Зікірия Жандарбек мақаласына реплика
Тамыздың 12-сі күні Abai.kz ақпараттық порталында т.ғ.к. Зікірия Жандарбектің «Йасауи мәдениетінің қазақ болмысындағы орны» атты мақаласы жария болған еді. Бүгін порталымызға «Ел бірлігі» қоры аталған мақалаға қатысты өз репликасын жолдапты.
«Зікірия Жандарбектің «Йасауи мәдениетінің қазақ болмысындағы орны» атты мақаласында біздің басшымыз Мұхтар Мұхамбетжанның өзбек диаспорасына қатысты іс-әрекеті туралы жазылған», - деген «Ел бірлігі» қорының репликасын Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына ұсынғанды жөн санадық.
«Ел бірлігі» қорының «Сара Жол» бағдарламасы ұлттар мәселесінде мынадай константаларды ұстанды:
1) қазақ ұлты –түркі тайпаларының одағы;
2) қазақ ұлтының құрамына басқа ұлттардан түрлі ұлыстар, рулар мен тайпалардың кіруі бүкіл қазақ тарихы бойында орын алып тұрған;
3) Соңғы «шеттен құю» деп Хан Абылайдың кезіндегі жоңғардың бірнеше руын қазақ жүздеріне кіріктіруді айтуға болады;
4) Бүгінгі күн де орыстар миымызға құйып тастаған зиянды вирус – «рушылдық-жүзшілдік система –жабайылық, архаизм, феодализм, артқа тартушы құбылыс» дене формулаларды ұмытып, ру-жүз системасы-ұлтымызды құраушы тиімді және ұтымды, ширақ конструкция деп қабылдау қажет. Және оны орыс зиян деп айтты деп ағашмилық жасап құртпай, әлі де ұлт игілігіне жарату қажет.
5) Өзбек Хандығынан бөлінген ел 1465 жылдан Қазақ Хандығын құрды, бірақ өздерінің бұрынғы Ордасы – Өзбек хандығын қазақ әскері бар болғаны үш жылдан соң талқандап, басып алды. Бұдан соң Шейбан ұрпағы бірнеше ондаған мың ғана әскермен Каспий бойын жағалап, парсы өркениетінің мемлекеті – Бұхар әмірлігін басып алды. Сол жерде билік құрды. Бірақ бар болғаны 40-50 мың әскер миллиондаған жергілікті парсы тұрғындарымен мидай арласып, түр, тіл, діл жағынан парсыланды. Баяғы дүниені дірілдеткен, Алтын Орданың, оның соңғы сынығы - Әбілқайыр мемлекетінің негізгі халқының рухын, түрі, тілі, ділін жүз пайыз дерлік сақтап, ұстап қалған мұрагер – бүгінгі қазақ халқы. Парсымен араласқан түрі –бүгінгі өзбектің титтей ғана бөлегі, себебі бүгінгі дүние өзбек деп жүрген елдің тоқсан пайызының Еділ бойынан Шейбанға еріп келген көшпелі өзбекке үш қайнаса сорпасы қосылмайды – себебі ол жерді Шейбанның нөкерлері келмей-ақ атам заманнан түркі тайпалары қоныс еткен. Шейбанның өзбегі бүгінгі Түркістан облысы аумағына аяқ басып кірмеген. Бұл жердегі өзбекпізщ деп жүргендер – осы жердің атам заманнан келе жатқан автохтоны, жергілікті түркінің отырықшы және көшпенді тайпалары.
Қазақ Хандығы да өзі құрылған күннен бастап қазақтың қаймағы - Сыр бойы өлкесі үшін бүкіл ұлтты бір мемлекет аясына біріктіру мақсатында заңды күрес жүргізді. Бірақ бүгінгі орыстың айтуымен есептелетіндей, өзбек хандығымен емес, Бұхар әмірлігімен соғысты, – ал бұл парсы мемлекеті. Алтын Орданың негізгі халқы, рух және білім жағынан орысқа болашақта бәсекелес болуы әбден мүмкін Қазақ еліне мәжбүрліктен ғана Автономия бере отырып, оның қарын тұсынан керек мезетте пайдалана қоятын қанжар ретінде жоқ ұлт – Өзбек Республикасын құру – Лениннің ұлтаралық мәселедегі ұтымды спецжобасы.Әйтпесе Ферғана өлкесі өздерін өзбекпіз деп ойлаған да емес, Қоқан Хандығы – бүгінгі қазақ, қырғыздың мемлекеті емес пе?
