Жұма, 18 Қазан 2024
Аласапыран 2136 6 пікір 15 Мамыр, 2024 сағат 15:48

Грузия «ресейлік заңды» таңдап, Ресейге бет бұра ма?

Коллаж: Abai.kz

Кеше Грузия парламенті «шетелдік агенттер» туралы заңды үшінші, соңғы оқылымда бекітті.

«Грузин арманы» бастамасымен қабылданған бұл заңды билік партиясы қолдады. Ұзын-саны 84 депутат қолдап дауыс берді. Олар ресейлік үлгідегі «шетелдік агенттер» туралы заңға қарсы наразылық акциясына шыққан ондаған мың Грузия азаматтарының пікірін елеген де, ескерген де жоқ.

Аталған даулы заңға Грузия парламентіндегі оппозицияның 30 депутаты қарсы дауыс берді.

Билеуші «Грузин арманы» партиясының және одан ресми түрде бөлінген «Халық күштерінің» мүшелерінен басқа, даулы заңды «Еуропалық социалисттерден» Фридон Инджия мен Автандил Энукидзе жақтады. Бұл оппозициялық партия, бірақ биліктің бастамаларын жиі қолдайды.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили елде жаппай наразылық тудырған «шетелдік агенттер» туралы заң жобасына вето қоятынын мәлімдеді.

«Біз қоғамды жұмылдыруды және саяси партияларды біріктіруді осы сайлауда жеңіске жету үшін пайдалануымыз керек, өйткені бұл еуропалық жол», - деді Зурабишвили. Ол қазан айында өтетін парламенттік сайлау заң жобасын «алып тастауға» мүмкіндік беретінін атап өтті.

Парламент қабылдаған заң 10 күн мерзім ішінде Грузия президентіне беріледі. Саломе Зурабишвили бұған дейін заң жобасына вето қоюға уәде берген болатын.  Бірақ, «Грузин арманы» ветоны жеңуге жеткілікті дауысқа ие.

Грузия Конституциясына сәйкес, президент 2 апта ішінде заңға қол қойып, жариялайды немесе дәлелді ескертулермен оны парламентке қайтарады. Егер осыдан кейін де президент заңға қол қоймаса, оған парламент төрағасы қол қояды және жариялайды.

Парламент президент ветосын еңсеруге тиіс мерзім Конституцияда көрсетілмеген. Болжам бойынша, «Грузин арманы» заң жобасын маусым айының ортасында бекітуі мүмкін.

Үкіметте олар вето аясында Батыстық серіктестерден «мазмұнды ұсыныстарды» ескеруі мүмкін деп мәлімдеді.

Abai.kz

6 пікір