Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3873 0 пікір 14 Қаңтар, 2014 сағат 10:01

Дулат Исабеков: ҚҰРЫЛТАЙ ДЕГЕН ҚАЗАҚҚА СӘН БОЛДЫ

Жылқы жылы табалдырық аттады. Жылан жылын наурызда шығарып саламыз десек те, 2013 жыл тарих қойнауына сіңіп барады. Өткен жыл қымбат, келер жылдың жұмбақ болары сөзсіз. Жұмбақ жылда қазақ елін не күтеді? Өткенге өкпеміз бар ма? Жылан жылында Алаштың айбыны асқақтап, айдарынан жел есті деп айта аламыз ба? Сансыз сауалдарға жауапты көрнекті жазушы Дулат Исабековтен сұраған едік. 

– Дулат аға, григориандық күнтізбе бойынша, Жылан жылын шығарып, Жылқы жылын күтіп алып отырмыз. Өткен жыл қазаққа не берді? Неден ұттық, неден ұтылдық?

Жылқы жылы табалдырық аттады. Жылан жылын наурызда шығарып саламыз десек те, 2013 жыл тарих қойнауына сіңіп барады. Өткен жыл қымбат, келер жылдың жұмбақ болары сөзсіз. Жұмбақ жылда қазақ елін не күтеді? Өткенге өкпеміз бар ма? Жылан жылында Алаштың айбыны асқақтап, айдарынан жел есті деп айта аламыз ба? Сансыз сауалдарға жауапты көрнекті жазушы Дулат Исабековтен сұраған едік. 

– Дулат аға, григориандық күнтізбе бойынша, Жылан жылын шығарып, Жылқы жылын күтіп алып отырмыз. Өткен жыл қазаққа не берді? Неден ұттық, неден ұтылдық?

– Ұттық дейтіндей не бар?! Арлы-берлі тарихты тізіп шығар болсақ, біздің бүгінгі жеткен жетістігіміздің көбі бір жылдың ғана жемісі емес, бірнеше жылдың жемісі. Тәуелсіздік алған жылдан бері тырмысып келе жатырмыз. Былай қарасаң, сөз жүзінде бәрі жақсы бізде. Ойдағылардың орындалуы қалай болады? Осының бәрі маған уайым. Өзі жетпіске жеткеннен кейін адам уайымшыл болады екен. Кейде пессимизмге салынып кетесің. Оның бәрі пессимист болайыншы деген ниеттен емес, осы елдің ертеңі қалай болар екен деген сансыз сауалдардан. Елімізде түрлі кездесулер өтеді. Өзге елдермен тікелей байланысымыз да жаман емес. Қазақстанның беделі күшейгені рас. Қазақстан үшін талас басталып келеді деп баяғыда айтып едім. Сол талас басталып кетті. Қазақстанды кім өзіне қаратып алады? Президенттің қазіргі саяси бағдарламасының өзі кейде солармен есептесуге тура келіп тұрғанын байқатады. Олар: бір жағы Қытай, бір жағы Ресей, бір жағы Америка. Қалғандарын былай қойғанда. Бұлардың бәрі Қазақстанға дос па, дұшпан ба? Дипломатиялық тұрғыдан айтқанда, мәңгі достық болуы мүмкін емес. Жекеменшік қорлар, ұйымдар дейсің бе, тіпті, ең арысы қайырымдылық қорының өзінің ар жағында адамның жеке мүддесі тұрады дегенге мен қосылам. Өйткені ол ұйымдардың ар жағына үңіліп қарасаң, сондай жеке мүдделерді байқайсың. Ал мемлекеттік тұрғыдан алғанда, ол үлкен масштабтық деңгейге ие болып кетеді. Осының бәрін бақылай отырып, қандай саясат ұстануымыз керек. Мәселе осында. Өткен жолы Президентіміздің саммитте айтқан сөзі көңілімнен шықты. Елбасының бұл сөзін көптен бері күткен едім. «Тәуелсіздігімізге қол сұққандық болады» деп Елбасы ашық айтты. Мұны мен жылдың бір жетістігі деп ойлаймын. Екінші бір үлкен жетістік, Елбасы Ассамблеяның жиынында «Қазақстан – қазақ елі болып жарияланды» деп айтты. Мұндай сөздерді естігенде еліміздің болашағына үлкен сеніммен қараймыз. Артынша, солардың бәрі ұмытылып кетіп жатады. Жылан жылы ауыз толтырып айтатындай не болды? Бұрын біздің еліміз сырттан үйренуге баратын болса, қазір көпшілігі біздің саясаттан үйрене бастады. Меніңше, бұл да жаман жетістік емес. Жалпы, ел президентінің ұстанып отырған саясатын сынауға құқығың бар. Оған келіспеуге қақың бар. Ал жалпы, мемлекеттің стратегиясына байланысты бағдарламаларына сөз жоқ бағынуға тиіссің. «Завтра» деген газетті алып отырам. Прохановтың газеті. Сонда «Ресейдің болашағы бар ма, жоқ па?» деген мақала жарияланыпты. «Ресейдің болашағы бар ма, жоқ па?» деп орыстың үлкен жазушысы Проханов уайымдап отырғанда, біз қандай сұрақ қоюымыз керек. Біздің болашағымыз қалай болады? Тек қана экономикалық байланыс емес, оның ар жағында саясат жатыр. Біздің мұнай құбырларымыздың өзі Ресейді айналып өтсе, Ресейдің мүддесін аттап өтуі деген сияқты саяси күдік тудырады. Қытай болатын болса, оған қуана қол соғады. Бұлардың бәрінің ойлап отырған мақсаты – экономикалық мүдде. Әркім өзіне пайда тапқысы келеді. Англия, Германия, Америкаңыз да сол. 

