Жұма, 11 Қазан 2024
Алашорда 4718 3 пікір 22 Мамыр, 2024 сағат 12:04

Алтай атаның әңгімелері: Қазақ мөрлері туралы

Коллаж: Abai.kz

Барлық халықтарда сияқты қазақ елінде де әлдебір құжатты айқындауға, өз есімін айшықтап көрсету үшін мөрлер кеңінен қолданғанын мұрағаттық құжаттардан көптеп көреміз. Олардың ел арасында ілуде бірі болмаса, көпшілігі қазақ халқы басынан кешкен зұлматтар кезеңінде із-түзсіз жоғалып кеткені де белгілі. Ендігі кезекте сол мөрлердің сақталған іздерін зерделей отырып, сипаттары туралы бірер ойларыммен бөліспекпін.

Мөрлердің формалары. Мөрлерді ел билеушілері жеке бастарын анықтауға қолданған, сұқ немесе бас бармаққа тағылатын жүзік түрінде болған (бұл жерде саусаққа тағылатын дөңгелекті «жүзік» деп, жазуы, әшекейі бар тұсты «беті» деп атайық). Жетісудағы белгілі тұлғалардың мөр іздерін мысалға келтіре отырып, айтар болсақ, қазақ сұлтан-төрелерінің мөрлері сұйық «тамшысы» (орысша: «капля») тәрізді және әр әулетке тән өзгешеліктерін байқаймыз. Мысалдағы тұлғалардың мөріндегі жүзіктері біртұтас жасалып,  Абылай әулетінен екендіктерін көрсетіп тұр.

Жетісудың әйгілі сұлтаны, Тезек Төренің, 1860 жылғы құжаттағы мөр ізі:

Тезек Төренің ұлы, «Қызыл репрессия» құрбаны Құдиярханның 1913 жылғы, сайлау тізіміндегі мөр ізі: 

Жетісудың сұлтан-биі Тәжі Қанқожаұлының және билердің мөр іздері:

Қазақ батыр-би-болыстарының мөр формалары «төртбұрышты» келгені үшінші суретте анық байқалады.

Мөр жүзіктері және қабырғалары қазақи оюлармен, ру таңбаларымен өрнектеледі. Бетіндегі жазу айналасы сызықпен қоршалып, ол жерге түрлі белгілер, өрнектер салынады.

Мөр көлемі көбіне 30*17 және 20*17 мм болып келеді, алдыңғыны үлкен мөр десек, оның жүзігі қомақты, тұтас соғылып, «беті» соған жабыстырылып, күрделі түрде түрлі әшекейлер салына отырып жасалынады. Қазақ жақсылары жүзік-мөрлерін мұсылман, ер адам ретінде тек қана таза күмістен соқтырған.

Мөрдегі жазулар. Мөрлерді ел билеушілері жеке бастарын анықтауға қолданған десек, оның «бетіндегі» жазуда лауазымы, аты және әкесінің есімі жазылады. Жазу араб әріптерімен, емлесімен жазылғанымен зерделей қараған төте жазуды білетін адам да оқуына болады (ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының ғұламалығы да осында!). «Бетте» жазылған орын кеңістігі тар болған себепті жекелеген әріптер бір қатарға түспей, сөз астында, немесе, үстінде келе беруі мүмкін (жас зерттеушілер осыны ескерулері керек). Әкесінің атына қосымша өз атына –ұлы; -оғлы емес, арабша –ибн тіркесі қоланылады.

Тезек Төренің мөрі осындай күрделі, үлкен мөрге жатады: «беттегі» жазу «Хан Тезек ибн сұлтан Нұралы» деп оқылады.

Мөрдің жасалу әдістері. Бар болғаны ұзыны 2-3 см жерге соншама жазуды сыйдырып ойған қазақ зергерлерінің шеберлігіне еріксіз тәнті боласың! Оның үстіне, мөр «бетіндегі» жазу айнадағы кері бейне сияқты жазылып, қағазға басқанда оңымен түсуі керек емес пе?!

Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол...»де, «алаңғасарлау ақсақалға болыс деп» қома-қол мөр ойып берген шебер жігіт туралы айтылады, олай болса, кейбір қазақ зергерлері (әрине бәрі емес болар) мөр жасаудың әдістерін жақсы меңгергендігі көрінеді.

Қазақ мөрлеріндегі жазу қазіргі заманауи мөрлердегідей бүртік жазумен емес, «бетке» ойылып түсіру әдісімен жасалған, солай болғанмен, сияға батырып қағазға бассаңыз өте анық түседі.

Ол кездегі оқу-жазу туралы біз кішкентай кезімізде, молда-қожадан сабақ алған үлкендерден сұрағанымызда, қазақ ауылдарында сарғыштау қытай, Самарқанд, кейінірек ақшылдау орыс қағаздары қолданылатын деуші еді. «...Сияны әжелеріміз қазанның күйесін қырып алып, оған сүт, май, бал, жұмыртқа, қант қосып, немесе тобылғыны күйдіріп, соның майына  жаңағыдай бірер заттар қосып жасап беретін...» дейтін еді жарықтықтар. Қазіргі күндегі «бұрынғы қазақ оқымаған» деген пікірдің мүлде қате екенін осыдан-ақ байқарсыздар...

PS: Қазақ зергерлерінің мөр жасаудағы шеберліктерін байқап, қайталап көру мақсатында, мынандай сынақ-тәжірибе жүргізіп көрдім. Алдымен мөр көлеміндей ғана, анық қиылған қағазға сыйдырып жазуларын майлы карандаш тәрізді жіңішке фламастермен жазып алдым да тегіс тақтайша-пластинкаға бастым, сосын түскен ізді өткір пышақ, үшкір біз қолдана отырып ойып шықтым. Сиямен сүртіп қайта қағазға басқанымызда мөр ізі шыға келді...

Ескерту: Мақалада автор ұсынған көрнекілік суреттер пайдаланылды. 

Азкен Алтай

Жетісулық

Abai.kz

3 пікір