковъ», «Изъ бумагъ султана Большой Киргизской орды Сюка Аблайханова», «Изъ переписки Киргизскихъ хановъ, султановъ и пр. пр.», т.б.
Әлекең аталған материалдар сүйене отырып, қазақтың мемлекеттілігінен, сондай-ақ жерінен айырылуының себептерін қазақтың Ресейге өз еркімен қосылу шартын орыс отарлаушылары тарапынан өрескел бұзылуымен қатар, қазақтың өз ішіндегі ел билеушілерінің де орны толмас зор қателіктерге бой ұрындырғанынан деп біледі. Тарихи оқиғаларды сындарлы ой сүзгісінен өткізген Алаш ардагері қасіретті, қасіретті болса да ащы шындықтың бетін ашады. Ол қазақтың тәуелсіздігінен айырылуын хан-билеушілердің кінәсінен көреді, тіпті өлім үрейін сепкен жоңғар шапқыншылығы қарсы халықтың басын біріктіре алмаған дәрменсіздігін де сынайды. «Ел басқарғандардың көпшілігі,– деп жазады Әлихан Бөкейхан,– күш-қуаты мен уақытын өзара кикілжіңге, зорлық-зомбылыққа және талас-тартысқа жұмсады». Әлиханның «Қазақтың хан баласында өтелмеген хақы бар, тірі тұрсам сол қақын әперемін» деген әйгілі сөзі осы кездері айтылса керек. Миллиондаған көшпелі елдің жауынгер ұл-қыздарының ешқандай күрессіз құлдыққа түскеніне Әлихан қатты назаланады. Оған ең әуелі ел басқарушыларды кінәлі санады, хандардың тұқымы ретінде бұған өз басы да жауапкер екенін сезінді, сондықтан ұлт азаттық күресті өмірінің барша арман-мұратына айналдырды.
– Қазақты отарлау саясаты Столыпиннің қазақ даласына қарашекпендерді қаптатқан аграрлық реформасы кезінде қарқынды жүргізілді емес пе? Ә.Бөкейханұлының еңбектерінде осы кесапаттар қалай көрініс тапқан?
– Дұрыс айтасыз, тіпті жоғарыда айтылған көптеген жарлық-жарғылардан кейін де Ресей Федерациясының әкімшілік-аумақтық бөлінісіне кіретін көпшілік жер қазаққа тиесілі болып қала берген. Бірақ, Премьер-министр П.Столыпиннің қаскөй саясатынан кейін Ұлы даладағы жағдай күрт өзгере бастады. Мәселен, ХХ ғасырға дейін Ақмола облысының Омбы уезінің 80% аумағы (бүгінгі Омбы облысы) қазаққа тиесілі еді. Бұл факт - Қазақ далалық өлкесінің үш облысына жасалған Ф. Щербин экспедициясы бойынша жазылған ХІ томдыққа енгізілген. Бұл дерек 1896-1901 жылдары экспедиция құрамында болған Әлекеңнің еңбегінде көрсетілген. («Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының 10 томдық толық жинағы - Полное собрание сочинений в 10 томах» І-томы).
Столыпиннің «жер реформасынан» кейін империялық үкіметте, Мемлекеттік думада қазақтарды отарлауда «Америка тәжірибесін» қолдану керектілігі жиі айтыла бастайды. Ә.Бөкейхан «Қазақтар» (түпнұсқада – «Киргизы», 1910 г., СПб) очеркінде оны былай деп әшкерелейді: « ...Қазақ даласына қарашекпендерді көптеп қоныстандыру үшін депутат Марковтың асығыстық әрекетіне таң қалмасқа амалың қалмайды: Мемлекеттік думаның қоныстанушылар комиссиясының 2-отырысында ол «Қазақтар – Шыңғысхан мен Әмір Темір ордасының ұрпақтары, сондықтан оларға Американы жаулап алу кезінде қызылтерілерге (краснокожий) қандай әдіс қолданды, соны қолдану керек», деп жазады.