– Біз қай жолды таңдауымыз керек сонда? Ел болу үшін, болаша­ғы­мыз зор болуы үшін.. 

– Біз қай жолды таңдауымыз керек дегенде, геосаяси бағдарлама жасап қойып, сол бағдарламамен жүру де қиын. Өйткені әр елдің саясаты өзгеріп отырады. Әр елдің экономикалық мүддесі де өзгереді. Әр ел өз мүддесін тықпалап жатады. Біз олардың бәрінен бас тарта алмаймыз. Экономикалық байланыста боламыз. Әрине, мұның бәрі дұрыс. Мені бір қуантатын нәрсе, ол елдердегі бейбітшілік. Біз бейбітшіліктің қадірін онша біле бермейтін сияқтымыз. Есігіңнің алдына бір бомба түссе, қалай болар еді. Әлемдегі кейбір елдердің басында болып жатқан дүрбелеңдерге қарап, тыныштығымызға шүкірлік етеміз. Соған қарап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман ғой деп момын бола беруге де тағы болмайды. Таяқтың екі ұшы бар. Толеранттылық деген саясат ұстанып отырмыз. Сол толеранттылықтың екінші бір ұшы болады екен. Ол көнбістік, момындық, ынжықтыққа тіреп тастайтын сияқты. Осыдан келіп, бізге «Еуромайданнан» үйрену керек пе, жоқ, үйренгіміз келмей ме деген сұрақтар туады. Оларда неге осындай болып отыр? Януковичтің өзі орыстілді. Бір рет орысша сөйлеп қалып еді, халық шуылдап кетті. Сол сәтте ол украин тілінде сөйледі. Украин халқы славян тұқымдас, тілі де, ділі де ұқсайды. Соның өзінде өз тілдерін құрмет тұтады. Біз тіл жөнінде айтамыз да қоямыз, оның өзінде орындалмай келеді. 2025 жыл дейміз, 2030 жыл дейміз. Оған дейін кім бар, кім жоқ?! Үшіншіден, біздің 2030, 2050 деген стратегиямыз бар. Алдағы жылдарға жоспар құрып қойғанымыз жақсы. Бірақ ол жүзеге аса ма? 2050-ге дейін қазір туған бала 37-де болады. Ол жылдары экономикалық талас-тартыс көбеймей ме, сол кезде біздің стратегиялық жоспарымыздың жайы не болады? Кеңес кезіндегідей бес жылдық жоспарларымызды анық неге жасап отырмаймыз? Сол әлдеқайда тиімді еді ғой. Әрине, үлкен мақсат қойған жақсы. Елу елдің қатарына қосыламыз дейміз. Елу елдің қатарына қосылып жатсақ, тіпті, жақсы. Жиырма, тіпті, он елдің қатарына қосылып жатсақ, қандай жақсы. Елу елдің қатарындасың ба, отыз елдің қатарындасың ба, қазақ елінің жай-күйі, дастарқаны толық болса болғаны. Қазір жағдайымыз қалай? Елдің жағдайы қалай? Жұмыссыздық мәселесі ше? Елде жұмыссыздық қаптап кетті. Соның салдарынан жастардың арасында қылмыс та көбейіп барады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жақсы