Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3888 0 пікір 29 Қаңтар, 2014 сағат 06:30

Серікжан Қажи. Мұнайлы ел атанып отырып, мұнымыз қалай?

     Шындығында да біздің еліміз әлемдегі «қара алтынға» бай елдердің қатарына жатады. Солай бола тұра елімізде жанар-жағар майға тапшылық мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. Тіпті асқындап бара жатқандай.  Жанар-жағар май құю бекеттеріндегі ұзақ сонар кезекте тізілген көліктерді көргенде осындай ой туады.

     Шындығында да біздің еліміз әлемдегі «қара алтынға» бай елдердің қатарына жатады. Солай бола тұра елімізде жанар-жағар майға тапшылық мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. Тіпті асқындап бара жатқандай.  Жанар-жағар май құю бекеттеріндегі ұзақ сонар кезекте тізілген көліктерді көргенде осындай ой туады.

Иә, еліміз әлемдегі мұнай қорына бай елдердің арасында Ресейден кейін 9-орындамыз. Әрине,  көш басында Сауд Арабиясы, Канада, Иран, Ирак елдері екендігін айта кеткеніміз артық болмас. Статистикалық деректерге  қарағанда елімізде мұнай мөлшерінің қоры 6,5 млрд тонна болса, болжанған мұнай қоры 22 млрд тоннаны құрайтын көрінеді. Алайда, осынша байлыққа ие болып отырып, жанар-жағармайға «жарымай» отырғанымыз ұят-ақ. Бұл  жағдай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауында да сын тезіне ілінді. Ол: «Елде жанармайға, дизель отынына деген тапшылық жоғары, әуе керосині ол да жетпейді. Мұнай өндіруші ел бола тұра, орын алған жағдай ақылға сыймайды. Жуық арада тездетіп, тағы бір жаңа мұнай өңдеу зауытын салуымыз керек» деп мәлімдеді. Елбасының айтып отырған жаңа мұнай зауытын салу мәселесі осыдан 3-4 жыл бұрын көтерілген болатын. Сол кездегі Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев «зауыт құрылысы 2014 жылы толықтай пайдалануға беріледі» деп те жіберген. Шамасы біздің биліктегілерге Елбасының өзі араласқаннан кейін ғана «қозғалатыны» әдетке айналып кетсе керек.
   

Айтпақшы, жоғарыда әңгіме жасап отырған жанар-жағар майдың жетімсіздігі жайлы Парламент қабырғасында аз айтылған жоқ. «Біз қай уақытқа дейін сапалы жанармайға тәуелді боламыз? Жылына 80 миллион тоннадан астам мұнай өндіре отырып, бензинге деген тапшылықтан қашан құтыламыз? Елдің қытығына тиіп біткен осы мәселе қашан шешіледі? Ресейге жалтақтап болдық, енді Қытайдың дегеніне көнбекпіз пе?»... деген еді  Орынбай Рақымбердиев деген Мәжіліс отырысында.

   Бұл – кім-кімді де көптен бері мазалап жүрген сұрақ. Жасыратыны жоқ, жанар-жағар майдың жетімсіздігіне қоса,  өзімізде өндірілетін жанар-жағар майдың сапасы да сын көтермейді. Сонау келмеске кеткен кеңес өкіметі кезінде пайдалануға берілген Атырау,  Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының өнімдері біздің ішкі нарықты қанағаттандыра алмауда. Басты себептердің бірі – елімізде көлік санының  жыл санап артып бара жатқаны болса, екінші себеп, жоғарыдағы өзіміздің мұнай өңдейтін зауыттарымыздың өнімдері Еуро-4, Еуро-5 деңгейіндегі жанармай стандарттарына сәйкес келмеуі. Айталық, еліміздегі жеңіл автокөліктердің санының өзі ғана 3,5 млнға жуықтапты. Оған ауыр жүк таситын көліктерді қоссаңыз, 4 млнға жуықтап қалады. Халқымыздың саны 17 млн десек, әрбір 4-адамға бір-бір көліктен келеді екен.

