Дүйсенбі, 3 Қараша 2025
Билік 193 0 пікір 3 Қараша, 2025 сағат 14:44

ОА-АҚШ саммиті: Қазақстанның бәсі жоғары...

Сурет: ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Ақ үйге келгелі «Америка бірінші орында» ұстанымымен әскери, сауда одақтастарының екі аяғын бір етікке тыққан Дональд Трамп «теңіз тасымалына шығар  жолы жоқ» делінетін Орта Азияға ақыры назар аударды.

Еліміздің және көрші Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттерін «C5+1» форматындағы саммитке шақырды. Кездесу 6 қарашада Вашингтонда өтеді. Мұндай форматтағы саммит бірінші рет өткелі отырған жоқ. Бұдан бұрында 2023 жылы Нью-Йоркте Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының жиыны кезінде өткен. Оған АҚШ-тың сол кездегі президенті Джо Байден мұрындық болған.

Десе де, алдағы саммиттың жөні бөлек. Қазір геосаяси жағдай мың құбылып тұр. Алпауыт елдер энергия көздеріне бай елдерді өздеріне қаратуға тырысуда. Орталық Азия мен АҚШ президенттерінің «биылғы кездесуінің басты тақырыбы сауда мен инвестиция, маңызды минералдық ресурстар және энергетика саласындағы ынтымақтастық болмақ» деген ресми ақпараттардан-ақ соны аңғаруға болады.

Орталық Азия дегенде әлем елдері Еуропа, Қытай, Жапония, Корея, АҚШ болсын бірінші кезекте қазынаға бай Қазақстанды ауызға алатыны ақиқат. Оны ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 29 қазан күнгі АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесуінен көруге болады.

Арнайы өкіл Серджио Гор  кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Америка Президентінің сәлемін жеткізіп, АҚШ сыртқы саясатындағы Орталық Азия өңірінің стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.  Вашингтонда өтетін алдағы кездесу екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы еліміздің АҚШ Президенті жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатты қолдайтынын жеткізді. Осы орайда Дональд Трамптың бейбітшілікті нығайтуға және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Алдағы кездесуде Тоқаевтың, Қазақстанның бәсі жоғары болайын деп тұр. Себебі қазір біздің терістік және шығыс көршіміз бірнеше аймақтық соғысты тоқтатқаны үшін Нобель сыйлығына ұсынылған Трамптың басты бас ауруына айналып тұр. Ақ үй қожайыны Ресей басшысы Путинді иліктіре алмай, соғысты тоқтатуға көндіре алмай дағдарса, Қытаймен болған сауда соғысында да қауқарсыздық танытып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан басшысының орыны ерекше. Зеленский мен Путинді рақайластыруға, кездестіруге алаң дайындаудан кет ары емес екенін айтқан еді. АҚШ пен Қытайдың сауда соғысында сирек металдар қоры басты көзірге айналып белгілі. Қазақстанда оның мол қоры бар.

Қалай десекте, алдағы Орталық Азия мен АҚШ саммитті әлем назарында, алпауыттардың жіті бақылауында болғалы тұр.

Алдағы болатын кездесуде Трамп бой көрсеткенімен, оны бір топ АҚШ конгресмендері ұсынған екен. АҚШ тарабы қазіргі ушыққан геосаяси жағдайды реттеудегі Орталық Азияның рөлін өте дұрыс бағамдап, стратегиялық мақсат қойып отырғаны байқалады.

Abai.kz

0 пікір