шығар. Бірақ дипломмен ауылға кім барады, қалай барады? Мәселен, менің ауылыма кім барады? Егін егетіндер егінін егіп жатыр. Диқандар диқаншылықпен айналысуда. Сол ауылға жоғары білікті маман бара ма? Мәселен, ауылшаруашылығы саласын бітірген маман ауылға бару үшін оған пәтер керек емес пе, жұмыс керек емес пе? Айлық керек емес пе, жағдайын жасау керек емес пе? Оның жағдайын кім жасайды?! Дипломмен ауылға баратындар мұғалімдер, дәрігерлер ғана. Ауылдағы мектептердің өзінде бір орынға талас көп. Олар сырттан маман шақырып қайтеді. Өзін-өзі басқару деген біздің саясатымыз бар еді ғой. Өзін-өзі басқаруды қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асыруымыз керек. Ол деген не? Бір ауылда қанша адам тұрады? Мәселен, менің ауылымда сегіз мың адам тұрады. Солтүстіктегі бір ауданның халқымен бірдей. Ауылдың жағдайын көтеру үшін кішігірім комбинаттар, тігін шеберханаларын салу қажет. Ұсақ кәсіпорындар ашу арқылы ауылдың жағдайын жақсартуға болар еді. Құрғақ сөзбенен ештеңе жақсара қоймайды. Бұрын адамдардың бәрінің жұмысы бар еді ғой. Бір адам жұмыссыз ауылда бір жеті жүріп қалса, милиция келіп, тексеретін еді. Қазір ондай жоқ. Ұрлық-қарлық көбейеді. Ұрлықтың арты түрмеге түсумен аяқталады. Кейбір жастарымыз өзінің өмірін осындай тағдырмен аяқтап жатыр. Біздің елде жоғары білім алу деген жақсы. Жоғары білім алып, ары қарай жұмысқа қол жеткізе алмаса, оларды қайтеміз? Студенттердің көбінің айтатындары да осы: «Жұмыссыз жүргенше, студент бола берген дұрыс-ау» дейді. Біздің жастарымызға кәсіби білімді меңгеретін кез жетті. Машина жасау, электр станогын жасау сияқты кәсіби деңгейдегі мамандықтарды үйрету керек. Сол кезде ғана мемлекеттің ішінде тепе-теңдік болады. Түйткілдерді жоюдың жолы бар ма? Бар. Ол өзін-өзі басқаруды толық жүзеге асыру. Жұмыссыздықпен күресу дегеніміз де осы. Кәсіпті меңгеру. Ауылды көтеру үшін миллиардтаған қаржы жұмсалады екен. Солардың бәрі де қайда кетіп жатқанын түсінбеймін. Бір Мехикода 23 милилон халық бар. Бізде бар-жоғы 17 миллион халық. Сонда бір қаланың адамын асырауымыз неге қиын боп кетті? Себебі не? Мемлекетшіл шенеуніктеріміз азайып барады. Неге? Өйткені көптеген шенеуніктің ар жағында жеке кәсіптері бар. Сондықтан, ұлттың, мемлекеттің қамын ойлағаннан гөрі, өзінің жеке кәсібін ойлағанды жақсы көреді. 

