Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Айтыс 1345 1 пікір 5 Тамыз, 2024 сағат 16:02

Спортшылар жауапкершілікті Құдайға арта салатын болды!

Сурет: smi24.kz

Түркітанушы, аудармашы ғалым Жандос Қиянбеков Париж Олимпиадасына қатысып жатқан балуандар мен спортшылардың жауабына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Abai.kz

Дін, түркі әлемі тақырыбында ұзақ жылдан бері зерттеу жүргізіп, аудармамен айналысып келе жатқан Жандос Қиянбековтың пікірінше, спортшылардың өз жеңілістері үшін жауапкершіліктерін Құдайға арта салулары әділетсіз. Керісінше, дайындығы нашар, қарсыласына есе жіберген спортшылардың жеңілуі – Құдайдың әлідеттілігін білдіреді.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Түркітанушының пікірі:

– Париж Олимпиадасы да өз мәресіне жақындап қалды. Үйде отырып тақымымызды қысып: «Ия, Алла, қазақ спортшыларын жеңістің биік тұғырына көтере гөр!», - деп, солардың тілеуін тілеп отырмыз. Алды алтын алып, арты Парижге барып-қайтумен шектеліп жатыр. Сол жеңіліс тапқан спортшыларымыз да, бапкерлер тобы да: «Алланың қалауы осылай болды», - деген сөзді жалау етуді әдетке айналдырып бара жатқан сияқты. Бұл сөз жанкүйерлердің де қытығына тиюде. Әрине, бір мұсылманның тағдырға мойынсұнуы – иманының көрінісі. Оған дау жоқ. Қайта, құптарлық мәселе. Алайда, осындай сөздердің артында жауапкершіліктен қашу, өз кемшілігін Алланың қалауына арта салу әдісі жатқан жоқ па? Сөзім спортшыларға арналып отырған жоқ. Оларды басқарып отырған құзырлы мекемелер бар. Ендігі жауапкершілік солардың мойынында. Менің айтпағым – жалпы халық арасында тағдырға мойынсұнған болып, жауапкершіліктен қашу мәселесі.

Сонда деймін-ау, бір нәрсені бүлдіріп алған, тіпті қылмыс жасаған адам: «Алланың қалауы осылай екен. Менің не күнәм бар», - деп отыра бере ме? Жоқ, олай болмайды! Бұл жауапкершіліктен қашудың сылтауы ғана. Бір істі немесе бір нәрсені жарату – Алланың Қадир есімінің нұры арқылы болмақ. Оның жанында барлық нәрсенің бас-аяғын, нәтижесін хикмет таразысына салып тұрған Хаким есімі бар. Ешқандай әділетсіздік жасамайтын Әділ есімі бар. Алланың бір есімі басқа есімдеріне қайшы келмейді. Кім неге лайық болса, соны береді. Жеткіліксіз әрекетіңнің нәтижесі де кемшін болуы, қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтерту де, әделеттің талабы!

Тағдырға иман ету, иман шарттарының алтыншы шарты. Алдыңғы бесуіне толық сенбеген, аз да болса күмәні бар адамның, алтыншы шартты толық түсініп, қабылдай алуы қиын шаруа. Босқа басын қатырып, қиналумен жүреді. Немесе «ақсақал айтты, бай айтты, молдекең айтты болды емес пе? Не басыңды қатырасың», - дегенге апарады. Ал, енді қайтпек керек? Мұның жолы, сенімімізді ерме иман дәрежісінен шынайы иман дәрежесіне көтеру.

Адамға аз ғана қалау-ерік берілген. Яғни, таңдау жасау еркі бар. Алайда, қай нәрсені таңдаса да сол нәрсе жол ашқан нәтижелердің де жауапкершілігі сол адамның мойнында. Тағдыр, себеп пен салдарды (нәтижені) тұтас қамтиды. Яғни, мына нәрсенің орын алуына мына нәрсе себеп болды дейді. Тағдыр жазулы болса, «Пәлен адамның өлімі, түген уақытта болатындығы жазулы. Біреуді біреу атып тастаса, мылтық атқан адамның не күнәсі бар? Ол атса да, атпаса да бәрібір өлер еді ғой», деген ой тууы мүмкін. Ия, сүнниттік бағыттан шығып кеткен кейбір топтардың ішінде « Атса да, атпаса да өлер еді», дейтіндер де, «Атпаса өлмейтін еді», дейтіндер де бар. Сүнниттік бағыттағы, хақ жолдағылар «Мылтық атылмаған жағдай да әлгі адамның өліп, өлмеуі бізге беймәлім», дейді. Мылтық атушы адамды жауапкершілікке тартады.

Жалпы, тағдыр туралы сөз қозғаған адамның иманы кәміл болса, сол оқиғаның алды-артын сараптай алады. Алланың сол оқиғамен байланысты есімдерінің нұрын көріп, сабыр сақтайды. Немесе шүкір етеді. Ал, тағдыр мен ерік-қалауы жайлы сөз қозғаушы адамның иманы әлсіз болса, ондай адамның мұндай тақырып жайлы әңгіме айтуға құқы жоқ. Ондай адамдар әлемдегі құбылыстарды Алла жаратты демейді. Себептерге еншілеп береді. Жақсылықтарды не өзім жасадым дейді, не себептерге бөліп береді. Ал, жауапкершіліктер мен кемшіліктерді тағдырға арта салады. Бұл оның жауапкершілікті мойнына алмау үшін жасайтын айла-әрекеті ғана.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019