Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 3685 0 пікір 10 Қыркүйек, 2024 сағат 15:36

Абай Жидебайда айтқан экспромт өлеңдер

Коллаж: Abai.kz

(ұлы ақынның жазылған жылы белгісіз өлеңдерін зерттеп-зерделеудің жалғасы)

Аңдатпа

Хакім Абай Жидебайда табан астында айтқан бір-бір шумақ өлеңдер баршылық. Олардың сақталғаны – Абай сөзін қадір тұтқан ортаның арқасы. Хакімнің маңында дос-інілері Көкбай, Кәкітай, Шәке, Шәкәрім, Ырызықбай, қос әнші Мұхаметжан, Әлмағамбет, ертегіші Баймағамбет, шариғатқа жүйрік Самарбай, Дайырбай, Махмуд, өз қолындағы Әубәкір, көрші ауылдан топай Бейсембай, әнет Мүрсейіт, көтібақ Мұсылманқұл, ырғызбай Ырсайдың Ысқағы, ноғай ауылынан Сыдық, Хажибулла, Махмет сияқты сауатты жастар жылма жыл көбея түскен.  Мекендері жер мойны қашықта Ақылбай, Мағауия, Тұрағұлдар әкесін жаз жайлауда және күзгі айларда төңіректеді.

Жылы белгісіз «Мұқаммаразға», «Қиясбайға», «Бәкизатқа», «Смағұлға» сияқты өлеңдер Жидебайда туылған. Олай болатыны,  аталған кісілер осы аумақтың  тұрғындары.   Экспромт шумақтың қай қайсы да Абай ой еңбегінен демалған кезінде, көңілі мамыражай, хош сәтінде туылғаны аңдалады.

Енді ойшыл сүрген заманның ауаны мен ахуалына азғана тоқталайық. 1894 жылы Абай Жидебайға біржола орнықты. «Үлкен үйдегі келіні Еркежанды алып, – деп жазады Тұрағұл, – сол үлкен үйге кірген соң дәулеттеніп, молы да, ел ортасындағы үйі де сол үй болып, әмісе сол үйінде отырып, басқа үйіне оқта-текте ғана келетін болды».  Құтты мекен Жидебайда  ойшыл «енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» деп өзі айтқандай, негізгі шаруасы –  ғақлия сөздерін қағаз бетіне түсірді һәм терең пәлсапалық өлеңдері дүниеге келді. Сондай-ақ, 1894 – 1895 жж. Абайдың ақындық мектебі қайта жанданды (жас буынды баулу ұстаз хакімнің сүйіп атқарған жұмысының бірі). Бұдан бөлек, тұрандық ғұламалар Қожа Ахмет Ясауи, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқариден бастап, Қаюм Насыри, Жәләлиддин Ауғани, Шихабуддин Маржани, Исмағұл Гаспринскийге дейінгі ойшылдарды үңіле зерттейді.  Мұхтар Әуезов: «Абайдың шындап тоғысатын кісілері осылар» деп мәлімдейді.

Абай үнемі кітап оқып, жазу жазумен отырудан аулақ әзірге. Сыртқы өмірі де жаңалық пен өзгеріске толы болды. Өзі елі Шыңғыс болысына болыс сайланды. Ескінің орнына қала үлгісімен жарық, ауасы кең үлкен үй салдыртады. Осы күнгі Жидебайдағы мұражай үйі күрделі жөндеуден өткені болмаса, Абай жобалаған сол бастапқы үлгіде толық сақталған. Ол ас бөлме, жатын бөлме, жұмыс кабинеті, қонақ бөлмесі дегендей, 5-6 бөлмеден тұрады. Үй іші түрлі жиһаздарға толы. Аулада Абай мінген пәуеске арба тұр, ет сақтауға және қазан-ошаққа арналған арнау орындар бар. Осы айтылғандар, оған кітап жинау, газет жаздыртып алуды қосыңыз, бәрі де Тобықты еліне жайылған өнегелі жаңалықтар болып табылады.

Жидебайда Абай өзі салдыртқан үй

Жидебай бұрын да «үлкен ауыл» саналған. Енді 1994 жылдан соң, Абай ресми би ме, би емес пе, онда шаруа жоқ, әділдік іздеген көпшілік «Жидебай қайдасың» деп ағылып отырған.

Сөйтіп, Абай өмірі Жидебайда Ақшоқымен салыстыра қарағанда қарбаласы мол қалың көпшілік ортасында, бірақ мамыражай уақытта өтіп жатты. Біздің мақсат – сол қайнаған өмір қазаны жағдайында хакімнің табан астында айтқан әзіл өлеңдері қай жылғы екенін анықтау болып табылады.

Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?

Бөстек дейтін бүркітке Абай шығарған бір ауыз өлең мынау:

Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?
«Күйшіл» деп бабын білмей кінә таққан.
Құл табан, кескіл тұмсық Бөстекбайым,
Кісіге бос берермін бір мін тапқан.

Осы шумақ алғаш рет 1945 жылғы жинаққа енген. Жинақтағы  түсінік: «Өлеңді Қайым мен Әрхам ел аузынан жазып алып, 1944 жылы Ғылым академиясына тапсырған. Қайымның айтуынша, бұл өлеңді Абай өзінің немере баласы Әубәкір Ақылбайұлын жұмсап, Көтібақ дейтін адамның «Бөстек» дейтін бүркітін сұратып алған, сол құсына қаратып айтыпты».

«Әубәкір Ақылбайұлын жұмсап» деген сөз бізге оқиға Жидебай қыстауында болғанын аңдатса керек-ті. Өйткені, Әубәкір Жидебайда, Оспанның бауырында өскен немересі. Бірақ бүркіт «Көтібақ дейтін адамдікі» ме? Мұндай адам үш Олжай  шежіресінде жоқ (Олжайдан Айдос, Қайдос, Жандос. Айдостан төрт ұл - Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай). Демек, өмірде болмаған. Бүркіт иесі көршілес ауылда тұратын көтібақ Көрпебай Боранбайұлы деп білеміз. Көрпебай ауқатты адам болған, оның ауылы Жидебайдан небары 5 шақырым, қазіргі Кеңгірбай би мазары тұсында, ол күнде «Ши бойы» дейтін жерде орналасқан. Тоғызқұмалақтың шебері ол Абаймен қатты араласқан.  Сөйтіп, «Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?» деген өлең жолы әзіл-қалжыңын көтеретін ағасы Көрпебайға қарата айтылған деп болжамдаймыз (Абайдың серігі Көкбайға да ататегі бойынша «Көкше» деп ат қойғаны белгілі).

Жүйрік ат, алғыр қыранға бей-жай қарамаған Абай Бөстекті «құл табан, кескіл тұмсық» деп мадақтап және бүркітке тағылған «күйшіл» деген кінәмен келіспей, «осы құстан, кәне, бір мін тапшы, тегін берейін» дегені бүркітпен де жақсы таныстығын аңдатады. Демек, Бөстек бұрын қолында болған өз құсы. Болжамды растайтын нақты дерек Қайым Мұхаметхановтың «Жаңадан табылған сегіз өлең жайында» деген мақаласынан кезікті: «Тулақтың Қарашолағы» атанған қыран бүркітті, – дейді абайтанушы ғалым, – Тулақ деген бүркітшіден он шақты қара беріп сатып алғанын, тағы біреуден қалап алған «Бөстек» атанған бүркіті болғанын Мұхтар атап көрсетеді» («Абай» журналы. -1992, №2).

Сонымен, анығы – бүркітке қатысты оқиға Ақшоқыда емес, Жидебайда болған. Абай бұл мекенге 1894 жылы жаңадан орнықты. Сондықтан жазылған жылы белгісіз өлеңнің датасын осы жылғы деп қабылдауды, ресми бекітуді ұсынамын.

«Әйелің – Медет қызы, аты – Ырым»

Абай замандасы Қайранбай дейтін жігітке шығарған бір ауыз өлең:

Әйелің – Медет қызы, аты – Ырым,
Айында бір жумайды беттің кірін.
Ер кезек ер жігітке үшке дейін,
Бір боқты тағы бас та және сүрін.

Алғаш рет 1945 жылғы жинаққа енген. Ондағы түсінік: «Ел аузынан жазылып алынған. Әрхам мен Қайымның айтуынша: Абайдың замандасы Қайранбай дейтін жігіт алған әйеліне көңілі толмай, «тағы әйел аламын» дегеніне қарата айтқан екен». Өлеңде Абай «Айына бір жумайтын беттің кірін» салақ әйелді сынаған және жар таңдай білмейтін жігітті «Бір боқты тағы бас та және сүрін» деп әжуалаған. Абайға тән турашылдық танылады. Кейіпкерлері Жидебай аумағының тұрғындары, сол себептен бұл өлеңді де 1894 жылғы болар деп болжамдап отырмыз.

Бәкизатқа

Бәкизат Ақылбайқызы (1885-1924) – Абайдың немересі. Ағасы Әубәкір екеуі Оспан мен Еркежанның қолында тәрбиеленген. Оспан өлген соң, Абай Еркежанға үйленген кезден Бәкизат ата тәрбиесін көп көреді. Абайды көк өрім қыздың білімге құмарлығы тәнті еткен. Алғаш рет 1961 жылғы жинақта жарияланған бір ауыз өлең мынау:

Бәкизатым, шұбарсың,
Оқуға өзің құмарсың.
Жазайын мен бәйітті,
Танитұғын шығарсың!