 

«Қазақтардың көбейгенін қаламайтын топтар бар сияқты»

 

– Былтыр Ассамблеяның жиынында 800 қазақтың қайтадан Моңғолияның азаматтығын сұрап отырғанын айтып едіңіз. Жыл соңында Көші-қон туралы Заң бекітілді. Заң бекітілгелі бері «Қазақтың көші-қоны тоқтады» деп қауіптенетіндер көп. Шынымен тоқтады ма?

– Көші-қонды тоқтатып тастады. Сенат пен мәжіліс бекітті. Және бір ауыздан бекітіп тастағанына таң қалам. 

– Сырттағы қазақтардың келуінен неге қорықтық?

– Сырттан алып келуден қорқудың бас себебі неде дегенде, жұмыспен қамту деп ойлаймын. Яғни, әлеуметтік жағдайды жақсарту. Бұрын Кеңестер үкіметінде колхоз-совхозға таратып жіберетін. Жұмыс бар. Қора тазаласа да, екі қолға бір күрек табылатын. Қазір ол жоқ. Екіншіден, біздің шет елден келетін адамдардың мамандығы қандай? Бізде мұнай, көмір, шахта бар. Оларда жұмыс істейтіндер шетелден келгендер. Ал сырттан келетін көптеген қазақтардың мамандықтары жоқ. Көбісі содан аяқ тартады. Әрі олардың әлеуметтік жағдайын дұрыстауымыз қажет. Баспана, су, жарық, мектеп, балабақша... Мұның екінші жағы тағы бар. Яғни, көші-қонды тоқтатудың басты себебі, экономикалық-әлеуметтік жағдайға ғана тіреліп отырмаған сияқты. Жергілікті халықтың көбеюіне кедергі келтіріп отыратын топтар бар сияқты. Өткенде құрылтайда айтқан едім. Қателессем, кешіріңдер. Бірақ біздің елде қазақтың санын көбейтпеуді жоспарлайтын жасырын институттар бар сияқты. Олай деп ойлауыма себеп болған нәрсе, көші-қонның тоқтауы болса, екіншіден, біздің елімізде балалардың денсаулығын ойлаған болып, дені сау бала тусын деп, қауіптенген болып, он жасар қызға укол салуды бастадық. Өткенде Америкада Қытайдың ойыншықтарын жинап әкеліп, өртеп жіберді. Бәрінде улы заттар бар деп шешіпті. Кішкентай бала ойыншықты аузына салмай отыра алмайды. Ал біз шекарадан бұларды оп-оңай өткізіп жібереді екенбіз. Қазақ халқының кем болғанын қалайтын сияқтымыз. Тіпті, статистика агенттігінің өзі халықтың санын азайтып беруді қалайтын сияқты. Жергілікті ұлт көбейсе, мономемлекетке айналады. Мономемлекет болған соң, заң, әлеуметтік жағдайлар өзгереді емес пе, соны болдыртпау үшін жұмыс істейтін сияқты. Осының ар жағында не тұр? Сондықтан да, біздің үніміз естілмейді. Басымыз қосылмайды. Содан кейін бізде баға да тұрақтанбайды. Халық қалай күн көріп жатыр? Оның айлығы қанша? Орта есеппен деп бір жалақыны көрсетеді. Оны қайдан алып отыр? Менің туыстарымның көбісі медицина саласында істейді. Мұғалім болып қызмет атқарады. Өткенде бір мектепте оқушылармен кездесуге бардым. Сол мектепте сенсеңіз, он бес мың теңге алып жұмыс істейтін мұғалімдер бар екен. Он бес мың теңге айлық беру деген – бұдан артық қорлық бола ма? Үйде жұмыссыз отырмас үшін барады. Адамдарды әбден тығырыққа тіреп, істесең істе, істемесең қой деген саясатқа әкеліп қойдық. Қай ел осындай айлықпен жұмыс істетеді? Оның бұл айлығы автобустың жолақысын төлеуге де жетпейді екен. Елімізде осындай бір кереғарлықтар, түсінбеушіліктер бар. Осымен қалай күресуге болады деп ойлаймын кейде. Бірақ жауабын таба алар емеспін. Бір жемқор ұсталса, оның орнына екінші бір жемқор келеді. Жемқорлықпен күресу комиссиясының бәрі де жемқорлықтан құралақан емес сияқты көрінеді маған. Осылардың бәрін жөндеуге бола ма? Болады. Ол үшін мемлекеттік мүддеде қызмет ететін жаңа ұрпақты дайындауымыз қажет. Өткен жолда жастармен кездесуінде Елбасы өзінің ризашылығын білдірді. Бүгінгі жастардың ешқандай аудармашысыз тілді түсінетініне риза болды. Міне, сол «Болашақтың» түлектерінің көбісі жұмыссыз жүр. Жылына біз екі мың баланы шет елде оқытатын болсақ, солардың әрбіріне жұмыс орнын дайындап отыруымыз керек. Олардың біліміне лайықты жұмыс орындары керек. Білімді жігіттеріміз білімсіз адамның қарамағында жұмыс істейді. Егер оның көңілінен шықпаса, жұмыстан шығып кетуің мүмкін. Керісінше, болуы керек еді. Сонда ғана мемлекет мемлекет болып қалыптасады.

