Сыртқы саясаттың соны сипаты
Сөз жоқ, сыртқы саясат туралы жазу, бір жағынан, оңай (дипломатия дегеніңіз қалыптасып қалған, консерваторлық сипаты бар тұрақты сала, ол жақта күнде жаңалық боп жатпайды және де негізгі мәселелер мемлекетаралық келісім-шарттарды баяғыда-ақ тайға таңба басқандай бекітіліп қойған), екінші жағынан, қиын (көптеген тақырыптар мен шешімдер жабық есік жағдайында талқыланып жатады).
Осы аптадағы қазақстандық қос басшы – Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов пен премьер-министр Олжас Бектеновтің – Қытай мен Түркияға ресми сапарын сараптауға жоғарыда айтылған тезис дөп келеді деп санаймын.
Бір нәрсе анық болып қалды: Назарбаевтан өзгешелігі сол – президент Тоқаев сыртқы саясат жүргізуде іштарлық, қызғаныш танытпай, өзінен басқа да ресми тұлғаларға осы салада белсенділік танытып, көзге түсуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл қатарға Астанаға келген Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен Бектеновтің орнына оның бірінші орынбасары Мұрат Нұртілеудің кездесуін қосып қойыңыз. Құдды бір Тоқаев өз қол астындағыларды сынап әрі сыртқы алаңда бетін ашып жатқан сияқты.
Мұны мен сыртқы саясаттың соны сипаты дер едім.
Әр басшының саласы әртүрлі, содан болар Қошанов пен Бектеновтің сапарларының күн тәртібі де әртүрлі болған сияқты.
Мәжіліс спикерінің кездесулерінде негізінен парламентаралық байланыс пен парламенттер ратификациялау тиіс құжаттар мен шешімдер талқыланса, үкімет басшысының сапары барысында басты көңіл экономикалық мәселелерге бөлінді.
Солай бола тұрса да, әлемде боп жатқан оқиғалар бұл протоколдық тәртіпке өз өзгерісін енгізіп жатты.
Мәселен, Қошановтың Қытайға сапары барысында трансшекаралық өзендер мен жасанды интеллект секілді аса маңызды тақырыптардың сөз болуы да заңды. Су тапшылығы әлемдік деңгейдегі проблема екені бесенеден белгілі, оның үстіне Қытайдан бастау алатын өзендерге тәуелді боп отырған Қазақстанның жағдайы мәз емес. Ал жасанды интеллект секілді жаңа салада Қытай пионер әрі көшбасшы екендігіне ешкім де күмән келтіре алмайды.
Ал екі ел арасындағы визасыз қарым-қатынас режимі туралы сөз – өз алдына бөлек бір әңгіме. Шындығын айтсақ, аузы күйген үріп ішетін болғандықтан, 2 миллиардтық Қытай мен 20 миллиондық Қазақстанның осындай режимде ара-салмағы, пайдасы мен зияны қандай болатыны жайында қоғам әлі де бейхабар, сол себепті белгілі бір дәрежеде түсінбеушілік пен наразылық бар. Келіссөздер барысында бұл мәселе де талқыланды деген үміт бар.
Бектеновтің Түркияға сапары туралы ақпарат таратқанда біздің жақ негізінен «бидайды өңдеу, көмір химиясы, мұнай мен газ өнеркәсібі, мұнай химиясы» жайына баса назар аударса, түрік жағы бұл мәселелерге «аймақтық және жаһандық мәселелер, Израильдің Газаға шабуылы мен аймақтағы соңғы жағдай» туралы тақырыптар талқыланғаны ашық айтып жатыр.
Екі жақ екі түрлі басымдыққа сүйеніп хабар таратуының өзіндік себептері де жоқ емес.
Түркия жағы ешбір тараптың қабағын мен бет-жүзіне қарамай, өзінің әлемдік қақтығыстарға қатысты позициясын бүкпесіз жеткізіп отырса, Қазақстан ЕАЭО пен ҮҚШҰ мүшесі ретінде ондайға бара алмайды, соның ішінде, өзінің көршісі әрі одақтасы Ресейдің ұстанымымен санасуға мәжбүр. Сол себепті де Ресейдің формальды және формальды емес қатысы бар мәселелерге байланысты біздің тарап мейлінше бейтарап көзқарас танытып, ресми хабарламасында екіұдай проблемаларды атамай отыр.
Не десек те, Қазақстан дипломатиясының басым бағыттарын сан тараптандыру (диверсификациялау) сияқты маңызды шаруаның еліміздің бір немесе екі алпауыт елге тәуелділіктен құтылуына мүмкіндік беретініне сенейік. Әйтпесе, қиын болады.
Тек қана Тоқаевтың емес, оның қол астындағы Қошанов пен Бектеновтің сыртқы саясатқа соны сипат беріп, белсене араласа бастауының арты жақсы болсын деп тілеуден басқа не қалады бізде?..
Әміржан Қосан
Abai.kz