Білімді маман - ел болашағы!
Жас маманға сапалы білім беруге білім ұялары жауапкершілікпен қарайтыны анық. Бүгінгі таңда мемлекет басшысы оқытушылар алдына үлкен талап қойып, салауатты да сауатты маман тәрбиелеуге зор жауапкершілікпен сенім артып отыр.
«Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру керек деген міндеттемесі өте өзекті. Ұлттық білім беру жүйесін сапалы қалыптастыруымыз қажет деп есептеймін.Сапалы білім білім беру жолында жаңа технологияларды пайдалану, инновациялық бағытта жұмыс жасау заман талабына сай жүзеге асуда. Өз ұрпағымызға стандартка сәйкес сапалы білім беруге үлкен жауапкершілікпен қарау болашағымыздың жарқын болуына септігін тигізбек. Білім – бүкіл әлемді өзгерте алатын қуатты қару. Егер білім беру жүйесінде сапаға мән берілмесе, тұрақты даму болмайды. Орта білім, жоғары техникалық және кәсіптік білім, жоғары білім салаларында зерттеулерге басымдық беріліп, әзірлемелер мен инновациялардың, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың әлеуетін арттыру үшін прагматикалық бастамалар қабылдануы керек. Сонда адами капиталға ықпал ететін білімге негізделген қоғам қалыптасады. Осы орайда айта кететін жайт.БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. Тұрақты даму мақсаттарының ішіндегі 4-мақсат: «Барлығына сапалы білім» екенін алға тартқым келеді.
Бүгінгі таңда білім саласы бәсекеге қабілеттіліктің өлшеміне айналып отыр. Әлемдегі көшбасшы елдер ең алдымен білім мен ғылымды дамытуға күш салып, зор жетістіктерге жетуде. Осы орайда әр елдің өркендеуіне негіз болатын бірден-бір күш – ол университеттер деп айтар едік. Өйткені онда сапалы мамандар даярланады. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған білікті мамандар да елінің келешегіне өз үлестерін қосуда. Бұл үрдіс бүгінгі күнде де жалғасын тауып келе жатыр. ҚазҰУ дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, заманға сай жаңғыруда. Студенттердің алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Білімі мен ғылымы дамыған ел қашан да бәсекеге қабілетті. Себебі сапалы білім – еліміздің болашағы. Ал кемел болашақ — білімді ұрпақтың қолында. Ендеше білім беру ұйымдарында сапалы, жаңа заман талабына сай білім берілуі аса маңызды.
Усеинова К.Р.,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты.
Базартаева Е.Б.,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің магистранты.
Abai.kz