– Өткенде Мемлекеттік тілді қолдау жиынында халықты қазақ ұлтшылдарының Құрылтайына шақырған едіңіз. Өзіңіз сол Құрылтайға неге бармадыңыз? 

– Қазақ ұлтшылдарының құрылтайына ма? Онда болдым ғой. Бір кабинетте жиылған жоқпыз ба? Екіншіден, тағы бір құрылтай құрылды. Маған жігіттер хабарласты. «Осындай құрылтай өткізгелі жатырмыз?» дейді. «Кеше ғана өтті ғой құрылтай. Бұл не қылған құрылтай?» деймін аң-таң болып. «Басқа құрылтай» дейді. «Басқа құрылтай деген бола ма, бір құрылтайды аяғына дейін жеткізіп алайық та», – дедім. «Бұл жаңа құрылтайға бармай-ақ қояйын. Ұлттық мәселе болса, фамилиямды қоса беріңдер» дедім. Бірақ өзім сол құрылтайға қатысқан жоқпын. 

 

«Ұлтшыл болу – орыс құрысын деген сөз емес»

 

– Ұлттың мәселесі қозғалатын жиындарда зиялыларымыздың ортақ бір шешімге келе алмайтынының сыры неде? Әрқайсысы неге жеке-жеке отау құрғысы келеді?