Отаршыл империя мұның алдында (3 маусым 1907 ж) 6 миллионнан астам қазақты сайлауда дауыс беру құқынан айырғанын болатын. Ал одан да бұрын Орынбор (бүгінде РФ құрамында) мен Қостанай, Ақтөбе, Ақмола облыстарының, Торғай өңірінің аумағына қаратабандарды әкеп үйіп-төккен еді. Мұны Әлекең Санкт-Петербордан шығатын «Сибирские вопросы» журналында 1908 жылы «Қыр баласы» деген лақап атпен «Болашақ шөлейт» деген мақаласында атап көрсеткен. «Осыдан 20 жыл бұрын (1888 ж) Торғай облысының кең даласында тек қазақтар ғана өмір сүретін... Жерді қазақтардан жалға алған орыс қоныстары тек солтүстікке қарай оқта-текте ғана кездесетін,– дей келіп автор, – қазіргі күні Қостанай өңіріндегі қазақ пен орыстың саны теңесіп қалған, оған қоса 100-ден астам неміс участіктерде орналасқан» депті.
– Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылғалы бері ата-бабаның қаны тамған қасиетті жеріміздің бірталай бөлігі Қытайдың, Өзбекстанның, әрине елеулі аумағы Ресейдің еншісінде кетті. Ол аз десеңіз, кейін тағы коммунист бастықтар Қазақстанның астықты 5 облысын Ресейдің құрамына алып қоймақ болғаны, Маңғыстау өлкесінің бір бөлігін Түркіменстанға беріп, Елорданың іргесінде жатқан Ерейментау ауданының орнынан неміс автономиясын құрмақшы болғаны – бәрі қазақтың даласын бөлшектеп құртуға арналған жымысқы саясаттың әсерінен екені белгілі. Әлекеңнің еңбектерінде қазақ жерлерінің отарланып жатқанын қалай айыпталған?
– Ә.Бөкейхан Алашорда автономиясын жариялардың алдында «Қазақ» газетінде 1901-1917 жылдар аралығында қазақтың 9 облыс, 1 губерния және Алтай өңіріндегі бірнеше аудандардың Ресей империясының құрамына өтіп кеткенін ашына жазады. Ол бұл өлкелерді «бабалар жері» деп атап, оның қалай болғанда да қазақтың меншігі екенін айтып өткен. Мұнан әрі 1918-1919 жылдары ол сол кездері құрылып жатқан бүкілресейлік Сібір автономиясының, Комучтың, Уфим директориясның, т.б уақытша өкіметтердің алдында өз халқының осы жерлерге деген заңды иелігін табанды қорғап келді. Бұл жерлердің қазақтан күштеп тартып алынып, қарашекпендердің пайдалануына берілуі, орыс князьдары мен барондарына сатылуы, Қазақстанның өз еркімен Ресейге қосылу шартының өрескел бұзылуы деп айыптайды.
Ұлт қайраткерінің еңбектерін ыждаһатты зерттей отырып және оны талқыланып отырған тақырыптық кезеңдерге жататын мұрағат құжаттарымен салыстырып қарастырсаңыз, бүгінде ешқандай көршілес мемлекеттердің, оның ішінде Ресейдің қазақ жеріне шекаралық дау айта алмайтынына (бір кездердегі қазақ жерлерін дауламай-ақ қоялық) көзіңіз жетеді. Сөз соңында айтарым, Әлихан Бөкейханның саяси және ғылыми-публицистикалық еңбектері 11 том жинаққа жетіп отыр. Осы мол мұра бүгінгі тарихшыларымыздың Қазақстанның өз еркімен Ресейге қосылу кезеңіне кеңестік идеология тұрғысынан емес, тың көзқараспен қарауына мүмкіндік береді.
– Уақытыңызды бөліп, терең әрі мазмұнды сұхбат бергеніңізге алғысымыз шексіз.
Сұхбаттасқан Дәулетқали АСАУОВ
Abai.kz