Ал Хорезм өз кезегінде бүгінгі қазақ, түркмен, қарақалпақтың елі. Өзбек жоқ еді ол жерде. Ал Ташкент пен Жызақ және Ферғана өңірі 1498 жылы Қазақ- Бұхар соғысында Тәуекел патшаның жеңісінен соң жазбаша келісім негізінде, яғни де-юре Қазақ Хандығының құрамына өтті және оны Қазақ Хандығы атты мемлекет бүгінге дейін келісім бойынша, яғни де-юре ешкімге бермеген. Де-юре Ташкент күні бүгінге дейін Қазақтың Ұлы Жүзінің орталығы. Дәл сондықтан ел қазақтың Ұлы Тұлғасы Төле биді басқа жер емес, Ташкентке қойған. Тұрар Рысқұловтың өз армиясы, өз партиясы бар ортақ Түркістан Республикасын құрамын деген жобасынан қорқып кеткен Мәскеу орны моңғолға қуып, Орталық Азияда ұлттық –территориялық бөлініс деген саясат ашып, Түркістанды беске бөліп тастады. Қазақ пен Өзбектің арасын бөлу кезінде марксистік тұжырым бойынша ұлттардың негізгі критериі деп олардың шаруашылық сипатын басшылыққа алды. Сөйтіп, әр ауылдағы малшы қауым қазақ, егінші қауым өзбек болып жазылды. Тек жазылған жоқ. Өзбек боп жазылғандарға өзбек тіліндегі оқулықтар беріліп, өзбек мектептері ашылды. Өзбек мәдениеті ішкізілді. Осылай он бес- жиырма жылдың ішінде әлгілер шынымен-ақ өзбек болып шыға келді. Дәл осы амалдың кесірінен сыр бойының малшы сунақтары қазақ болып жазылса, олардың қандас бауырлары – Түркістанның шахарлық сунақтары өзбек болып жазылып кете барды.
Текенің қаңлыларының жартысы қазақ, жартысы өзбек. Қарамұрттың сиқымдарының жартысы қазақ, жартысы өзбек. Осыны бүгінгі өзбек қауымдарына барып, түсіндіріп, «сіздер өзбекке қатыстарыңыз жоқ, сіздерді өзбек қылған жағдай мынадай, расында сіздер бар болғаны отырықшы қазақсыздар, қалалық қазақсыздар, сондықтан қайтадан өз ру-тайпаларыңызға қосылып, әділдікті қалпына келтіріңіздер» делінгенде, өзбек қауымдары бұл мәселені білетінін мәлімдеп, тез-ақ қазақ ордасына, қазақ өркениетіне қайта құйылуға келісіп жатты. Әрине, Иран, Герман, Түрік, Қытай жерінен отандастарымызды қайтарудамыз. Оларды бізден бөлген – үлкен географиялық қашықтық.
Бірақ біз неге бір кездері мәжбүрлікпен, өтірікпен арамыздан бөлінген, географиялық емес, рухани қашықтыққа алыстап, жанымызда жүріп жат болған бауырларымызды ортамызға шақырмаймыз, қайтармаймыз, арамызға қоспаймыз? Киелі Түркістанның негізгі халқының көпшілігі өзбек деп есептеледі. Бірақ бұл шынтуайтында өтірік. Себебі өзбек санын көбейтіп тұрғандар – мәжбүрлікпен өзбек болып жазылған қожалар, сунақтар, арғындар, наймандар, тарақтылар, қаңлы, қыпшақтар. Олардың дені өз ортасы- қазаққа қайта қосылуға қарсы емес.
Мұхтар Мұхамбетжан өзі басқаратын «Ел Бірлігі» қорының жанынан құрамына көрнекті ғалымдар, ұлтымыздың мақтаныштары – Жамбыл Артықбаев, Зікірия Жандарбек, Мекемтас Мырзахметов, Нұрлан Мыңбай кірген өз-өзін ұлттық айшықтау комиссиясын құрды. Қазақ боламын деген отбасы немесе қауым өзінің қазаққа қатысы туралы қолда бар деректерді сол комиссияға тапсырып, оларды зерттеу нәтижесінде комиссия ғылыми қорытынды жасайды. Осы ғылыми қорытындыға сүйеніп, сот азаматтың ұлттық жатыстылығы туралы шешім шығарады. Осылай, Қазақстанда қайталанбаған, ұлттық айшықталуды шешетін механизм пайда болды. Осы механизм бойынша ірі анклав - Қарабұлақтың сіргелі руына қатысты жүзге жуық отбасысы сот арқылы қазақ болды. Және Мұхтар мырза Түркістан өзбектерінің көрнекті қайраткерлерімен, Түркістан түбіндегі ірі ауылдардың көсемдерімен сәтті келіссөз жүргізіп, олар кемінде жүз отбасыдан тізім әкеліп, сот арқылы қазаққа өтетін болды.