– Ортақ шешім болған сияқты еді. 17 баптан тұратын талап қойылды ғой. Соны қолдадық. Ұлттық мүддені қорғайтын осындай ұйымдардың жиналысына міндетті түрде басқа пиғылдағы адамдар араласып кетеді. Әдейі араласатын сияқты. Баяғы «желтоқсаншылар». Бұлар желтоқсанға қатыспаған, тырнақшаның ішіндегі адамдар. Арамызда сондайлар болады. Өткенде біреу келіп маған: «Шахановты орнынан алып, орнына сізді қойсақ қайтеді» дейді. Шахановтың елдің алдында беделі күшті адам. «Қаншама жылдан бері қазақтың тілін қорғап келе жатқан, сол үшін басын қатерге тігіп келе жатқан Мұхтарды орнынан алып тастауды қай оймен айтып отырсыңдар?», – дедім. Бірде-біреуміз Мұхтар сияқты жұмыс істей алмаймыз. Адал ниетпен бе, харам ниетпен бе, осындай біреулер бар. Олар біреуден тапсырма ала ма, білмеймін. Бірақ, мен Мұхтардың ерлігіне ерекше құрметпен қараймын! Баяғыда «Ақ жол» дедік, сосын «Нағыз Ақ жол» дедік. Халық қайсысына барады? «Азат» дедік, одан кейін екінші «Азатты» аштық. Осылардың бәрі бір құрылтайдың төңірегіне топтасуға болатын еді ғой. Бұл лауазым емес, ол жоғары мемлекеттік қызмет емес. Ол қоғамдық ұйым. Қоғамдық ұйымға не үшін таласып отырғанына мен де түсінбеймін. Бедел жинайды дейін десем, одан қандай бедел алуға болады? Халық оның бірін білсе, бірін біліп отырған жоқ.

– Сөйтіп, кімге сенерін, кімге сүйенерін білмей дал болып жүреді дейсіз ғой.

– Елді шатастырады. Кімді қолдап, кімге дауыс берерін білмей қалады. Бұған қарағанда, бізде осылай сына қағу саясаты бар сияқты. Осылайша, екіге бөліп жібереді де, жақсы басталған іс өз-өзінен құмға сіңіп кетеді. Әлгіндей ұйымдар тарап кетеді. 

– Жалпы, ұлттық ұйымдарды біріктірмеудің саясаты ежелден қалыптасқан ғой. Тарихта оның үлгісі көп екенін білеміз. 

– Ұлтшылдар дегенде, өзінің ұлтының қамын ойламаса, ол қандай халық?! Ұлтшыл болу деген қазақ жасасын, орыстар құрысын деген мақсат емес қой. Біз ондай лозунг көтерген емеспіз. Орысша ән айтамыз, орысша сөйлейміз. Бүкіл телеарналардың көбі орысша. Бір ғана «Қазақстан» телеарнасы қазақша сөйлейді. Алты күн демалыс болды. Алты күнде сол телеарналар мезі қылды. Бір айта кететін нәрсе, осы қазаққа телевидение керек пе? Бір жеті болды, осы сауал мені мазалап жүр. Қазақтың телевидениесі керек емес сияқты. Одан орыстың телеарнасын көре бергенім жақсы.

– Не себепті?

