Олжас Бектенов Президентке есеп берді
Премьер-Министр Олжас Бектенов Президентке су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары бойынша есеп берді. Бұл туралы Abai.kz KTK ақпараттық сайтына сілтеме жасап, хабарлайды.
Үкімет басшысының мәліметінше эвакуациялық пункттердегі 5452 тұрғынға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. 26 мыңнан астам отбасына 100 АЕК мөлшерінде бірреттік төлем беру үшін 10 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Қазіргі кезде 61352 адам өз үйлеріне оралған.
Бұл жұмыстар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай, Ұлытау облыстарында толықтай аяқталды.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында бірреттік қаржылай көмекті 6090, Қостанай облысында 4085, Атырау облысында 3730 отбасы алды. Бұдан бөлек, зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда 11137 тұрғын үй тексеріліп, 7863 нысанды бағалау жұмыстары аяқталды.
Бағалау ісінің аяқталуына қарай, зардап шеккен тұрғындарға аса қажетті дүние-мүлік сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша өтемақы төленіп жатыр.
Abai.kz