Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2791 0 пікір 19 Желтоқсан, 2013 сағат 06:30

Айдос Сарым: Мәселе шыршада емес...

Қазір әлеуметтік желілерде Қазақстанның ең басты мейрамы – Тәуелсіздік күнінің тойлануы талқыға салынуда. Интернет пайдаланушылар арасында бұл айда елдің тәуелсіздік алуы мен қайғылы желтоқсан оқиғасының қатар келуіне орай мерекені қазан айында өткізу жөнінде ұсыныстар айтылуда. Сондай бастаманы көтерген саясаттанушы Айдос Сарымды сөзге тартқан едік.

 

- Желтоқсан -  қазақстандықтар үшін мереке айы, тіпті демалыс күндері көп, тынығу айы. Бірақ өзіңіз оны ар мен аза тұту айына айналдыруды, тіпті тәуелсіздік күнін қазан айына жылжытуды ұсынасыз. Оған қатысты саяси пайым, тарихи уәждеріңіз қандай? 

Қазір әлеуметтік желілерде Қазақстанның ең басты мейрамы – Тәуелсіздік күнінің тойлануы талқыға салынуда. Интернет пайдаланушылар арасында бұл айда елдің тәуелсіздік алуы мен қайғылы желтоқсан оқиғасының қатар келуіне орай мерекені қазан айында өткізу жөнінде ұсыныстар айтылуда. Сондай бастаманы көтерген саясаттанушы Айдос Сарымды сөзге тартқан едік.

 

- Желтоқсан -  қазақстандықтар үшін мереке айы, тіпті демалыс күндері көп, тынығу айы. Бірақ өзіңіз оны ар мен аза тұту айына айналдыруды, тіпті тәуелсіздік күнін қазан айына жылжытуды ұсынасыз. Оған қатысты саяси пайым, тарихи уәждеріңіз қандай? 

- Қазақ елінің шынайы тәуелсіздік пен мемлекеттікке ұмтылысы 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларациядан басталады деп есептеймін. Осы тарихи күн бұрын Республика күні ретінде тойланып, артынан мүлдем мейрамдар тізімінен алынып тасталды. Қызыл империяның шекпенінен шыққан көптеген елдер осындай құжаттар қабылданған күнді де-факто тәуелсіздіктерінің басы деп атап өтуде. Сонымен бірге  еліміздің әралуандығын, ауа-райы жағдайдаларын ескерсек, кешенді шаралар өткізу үшін желтоқсаннан гөрі қазан айы тиімді көрінеді. Ал желтоқсан айына келер болсақ, дәл Тәуелсіздік күніне екі бірдей қанды оқиға болған күндердің қатар келуі мерекелік емес, керісінше азалы көңіл-күй мен ойлар тудыратыны анық. Жалпы қазақ тарихы мен тағдырындағы желтоқсан айының рөлі мен маңызы айрықша қызық тарихи феномен деуге тұрады.

- Қалайша?

- Бұл айда қазақ үшін трагедиялы, әрі тағдырлы оқиғалар көп болды. 1917 жылы желтоқсанда Алаш автономиясы жарияланды. Бұл – қазақтың тұңғыш ұлттық-буржуазиялық құндылықтарға, демократиялық-республикалық принциптерге негізделген мемлекеттік құрылымын дүниеге әкеліп, мемлекеттігімізді жаңғыртты. Дәл осы айда 1927 жылы Сталин бастаған тоталитарлы мемлекет ұжымдастыру саясатын қолдану жөнінде шешім қабылдаған. Мұның арты қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған алапат аштыққа, қолдан жасалған геноцидке соқтырды. 1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастары КСРО-да тоталитарлық-отарлық жүйеге бірінші болып бас көтеріп, қарсы шықты. Қазақтың бұл көтерілісі басылып-жаншылып, арты «кіші 1937 жылға» айналып, қазақ елі мен қоғамының азаттыққа деген құлшынысын біршама бәсеңдеткен. Осыдан екі жыл бұрынғы Жаңаөзендегі қантөгіс Тәуелсіздік сияқты қасиетті мерекенің қадірін кетірмесе де, шырқын бұзған. Біздің ұсынысымыз бен ұстанымымыз анық: болашақта осы айдың ортасын "шыршаға" емес, шынайы ойлануға, ой қозғауға, азаға арнасақ деген ойымыз бар. Желтоқсан айының аралығы "Алаш апталығы" немесе "Азаттық апталығы" деп атау ұйғарылса...Мысалы:13 желтоқсан - Алаш күні;14 желтоқсан - Ар күні;15 желтоқсан - Айығу, арылу күні;16 желтоқсан - Азаматтық әрекет күні;17 желтоқсан - Аза күні;18 желтоқсан - Арман-мұрат күні болса... Мұны дабыралатып тойлаудың қажеті жоқ. Бұл - ұлт, мемлекет ойланатын, қабырғасымен кеңесетін күндер болмақ. Осы уақыт аралығында барша жұрт, оқушылар, студенттер тарихи тақырыптар бойынша ой толғап, баспасөз, теледидар, интернет тарих тақырыбына тереңірек үңілсе деген ұсыныс білдіргеніміз рас.