     Осындай олқылықтарымызға орай, жақын көршілеріміз Ресейдің, Қытайдың  жоғарғы октанды бензині біздің нарықты басып, халқымыздың қалтасындағы бар қаражат шетел асып жатыр. Сонымен бірге, еліміздің осы салаға жауапты «ақжағалылары» мұнайды өз елімізде өңдегеннен гөрі  шикілей экспортқа шығару пайдалы санайды. Расында да  егер экспорт көлемін 7 миллион тоннаға азайтып, оны ішкі нарыққа жөнелтсек, біздің бюджет жылына 1 миллиард 800 миллион доллардан айырылады, дейді мамандар. Сірә да,  қашаннан  бері заманға сай жаңа технолгиямен жабдықталған мұнай зауытын салу жөнінде Елбасы тапсырмасының орындалуының ұзаққа созылып бара жатқаны осыдан болса керек. Оның үстіне  Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай зауыттарын жаңғырту жұмыстары енді ғана қолға алынып жатқан көрінеді. Жәнеде таяу маңда аяқтала қоятын сыңайда емес көрінеді.  Тек 2016 жылы ғана толықтай іске кіріспекші секілді. Қазіргі Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, аталмыш зауыттар іске қосылғаннан кейін арада 3-жылдан соң ғана еуропалық стандартқа сай жоғары октанды, сапалы жанармайға қол жеткізе алатын көрінеміз. Демек, тағы да Ресей мен Қытайдың жанар-жағар майына «өңешімізді» одан әрі соза түсеміз деген сөз. Тіпті, өткен 2013 жылдың желтоқсан айында Қазақстан мен Ресей арасында мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, транзиттау және жеткізуге қатысты бірнеше құжатқа қол қойылып та үлгеріпті. Ендігі уақытта Павлодар мұнай өңдеу зауыты толығымен, ал Шымкент зауыты жартылай Ресей мұнайымен жұмыс істейді, дейді осы салаға жауаптылар. Ендеше, бензин бағасының тағыда көтеріліп кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды.

       Ал, Қытайға қатысты әңгіме келсек, бұл да күрделі мәселенің бірі көрінеді. Еліміз оларға мұнайды өңдеусіз сатып, оның өнімін басқа бағада, дайын өнімнің бағасымен  алып отыруға мәжбүрміз. Кейде олар  әртүрлі себептерді сылтау жасап, біздегі  жанар-жағар май тапшылығын қолдан жасағысы келетін де сыңайлы. Мәселен, өткен 2013  жылы елімізден Қытайдың Душаньцзы (МӨЗ) мұнай өңдеу зауытына 0,5 млн. тонна шикі мұнайды өңдеуге жөнелтіп, сол арқылы уақытша болса да елдегі жанармай тапшылығын шешу көзделсе,  ол зауыт технологиялық жағынан біздің мұнайды өңдеуге арналмаған болып шыққан. Шамасы, мәселе мұнайдың сапасыздығы емес, басты кедергі – Қазақстаннан тасымалданатын мұнай шикізатының келісілген көлемі  «құдайы көршімізге» жеткізілмей қалыпты.        

    Тағы бір үлкен мәселе – Қытайда өңделген мұнайды жеткізу жағы да шешімі табылмай келеді. Бізде оны тасымалдайтын не құбыр желісі, не танкерлік жүйе жоқ, ал теміржол тасымалы сұранысты өтей алмай тұр.  

       Осы арда мына деректі келтіре кеткен артық болмас, сірә. Өткен  2013 жылдың 25-желтоқсанында «Самұрық-Қазына» қорының атқарушы директоры Мәлік Сәлімгереев «Қазір елдегі үш ірі зауытты – Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Ел Үкіметінен 6 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін төртінші зауыт салу қажеттігі 2025 жылға дейін тумайды» деп мәлімдеген көрінеді. Басында айтқанымыздай,  Елбасы Жолдауынан кейін ғана «ақ жағалыларымыз» жаңа зауыттың құрылысы жайлы енді-енді ғана ойлана бастағанға ұқсайды.

Айтпақшы, Елбасымыз соңғы Жолдауында «Қазақстандағы жанармай тапшылығы дегеніңіз, ол – нонсенс» деп атап өтті. Яғни, ағылшын тіліндегі осы сөздің ана тіліміздегі мағынасы – «қисынсыздық, жолсыздық» екені түсінікті.

Біздің елімізде осындай «жолсыздықтар» қашанға дейін созыла береді екен, осы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560