Құнанбай қажының тұңғыш тойы қалай өтті? (репортаж)
Биыл Құнанбай Өскенбайұлының (1804-1885) туғанына 220 жыл. Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбай бидің немересі, ұлы Абайдың әкесі – Құнанбай баба тойы маусым айының 13-15 күндері, сенсеңіз, дүркіреп өтті.. Төменде үш күнге жалғасқан іс-шараларды, яғни бұл күндері не болып, не қойғанын қалың жұртқа рет-ретімен баяндап жеткізбек ниеттемін.
Ақшоқыда
13 маусым. Ақшоқы елді мекені. Сағат 10.00-13.00 арасында – Құрбандық шалу рәсімі өтті. Сөйтіп, дүбірлі мерейтой Ақшоқы қыстауы, қорым маңынан басталды. Бұл тектен тек емес. Құнанбай қажы осы қорымда жерленген. Төрт-бес жыл бұрын қорым маңайы абаттандырылып, іргесінен қажының музейі ашылған болатын. Көпшілік біле жүрсін, Ақшоқы ауылы – Абай мен Ділдәнің меншігі. Оны олар тура жарты ғасыр мекендеді. Құнанбай мен Нұрғаным мекені – Бөрілі аумағы. Қажы 1885 жылдың тамызында осы жақта дүние салды. Шыжыған ыстық, мәйітті Жидебайға жеткізу мүмкін болмай, топырақ Абай мен Ділдәнің ауылы – Ақшоқыдан бұйырған болатын.
Сонымен, сағат 10-00-ның шамасында түзетілген көне қорым алдында құрбандыққа түйе сойылды, Сойылған түйенің етін аудан жұртшылығына таратқан жөн деп шешілді. Құрбандық шалу рәсіміне қатысқан адамдар саны 40-50-ден аспады. Әйтсе де жасалған рәсімнің сауабы ерекше екені сөзсіз. Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы құран-қатым түсірді. Аруақ рухына керегі сол емес пе. Айта өтері, 1886 жылдың тамыз айында Құнанбай қажының жылдық асы беріледі деп алыс-жақын қазақтар асыға күткені бар. Бірақ ас берілмеді (оның өзіндік себептері болды). Сондықтан да болар, Ақшоқыдағы рәсім, жалпы мерейтой сол берілмей қалған жылдық астың бір өтеуі секілденді. Бата-дұғаның ерте-кеші жоқ. Мұсылмандық қағида солай дейді.
Конференцияда
14 маусым. Сағат 10.00 – 13.00 арасында «Құнанбай Өскенбайұлы: Тұлға, Тарих, Феномен» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шәкәрім университетінің бас ғимаратында. Бұл жиынға көптеген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері келіп қатысты. Аталған университеттің ректоры Орынбеков Думан конференцияны ашқан соң, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтаулары оқылды. Онан соң құттықтау сөзін жеткізуге облыстық білім басқармасының бастығы Нұржан Нығметоллаұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп, академик, абайтанушы Ғарифолла Есім, жазушы, қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралы мінберге көтерілді. Құттықтау сөздердің қай-қайсысы да баяндамаға парапар болды десек артық айтқандық бола қоймас. Құнанбай – қазаққа Абайды сыйлаған, қарадан шығып хан болған, алыстан ойлай білген, болашақты болжай білген дала данышпаны, дала заңын, қазақ дәстүрін сақтаушы дара тұлғаның бірі, ділі мығым, діні берік мұсылман дегенді шешендер жетер жеріне жеткізіп айтты. Құттықтаулар баяндамаларға жалғасты. Шәкәрім университетінің профессоры Арап Еспенбетов, жерлесіміз жазушы, «Құнанбай» кітабының авторы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Анкара университетінің (Түркия) профессоры Бекир Сомунжуоғлы, әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ-дың профессоры Ислам Жеменей ұйып тыңдалды.
Конференция барысында ұсыныстар да айтылып жатты. Мысалға Тұрсын Жұртбай Семейдегі Абай оқырманы болған ескі кітапхана ғимараты жекеге өтіп кетіпті, енді болашағы бұлдыр. Осы тарихи ғимаратты және Таткрайдағы алаш арыстары тұрған екіқабатты үйді келешек ұрпаққа сақтап қалуымыз керек. Олай болмаса, Абай Абай деуіміз де, Семей Алаш астанасы деуіміз де бөспелік, бос сөз деп ашына айтты. Ғарифолла Есім облыста туризм серпін алсын десек, Семей-Қарауыл тас жолын төрт жолақты қылу, екі жағын ағаштар егіп, жайқалтып қою маңызды деді. Ерлан Сыдықов Абай ауданы Шыңғыстау ауданы делінсе деп ұсыныс жасады. Өйткені, Абай бір ауданның емес, бүкіл қазақтың Абайы, ал киелі мекен – көне Шыңғыстау атауы тарихи жадымызды жаңғыртар еді деді.
