ОРАЗА АЙТ МҮБАРАК БОЛСЫН!
Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Мінеки, ораза ұстап, тарауық намазын оқып, пітір, садақамызды беретін қасиетті Рамазан айы да аяқталды. Алла тағаланың рахымы мен мейіріміне, кешірімі мен шарапатына толы бұл аймен қоштасарда көңілде қимастық сезімі ұялады. Мұны әлі талай еске алатынымыз хақ. Алайда қасиетті айдың артынша Айт мерекесі де келіп, дүние мен ақыреттің ғажап құндылықтарын сездіріп, жүрегімізді ерекше рақатқа кенелтті. Бұл мереке бір айлық оразадан кейінгі жалпы халықтық ауыз ашар іспеттес. Кей ғалымдардың бұл айтты "Ифтар" (ауыз ашар) айты" деп атауы да тектен тек емес.
Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінде айт мейрамына тағам жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту тән екендігі білдірілген. Ендеше айт күндерін құлшылығымызды кемітпестен, көтеріңкі көңіл-күймен және басқа да сауабы мол істермен өткізгеніміз абзал.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде жергілікті халықтың мейрамдап көңіл көтеріп жатқанын көріп: "Бұл қандай мереке?" деп сұрағанда, олардан: "Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз" деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): "Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары" деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген.
Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет.
Ораза айтында ата-ана мен қарияларға сәлем беріп батасын алу, сырқат кісілерді зиярат етіп көңілін сұрау да ізгілікті амалдарға жатады.
Ренжісіп қалған кісілермен татуласып, қатынас үзілген туыстардың үйлерін аралау да ерекше маңызды. Өйткені Алла тағала: "Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр" ("Ағраф" сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. Көңілі қаяу мұқтаж адамдар мен жарлы-жақыбай, міскіндер айт күндерінде көбірек көмек-қолдау, садақа күтіп, дәметеді. Сондықтан да мұндай мұқтаж жандарға қайыр-садақа үлестіріп, көңілдерін аулаған мақұл.
Ел мұсылмандары Қазақстанның жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатына қолдау білдірумен қатар ұлтаралық келісім мен діндераралық төзімділікті одан әрі де нығайтуға, сүйікті Отанымызды өркендету мен оның мәдени, рухани құндылықтарын сақтап, дамыта түсуге бұдан былай да күш-жігерін аямай жұмсай бермек. Біздегі бүгінгі өзара сыйластық пен жарасымдылық, ынтымақтастық пен діндерге деген құрмет басты мақсатымыз болып қала бермек. Біз бұл жетістіктеріміз үшін Алла тағалаға дәйім шүкіршілік етуге тиіспіз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізді әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына қосу жөніндегі бастамасына нақты іспен барынша қолдау білдіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық.
Елім, жерім, дінім, Отаным, халқым деп жар құлағы жастыққа тимей жүрген Елбасы мен ел қамындағы асыл азаматтарымызға Алла тағала жар болсын! Ойға алған іс-жоспарларын жүзеге асыруға күш-қуат бергей!
Асыл дініміз шақырғандай, бейбіт, әрі өзара сыйластық пен ынтымақта өмір сүрер болсақ, онда бұдан да қарқынды дами түсеріміз сөзсіз.
Алла тағала Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей! Әумин!
Ізгі тілекпен, Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас Муфти
"Егемен Қазақстан" Республикалық газет, 2009-09-18