– Себебі, ешқандай проблемалар көтерілмейді. Анда-санда cұхбаттарды, «Айтуға оңай», «Өзекжарды» деген сияқты бағдарламаларды беріп қояды. 29-ынан бастап, маған телеарналар соншалықты жеркенішті болып кетті. Қай арнаны ашсаң да – концерт. Сол әртістер, сол ән. Мына экраннан ана экранға көшіп жүрген әртістер. Алғашқы күні көрдік. «Жарайды» дедік. Олар бірнеше күн қатарынан көрсетілді. Тіпті әншілердің біразы соншалықты маған жексұрын болып кетті. Көргім келмейді. Сол баяғы әндер. Бір жаңалық қосқан жоқ. Бәрінікі баяғы айтқан ән. Он-он бес реттен тыңдаған шығармыз. Орыстың әншілеріне қараңызшы. Бес жыл сайын бағдарламаларын өзгертіп отырады. Олар драмалық образдар жасайды. Жанын салып айтады. Оларда керемет үлкен шығармашылық өсу бар. Қанша патриот болсам да, мен қазір «Евроньюсті» көрем. Орыстың арналарын қараңызшы. «365 күн» деген бағдарлама бар. Адамның жан дүниесін байытатын керемет фактілерді көрсетеді. Тіпті, Лениннен бастап, олардың бізге белгісіз құпияларын айтып отырады. Әлемдік деңгейдегі императорлардың өмірін көрсетеді. Ұлы Отан соғысы не себепті шықты. Бірінші дүниежүзілік соғыс ше? Біз білмейтін түрлі фактілер бар. Тарихи арналары бар. Тәуелсіз арналары да бар. Олар саясатқа араласпайды. Соның өзінде адамдарға қажетті дүниелерді ұсынады. Күні кеше ғана ұлы адамдардың махаббаты туралы арнайы бағдарлама көрдім. Өзімізге белгілі Роза Люксембург, Коллонтай, Клара Цеткин сияқты адамдардың өмірін көрсетті. Тарихшылар қандай жақсы сөйлейді. Олардың өмірінде қандай адамдар болды? Біз оны білмейміз ғой. Клара Цеткин мен Роза Люксембург бізге 8 наурызды алып келді. Соның арқасында әйелдердің күнін әлі күнге тойлап келеміз. Ал олар 1924 жылға дейін «свободный сексті» насихаттап келіпті. Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып берген журналистердің білімі қандай керемет? Бізде ше? Біздің журналистердің деңгейі қандай? Менен сұхбат алады, Қалиханнан алады. Тарихты білетін журналистер жоқтың қасы. Экономиканы жаңғақша шағатын журналистер көрінбейді. Саяси журналистер жоқ. Спорт журналистерінің өзі спорттан хабары жоқ. Футбол көргенде, қазақшасына келгенде дауысын өшіріп тастаймын. Ызамның келгенінен. Орыстілділерді тыңдасаң, нақты ақпаратты алып отырасың. Мәселен, боксты жүргізеді. Өзі тоғыз ақ минут болады. Жиналып алып, екі адам әңгіме айтады. Жының келгені сол, телевизорды лақтырып тастағың келеді. Артаев чемпион болатын болды. Соңғы үміт. Екі журналист отырып алып, әңгімені соғып отыр. Қайдағы әңгімені айтады. Артаев ұта бастады. Соны айтудың орнына қысыр әңгімені сөз қылады. Репортаж дегенді білмейді. Комментарийден хабары жоқ. Онда мақала жаз. Бокс туралы. Біз әлі кәсіби журналистерді дайындай алмай отырмыз. Барлық саланы қамтиды дейміз. Ол дұрыс емес. Бір журналист бір ғана саланы алып жүру керек. Мәдениет журналисі мәдениетті ғана меңгеруі керек. Спорт журналисі спортты ғана ұңғыл-шұңғылымен меңгеруі қажет. Спортпен өмірі айналыспаған адам спортты жаза салады. Спортты білмесең, қалай жүргізесің? Ресейдің арналарын ашыңызшы. Бильярдтан репортажды қалай жүргізеді. Хоккейді ше? Әр спорт түріне байланысты дауыс ырғағы да бар, білімі де жеткілікті. Соның мәселесін білетін адамдар жүргізеді. Бізде барлық салада осындай. Медицина қызметкері теміржолды жүргізеді. Теміржолшы дәрігер болады. Математик медицина саласына министр болады. Ленинді жоққа шығаруға болмайды. Ол байғұс бәрін кадр шешеді деп айтты. Кадрлардың арқасында он жылдың ішінде мемлекетті мемлекет етіп кетті. Бәрін Сталин келіп бүлдірді. Кадрге мән бермеуіміздің салдары осыған әкеліп соғады. Әдебиетті білетін журналист бар ма? Москваның жазушысымен сөйлесетін журналистерінің пікірлері қандай? Әдебиетті білетін, сол жазушының шығармаларынан толық хабардар адам. Орыс әдебиеті неге төмендеп қалды деген сияқты сауалдарға жауап іздей алатын маман.

– Жыл соңында Бас прокуратура елең еткізерлік жаңалықты жариялады. Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне тапсырыс берген адамның аты белгілі болды деп марқұмның достары, туыстары, пікірлестері баспасөз мәслихатын өткізді. АҚШ өкілі де өзінің ойын жеткізді. БАҚ-тар іліп әкетті. Сіз не ойлайсыз?