Келелі жиын соңында Абай ауданының жас әкімі Мейіржан Смағұлов құрметті қонақтарды «Құнанбай Өскенбайұлына 220 жыл» деген мерекелік төсбелгімен марапаттады. Сол сияқты сүйінші жаңалық – әдебиетші ғалым, иран елінің тумасы Ислам Жеменейдің «Абай мектебі және Шығыс әдебиеті» атты кітабы болды. Тұсаукесер рәсімі жасалған кітап төрт тілде (ағылшын, түрік, парсы және қазақ) жарық көрген екен.
Қорыта айтқанда, конференцияда Құнанбай бабаның тұлғалық болмысы, советтік кезеңде ашылмай келген қырлары сөз болды. Ол күрделі заманның күрделі перзенті. Абайдың әкесі ғана емес, екі оттың арасында өмір сүрген ақыл-парасат иесі, мәмлегер-шешен. Бұдан бөлек, өзі ескінің арты болса да, Абайдың жаңаның басшысы болып қалыптасуына жағдай жасаған еңбегіне баса мән берілді. Алыс-жақыннан жиылған қонақтар, мәселен, бабаға тағзым деп Түркістан облысынан ат арылтып келген бес кісіге сүйсіндік, мағлұматқа қанығып, рухани азық алғандарына разылық сезіммен тарқасып жатты.
Қарауылда
15 маусым. Таңсәрі. Семей қаласы, өзге де елді мекендер тұрғындары көліктерін қамдап алып, «Қарауыл қайдасың» деп Абай ауданына ағыла бастады. Солардың арасында «ТВК-6» телекомпаниясының түсіруші тобы біздер де бар едік. Жолы бойы жап-жасыл желек, жазғы емес, көктемгі шақ секілді мөлдіреп тұр. Абайдың: «Көрінбей жердің топырағы, Құлпырған жасыл жер жүзі» дегені еріксіз еске түседі.
Құнанбай ескерткіші Қарауыл төрінде сомдалған. Қонақтар легі соған ат басын тіреді. Сағат 10.00-да ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Онан соң Қарауыл төбе етегі, қарасаң көз тоймайтын этно ауылға бағыт алдық. Оның қанатын кең жайғаны соншалық ауыл емес, қалашық деуге лайық. Тойды жүргізуші азамат керемет екен, радиодан барлық іс-шарадан хабардар етіп, бастан-аяқ сапалы комментарий жасап отырды. Дүбірлі тойдың көрігін қыздырған «Бала Құнанбай – Дана Құнанбай» атты театрландырылған тамаша көріністер осы қалашықта өтті. Көрген де, көрмеген де арманда дегендей, оның әсерлерін айтып жеткізуге тіліміз қысқа.
Атап айтқанда, ұлттық қол өнер көрмесі мен қол өнер шеберлері жәрмеңкесін, асыл тұқымды жылқылар көрмесін, ең қызығы, дауды шешу, асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, көкпар сайыстарын тамашаладық. Мықты дайындық қай қайсысынан да байқалып-ақ тұр. Соның шырқау биігі, жарқын мысалы сағат 11.30-да өткен – Абай ауданының 500 баласын бір мезетте ашамайға отырғызу болды. Балаға арналған кіші ер-тоқымды «ашамай» дейді, сол 500 ер-тоқым Алматы қаласында арнайы тапсырыспен жасалған көрінеді. Бірден айтайық, бұл шара қазақстандық рекордтар Гиннес кітабына ресми тіркеліп, сертификат берілді.
Бес жасқа толғанда баланы атқа мінгізу және оны тойлау қазақтың ежелгі салтының бірі. Сол ескіні тірілту идеясы кімдікі, авторы кім? Мұны біле алмадық. «Бұл идеяны іске асыру оңайға түскен жоқ, - деді «Құндызды» ауылының әкімі Думан Ысқақов. - Себебі, шаруа қожалықтарынан жүздеген жарамды ат жинау, ең қиыны, ата-ананы баласын беруге көндіру керек болды. Бес жастан енді асқан бала мертігіп қалса қайтеміз деп қауіптендік. Қойшы, сонымен, қыс айларында дайындықты бастап кеттік. Тойға екі-үш қалғанда соңғы репетициялар өтті. Еңбегіміз еш кетпеді. Несіне жасырайық, 500 бала «Алаш» деп ұрандап, атқа қонғанда көзден аққан жасты тоқтата алмадық. Қайталанбас ғажап әсерге бөліндік».
Сағат 13.00 - те тойдың ресми бөлімі, ашылу салтанаты өтті. Оны облыс әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев ашты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдық тойында: «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі Құнанбайдың қайраткерлігін ұмытпауымыз керек» деген болатын. Абай есімімен жаңғырып жатқан облыс әкімдігі осы сөзді басшылыққа алды деді ол. Онан соң облыс әкімі Н.Ұранхаевтың арнайы сыйлығы автобус көлігінің кілтін 50 жылдық тарихы бар «Қаламқас» халық ән-би ансамблі ұжымына табыстады. Ашылу салтанатында белгілі ақын, профессор, Абай ауданының құрметті азаматы Бауыржан Жақып өзінің арнау өлеңін оқыды.
