Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2814 11 пікір 30 Мамыр, 2024 сағат 21:59

Қазақ тілінің ертеңі: Депутат Аймағамбетовке 5 ұсыныс...

Коллаж: Abai.kz / суреттер golos-naroda.kz және e-history сайтарынан алынды

ҚР Парламент Мәжілісі,
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы
Асхат Аймағамбетовке!

«Мемлекеттік тілдің ғылым тілі және цифрлық платформалар ретіндегі рөлін күшейту» тақырыбына 2024 жылдың 16-ші мамарында өткен дөңгелек үстелде берілген ұсыныстар: 

Құрметті Мәжіліс депутаттары!

Құрметті қатысушылар!

1-ұсыныс. Тіл мәселесінің туындауының өзі құрылымдық институттардың, мемлекеттік органдардың мәселені шешуге деген сәйкестігі мен құзыреттілігіне тікелей байланысты. Тіл саясаты комитеті қазыр Ғылым және Жоғары білім министрлігінің құрамында. Бұл Тіл саясатын жүргізуге деген жарамсыз  әрі қайшылықты жағдай болып табылады.

Өйткені, Тіл саясаты екі басты саланы құрайды: ақпарат және мәдениет. Бұл саланы дамыту осы екі салаға тікелей тәуелді. Білім мен ғылым екінші пландағы тіл саясатының ресурсы. Сондықтан Тіл саясаты комитетін Ғылым және Жоғары білім министрлігінің құрамынан шығарып, Ақпарат және мәдениет министрлігіне көшіру керек. Бұл министрлікте тіл саясатын жүргізуге қажет барлық әлеует пен ресурстың бәрі бар және министрліктің бағыты да қоғамдық әрі ішкі саясат.

2-ұсыныс. Тілді дамыту уақыт өткен сайын тиісті сала мамандарының азайып, мәселенің одан сайын ушығуына алып келеді. Тілді дамытуға мамандар тапшы емес, инфрақұрылым тапшы: мысалы қазақша заң жазуға Парламент жанында арнайы қазақтілді заңгерлерден құралған редакциялық-сараптамалық алқа болуы тиіс. Дәл сондай құрылым Үкімет жанында да қазақтілді заңжоба әзірлеуші редакциялық алқа түрінде құрылуы керек. Ал қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін барлық ғфылым кафедралары мен ғылыми кеңеске мемлекеттік тілдегі ғылыми еңбектердің қазақ тілінде болуынжәне олардың қазақ тіліне аударылуын қамтитын талап пен жағдай жасалуы тиіс. Сонда ғана ғылыми қазақтілді материалдар базасы жасақталып, ол мемлекеттік тілдің ғылым тіліне айналуына алғңышарт құрайды.

Сонымен бірге Терминологиялық-лексикологиялық Республикалық зертхана қажет. Бұл құрылым термин сөздіктерін жасаумен тұрақты әрі оператив түрде анйласыатын болады және ол контенттердің электрон нұсқасы мен жасанды интеллект өнімдеріне шикізат даярлайтын болады.

3-ұсыныс. Тілдің аударма саласы қазырғы мемлекеттік тілді дамыту мен енгізуге қажет бірден бір сала. Бұл сала кәзір дамымай отыр және ол мемлекет тарапынан қолға алынып отырған жоқ. Аудармашылар мен тілмаштардың мәселесі шаш етектен, әлі күнге ол жан-жақты қарастырылмаған.

Бұдан да маңыздысы – біздің елде әлі күнге аударманың құзыры жоқ, заңмен бекітілмеген. Сол себептен аудармашының жауапкершілігі мен құзыреті ескерілмейлі, сәйкесінше олардың еңбегі мүлдем төмен.

Қазыр тендермен ұтып алатын аударма жұмысы бойынша бір парақтың құны  - 500 теңгеге дейін демпингпен құлдырайды. Осы бағаға қандай сауатты, білімді аударма жұмысын талап етуге болады? Сондықтан, биыл, Аударшылар форумын өткізіп, аталмыш саланы аяғынан тік тұрғызатын жол картасын жасауға кірісуіміз керек.

4-ұсыныс. Жуырда ғана бүкіл әлемге көрсетілген «Бишімбаев соты» Қазақстанның сот жүйесінің жұмысын ғана емес, оның мемлекеттік тілге қатысты сын көтермейтін ахуалын да әлемге әшкереледі. Қазақтілді азаматтардың өз тілдерін сотта да пайдалана алмау жағдайын әйгіледі. Бұған айыпталған Байжановтың жағдайы куә. Ол әуелі мемлекеттік тілде жауап бере бастап, одан әрі қарай орыс тіліне көшуге мәжбүр болды.

Бұндай құқықтық қағажуды көріп жүрген  қазақтілді азаматтар мыңдап саналады. Сол себепті, жуық арада елдегі құқық күзету органдары мен сот жүйесіне қатысты мемлекеттік тілдің ахуалын жақсарту мәселесін арнайы қарауды ұсынамын.

5-ұсыныс. Біздің елде мемлекеттік қызметшілерге де, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне де тиянақты түрде тілдік талап қойылмайды. Сол себепті олардың контингенті монотілді, қостілді емес.  Мысалы, 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру дирекциясында басшысынан бастап қосшысына дейін негізінен орыстілді, сауатты қазақтілді қызметшілердің саны 5 пайызға да жетпейді. Көшпенділер ойынын насихаттауға  отырықшылар құндылығына бас ұратындар кірісіп отыр. Ескі Қазақстанда Рухани жаңғыру бағдарламасын жүргізген ұйымда да дәл осындай ахуал болған. Ал білімді де білікті екі тілге бірдей майталмандар көшеде жүр.

Бұндай ахуал қоғамда әлеуметтік ушығысты қордаландыруда. Сондықтан Қазтест жүйесімен қызметкерлердің екі тіл білу деңгейлерін бағалауды бекіту қажет. Мемлекеттік бюджеттің қаржысына жұмыс істейтін ұйымдардың тілдік әлеуетін тексеруді ресми саясатқа айналдыру қажет. Бұл – ұлтшылдық ұсыныс емес, ең әуелі елдің ішкі саясатына салқын түсіретін факторларды жою екенін ескеріңіздер. Қазақтілді мамандар өз орындарын мемлекет ісінен таппаса, мемлекеттік тіл мемлекетке қызмет ете алмайды.

Серік Ерғали,

лингвист, «Қазақ тілі»  халықаралық қоғамының Орталық кеңесінің мүшесі

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052