– Саясат деген о бастан ойын. Спектакль. Мұның режиссері кім, соған байланысты. Ол кейде пьесаның текстіне де байланысты. Керемет лирикалық пьесаны трагедияға да айналдырып жіберуге болады. Режиссер солай қоямын десе. Сол сияқты, бұл да спектакль емес пе деп ойлап қалдым. Бірнеше жыл болды, саяси өміріміздің бәрі бес-алты адамға барып тіреледі. Бірі – Рахат Әлиев, екінші – Мұхтар Әблязов, одан кейін, Мұхтар Жәкішев, Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділов. Одан кейін Қажыгелдин қайтып келуі мүмкін деген әңгіме тарап кетті. Менің інім былтыр Арыста полицияға орналасу үшін қанша тексерулерден өтті. Алты ай тексеруден өтті. Осы жақта күйеубалаларыма дейін тексерді. Бар болғаны Арыстың полициясына орналасу үшін ғана. Кейде ойлаймын, бұлардың бірін қолдап, бірін қолдамағаннан гөрі, үндемей қалған дұрыс па деп. Сен ертең далада қаласың. Шаң қауып қаласың. Өйткені, сол кездегі саясатпен Рахатты жамандасаң, ертең олар ақтап алуы мүмкін. Егер де Рахатты мақтайын десең, ісінің бәрі анау. Сондықтан да, бұл кезекті бір ойын ба деп ойлаймын. Әлі де саяси өзгерістердің алдындағы дүние ме? Күні кеше Ходорковскийді босатты ғой. Немістер «Путин бізден қорыққандықтан босатты» деп жазыпты. Путин туралы ақпараттың бәрі Германияда екен. Сол сияқты бұл да ойынның бір түрі ғой. Әйтпесе, Ходорковский сияқты қаншама саяси тұтқындар жатыр. Саяси ойын дегенде пышақтың жүзі сияқты. Бұған пікіріңді ашық айтып та береке таппайтын ойындардың бірі деп ойлаймын.

– Жылқы жылы табалдырық аттады. Жылқының табиғаты қандай? Қазаққа жылқының берер пайдасы бар ма?

– Жылқы жылы әйтеуір, ырым үшін жылқы ғой. Шошқа немесе сүйкімсіз жылан емес. Жылқы жылы қазақтың айдарынан жел есетіндей жүйрік жыл болса екен деп ойлаймын. Үйде жатып, бір әйел үш бала туса қуанам. Қазақтың бір әйелі. Көшеде кетіп бара жатқанда, жас келіншектер мен жігіттерді көрсем, қуанам. Қазақтың саны өсіп жатыр ғой деп қуанам. Тату отбасылар өссе екен деймін. Бақытты бір ұрпақ болса екен деймін. Ол жаман болса, мен жаманмын дейтіндей ұрпақ өссе екен деймін. Мемлекеттің саясаты әділ болса екен деймін. Біліміне сәйкес жұмыс істесе екен, білімсіз адам өзіне лайықты сыбағасын алса екен деймін. Библиядағыдай: «Кесарю кесарево, а Богу Богово» дегендей, әркім өзіне лайықты орнын алса екен деймін. Әркім өзінің қабілетіне байланысты орнын тапса екен. Қабілетті адамдар көш бастаса екен деймін. Қабілетсіздер алға шығып, қабілеттілер шаң қауып жатса, бұл да мемлекет үшін қайғы ғой. Жүйріктердің жарысында сыртқы күштердің әсерінен жай бір әшейін жабылар озып жатса, бұл да қайғы. Сондықтан да, әркім өзіне лайықты өмірден сыбағасын алып жатса, жақсы. Бұл бізге наурыздың ғана емес, бір жылдың қуанышы болар еді. Осы жылдан бастап, жақсылықтар басталар деген ойдамын. Елімізде тыныштық болсын! Береке-бірлігіміз артсын!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578