Ығы-жығы халық, төңіректегі әйнегі жарқыраған автокөліктерде қисап жоқ. Жиналған қауым үзбей ән тыңдаумен болды. Өйткені, дала төсіндегі еңселі сахнада Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония, «Абай», «Дариға-ай» жастар театры мен «Қаламқас» ән-би ансамблі әртістерінің мерекелік бағдарламалары жүріп жатты. Бір қиыны, түс ауа қара бұлт төніп, ақ жауын басталсын да кетсін. Жаңбыр төпелеп, суық жауратты жұртты, бірақ оған қараған халық жоқ. Тарқамады. Аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарысты асыға тосты. Сағат 15.00 шамасында көрермен делебесін қоздырып бәйге басталсын. 15 шақырымдық қашықтыққа 25 тұлпар, жорға жарысында 22 жүйрік бақ сынады.
18.00-20.00-де Құнанбай қажының тұңғыш тойына келген қонақтарға Қарауылда, Хан Шыңғыс мейрамханасында қонақ асы берілді. 20.00-22.00-де Қарауыл төбе етегінде Гала концерт өтті. Семейлік және «Қаламқастың» әншілері құлақ құрышын қандырды. «Мен қазақпын» өлеңімен әйгілі болған Қуандық Рақым, күміс көмей Әбдіжаппар Әлқожа сияқты эстрада жұлдыздары кештің көрігін онан әрі қыздырып әкетті.
Бұл той бұрынғы тойдан өзгерек...
Әділі керек, біз баяндап отырған тойдың өзіндік ерекшелігі көп болды. Олардың ең болмағанда үшеуін атап өтпеу әділеттілікке жатпаса керек. Біріншісі – тойдың шығынын қарапайым халықтың көтеріп алуы. Абай ауданы тұрғындары арасында өз үлесін қоспаған отбасы қалмаған тәрізді. Демеушілік жасаған адамдар тізімін саңқылдаған радиодан оқып шығудың өзі бір сағаттай уақытқа созылды. Біреу жомарт, біреу сараң, біреу фермер, енді біреу зейнеткер дегендей, әр адам мінезі мен шамасына қарай үлес қосары белгілі. Он мың теңге, мейлі, миллион теңге, сондай-ақ, бір қой, он литр қымыз, мейлі бір үйір жылқы қосқандар қатар аталып жатты. Ірі демеушілер арасында Бесқарағай ауданынан шыққан бизнесмен, белгілі меценат Балтабек Нұрғалиевтің есімі де аталды.
Естен кетпес келесі ерекшелік – қазақ тілі мәртебесінің биік тұғырдан көрінуі болды. Үш күн ішінде бірде-бір шешен өзге тілде сөйлеген жоқ. Тойға жиналған қалың жұрт арасынан да тілді бұзып шұбарлаған, орысша шүлдірлеген дауысты естімедік. Таза қазақтілді ортада жүру бір ғанибет, жанның рахаты. Көңілімізге ана тілінің қолданысы Абай заманындағыдай бола алады екен-ау деген үміт ұялап, соған да қуандық. Бір сөзбен айтқанда, тілімізді Құнанбай аруағы күзетіп: «Оны қорлауды доғарыңдар!» деп сес көрсетіп тұрған сияқтанды.
Айта қаларлық үшінші өзгешелік – тойда ежелгі қазақы салт-дәстүр сақталып, Құнанбай, Абай дәуіріндегі қоғамдық сана мен тәртіпке сай өтуі болды. Мысалға ақындар мүшәйрасында Бауыржан Серікқалиұлы бір жылқы (3-орын), Нұржан Байтөс екі жылқы (2-орын), ал жеңімпаз Бауыржан Игілік үш жылқы иеленді. Алты ақын ынталандыру жүлдесі ретінде бір-бір қойдан алды. Бәйге, қазақ күресі және өзге де жарыс жеңімпаздары да әдеттегідей темір тұлпар немесе ақша, бұйыммен емес, төрт түлік малмен марапатталды. Жарқыраған автокөліктің көптігі болмаса, әр қазақ Құнекең заманына тап болғандай, көшпелі дәуірде жүргендей сезінді. Өйткені, айнала кісінеген жылқы, ұлттық киімнен көз сүрінеді. Ішкенің қымыз, дастарханың ет, жал-жая, құрт, ірімшікке толы болса, солай болмағанда қайтеді. Керемет емес пе. Дастархан дегеннен шығады, Абай ауданының азаматтары ірі тойларды өткізуге әбден төселген жандар. Қонақтарды қабақ шытпай күтіп алуы, барлық тәтті, дәмдісін ұсынған кең пейілдері бұл жолы да баршаның көңілінен шықты. Мысалға біздерді, семейлік журналистер мен әртістерді «Құндызды» ауылы тіккен үлкен киіз үйде қарсы алып, аяқтарынан тік тұрып күтіп алды.
Осы айтылған үш өзгешелік келешектегі барлық тойларға жұғысты болса – қазақ салт-санасының сақшысы болған Құнекең тойының үлгі-өнегесі, қайтарымы да сол болар еді деген ойдамын. Міне, тұңғыш тойдан көрген-білгендеріміз бен алған әсерлеріміз осылар, ағайын.
Репортажды дайындаған
Асан Омаров
Abai.kz