Мұхтар аға Сыр бойы мен Түркістан сунақтарының және Сыр бойы мен Түркістан қожаларының бір ұлт аясына жиналу мәселесін күн тәртібі ететін құрылтайын өткізбек болды. Бұл жұмыс тек қана өзбек қауымымен жүргізілген жоқ. Облыстағы иран диаспорасынан, тәжік диаспорасынан біраз қауым қазақ болып, бөлек ру ретінде қазақтың ұлттық конструкциясына кіруге келісім беріп, ынта білдірді.
Осы қауымдар мен руларды жүздік системаға кіргізу, оларды қазақ рухының ордасы – киелі Түркістанда үш жүздің игі жақсылары бас қосатын құрылтайда ұлт және жүз құрамына қабылдаудың реті мен рәсімін жасақтау туралы жұмыстар басталған кезде жер астынан жік шықты. Қазақтың қорғаны деп аталғанмен, қазақтың ұлттық және мемлекеттік мүддесіне қарсы қимылдайтын ҰҚК екі ай бойы соцжеліде өзбекті қаралап, балағаттап, Мұхтар Мұхамбетжанды балағаттап, оған жала жауып, ақыры жалған айып, жалған құжат, мәжбүрленген куәларды пайдаланып, бүкіл погондыларды жегіп, мүмкіндігінше Мұхтардың абыройын төгіп, «өзгенің мүлкін жымқыру» атты баппен оны соттатып, процесті тоқтатты.
Зікірия Жандарбек ағамыздың жазып отырғаны осы. Мұхтар мырзаны коррупциямен екі рет ұстамақшы болған әрекеттер сәтсіз аяқталғандықтан, оны ешқандай айыптаусыз түрмеге тығып, бір айдан соң жалған айып таққандарына қарағанда Мұхтардың айыпсыз екенін сөзсіз дәлелдеп тұрған фактілердің бір де бірін қабылдамай, оның құқықтарын тас-талқан етіп бұзып ай-шайға қарамай, түрмеге тыққандарына қарағанда, ҰҚК-нің орталық органы Мұхтар ағаның бес жыл бойы түрмеде отырып: «Келіңдер. Жергілікті ҰҚК мен прокуратураның Мемлекетке опасыздық жасау фактісін ашып беремін. Ендігі Масимов кетті ғой, несіне қорқасыңдар», - деген хатына жүгіріп келмек түгілі, қасақана, өтірік жауап беріп, ұялмай былшиып отырған орталық КНБ –ның сиқына қарағанда, мына версия күннен күнге шындыққа айналып келе жатқандай. Біздегі өзбекпін деп жүргендердің қазақ болуына риза болуы мүмкін емес көрші мемлекеттің есепсіз ақша төлеп берген тапсырыстарын орындау үшін біздің погондылар ұлт пен мемлекет мүддесі, адам құқығы дегенге көз жұма салды.
Сөйтіп, Жақышев Мұхтарды Ресейдің мүддесі үшін түрмеде шірітсе, Мұхамбетжан Мұхтарды Өзбекстанның мүддесі үшін түрмеде шірітуде. Бұл версияның бұдан басқа да дәлелдері баршылық,. Бірақ бұл жерде оларды келтіру-тақырыптан шығып кету болады деп ойладық. Күндердің бір күні, Құдай бұйыртып, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне өзінің атына сай Ұлт және Мемлекет мүддесін жоқтайтын басшы келе қалса, қазақ мемлекетінің мүддесін өз жанынан артық қойған басшымыз - Мұхтар Мұхамбетжанның осы жолдағы еңбегі жалғасын табады деген үміттеміз.
Айжан Шегебаева
«Ел Бірлігі» қорының төрағасы
Abai.kz