- Жаңа сіз осы ай «шыршаға» емес, шынайы ой-толғанысытарға арналса дедіңіз. Шырша демекші, былтыр тәуелсіздік мерекесі жаңа жыл мейрамының тасасында қалмасын деп, Шымкентте әкімшілік шыршаны ерте қойғызбаған. Ал биыл Астана әкімшілігінің іргесіндегі үлкен шыршаны Президент күнінің қарсаңында-ақ орнатуға кіріскен. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде наразылық білдіріп жатқандар бар. Шыршалардан саясат іздеу қажет пе, әлде шынымен осы бір мерекелік әбігерліктің де саяси мәнісі бар ма?

-Мәселе - шыршада емес, халықтың, қазақ зиялыларының, жастардың бүгінгі саясаттың ұлттық құндылықтар мен ұлт қадір тұтатын қасиетті ұғымдардан қашқақтап,айналып өтуіне деген наразылығында. Шырша - тек тілге тиек етілген, көпшілікті мезі қылған көп тақырыптың бірі ғана. Оның астарында«қазақ мемлекеті қазақи, ұлттық құндылықтарға көшіп, көпшіліктің сөзін қашан сөйлейді?» деген қыжыл, реніш, түсінбеушілік жатыр. Оған қоса елдегі отарсыздану саясаты, тіл, көші-қон, ономастика саясатының мүлдем дерлік тоқтап қалуына деген ызасы бар. Мұның сыртында қолдан жасалған зұлмат - ашаршылық, большевиктік-сталиндік жүйенің қылмыстары, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі сияқты кешенді, аса маңызды оқиғаларға тиісті саяси-құқықтық бағаның берілмеуіне деген наразылық жатыр. Жаңаөзен оқиғасына қатысты шындықтың ашылмауы да қазақ қоғамын қатты алаңдатуда. Оның үстіне қазіргі интеграциялық саясат қазақтың сан ғасырлық арманы – мемлекеттігі мен тәуелсіздігіне қатысты аса қатты алаңдаушылығын тудырып отыр... Егер осы мәселелер кезінде оң шешімін тапқанда, дәл бүгін шырша мәселесі, оны кім-қашан құра бастады деген әңгіме мүлдем туындамас еді. Алдағы уақытта идеологиялық саладағы көзқарас қайта қаралып, қайта жасақталмаса, мұндай түсініспеушілік, іштей наразылық ашық текетіреске әкелуі де мүмкін.

- Жалпы күнтізбеде саяси мерекелерді, атаулы күндерді көбейту қажет пе? Жақында Германияның мерекелері туралы оқып қалдым, онда он бес шақты атап өтілетін мерекенің оншақтысы - әр түрлі діни, гуманистік мейрамдар екен...

-Менің ойымша, қазақтың мейрам-мерекесінің саны тым көп. Әрбір мейрам немесе демалыс күні - экономикаға тигізіліп жатқан зиян. Еңбек этикасы мен мәдениеті, еңбек өнімділігі, тиімділігі төмен біз сияқты елдегі мейрамның көбеюі, санының артуы - жақсы үрдіс емес. Алдағы уақытта мемлекеттік дәрежеде атап өтілетін 3-4 қана ірі мейрам, бір-екі отбасылық мейрам, 1-2 діни мейрамды қалдырсақ, жетіп жатыр. Қалғандарының дәреже-деңгейі төмендетілуі қажет. Тіпті әрбір қызметкерге берілетін демалыс уақыты азайтылып, жаңажылдық каникулдар соған автоматты түрде қосылуы керек шығар. Бізге демалыс емес, қарқынды еңбек қажет. Қалған мереке-мейрамдарды кәсіби дәрежеде, дабыралатпай, «мал шашпаққа» айналдырмай атап өтуге болады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, «алма піс – ауызға түс» заманында ғұмыр кешіп жатпағанымызды ескерген жөн.

Әңгімелескен - Айжан Жеңісқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345