Осы төрт жол өлеңді редакцияға әкеп тапсырған Әрхам Кәкітайұлының айтуынша, Бәкизат оқуға зерек болған, Абай оған жазған өлеңдерін оқытып, қызықтап отырады екен. Мына өлеңді он жасар қыздың солай бір өлең оқыған кезінде айтқан. Атаның көңілі хош сәтіндегі немереге деген мейірімге толы ыстық ықыласын аңғартады. Арабтың «бәйіт» сөзі «өлең» дегенді білдіреді.  Өлеңді 1895 жылғы десек, жаңсақтыққа ұрына қоймаспыз.

«Смағұлға»

Абай өкпешіл інісіне ағалық назын айтқан өлең:

Тау жебелеп жортады көк бөрілер,
О – дағы ат артына бөктерілер.
Қиыр жайлап, шет қонған ағайының,
Талай жанның көзіне жек көрінер.

Өлең 1945 жылы Ермұса Елібаев деген қарттың аузынан жазып алынып, алғаш рет 1961 жылғы жинаққа енгізілген. Смағұл – Құнанбайдың Айғыз деген кіші әйелінен туған баласы. Ол мінезі тіктеу, палуан тұлғалы, біртоға адам екен. Жидебайдан қоныс тимегеніне өкпелеп, біраз уақыт елден жырақ, қиыр жайлап кеткен. Абай өкпешіл інісін сабырға шақырып, басу айтқан. Өлең жанашыр ағаның: «Сен түгілі тау жебелеп жортқан көк бөрі де бір күн атқа бөктеріледі, жат жерде жақсы атана алмайсың» деген ескертпесі. Бұл өлең де «Абай Жидебайға орныққан тұста айтылғанмын» деп тұр, яғни 1895 жылға сұранып тұр деген ойдамын.

«Қиясбайға»

Абай Жидебайға жақын жерде тұратын жетім бала Қиясбайды (Қодардың ұрпағы) жақын тартып, оның жанашыры болып жүреді екен. Бір жолы:

Үстіңдегі киімің,
Киім емес қызыл шу.
Жүрген жерің күнде ду,
Уайым жоқ, қайғы жоқ,
Атадан тусаң, сендей ту –

деп, аяғын өзің айтып жіберші дегенде, Қиясбай:

Тамағым тоқ, уайымсыз,
Жаным-ау, менің өзім неткен қу?
Әгөй-ай, әгәгөй... – депті.

Қиясбайдың сыбызғы тартып, күлдіргі өлеңдер айтатын өнері де болған. Көріп отырмыз, мына өлеңде оның диуана мінезі, үстіне киім кимей, екі иығына ендей мата орап жүретін қылығы суреттелген. Өлең «кейіннен табылған» делініп келеді. Әзіл өлеңді Абай Жидебайда жаңа үйді салуды аяқтаған 1896 жылы айтқан болар деп топшыласақ, жалғандық бола қоймас деген ойдамын.

«Мұқаммаразға»

Ауылын паналаған Мұқаммараз есімді мүсәпір кісіге қарап отырып Абай айтқан бір шумақ экспромт өлең:

Ауру астан болғанда, дау қарындастан,
Мұқаммараз атандым бала жастан.
«Мұқаммараз» дейтұғын шайтан аты,
Қандай молда қойды екен аямастан?!

Ел аузынан жазылып алынған өлең алғаш рет 1940 жылғы жинақта басылған. Өлең сөзде үйсіз, күйсіз, отбасы ырыздығынан махрұм қалған байғұсқа деген аяушылық, жергөктен-ақ шайтан атын қойғызған (діни нанымда Мұқаммараз – шайтанның аты) тағдырға деген ащы мысқыл да бар.

Абай немересі Әубәкір 1896 жылы жеке отау құрған. Келіншегі Кәмәлия Абайға киім тіккен, үй жинау, ас әзірлеу сияқты шаруаларды тиянақты атқарып, атасының разылығын алған жан. Сол Кәмәш өзінің естелігінде: «Әкем (Абайды айтады) қызықты, думанды, әзіл-қалжыңды өте жақсы көретін» дейді. Кәмәлияның осы айтқанын ескере отырып, Абайдың жеңіл әзілі 1896 жылдың куәсі деп шамалап отырмыз.

(жалғасы бар)

Асан Омаров,

абайтанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052